Орталық Азия Ресей медиасы пропагандасынан қалай қорғана алады?

Ресейдегі "Первый канал" телеарнасының редакторы Марина Овсянникова тікелей эфир кезінде "Соғысты тоқтатыңыздар. Пропагандаға сенбеңіздер. Бұл жерде сіздерді алдап жатыр" деген жазуы бар плакат ұстап тұр. 14 наурыз 2022 жыл.

Украинаға соғыс ашқан Ресей билігі қазір елдегі тәуелсіз медианың барлығын бұғаттап, цензураға ұшыраған ақпараты мен пропагандасын кремльшіл телеарналардан таратып жатыр. Бұл телеарналар Орталық Азияда, соның ішінде Қазақстанда ашық көрсетіледі. Қазір ОА елдерінде Украинадағы соғыс тұсында Ресей телеарналарына қатысты даулы жайлар туындай бастады. ОА елдері ақпараттық қауіпсіздігін қорғау үшін не істеуі керек? Толықтай сөз бостандығы орнағанда ғана ақпараттық қауіпсіздік қамтамасыз етіле ме? Осы сауалдарға жауап іздедік.

ҚАЗАҚСТАН: ПЕТИЦИЯ МЕН ПРОВАЙДЕР

2 наурыздан бастап Қазақстанда Ресей телеарналары мен медиа-ресурстарының хабарын тоқтатуға үндейтін петицияға қол жинау басталды. Петицияға Кремльдің Украинаға басқыншылығымен қабат ресейлік телеарналар мен өзге де медиа платформалар арқылы жүргізіп жатқан үгіт-насихатына наразылық себеп болған. Онда "жаппай бұрмаланған ақпарат ағыны бұрын-соңды болмаған ауқымдағы қатігездік пен күш қолдануды ақтау мақсатын көздеп, Қазақстандағы қоғамдық пікірге қысым тудырып" жатқаны айтылған. Ресей телеарналарының әрекеті заңға қайшы келетіні айтылған петицияда ресейлік телеарналар мен өзге де медиа-ресурстар хабарын Қазақстанға таратуды тоқтату талабы қойылған.

Бұдан бұрын, 28 ақпанда Қазақстанның Шахтинск (38 мыңнан астам адам тұрады) қаласында Ресейдің ондаған "федералды" телеарналарының хабары тоқтатылып, қайтадан қосылған. Жергілікті провайдер компания Ресей телеарналарының жаңалықтарын тоқтатып, тек фильмдерін қалдырған болатын. Бұл мәселе жөнінде берген түсінігінде Қазақстан ақпарат және қоғамдық келісім министрлігі Ресей арналарының хабарын тоқтату жайлы шешім шығармағанын айтқан.

Ресей президенті Владимир Путиннің Украинаның шығысындағы сепаратистік құрылымдарды "тәуелсіз" деп тану жайлы мәлімдемесін тікелей эфирден көріп тұрған адам. Көрнекі сурет.

ҚЫРҒЫЗСТАН МЕН ӨЗБЕКСТАНДАҒЫ ЖАҒДАЙ

Ресейдің Украинадағы соғысы Орталық Азияның (ОА) өзге де елдеріндегі БАҚ саласында дау тудырған жайға айналды.

Қырғызстанда наурыз айының басында депутат Нұрлан Шакиев үкіметті Ресейдің екі телеарнасының хабарын бюджет есебінен трансляциялаудан бас тартуға шақырған. Сол шамада Қырғызстанда жергілікті Next TV телеарнасының үстінен іс қозғалып, оны басшысы Таалай Дуйшембиев қамауға алынды. Қырғызстан мемлекеттік қауіпсіздік комитеті бұл арнаны "Қазақстан арнайы қызметінің бұрынғы басшысының мәліметіне сүйеніп Ресейдің Украинадағы арнайы операциясы кезінде Қырғызстан әскери көмек көрсетуі туралы келісімге қол жеткізген деген жалған ақпарат таратты" деп тауып, "ұлтаралық араздық қоздырды" деп айыптаған.

Өзбекстанда "Россия 24" арнасы хабарынан кейін жергілікті журналист Эльдор Асанов ел президентіне үндеу жасап, жергілікті журналистер мен блогерлерді "ресейлік үгіт-насихаттың жиіркенішті шабуылынан" қорғауға шақырған.

"Россия 24" арнасының жүргізушісі соғыс кезінде өзбекстандық БАҚ-ты Киевті жақтады және "ұлтаралық араздық қоздырды" деп айыптаған. Бұл Орталық Азияда ресейлік БАҚ-тың өз хабарын трансляциялаумен қоса, жергілікті медиа-ресурстар ісіне де араласып отырғанын көрсетеді.

Ресейдің Украинадағы басқыншылық соғысы Орталық Азия елдерін әрі-сәрі күйге салып қойды. Аймақ елдерінің билігі бейтарап қалуға тырысқанымен, Мәскеуге бүйрегі бұратындары жасырын емес.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Ресей Украинаның жікшіл аймақтарын қолдады. Орталық Азияның болашағы не болмақ?

Қазақстан мен Қырғызстан Ресеймен бірге Еуразия экономика одағына мүше болса, Өзбекстан, Қырғызстан мен Тәжікстан Ресейдегі миллиондаған еңбек мигранттарының жағдайына алаңдайды. Бұған қоса Қазақстан, Қырғызстан мен Тәжікстан Ресеймен бірге Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымына мүше. Түрікменстанда әкеден балаға өткен билік транзиті бәрінен маңызды "қызу тақырыпқа" айналған.

Осындай жағдайда сарапшылар Орталық Азиядағы ақпарат қауіпсіздігі сөз бостандығымен өлшенетінін айтады. "Шекарасыз тілшілер" сөз бостандығын қорғау ұйымының есебінде аймақта Қырғызстан ғана алда, 79-орында тұр. Ал Қазақстан 155-орында. 180 елді қамтитын есепте Түркіменстанның орны – 178.

"РЕСЕЙ АРНАСЫН ЖАПҚАННАН МӘСЕЛЕ ШЕШІЛМЕЙДІ"

Шалқар Нұрсейіт, саясаттанушы, Қазақстан

– Орталық Азияда ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және сөз бостандығы мәселесі Ресейдің медиа-ресурстарын жапқаннан шешіле салмайды. Басы ашық нәрсе – қай елде болса да сөз бостандығы орнамай ақпараттық қауіпсіздікпен қамтамасыз ету мүмкін емес.

БАҚ саласында бұл елдердің барлығына ортақ мынадай мәселелер бар: саяси қудалау, цензура және журналистердің ішкі цензурасы, тәуелсіз медианың қаржы тапшылығына ұшырауы. Аймақ елдерінде тәуелсіз медианы жазылу немесе жарнама арқылы қолдайтын азаматтар соншалықты көп емес. Бұл елдерде тәуелсіз медианы шетелдік БАҚ-тың осы елдердегі филиалы, фриланс-журналистер құрайды. Оларға да кедергі көп.

Орталық Азия елдерінде бір-бірі жайлы тараған көптеген мифтер бар. Шекаралас жатқанымен, бұл елдер бір-бірі туралы аз біледі. Зиялы қауым арасындағы қатынас өте аз. Себептері бар шығар, бірақ ондай қатынасқа талпыныс та байқалмайды. Еуропада эксперттер арасында байланыс, ортақ жоба көп, Орталық Азия елдерінде мұндай жоққа тән. Елдер арасындағы байланысты күшейтетін медиа-жобалар керек. Қазіргі ақпараттық технологиялар, әлеуметтік желілер оған мүмкіндік береді. Журналистер арасында ынтымақтастықты арттыру, кәсіби біліктілікті шыңдау, онлайн-оффлайн іс-шараны көбейту, халықаралық гранттарды дұрыс пайдалану тәрізді көптеген шара атқаруға болар еді. Ортақ медиа-ресурстар құруға болады. Ондай ресурстардың міндетті түрде саяси болуы да шарт емес. Танымдық, ақпараттық, мәдени ресурстар болуы мүмкін. Ақпараттық қауіпсіздікпен қамтамасыз етудің басқа да жолдарын қарастырған абзал. Жергілікті медиа-ресурстар бәсекеге қабілетті өнім шығаруды қолға алса, Ресейдің үгіт-насихатына қарсы күресуге болады.

"САЯСИ ЕРКІНДІК КЕРЕК"

Камолиддин Раббимов, саясаттанушы, Өзбекстан

– Ресейдің Орталық Азияға ақпараттық шабуылы үдегенде аймақ елдері алаңда жалғыз қалып жатады. Мұндай жағдайда аймақтық деңгейде үйлестіру жұмыстары керек сияқты. Бізде ең құрығанда азаматтық қоғам бір-бірін қолдаса екен. Аймақта ортақ ақпараттық кеңістік болуы қажет. Мәселен, Орталық Азия елдерінің әрқайсында аймаққа ортақ хабарлар тарататын телеарналар ашуға болады. Онда пропорционалды түрде жергілікті тілмен қоса, аймақ елдері тілдерінде хабар тарату мүмкіндігі қалыптасар еді. Тек соны жасақтауға ерік-жігер жетіспейді. Орталық Азияға ортақ ақпараттық кеңістік атмосферасын қалыптастырудың мыңдаған рецебі бар. Егер бұл мәселемен мамандар айналысатын болса, неғұрлым тиімді, неғұрлым үздік идеялар ұсына алады.

"Россия-1" мемлекеттік телеарнасында "60 минут" бағдарламасын жүргізетін Ольга Скабеева мен Ресей қарулы күштері суреттерінен коллаж.

Өзбекстанда Ресей телеарналары өте танымал. Көпқабатты тұрғын үй болсын, жеке тұрғын үй болсын – көпшілігінде спутниктен хабар алатын антенна-тарелканы көресіз. Менің ойымша, өзбекстандықтардың басым бөлігі, әсіресе, ірі қалаларда Ресей ақпараттық кеңістігінде отыр.

Ал жергілікті орталық телеарналарда еркін, ширақ, ақпараттық-талдау бағдарламалар жоққа тән. Каримов дәуірінен қалған ішкі цензураның салқыны байқалады. Геосаяси мәселені талдау үшін саяси еркіндік керек. Бұл бізде өте әлсіз. Ресейдің Украинадағы соғысы мәселесіне келгенде тіпті биліктің өзі асқан сақтықпен қимылдайды. Мен оны геосаяси қорқыныш деп атар едім. Өзбекстан БАҚ-ына қарасаң, бейне бір Украина да, Ресей де, соғыс та жоқ сияқты әсер қалдырады. Интернет ресурстарда талқылау болғанымен, онда да қатты сақтанады. Сондықтан өзбекстандықтар Ресей телеарналарын көріп, тек біржақты ақпарат алып отыр.

"БАСҚА ДА ЕЛДЕРДІҢ МЕДИА ӨНІМІН ҰСЫНУҒА БОЛАДЫ"

Эмилбек Жороев, саясаттанушы, Қырғызстан

– Кремльдің өзіне жақпайтын, ыңғайсыз, сынайтын ресейлік БАҚ-тың жұмысын тоқтатып тастағанын да көріп отырмыз. Тиісінше, Мәскеу ресейліктерге арналған өзіне тиімді ақпаратты ғана Орталық Азияға еркін тарата алады. Бұл – аймақ үшін айрықша қауіпті. Шұғыл қауіп үйіретін бұл жағдай міндетті түрде шұғыл шара қабылдауды да қажет етеді. Қалай болғанда да Ресейдің ресми ақпаратын тарататын негізгі телеарналардың хабар таратуын тоқтатып, немесе шектеген дұрыс деп есептеймін.

"Қайсы бір елдің мемлекеттік ресми телеарнасы басқа бір тәуелсіз елде трансляция жасалмауы керек. Әр мемлекеттің өзінің ақпараттық саясаты бар, өз приоритеті, өз көзқарасы бар" дейді қырғызстандық саясаттанушы Эмилбек Жороев.

Қазіргі жаңа уақытта ақпараттық қауіпсіздік сапа және техникалық жағынан жаңа параметрлерге ие. Мұндайда техникалық экспертизаға да жүгінген дұрыс болар. Мәселенің ел тәуелсіздігімен байланысты екенін ескеруіміз керек. Ел қалайтын бағдарламаларды таратып, бірақ қауіпсіздікті қатерге ұшыратпау жағын ойластыру керек. Мәселен, бір ғана елмен шектелмей, көпшілікке басқа да елдерден алуан түрлі өнім ұсынуға болады. Қайсы бір елдің мемлекеттік ресми телеарнасы басқа бір тәуелсіз елде трансляция жасалмауы керек. Әр мемлекеттің өзінің ақпараттық саясаты бар, өз приоритеті, өз көзқарасы бар. Оны басқа елге шектеусіз мөлшерде таратудың жөні жоқ.

"ХАЛЫҚТЫҢ САУАТЫ МЕН БІЛІМІН КӨТЕРУ КЕРЕК"

Умед Хакимов, тәуелсіз сарапшы, Тәжікстан

– Сандық технология дәуірінде Орталық Азия елдері үшін ақпараттық қауіпсіздікті сақтау өте күрделі. Интернет дүниесі шексіз. Елдердің өз азаматтарын түрлі үгіт-насихаттан, дезинформациядан және фейк-жаңалықтан арашалау тіптен мүмкін емес. Ал телеарналар болса, қай елге қарасты болса да, өзіне пайдалы деген ақпаратты ғана береді. Сондықтан БАҚ ұсынған ақпаратты адамдардың өзі қорыту үшін олардың сауаты мен білім деңгейін көтеру үздік тәсіл болар деп ойлаймын.

Әлемде болып жатқан оқиғаларды бұрмаламастан шынайы баяндау, жаңалықтарды мейлінше нақты беретін тәуелсіз БАҚ-қа еркіндік беру – осы қатардағы тәсілдердің бірі. Ақпараттық қауіпсіздіктегі ең басты фактор – ақпараттың шынайылығы, қол жетімдігі және толық болуы екенін ескергенде тәуелсіз БАҚ-қа еркіндік берудің қандай екені сараланады.

Орталық Азия аймағындағы ақпараттық қауіпсіздік қазір қиын жағдайды өткеріп жатыр. Аймақ елдері Ресей экономикасымен тығыз байланыста. Ресей экономикасының құлдырауы автоматты түрде Орталық Азия экономикасының да нашарлауына алып келеді. Тәжікстанда тәліптерден төнген қауіп сақталып отыр. Оңтүстік шекараны қорғауда Тәжікстан мен Ресей одақтас. Тәжікстан да аймақтағы өзге елдер сияқты бейтараптық сақтағанымен, қажет жағдайда Ресейге көмектеседі.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Репрессияны модернизациялады". Қазақстан баспасөз еркіндігі рейтингінде 155-орында