Джиу-джитсу Азия ойындарының бағдарламасына биыл алғаш рет енді. Сол себепті Дархан Нортаев бұл спорт түрі бойынша Қазақстаннан шыққан алғашқы Азиада чемпионына айналды. Джакартада Дархан Нортаев алғашқы кездесуінде бахрейндік Мохамед Абудристі, филиппиндік Карлос Ангело Пенаны, қырғызстандық Абдулдабек Кекеновті жеңді. Жартылай финалда және финалда БАӘ спортшылары Саид әл-Мазроуи мен Омар әл-Фадлиден басым түсті.
ЖЕТІ ЖЫЛДЫҢ ЖЕМІСІ
- Осы жеңіске бір жыл бойы дайындалдым. Тек осы алтын жүлде туралы ойладық. [Биылғы Азия ойындарында] Қазақстанда алтын аз болып тұр. Тек алтын үшін, жеңіс үшін шықтым. Басқа нәтиже қызықтырмады. БАӘ спортшылары негізгі қарсыласым болды. Финалдағы қарсыласыммен (Омар ал-Фадхли-ред.) үшінші рет кездестім. Бір рет ол, бір рет мен жеңген едім. Бүгін мен жеңдім. Бұл жеңістің қаншалықты қиындықпен келгенін өзім ғана білемін, - дейді Азиада чемпионы.
Спортшы бұл Азия ойындарына Бразилияда және Таиландта дайындалған. Дархан Нортаев жартылай финалда жекпе-жекке шыққан Саид әл-Мазроуиден 2017 жылы Ашхабадта өткен жабық алаңдағы Азия ойындарында жеңілген.
- Бұл жолы көп қарсыластарыма есе қайтардым. Кездейсоқ жеңіс емес. Себебі әлем чемпионатын жеңдім, 2018 жылы Ақтауда өткен Азия чемпионатында алтын алдым. Бұл жеңістің бәрі сенімділік берді, - дейді ол.
Дархан 2016 жылы Вроцлавта (Польша) өткен әлем чемпионатында да алтын алған. Ол – джи-джитсудан әлем чемпионы атанған алғашқы қазақстандық. Бұл жекпе-жек түрі әуелі Жапонияда пайда болып, кейін дүние жүзіне тараған. Джиу-джитсу (Дзю-дзюцу деп те жазылады - ред.) күресінде бапкерлер тіке шабуылға емес, қорғану арқылы қарсыластың шабуылын өзіне қарсы пайдалануға баулиды.
- Джиу-джитсуді жеті жыл бұрын, яғни 14 жасында бастадым. Спортқа ағам алып келді. Өзім Тараз қаласында туғанмын. Бірақ кейін Астанаға көштік. Ата-анам Астанада тұрады. Жарыстарға Маңғыстау облысының атынан шығамын. Шымкентте спорт мамандығында студентпін. Бос уақытымда видео түсіріп, роликтер жасағанды ұнатамын, - дейді спортшы.
"ШАПШАҢ ӘРІ ЕҢБЕКҚОР"
Джиу-джитсудан Қазақстан құрамасын Азия ойындарына дайындаған бапкерлердің бірі Әшім Қалидің айтуынша, бүкіл команда Дархан Нортаевтан тек алтын күткен.
- Азия ойындарында былтырғы жарыстарда жіберген қателіктерді түзеді. Финал алдында бапкерлер жиналып, кеңес бердік. Дархан өте шапшаң, өте еңбекқор. Залдан шықпайды. Өзі көп ізденеді. Интернеттен қарап, оқып жүреді. Ағылшын тілін меңгеріп жүр. Теория мен практиканы қатар алып жүреді. Көз алдымызда дамып, өсіп келеді. Әлі жас. Келесі Азия ойындарында жетістігін қайталаса дейміз. Барлық жігіттерден үміт күттік. Бірақ Дарханға ерекше үміт арттық. Себебі ол бұл жарысқа әлем чемпионы, Азия чемпионы ретінде келді, - дейді жаттықтырушы.
Әшім Қалидің сөзінше, Қазақстан джиу-джитсу құрамасы үшін Азия ойындарының деңгейі әлем чемпионатынан жоғары. Себебі Азиада джиу-джитсумен айналысатындар үшін үлкен олимпиада іспетті.
- Азия ойындары біз үшін әлем чемпионатынан да жоғары. Өйткені бұл спорт әлі олимпиада бағдарламасына енген жоқ. Ал Азия ойындарында олимпиададағыдай елдер арасында үлкен бәсеке бар. Сондықтан спортшыларға психологиялық жағынан қиын, - дейді ол Азаттық тілшісіне.
Қазақстан джиу-джитсу құрамасы Джакартадағы Азия ойындарында Дархан Нортаевтың алтынынан бөлек тағы үш қола медаль жеңіп алды. Енді спортшылар қарашада Швецияда өтетін әлем біріншілігіне қатысады.
Азия ойындарына 440 қазақстандық спортшы қатысып жатыр. Жарыстан хабар тарату үшін Азаттық тілшісі Джакартаға аттанған. Азиаданың барлық жаңалығын Азаттық сайтының арнайы парақшасынан оқи аласыздар. Азия ойындары қыркүйектің 2-cі күні аяқталады.