Ислам революциясы корпусының "Құдс" арнайы жасағының қолбасшысы генерал Касем Сүлеймани 3 қаңтарда Бағдатта АҚШ-тың әуе шабуылы кезінде мерт болған. Оны өлтіруге АҚШ президенті Дональд Трамп тікелей бұйрық берген. "Құдс" күштері Иранның сырттағы әскери операцияларына қатысқан.
Вашингтон Сүлейманиді "Иракта жүрген америкалық әскерилерді өлтірді, жаңа шабуылдарды жоспарлады" деп айыптайды.
Иран генералдың қазасынан кейін бірнеше күннен бері аза тұтып жатыр. Тегеран "Сүлейманиді өлтірген АҚШ-тан кек алатынын" мәлімдеді. АҚШ президенті Дональд Трамп та "Тегеран шабуылдайтын болса, Иранның 52 нысанын бомбалайтынын" ескертті.
Иранда генерал Касем Сүлейманиді аза тұтып жатыр:
Your browser doesn’t support HTML5
Иран қалаларында Сүлейманидің жақтастары көшеге шығып, "АҚШ-қа өлім келсін!" деп айғайлап, Америка туын өртеді. Қаңтардың 7-і күні Сүлейманидің туған қаласы Кермандағы жерлеу рәсімі кезінде 50-ден астам адам тапталып мерт болды. 200-ден астам адам жараланған. Осыдан кейін Иран билігі генералды жер қойнына тапсыруды кейінге қалдырды.
Азаттықтың Иран қызметінің тілшісі Ниюша Богратидің сөзінше, Таяу Шығыста кейінгі 40 жылда жағдай бұлай ушықпаған. Ол АҚШ пен Иран арасындағы жанжал Каспий аймағына экономикалық тұрғыдан әсер етуі мүмкін деп санайды.
Азаттық: Таяу Шығыста ахуал шиеленісіп барады. Сарапшылардың кейбірі бұл аумақта соғыс тұтанып кетуі мүмкін екенін айтып жатыр. Осы тірестің Каспий аумағы мен Орталық Азияға қандай әсері болады?
Ниюша Бограти: 40 жыл бойы Иран және Таяу Шығыста жағдай дәл осылай ушықпаған. Бұл жағдай Таяу Шығыс үшін нағыз қауіпті сәт. Кез келген әрекет жағдайды ушықтыруы мүмкін. Бірақ АҚШ та, Иран да ахуалды біледі. Сүлейманидің өлімінен кейін соғыстан қашып құтылу мүмкін емес деуге келмейді. Иә, соғыс болуы мүмкін. Бірақ бұл біз білетін үлкен соғысқа айналмас. Ал қандайда бір әскери қимыл бола қалған жағдайда Каспий аймағын шарпи қоймас. Яғни, Каспий теңізі аймағында соғыс болу ықтималдығы Таяу Шығыс, Парсы шығанағы, Араб түбегіндегідей емес. Бұл жанжал Каспий аймағына экономика жағынан әсер етуі мүмкін, ал әскери қимыл жағынан әсер ете қоймас.
Азаттық: Аятолла Хаменеи "генералды өлтірген АҚШ-тан аяусыз кек алуға уәде берді". Президент Дональд Трамп та Иран шабуыл жасайтын болса, Иранның 52 нысанына соққы беретінін мәлімдеді. Осы нысандар арасында Каспий теңізі жанында орналасқаны бар ма?
Ниюша Бограти: Бұл сұраққа толық жауап беру үшін сәл артқа шегініп, Иранда не болып жатқанын қарайық. Иран "АҚШ-тан кек алатынын айтты. Бірақ кекті қалай алатынын ашық айтпады. Кейбіреулер Иран АҚШ-тың Таяу Шығыстағы базаларына шабуыл жасауы мүмкін дейді. Енді біреулер бұл режимге өте қауіпті болады деп отыр. Оның үстіне АҚШ президенті Дональд Трамп Twitter желісінде егер Тегеран шабуыл жасаса, Иранның 52 нысанын, соның ішінде мәдени орындарын нысанаға алатынын жазды. Трамп айтып отырған 52 нысан да белгісіз. Әлеуметтік желіде Трамп айтқан 52 орын Иранның тарихи мұралары болуы мүмкін десе, енді бірі Иран режиміне тиесілі мемлекеттік телеарна станциясы немесе билік қолдайтын діни мектептер болуы мүмкін дейді. Бұл туралы елде қызу талқы жүріп жатыр. 52 нысан бүкіл ел аумағында, соның ішінде Каспий теңізінің маңайындағы орындар да болуы мүмкін.
Азаттық: Ирандағы дәл қазіргі ахуал қандай?
Ниюша Бограти: Қазір Ирандағы жағдай астан-кестен. Генерал Сүлеймани Иранның әскери иерархиясында ең беделді, рейтингі жоғары, аятолла Әли Хаменеиге ең жақын адам болды. Тегеранда Сүлейманиді жоқтау рәсімінде аятолла Хаменеидің өзі генералдың табытының жанында тұрды. Хаменеидің жұрт алдына шығып қайғырғанын соңғы он жылда көрмеген едік. Жиырма жылдай Иран әскерінің сырттағы операцияларын басқарған Сүлейманидің өлімі ел билігі мен әскеріне және генералдың қолдаушыларына үлкен соққы болды. Иранның Таяу Шығыстағы ықпалы мен орны Сүлейманидің есімімен байланысты. Оның өлімі Иран билігі үшін күтпеген қаза болды. Қазір Иран Сүлейманиді жоқтап, аза тұтып жатыр. Енді не болады деп отырғандар да бар.
Аятолла Әли Хаменеи генерал Сүлейманидің орнына Исмаил Кааниді тағайындады. Каани бұрын Сүлейманидің орынбасары, ең жақын серіктесі болған. Иранда Сүлеймани жайлы түрлі пікір барын айтуымыз керек. Кейбіреулер Сүлейманиді Таяу Шығыстағы қақтығыстарға араласу арқылы Иран халқын бақытсыз қылды, Иран халқын басып-шаншуға ат салысты деп санайды. Әрине, генералды батыр ретінде көретін жақтастары да жетерлік.
Азаттық: Иранда генералдың өлімінен кейін аза тұту жалғасып жатыр. Халықтың көбі "Америкаға өлім келсін!" деп айғайлады. АҚШ-тың туын өртеді. Ел ішінде осы ұранға қарсылар бар ма? Бар болса олар не дейді?
Ниюша Бограти: Ирандағы халықтың басым бөлігі бұл ұранға қарсы. Бұл – биліктің және оны қолдаушылардың риторикасы. Иранның қазіргі режимі билікті уысынан шығармау үшін қашанда сырттан жау іздейді. Кейде Сауд Арабиясын, кейде Израильді, кейде Ұлыбританияны жау көреді. Ал Иран режимі кейінгі 40 жыл бойы АҚШ-ты дұшпан деп атап келген. Бұл риториканы қолдайтындар көп дей алмаймын. Себебі әлеуметтік желіде Батыс елдерімен, АҚШ-пен байланысты қалайтындар көп. Олар батыс стилінде өмір сүргісі келеді. Батыспен жақсы қарым-қатынас орнағанын қалайды. Көшеге шыққандарға қарап, бүкіл Иран халқы солай ойлайды деуге болмайды. Көшеге шыққандар – қазіргі режимді қолдаушылар.