Үрімжіде Қазақстан визасына кезек "сатылып жатыр" ма?

Your browser doesn’t support HTML5

"Ақша төлесең, консулға кіргізем". Үрімжідегі қазақ консулдығы маңындағы сауда

Азаттыққа хабарласқан бірнеше адам Үрімжідегі Қазақстан консулдығында Қазақстан визасын алу кезегі "саудаланып жатқанын" жеткізді. "Делдалдар" "жылдам кезек" алып бергені үшін бір адамнан кемі 1500 юань (94 мың теңге) талап етеді дейді олар. Ал сыртқы істер министрлігінің өкілі "консулдықтың саудаға қатысы жоғын" айтады.

Азаттыққа Қытайдың Шыңжаң аймағында тұратын қазақтар әлдекімдердің Қазақстанға келем деушілерге "ақшаға виза кезегін алып береміз" деп жатқан бірнеше аудиожазбасын жіберді. Онда делдалдар "консулға тіке кіргізіп, мәселені бір күнде шешіп беретінін" айтып, ақшасына келіссе, төлқұжаттың бірінші бетін түсіріп жіберуді сұрап жатыр. Беймәлім адам тіпті қай күні келетініне дейін айтады.

"ОҢ ЖАҚТАҒЫ ҚЫЗҒА БАРАСЫҢ"

Атын атамауды, бет-жүзін көрсетпеуді өтінген азамат дәл осындай бір делдалмен келісіп, виза кезегіне іліктім дейді. Өзі Қытайдың Үрімжі қаласынан Алматыға бір ай бұрын келген. "Балаларымның болашағына алаңдағандықтан Қазақстанға қоныс аударайын деген ойға келдім" деген ол көшуге қамданғалы үй іші, туыс-туғанымен виза кезегін үлестіретін Kezek қосымшасымен алысқанын айтады. Сәті түсіп, 24 сәуірде өзі кезекке ілінген. Бірақ әйелі мен екі баласын кезекке тұрғыза алмаған.

– Ары жағаластым, бері жағаластым, болмады. Сосын таныстарымнан сұрасам, "алу мүмкін емес, сатып ал" деді. Сөйтіп жүргенде консулдық маңынан бір адам кезігіп, ақыры келістік. "Бір адамға 1500 юань" деді. Екі балам мен әйеліме 4500 юаньға сатып алдым. Басқа амалым қалмады,дейді ол.

Үріміждегі виза беретін орталыққа құжат өткізуге "көмектесетін" делдалдар жарнамасы.

Кейіпкеріміз ақшасы жоқтар консулдық маңын торып, айлап жүретінін, виза кезегін алмақшы болғандардың көбі оны тек сатып алып жатқанын айтты. Оның сөзінше, кезек сататындарды табу қиын емес. "Делдалдар WeChat әлеуметтік желісінде не консулдық маңында өріп жүреді" дейді ол.

– Алдымен күзет дегенге бардық. Паспорт сұрады, бердік, содан компьютерге басып, нөмірді шығарып берді. Ойлап отырсам, ол бірнеше күн бұрын сатылып кеткен нөмір екен. Соны осы күнгі нөмір деп шығарып берді. Визаға кіргізген адам "оң жақтағы екі қызға барасың, сол жаққа бармайсың" деді. Сол жақтағы сатады, ал оң жақтағысы сатпайды екен.

Бұл кісі әуелі мың юань бермек болған. Бірақ делдалдар 1500 юань сұраған.

– Мың юаньға келіспеді. "1500 бересің, 200 менің пайдам, ал 1300-ін өздеріне апарып беремін, әйтпесе іштегі көкелерім (Қазақстан консулдығындағы қызметкерлерді айтып тұрса керек – ред.) алмайды" деді.

"ПАСПОРТТЫҢ БІРІНШІ БЕТІН ТҮСІР ДЕ, АҚШАНЫ ЖІБЕР"

Қытай қазақтары Үрімжідегі төлқұжат-виза орталығына визаға тапсыру үшін алдымен кезек алуы тиіс. Оны үлестіру әр жексенбі онлайн жүреді. Kezek қосымшасында сейсенбі, сәрсенбі, жұма, сенбі күндеріне, әр күнге 120 нөмірден беріледі. Сол рет нөміріне сәйкес визаға өтініш береді. Өзін "Ерік" деп таныстырған Шыңжаңдағы Алтай аймағының тұрғыны кейінгі уақытта дәл осы нөмірді алу мұң болғанын айтады. Ол Азаттыққа делдалмен болған екеуара әңгіменің аудиосын жіберді. Жазбада әлдекімнің "консулға төте кіргізіп, мәселені бір күнде шешемін" дегені анық естіледі:

– Қай күнге болса да, бола ма? Консулға тура кіргізесіз бе, әлде компьютерден нөмір шығарып бересіз бе?

– Жоқ, мен [консулға] төте кіргіземін. Келіссең, паспорттың бірінші бетін [суретке түсіріп], ақшаны жібересің. Бүгін орналастырсам, 18 тамызға келеді, 17-сі келесің, мәселеңді 18 тамыз түске дейін бітіріп қайтасың, – дейді ар жақтағы дауыс.

WeChat желісінде виза алуға кезекке тұруды машақаты туралы Қытайдағы қазақтардың жазғаны.

Биыл қаңтарда Қытай шекарасын ашқалы Еріктің нағашы ағасы отбасымен Қазақстанға кетудің қамына кіріскен. Оның сөзінше, виза кезегіне ілігу үшін әулет болып үш ай телефонға телмірген. Қанша әрекеттенсе де, Kezek-тен кезек ала алмаған.

– Кезек таратуға 4 сағат қалғаннан бастап бәріміз дайындаламыз. Интернет жақсы істейтін жерге отырып, телефонға телміреміз. Сізге өтірік, бізге шын, әр жексенбі сайын бүкіл туыс-туғанымызды қосқанда 60 адам жабылып нағашы ағам мен жеңгеме кезек ала алмадық қой, – дейді Ерік.

Сұрастыра келе кейіпкеріміз қосымша арқылы кезек алу мүмкін емесін түсініп, оны саудалайтын адамдарға шыққан.

Амал жоқ, делдалдар арқылы алатын болдық. Ол кісі "осы айдың 18-інде келіңдер" деді. Енді 18-інде барамыз. Әзірге ағам бала-шағасымен консулдықтың алдында күтіп жүр, – дейді Ерік.

Оның айтуынша, "делдал" төрт адамның әрбіріне 1500 юаньнан (95 мың теңге) жалпы 6 мың юань сұраған.

– Ақшасын төлеп, паспортының бірінші бетін фотоға түсіріп жіберіп қойдық. "18-іне кел" деді. Білмеймін қалай болатынын. Бірақ білетіндердің айтуынша, сол 18-і күні барғаннан кейін "осы адам кім?" деп паспорттағы аты-жөнімен шақырады екен. "Кел" деп ішке кіргізеді де, визасын толтырып, қолына бере салады.

Азаттықтың "алданып қалмайсыздар ма?" деген сауалына Ерік "қайтеміз, бізде одан басқа жол жоқ" деп жауап қатты.

Ерік Қазақстанның Пекиндегі елшілігіне хабарласып, кезек сатылып жатқанын айтып, шағымданған. Онымен сөйлескен дипломат "бәрін тексереміз" деген. "Содан бері 20 күн өтсе де, хабар жоқ" дейді ол.

Қытайдағы танымал мессенджерде Қазақстанға виза аштырып берем дейтіндер өте көп. Делдалдар өз қызметін ашық жарнамалайды.

"ТЕХНИКАДА МҮМКІН ЕМЕС НӘРСЕ ЖОҚ"

Қытай қазақтары Қазақстанға виза алуда бұрын да түрлі кедергіге тап болған. 2011 жылы виза кезегіне тұру қиындап, мыңдаған адам апталап, кейде айлап виза күтуге мәжбүр болған шақта жергілікті белсенді азаматтар бастамасымен WeСhat желісінде осы Kezek бағдарламасы іске қосылған. Оны әзірлеген Ақытбек Шеризатұлы қазір Астанада тұрады. Әу баста виза алу машақатын жеңілдету мақсатында жасалған қосымша қазір "әлдекімдердің табыс көзіне айналды деп естідім" дейді ол.

Kezek қосымшасын әзірлеген ІТ-маман Ақытбек Шеризатұлы.

– Жұртқа 120 адамға орын берілетіндей болып көрінеді, бірақ шын мәнісінде 40 кісіге ғана мүмкіндік береді. Қалған 80 адам мүлде кіре алмайды. Білетін адам үшін бағдарламаға мұндай баптауды енгізу оңай. Былай айтқанда, техникада мүмкін емес нәрсе жоқ, – дейді ІТ-маман.

Ақытбек Шеризатұлы Kezek қосымшасынан нөмір алудың қиындап кетуіне екі себеп бар дейді. Бірі – техникалық ақау, екіншісі – адами фактор.

– Бағдарламада ағаттық немесе бағдарламаны басқарып отырған адамдар әдейі солай жасап қоюы мүмкін. Бағдарламада ақау болса, яғни сырттан нөмірді әлдекімдер алып жатқаны анықталса, мамандар дереу оның алдын алып, баптауларды жаңартуы керек. Бірақ байқасам, жаңартпайды. Меніңше, әлдекімдер соған мүдделі болып отыр, – дейді ол.

Қытайдағы қазақтарға Қазақстан "С10" визасын бір жылға береді. Азаматтар осы құжатпен елге үш мәрте кіріп-шыға алады. Бір жылға берілетін Қазақстан визасын қоныс аударуды көздегендер, азаматтық алуға бекінгендер, осы жақта кәсібі бар бизнесмендер мен баласын Қазақстанда оқытқысы келетіндер алады.

Виза алудың әуре-сарсаңын жазып жүрген журналист Қалиақпар Үсенханұлының сөзінше, пандемия шектеулері алынғалы кезек алу "қып-қызыл бизнеске" айналған. Мұны Қазақстанның ресми органдарының білмеуі мүмкін емес дейді ол.

– Қазақстанның паспорт-виза орны делдалдармен ешқандай байланысы жоқ болса, анау виза алғызып жүргендердің "кезексіз консулға кіргізіп, кезек алып беремін", "5 күннің ішінде виза алғызамын" деуге қандай хақысы бар? Олар Тоқаевтан тіке хат алған ба? Адамдарды қалай кіргізіп жүр? Меніңше, делдалдар іштегі адамдармен тіл табысып алған да, сол арқылы жұмыс істеп отыр. Мүмкін консулдықты басқарып отырған адам бұдан хабарсыз да шығар. Бірақ ол жерде кезек сатылып жатқаны анық. Бұл дегенің тап-таза бизнес, – дейді Үсенханұлы.

Журналист виза кезегін саудалау қалтаға салмақ салудан бұрын адамдардың жүйкесін жұқартып, уақытын алып жатыр деп есептейді. Сондықтан ол бұл мәселеге сыртқы істер министрлігі тікелей араласып, "кезек сатуды" тыйса дейді.

– Мың юаньді төлей салып, кезек алып, Қазақстанға тез келе салса, әңгіме айтпас едік. "Әйтеуір келіп алдың ғой, сол 60 мың теңгені осы жақта көше сыпырсаң да табасың" дер едік. Өкінішке қарай, бұл қалтаға ғана емес, жүйкеге де салмақ салып жатыр. Бұл – қолдан жасалған кедергі әрі үлкен кедергі емес. Егер сыртқы істер министрлігі араласып, шешемін десе, тез шеше алады.

"КОНСУЛДАР ВИЗА КЕЗЕГІН САТСА, БАЯҒЫДА ЖҰМЫСТАН КЕТЕР ЕДІ"

Азаттық "кезекті саудалап жатыр" деген Үрімжідегі паспорт-виза қызметіне бірнеше мәрте хабарласты. Алайда сыртқы істер министрлігінің сайтында көрсетілген үш телефон да жауап бермеді.

Қазақстан сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров Үрімжідегі кезек сату дауы жайлы естіген. "Бірақ оған қызметкерлердің қатысы жоқ" дейді.

Қазақстан сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров.

– Ешкім [виза кезегін] сатып жатқан жоқ. Сатып жатқандар, бәлкім, сол жақтың адамдары шығар. Осы бойынша консулдыққа хабарласып, мән-жайды сұрадық, бірақ ақпарат расталмады. Консулдар виза кезегін сатса, баяғыда жұмыстан кететін еді. Ондай іс әрекетті қайтеді, олардың айлығы жақсы. Мәселені басшылықтың алдында көтердік, мүмкін консулдық қызметкерлерінің санын арттырамыз немесе Қазақстаннан уақытша жұмыс істейтін қызмкеткер жібереміз. Мәселені шешуге тырысамыз, – деді ресми өкіл.

Смадияров "консулдыққа қарайтын орталық қызметкерлері заңсыздыққа бармайды" десе де, Азаттық сөйлескен кейіпкерлер кезек сату әлі де жалғасып жатқанын айтты. "Бірақ бұрынғыдай сауда қызып тұрған жоқ" дейді олар. Олардың айтуынша, кейінгі күндері делдалдар бұрынғыдай ашық саудаласуды қойған, тек сенімді адамдармен ғана жұмыс істеуге көшкен.

Биыл қаңтарда пандемия шектеуі алынып, Қытай шекарасы ашылғалы Қазақстанға келетіндер күрт өскен. Ресми дерек бойынша, 2022 жылы Қазақстанның Қытайдағы дипломатиялық өкілдіктері шетел қазағының Қазақстанға келіп қайтуына рұқсат беретін "С10" визасын 2 193 адамға берген. Оның барлығын дерлік (2 149) Үрімжідегі паспорт-виза бөлімі берген. Ал биыл жарты жылда Қытайда "С10" визасын 15 204 адам алған. Оның 14 761-ін Үрімжідегі мекеме рәсімдеген.

Тәуелсіздік алғалы Қазақстанға шеттен 1 млн 120 мың қазақ көшіп келген. Үкімет дерегінше, қоныс аударғандардың дені Өзбекстан, Қытай, Түркіменстан, Моңғолия елдерінен. Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігі дерегінше, Қазақстанға қоныс аударған қандастардың 360 мыңға жуығы Қытай қазағы.

Your browser doesn’t support HTML5

Алматылықтар Қытай паспортын қидыру үшін далада түнеп жүр