НАЗАРБАЕВ & CO
Бүкіл Қазақстанды шарпыған, 238 адамның өмірін қиған Қаңтар оқиғасынан кейін бұрынғы президенттің кіші қызы Әлия Назарбаева Instagram желісінде елді сабырға шақырып, пост жазған еді. Желі қолданушылары бұл пост Instagram желісіне Біріккен Араб Әмірліктерінен салынғанын анықтап, сын көбейген сәтте жазба өшірілді.
Тура сол уақытта британдық The Telegraph агенттігі Әлия Назарбаеваның Қазақстаннан 300 млн доллар алып шығып, оған жеке ұшақ, Лондон мен Дубайдан сарай, вилла сатып алғаны туралы материал жариялады. Журналистер зерттеуіне қарағанда, Әлия осы қаржының 14 млн долларын Дубайдан вилла және бірнеше жылжымайтын мүлік алуға жұмсаған.
Бес жыл бұрын OCCRP-мен серіктес медиалардың бірі армениялық Hetq.am сайты жариялаған зерттеуде Дубайда Назарбаевтың жиені Нұрәли Әлиевтің де 4 үйі бары айтылған. Бұл зерттеу де С4ADS ұйымының қолына түскен құжаттар негізінде жасалған. Бірақ мүлік реестрі дерегі жаңарды. Қазір тізімде Нұрәли Әлиевтің есімі жоқ. The Telegraph Әлия Назарбаева сатып алды деп жазған мүліктерді көру де мүмкін емес. Біз сөйлескен сарапшылар танымал адамдар әдетте мүлікті басқа елде тіркелген компанияның не "өз адамдарының" атына тіркетіп, жасырып қоятынын айтқан. Бұрын мәлім болған жылжымайтын мүліктердің Дубай реестрінен қазір көрінбеуінің себебі осы ма, басқа ма, тап басып айту қиын.
Your browser doesn’t support HTML5
Бірақ қазіргі реестрден Назарбаевтың өзге туыстарын таптық. Алдымен экс-президент Назарбаевтың бейресми әйелдері деп аталатын адамдарға тоқталамыз. Былтыр "Менің өмірім" деп атаған мемуарында Нұрсұлтан Назарбаевтың мұсылманша некеге отырғанын мойындаған бейресми әйелі Әсел Құрманбаевадан бастайық.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Тоқалдан туған балаларын заңдастыру" ма? Әлеуметтік желіде Назарбаевтың кітабы жайлы не жазды?Әсел Құрманбаева
Әсел Құрманбаева – Palm Jumeirah аралындағы AQUAMARINE RESIDENCE-3 деген үйдің 2-қабатында жайғасқан бір пәтердің иесі. Ондай мүліктердің нарықтағы құны 900 млн теңгеден (2 млн доллар) басталады. Ауласында бассейн, керек-жарақтың бәрі бар. Құрманбаева алған пәтердің аумағы 210 шаршы метр. Үш бөлмелі.
Әсел Құрманбаева – Астана балет театрының арт-менеджері (құжаттардағы тегі Құрманбаева болса да, ол сайтта фамилиясын Исабаева деп көрсеткен). Оның есімі бұған дейін халықаралық журналистер жасаған зерттеуде де аталған. Зерттеуде Құрманбаеваның офшордағы компаниялар арқылы 30 млн доллар пайда көргені жайлы айтылған.
Гүлнара Рақышева
Нұрсұлтан Назарбаевтың мемуарына кірмеген, бірақ оның тағы бір бейресми әйелі деп аталатын Гүлнара Рақышева Дубайда жобасы 2000 жылдары басталған жылжымайтын мүлікке инвестиция жасаған.
Құжаттарға сәйкес, Рақышева DUBAI PEARL деп аталатын кешенге ақша құйған. 2002 жылы басталған жоба құрылысы 2009 жылы тоқтап қалған. Былтыр аяқталмаған құрылыс бұзылып, жермен-жексен болды. Енді өзге инвесторлар оның орнына пішіні Астанадағы EXPO ғимаратына ұқсайтын шар тәрізді кешен салатын болды деген хабар тарады.
Your browser doesn’t support HTML5
Ал Рақышева жылжымайтын мүлікке салған қаржысын қайтарып алды ма, әлде жаңа ғимараттан мүлік ала ма, бізге беймәлім. Бұл туралы оның жеке деректерімен сәйкесетін аккаунтқа хат жолдағанбыз. Гүлнара Рақышева деген аккаунт иесі нақты жауап бермеген еді. "Бизнес аш, жұмыс істе де табыс тап, кім кедергі, әлде миың жетпей ме?" деп хат жолдаған.
Сатыбалды әулетінің 7 үйі
SHAMS тұрғын үй кешенінің 4-үйінде Назарбаевтың немере інісі Қайрат Сатыбалды әулетінің бірнеше пәтері бар. Ғимарат тура Джумейра жағалауында орналасқан.
2022 жылы күзде 6 жыл мерзімге бостандығынан айырылған, қазір өзге істер бойынша тергеліп жатса да, шартты түрде бостандыққа шыққан Қайрат Сатыбалдының отбасына қарайтын екі апартаменттің есігін қақтық. Ешкім ашпады.
Енді осы бір кешеннің ішіндегі бірнеше үйді олар қалай иеленіп отырғанын айтайық.
C4ADS базасындағы дерек бойынша, Қайрат Сатыбалдының атында 8-қабатта бір пәтер, бейресми әйелі деп айтылатын Әсел Бақтиярқызының атында 3-ші және 9-қабаттарда үш пәтер бар. Бақтиярқызы 9-қабатта орналасқан пәтерлерге Әлжан Қайратқызы, Исмаил Қайратұлы, Нұрхан Қайратұлы деген адамдармен бірге иелік етеді.
Қазақстан билігіне жақын адамдардың шетелдегі активтерін шетелдік реестр құжаттарына сүйеніп жазатын "Выход к морю" Telegram-арнасы Әсел Бақтиярқызымен бірге қазақстандық бірнеше компанияда серіктес болған Саида Қанатбекқызы деген адамды да Сатыбалдының әйелдерінің бірі деп санайды. Дубайдағы мүліктерді зерттеген "Власть" басылымы да осылай деген. Саида Қанатбекқызының атында да осы ғимаратта орналасқан екі пәтер бар.
Саида Қанатбекқызы бір апартаментті Амира Қайратқызы, Фарида Қайратқызы, Сабыр Қайратұлымен бірге меншіктеп отыр.
Фамилиялары Қайратұлы және Қайратқызы деп көрсетілген алты адам 17 мен 20 жас аралығында.
Қайрат Сатыбалдының анасы Светлана Назарбаева ұл-келіндерімен, немерелерімен көрші болып шықты. 75 жастағы Назарбаеваның пәтері 2-қабатта жайғасқан. Сатыбалды әулетіне қарайтын жиыны 7 мүліктің қазіргі нарықтағы құны 2 млрд теңгеге жуықтайды.
Сатыбалды түрмеден шығар алдында: "Мен жасаған қателіктерімді мойындаймын. Маған қатысты қылмыстық іс бойынша меморгандарға көмектесіп, бүкіл заңсыз қаржыны қайтарып жатырмын" деген еді.
Бас прокуратура Сатыбалдының 783 млрд теңге (1,6 млрд доллар) активі мемлекетке өтті деп мәлімдеді. Активтерді қайтару комитеті Сатыбалды Біріккен Араб Әмірліктерінде құны 20 млрд теңге тұратын 2 вилла қайтарылды деп хабарлады.
Your browser doesn’t support HTML5
C4ADS дерек базасынан Сатыбалдының атына тіркелген екі вилланы байқамадық. Біздің көргеніміз – жоғарыда айтылған 7 пәтер. Биыл тамызда түрмеде отырған Қайрат Сатыбалдының жазасы жеңілдеп, шартты түрде бостандыққа шыққан. Бірақ сотта оған қатысты тағы бір қылмыстық іс қаралып, үшінші айып бойынша тергеу әлі жүріп жатыр. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет бұл екі істің қазір қай кезеңге жеткені туралы ақпарат таратқан жоқ.
ҚҰЛЫБАЕВТАР
Алтай Құлыбаев
Forbes Kazakhstan журналының жазуынша, экс-президенттің қызы мен күйеу баласы – Динара мен Тимур Құлыбаевтар елдегі ең ауқатты отбасы. Олардың әрқайсында 5 млрд доллардан бар. Осы ауқатты отбасының мұрагері Алтай Құлыбаевтың Дубайдағы пәтері Palm Jumeira аралындағы MARINA RESIDENCES кешенінде орналасқан.
Құжаттарға сәйкес, Алтай Тимурұлы осы ғимараттың 14-қабатындағы аумағы 633 шаршы метрлік апартаментке ие. Балконының өзі 63 шаршы метр. Мұндай мүлік нарықта 2 млрд теңгеден (5-7 млн доллар) жоғары саудаланады.
Раиса Құлыбаева, Аманбек Құлыбаев
Зерттеу басында айтқанымдай, біздің қолымыздағы жылжымайтын мүлік реестрінің ақпараты – 2020-2022 жылғы деректерді қамтиды. Сол себепті болар, бірер жыл бұрын қайтыс болған адамдардың атында да мүліктер тұр. Мысалы, құжаттарға сәйкес, Джумейра (Palm Jumeira) аралындағы AL-SULTANA деген ғимаратта Тимур Құлыбаевтың марқұм анасы Раиса Құлыбаеваның атында тіркелген бір пәтер, ABU-KEIBAL деген кешенде марқұм ағасы Аманбек Құлыбаевтың атына тіркелген бір пәтер бар. Екеуінің құны 1 млрд теңгеден (2,4 млн доллар) асады. Меншік иелері өмірден өткен соң, мүлік мұрагерлеріне бұйырған болуы я сатылған болуы мүмкін. Қазіргі ахуал белгісіз.
Бексұлтан Құлыбаев
Қаңтар оқиғасынан кейін 40 жастағы Бексұлтан Құлыбаев Instagram парағына видео жариялап, онда орысша: "Сендерде қалай, атып жатқан жоқ па? Енді бізде Абу-Дабиде атады" (Что там у вас, не стреляют? Теперь у нас стреляет в Абу-Даби) деген еді. Сол кезде оны осы видеосы үшін сынағандар көп болды.
Бексұлтан – Тимурдың ағасы Талғат Құлыбаевтың ұлы. Пальма тәріздес Джумейра аралынан оның да бір пәтері анықталды. Мүлік AL-SAROOD деп аталатын ғимаратта орналасқан. Нарықта шамамен 500 млн теңге (1,1 млн доллар) тұрады.
Талғат Құлыбаев
Бексұлтанның әкесі Талғат Құлыбаевтың да есімі реестрде жүр. Ол Гүлнара Рақышева сияқты құрылысы тоқтап, қиратылған DUBAI PEARL кешеніне ақша салған. Талғат Құлыбаевтың атына 30 қабаттағы 861 шаршы метрлік апартаменттің құжаты рәсімделген. Жоба тоқтағаннан кейін жағдай қалай өзгергені беймәлім.
Талғат Құлыбаев – Тимур Құлыбаевтың 6 жас үлкен ағасы. Өмір бойы ішкі істер саласында жұмыс істеген. Алматы, Жамбыл облыстарының полиция департаменттерін, 2010-2018 жылдары Ішкі істер министрлігі академиясын басқарған.
Жанар Сейдвалиева, Қорлан Шәріпбаева
Нұрсұлтан Назарбаевтың үлкен қызы Дариға Назарбаева Қаңтар оқиғасынан кейін көпшілік алдына шыға бермейді. Қаңтардан кейін өзі мәжілістен, ал "күйеуі" деп айтылып жүрген Қайрат Шәріпбаев "QazaqGaz" ұлттық компаниясының басшылығынан кеткен.
Олардың арасында ресми некенің бар-жоғы белгісіз. Бірақ іс-шараларда, тойларда бірге жүрген видеосы бар.
Бірақ бүгін біз Шәріпбаевтың бұрынғы әйелі туралы айтпақпыз. Дубайдағы жылжымайтын мүлік реестрінен Жанар Сейдвалиеваның есімі кезікті. Оның атына тіркелген апартамент Джумейра аралындағы THE RESIDENCE SOUTH деген ғимаратта орналасқан. Аумағы – 328 шаршы метр. Ол мүліктің нарықтағы бағасы – шамамен 1,5 млрд теңге (3,5 млн доллар).
2015 жылғы ресми құжатта Қайрат пен Жанардың ресми некелі адамдар екені жазылған. Ал 2017 жылғы құжатта екеуі ерлі-зайыпты деп көрсетілмеген.
Қайрат Шәріпбаевтың қызы Қорлан Шәріпбаева да дәл осы ғимараттан аумағы 195 шаршы метр болатын пәтер алған. Анасына көрші. Қорланның пәтері екінші қабатта. Мүліктің болжалды құны 550 млн теңгеден (1,25 млн доллар) асады.
Қайрат Шәріпбаевтың "Qazaqgaz" ұлттық компаниясын басқарған тұста мекемеде 937 млрд теңгеге қатысты заң бұзушылық болғаны ресми айтылды. Дегенмен оның жеке басына қатысты тергеу, тексеру болған-болмағаны туралы ақпарат жоқ.
Берік Имашевтың отбасы
Дубайдағы жылжымайтын мүлік реестрінен Дариға Назарбаеваның құдағиының да жылжымайтын мүлкі кезікті. Оның үлкен ұлы Нұрәли Әлиев – Орталық сайлау комиссиясының бұрынғы басшысы Берік Имашевқа күйеу бала. Имашевтің әйелі Лейла Адайбекованың да атына жасанды аралдағы THE RESIDENCE SOUTH ғимаратында 160 шаршы метрлік пәтер тіркелген. Бұл да – кем дегенде жарты млрд теңгенің (1,1 млн доллар) мүлкі.
С4ADS дерек базасы бойынша, олардың ұлы Әлжан Имашев та осы ғимараттан кең апартамент меншіктеген. Аумағы 483 шаршы метр. Мұндай мүліктер қазіргі нарықта 1 млрд теңгеден астам бағаға саудаланып жатыр.
Әлжан Имашев Қаңтар оқиғасынан кейін "ҚТЖ – Жүк тасымалы" компаниясы директорының орынбасары қызметінен кетті. Әкесі Берік Имашев қызмет жолында бірде заңгерлікке, бірде мемлекеттік қызметке ауысып отырған. 2003 жылы Назарбаевтар әулетімен құда болғаннан көп өтпей билікке біржола келді. Кейін әділет министрі болды. 2022 жылы Қаңтар оқиғасынан соң Орталық сайлау комиссиясының төрағасы қызметінен кетті. Дубайдағы үйлері туралы оның әйелі Лейла Адайбековадан сұрадық. Ол өзінің атындағы үйге 10 жылдай уақыт бойы иелік етіп отырғанын айтты.
– Жолдасым мемлекеттік қызметкер болғандықтан өмір бойы декларация толтырып келдім. Әр декларацияда әрбір әрекетіміз, әр қадамымызға дейін көрсетілген, – деді ол.
Лейла Адайбекова қазір қазақстандық бизнес реестріне сәйкес, 4 компанияның, ал ұлы Әлжан Имашев 5 компанияның құрылтайшылары қатарында.
C4ADS дерек базасы бойынша, экс-президент әулеті мен олардың туыстарының Дубайдағы активтерінің бізге белгілісі осы. Тимур Құлыбаевқа қарасты компанияның электронды поштасына, Нұрсұлтан Назарбаев қорына және есімі аталған адамдардың көпшілігінің жеке мессенжеріне жолданған хатқа материал жарияланғанға дейін жауап келмеді.
Бұған дейінгі шығарылымдарда билік өкілдері мен олардың жақындары неге мүлік алуда Дубайды таңдады дегенде экономикалық тиімді тұстарын атап көрсеткенбіз. Ұлыбританиядағы Exeter университетінің профессоры, Орталық Азияны зерттеп жүрген маман Джон Хизершоу Дубайдан жылжымайтын мүлік алу саяси тұрғыдағы қауіпсіздікті ойлаумен де байланысты деп есептейді.
– Олар Британияда, Еуроодақ аумағында немесе АҚШ-та өзіне қарсы шағым түсуі мүмкін деп қауіптенеді. Салыстырмалы түрде қауіпсіз Дубайға қарағанда ол жақтарда бұлай болуы әбден ықтимал. [Дубайда] мүліктері тәркіленуі не соған ұқсас әлдене болуы екіталай. Сол себепті мұны хедж стратегиясы (қауіп-қатерді басқару стратегиясы – ред.) деп атайтыныңыз анық. Олар активтерін қорғап отыр. Басқа жерде қауіп-қатер күшеюі мүмкін. Мысалы, Назарбаевтар әулетінің АҚШ, Еуропада, Ұлыбританиядағы меншіктеген дүниелеріне қатысты сот істері болғанын білеміз. Еуропарламент және Британия парламентінің кейбір өкілдері үкіметтен олардың байлығына қатысты тексеру жүргізуді сұраған. Сол себепті, менің ойымша, олар өзін жылжымайтын мүлікті иеліктен шығару қатері аз Дубайда қауіпсіз сезінеді, – деді ол.
Жемқорлыққа қарсы қызмет заңсыз активтерді қайтару бойынша халықаралық әріптестікті күшейтіп жатырмыз деп, жақында мемлекетке қайтарылған актив көлемін жаңартып мәлімдеді. 10 қыркүйекте бірнеше ведомство бірігіп өткізген баспасөз мәслихатында заңсыз иемденілген 1,5 трлн теңге мемлекетке қайтарылды деп хабарлады.
Қазақстандық саяси элитаның Еуропада, АҚШ-та орналасқан активтерін түрлі журналистік зерттеулер әшкереледі. Азаттық та бұған дейін Нұрсұлтан Назарбаев әулетінің шетелдерде – Франция, Испания, Англия, Швейцария, Чехиядағы зәулім сарайлары мен қымбат пәтерлері туралы зерттеу жариялаған. Бірақ әзірге ол мүліктердің кейбірінің үшінші тарапқа сатылғаны туралы ақпарат бар да, сатып алуға жұмсалған қаражаттың қайдан шыққаны тексерілгені жайлы ресми дерек жоқ.
Еуропада тұратын сарапшы, "Қазақстан оппозициясының шетелдегі бюросы" жетекшісі Серік Медетбеков Бас прокуратураның Қазақстаннан заңсыз шығарылған активтерді қайтаруға құлықсыз екенін айтады. Мұның себебі, шетелдегі заңсыз активтердің едәуір бөлігі бұрынғы президенттің айналасындағы адамдарға тиесілі деді ол.
Медетбеков сондай-ақ, Назарбаев туыстарының мүлкін Германиядан да тапқанын, ол жөнінде Қазақстан Бас прокуратурасына өтініш жазғанын, Астана мен Берлин арасында құқықтық көмек көрсету бойынша келісім барын айтты.
– Германияға келіп, фактілерді тексеріп, реестрдегі деректі шығарып, ондағы мекенжайларға баруға болады, бұларды Қазақстанға қайтарайық десе, оған ешкім кедергі келтірмейді. Бірақ бұл әрекет істелмей тұр, – деді ол
Азаттық сарапшының бұл сөзі жөнінде Бас прокуратураға сауал жолдады. Хатқа келген жауапта "Серік Медетбековтің Бас прокуратураға қайырылғаны, дәлелдерді тексеру және процестік шешім қабылдау үшін ақпарат Қаржы мониторингі агенттігіне жөнелтілгені" жазылған.
Біз "Дубайдағы Қазақстан" зерттеуімізде есімі аталған адамдардың бәрі жылжымайтын мүліктерді заңсыз қаражатқа алды деп кесіп-пішіп үкім айтпаймыз. Олардың халық алдындағы жария тұлға екенін ескеріп, шеттегі мүлкін қалай алғанын, елде қаншалық заңдастырғанын анықтауға барынша әрекет жасадық. Хат жаздық, қоңырау шалдық. Хабар барысында жауап берген адамның пікірін ұсындық. Бас тартқандар да аз болмады. Азаттық радиосы бұрынғы билік өкілдері мен олардың туыстары жауап беруге бейіл танытса, оларды тыңдауға, микрофон ұсынуға дайын.
Өркениетті қоғамда бюджеттен жалақы алған және саяси лауазымға жеткен жария тұлға мен оның туыстарының байлығын халық білуге қақылы деді "Власть" сайтының бас редакторы, Дубайдағы мүліктер туралы Dubai Unlocked зерттеуі авторларының бірі Вячеслав Абрамов. Журналистің сөзінше, бұл олардың адал кәсіппен айналысу құқығын шектемейді.
– Егер бұл адамдар активіне заңды жолмен қол жеткізсе, онда супер, жарады, қуаныштымыз, – дейді Абрамов. – Олардың Дубайға келіп, уақытын әдемілеп өткізе алатын мүмкіндігі барына дән ризамыз. Егер олар Нью-Йорктен пәтер алуға ақша таба алса, ол үшін де бек қуаныштымыз. Ал ақшасын Бурабайдағы қайсыбір үйге жұмсаса, тіпті керемет. Себебі Қазақстанға инвестициялап жатыр. Мұның бәрі заңды және қалыпты нәрсе. Мәселе олар мұны жасыруға, жай ғана емес, "бірнеше қабаттың артына" жасыруға әрекет жасауында. Олар офшор компания ашады, содан кейін офшор компаниялар арқылы әлдебір актив алып, рәсімдейді немесе оны әлдебір туысының атына жазады. Міне, осы дұрыс емес. Сіз бен біз жұмыс істеген [Дубай реестрінде] ондаған, жүздеген кім екені белгісіз адамдардың аты-жөнін көрдік. Олар атына жылжымайтын мүлік рәсімделген, біз кім екенін таба алмаған жүргізуші, күзетші, бір мекемедегі қарапайым қызметкер болуы мүмкін. Себебі шенеуніктер үйді өз атына тіркемейтін болған. Бұл жайлы бізге оларға үй алуға көмектесетін риелторлар, мамандар айтты. Көп шенеунік жылжымайтын мүлікті өз атына рәсімдемейді деді. Бұған дейін де білдік, енді жақсырақ біле түстік. Қалай болса да, әлдебір уақытта осының бәрі ашылады. Сонда осы жағдай бойынша оларға неге бұлай істегені туралы сұрақ тууға тиіс. Бұған кәміл сенемін.
"Дубайдағы Қазақстан" деп аталған жобаны жасау барысында Қазақстан бас прокуратурасынан бөлек, сыбайлас жемқорлықпен күрес агенттігі, мемлекеттік кірістер комитетіне арнайы сауал жолдадық. Әр орган хатқа жауап берді. Дегенмен олар заңда көрсетілген тармақтарға сүйеніп, қазақстандықтардың Дубайдағы үйлері бойынша тергеу, тексеру болатын һәм болмайтынын кесіп айтпады. Мысалы, активтерді қайтару комитеті байлығы 100 млн доллардан асатын адамдарды назарға аламыз деді. Мемлекеттік кірістер комитеті Әмірліктердегі үйін декларациялаған ондаған адам барын, бірақ олардың есімін жария етуге болмайтынын айтты. Антикор бар ақпаратты уақтылы сайтымызда, желіде жариялап отырамыз деді.
Құрметті оқырман, бұл Азаттық радиосы "Дубайдағы Қазақстан" деп атаған көлемді зерттеудің соңы. Материалдың бұған дейінгі бес бөлімін осы атаумен Азаттықтың YouTube арнасынан немесе осы сайттан таба аласыз. Зерттеу америкалық C4ADS ұйымы жинақтаған Дубайдың мүлік реестрі негізінде жүргізілді.