Иранда жыл басы – Наурыз мерекесін тойлағанда дастарқанды парсы әліпбиінің С («син») әрпінен басталатын жеті түрлі тағаммен көмкеретін «хафтсин» дәстүрі ежелден келе жатыр.
Соңғы кездері үстелге мәңгі өмірдің белгісі ретінде алтын түстес мөңке балықты тірідей қою әдетке айналып барады. Жануарлардың құқықтарын қорғаушы белсенділер балықтарды миллиондап қыруды доғарып, мерекеге деп ұсталған балықтарды Наурыздан соң өзен-көлдерге қайта жіберуге шақырып келеді.
Базарлар мен дүкендерде немесе мерекені тойлап жүрген адамдардың қолында талай балық өліп жатыр.
НАУРЫЗДА ҚЫРЫЛАТЫН БАЛЫҚ
Жылдың осы мезгілінде Ирандағы базарлар мөңке тұқымдас алтын балық салынған пластик контейнерлерге толып келеді. Сатушы балықты полиэтилен пакетке салып береді. Жартылай мемлекеттік Mehr агенттігінің хабарлауынша, пакетке салынған балықтардың көбі үйге жеткенше өліп қалады.
– Жеті жыл зерттеу жүргізіп, көз жеткізгеніміз – елдің оңтүстігіндегі кейбір өңірлерді есепке алмағанда, өзен-көлдерге қайта жіберілген соң бұл балықтар көбейе алмай қалады екен, – деді Азаттыққа берген сұхбатында Тегеран университетінің табиғи ресурстар факультетінің профессоры Голамреза Рафие.
Белсенділердің айтуынша, жаңару, жасару, көбеюді білдіретін Наурыз кезінде керісінше бұл балық миллиондап қырылады.
Олар ирандықтарды пластмассадан жасалған балықтарды қолдануға немесе бұл дәстүрден мүлде бас тартуға шақырды.
Осы үндеуді қолдады ма, әйтеуір президент Хасан Рухани былтыр халықты Наурызбен құттықтағанда аквариумға мөңке балықтың орнына апельсин салынған хафтсин үстелінің басында отырды.
Бірақ ирандықтардың көбі жануарлардың құқықтарын қорғаушылардың пікірімен келіспейді.
– Біз алмаған күннің өзінде бұларды басқа біреулер алады. Бұл – дәстүр, ұлдарым осы дәстүрді тағатсыздана күтеді. Биыл бес жастағы ұлым әкесін қоярда қоймай базарға апарып, мөңке балық сатып алды, – деді Тегеранда тұратын Зорех есімді әйел.
Хафтсинге алма, сарымсақ, сумах, сірке суы, саману, шөп-шалам, жабайы зәйтүн кіреді. Бұлар өмір мен махабатты, молшылық пен денсаулықты білдіреді. Әдетте бұлардың қасына Құран кітабын, тиын, гиацинт, нан, лампа немесе шырақ, мөңке балық не оның қолдан жасалған макетін қояды.
ЖАҢА ДӘСТҮР - КЕСІРТКЕ ҚОЮ
Мөңке балықтың мәселесі аз болғандай, соңғы кездері хафтсин үстеліне сирек кездесетін саламандра кесірткелерін қою әдетке айналды.
«Кайзердің ала кесірткесі» не «императордың ала кесірткесі» деген атпен белгілі Лористан кесірткесі Иранның батысындағы Лористан ауданын мекен етеді. Ол Халықаралық табиғатты қорғау одағының тізіміне «құрудың алдында тұрған жәндік» қатарында тұр.
Иран ақпарат құралдарының жазуына қарағанда, жергілікті жұрт «түрлі түсті кесіртке» деп атайтын бұл жәндіктердің саны 1 мыңға жуық. Ал Халықаралық табиғатты қорғау одағы олардың саны бұдан он есе көп деп санайды. Одақтың айтуынша, «ел ішінде және шетелде сату үшін шектен тыс көп аулағаннан» және «қоршаған ортаның нашарлауы мен бүлінуінен» мұндай кесірткелер құрып бітудің алдында тұр.
Тегеран университетінің зоология және жабайы табиғат профессоры Афсин Ализаденің айтуынша, ерекше пішіні мен қара-сары түсіне бола суда өмір сүретін бұл кесірткелер танымал.
– Әдемі түсі мен пішініне бола бұл кесірткелер базарға кең тарап кетті. Дәстүрдің өзгергені ме, әлде халықтың жаңа нәрсеге деген құмарлығы ма, соңғы кездері хафтсин үстеліне саламандра кесірткелерін қою сәнге айналды, – дейді Ализаде.
Иран парламенты депутаты Мұхаммед Биранванди құрып біту қаупі төніп тұрған жәндіктерді хафтсин үстеліне қоймауды ескертті.
– Өкінішке қарай, кейбіреулер сирек кездесетін бұл жәндіктерді бағаламай, оларды хафтсин үстеліне жеті «синнің» бірі ретінде қояды. Адамдар өз рахаты үшін ғана бұлай істемеу керек, – деді Бираванди.
Оның айтуынша, Иран заңдары бойынша, Лористан кесірткесін сатқандар жазаланады. Бираванди саламандра кесірткелеріне төнген қауіпті түсініп, оларды қорғауға шақырды.
Хуман Аскаридың материалы ағылшын тілінен аударылды.