Саид Туси – мемлекеттің жоғары лауазымды тұлғалары, соның ішінде елдің рухани басшысы Аятолла Әли Хаменеи да қатысатын жиындарда Құран оқып жүрген қари. Ол «шәкірттеріне қырындады» деген айыптауды «киносценарий жазуға келетін, ойдан құрастырылған жалған сөз» деп атады.
ВИДЕО: Тусидің Хаменеи қатысқан жиында Құран оқыған сәті
Соттың баспасөз хатшысы Хожатолеслам Мохсени Ежей өткен аптада төрт айыпкердің 46 жастағы Тусиға қарсы талап арыз жазғанын, ал Саид Туси мұны жоққа шығаратынын айтты.
Ежей танымал қариға қандай айып тағылуы мүмкін екенін нақтыламады, тек оның қоғамдық моральға қарсы әрекеттері үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылмайтынын, істің «моральдық жемқорлыққа бой алдыру» фактісі бойынша тексеріліп жатқанын ескертті.
Айыпкерлердің сөзі рас болуы мүмкін, бірақ оны дәлелдеу оңай емес.
Сот өкілінің айтуынша, «діннен хабары бар әрі тәжірибелі» судья істі асқан «ыждаһатпен» қарап жатыр.
– Кей айыптарды дәлелдеу қиын. Айыпкерлердің сөзі рас болуы мүмкін, бірақ оны дәлелдеу оңай емес. [1979 жылғы] революцияға дейін де, одан кейін де мұндай істер үнемі болып тұрады, – деді Ежей өткен аптада.
Қариға «гомосексуалдық зорлау» бабы бойынша айып тағыла ма, жоқ па – ол жағы беймәлім. Иранда мұндай айыбы дәлелденген адамдар өлім жазасына кесілуі мүмкін.
«БҰЛ ОҚИҒА БЕС-АЛТЫ ЖЫЛ БҰРЫН БОЛДЫ»
BBC-дің Парсы қызметі қариға айып таққан бір жігітке сөз берген. Ол жігіттің айтуынша, Туси оған «осыдан бес-алты жыл бұрын, 12-13 жасында екі рет қырындаған».
Аты-жөнін атамауды сұраған жас жігіт өзінің діндарлар әулетінен шыққанын және үлкен жетістікке жетемін деп Туси сияқты Құран білгірінен тәлім алуға ынтызар болғанын айтады. Оның сөзінше, қари балаға жыныстық есею сияқты тақырыптарда «біртүрлі» сұрақтар қоя бастаған, кейін күннің ыстықтығын желеу етіп, баланы моншаға алып барып, сол жерде сексуалдық тұрғыдан «қырындаған».
– Ол өте әдепсіз нәрселер жасады, тіпті айтуға ұяламын, – дейді жігіт ВВС-ге берген сұхбатында.
Содан бері бес, бес жарым жыл өтті. Үкіметтің ешқандай әрекетін байқамай отырмыз.
Бозбала сырт көзден ұялып, қорыққандықтан көп жылдар бойы бұл оқиға туралы ешкімге тіс жармай келгенін айтады. Басқалардың да осындай әлімжеттікке ұшырағанын естігеннен кейін ғана ол бұл туралы ашық айтуды ұйғарыпты. Олар бірлесіп, Тусидің үстінен арыз жазған.
– Содан бері бес, бес жарым жыл өтті. Үкіметтің ешқандай әрекетін байқамай отырмыз, – дейді ол.
Жас жігіттің айтуынша, олар сотқа өз сөздерін дәлелдейтін «бұлтартпас айғақтарды», соның ішінде Тусидің өзі айыбын мойындап қол қойды деген хат пен ол жазған хабарламалардың көшірмелерін берген.
«МҰНДАЙ КҮНӘҒА ЕШҚАШАН БАРҒАН ЕМЕСПІН»
Саид Тусидің өзі «Үлкен шайтанның [Иранда АҚШ-ты осылай атайды] спутниктік телеарнасы айып таққан хабарлар тарата бастаған соң өзімді жария түрде қорғауға мәжбүр болдым» деді. Ол бұл сөзімен АҚШ үкіметі қаржыландыратын «Америка дауысы» арнасының Парсы қызметін меңзеп тұрса керек. Себебі шетелдік ақпарат құралдарының ішінен алғаш болып Тусиға айып таққандармен осы арна сұхбаттасқан.
Жартылай мемлекеттік ISNA агенттігінде жариялаған мәлімдемесінде Туси қари өз «ар-намысын қорғау үшін» заң тұрғысынан нақты қадамдар жасайтынын және «Алланың бұл сынағынан» сүрінбей өтетініне сенімді екенін мәлімдеген. Қари «пәктіктің жолынан адастыратын» мұндай «күнәға ешқашан бармағанын» айтып ақталды.
Тусиға айып тағылған соң оны қолдағандар да, сынағандар да көп болды. ISNA ақпарат агенттігіндегі комментарийлердің бірінде: «Америкаға өлім тілеймін! Бұған сенбеңіздер!»деп жазылған.
Ал Twitter-дің бір қолданушысы: «Концерт өткізу – ислам республикасының мақсаттарына қайшы екен де, Құран дәрістерінде балаларды зорлау олардың діни тәрбиесіне сай екен» деп кекесінмен жазды. Жақында консерваторлар тобы Кум және Мешхед қалаларында концерт өткізуге кедергі келтірмек болған еді.
Гүлназ Есфандияриядың материалы ағылшын тілінен аударылды.