Ирак билігі жұртты бейнебақылау камераларын орнатуға мәжбүрлеп жатыр. Қазір бұл елде «камера бизнесі» қайнап тұр.
Бағдатта бақылау камераларын сататындардың саудасы жақсы жүріп жатыр.
«КАМЕРА ЖАРЫСЫ»
Камера сататын дүкеннің қожайыны Ихаб Жафардың тауарына сұраныс еселеп артқан. Себебі жұрт үйлерінің, дүкендерінің және кеңселерінің алдына жаппай бақылау камераларын орната бастады.
- Ірі компаниялар мен үкіметтік мекемелер террорлық шабуыл не қасақана кісі өлтіру әрекеттері бола қалған жағдайда қылмыскерді оңай табу үшін қоғамдық орындарға жоғары сапалы бейнебақылау жүйелерін орнатқанды жөн көреді, - дейді Ихаб Жафар.
Оның клиенттерінің арасында тіпті сапалы техникаға қол жеткізу жолында бақталастық басталған. «Олар барынша алыс қашықтықтан түсіретін және таспаға мейлінше ұзақ жазатын құралдарды алып жатыр» дейді дүкен иесі.
ЗОРЛЫҚ-ЗОМБЫЛЫҚ
Иракта «камера бизнесі» жайдан жай өркендеп жатқан жоқ. Бір себебі – соңғы кездері бұл елде қантөгіс пен зорлық-зомбылық қайта көбейген. Бұл елде 2006-2007 жылдары діни ағымдар арасында қақтығыстар болып, қантөгіс көбейген еді. Қазір Ирак сол кезеңге қайта оралғандай күй кешіп отыр. Бұл халықты сақтыққа, айналасын жіті қадағалауға мәжбүрлеген.
Екінші себеп - зорлық-зомбылықпен күрес науқанын бастаған полиция көп аймақтарда халыққа үй-жайларының маңайына бейнебақылау камераларын орнатып, ондағы жазбаларды билік өкілдеріне беріп отыру жөнінде талап қойған.
«Азат Ирак» радиосына сұхбат берген Ирак ішкі істер министрлігінің өкілі Саад Маанның айтуынша, бұл шараның мақсаты – полицияның бақылау желісін одан әрі кеңейтіп, оның мүмкіндіктерін арттыра түсу.
- Қазірдің өзінде Бағдат қаласының үстінде камера орнатылған әуе шарлары тұр, бұған қоса, биік мұраларға да камералар орнатылған. Барлығы ақпарат орталығына қосылған. Азаматтар орнатқан камералар бізге үлкен көмегін тигізіп отыр. Валюта айырбастау орындары, зергерлік дүкендер мен супермаркеттердің қожайындарымен тығыз жұмыс істейміз. Камералар қылмыс жоспарлап жүрген адамдарды райынан қайтарады, - дейді ол.
«ЖЕКЕ ӨМІРГЕ ҚОЛ СҰҒУ»
Билік «камералардың көптігі көшелерді жіті қадағалауға мүмкіндік береді» дейді. Дегенмен мұндай мәжбүрлеу саясатымен келіспейтіндер де бар.
Елдің солтүстігіндегі Мосул қаласындағы дүкен қожайыны Ахмед Газидің айтуынша, «Ирак мәдениетінде ешқашан адамның, әсіресе әйелдердің жеке өміріне бұлайша қол сұқпаған».
- Барлық жерге камера қою – әдепсіздік. Бұл – жергілікті аймақ, мұндағы тайпалардың адамға сұқтанып қарамайтын салты бар. Мұнымен қоса біз оны сатып алуға ақша жұмсаймыз, бұл да дұрыс емес. Біз полицияға емес, полиция бізге қауіпсіз орта қалыптастыруға міндетті, - дейді дүкен иесі.
Наразы жұрттың мұндай пікіріне жауап берген үкімет өкілдері «бұл - зорлық-зомбылық өршіп кеткен соң қолға алынған уақытша шара» деген уәж айтты.
Нинева провинциясының орталығы Мосул қаласының қауіпсіздік комитеті басшысы Зухайр Ганимнің айтуынша, «жеке өмірге қол сұқпаудан халықтың қауіпсіздігі жоғары тұруы керек».
- Бәріміз - консервативтік қоғам өкілдеріміз. Бірақ бұл уақытша көмек сұраған халықтың өтініші екенін және оның дәстүрлерге қарсы жасалмағанын түсінуіміз керек. Ел қауіпсіздігін нығайту үшін армия, полиция және азаматтар өзара ынтымақтаса жұмыс істеуі тиіс, камералар қоғамдағы ынтымақтастықты жақсартуға көмектеседі, - дейді ол.
Үкімет өкілдерінің айтуынша, «билік Батыс қалаларындағыдай Ирак шаһарларының орталық аудандарында қоғамдық бақылау жүйелерін орнатпақ. Бірақ, бағдарлама әлі жоспарланып жатыр».
Бабель провинциясының орталығы Хиләл (Hillal) қаласының да негізгі көшелерін бақылау камераларымен жабдықтау жоспарланған, бірақ техникалық мамандардың аздығынан және бюрократиялық кедергілер кесірінен бұл жобаны жүзеге асыру үш жылға созылып кетті. Жобаның жалпы құны – 25 миллион АҚШ доллары.
ШЕКТЕН ШЫҚҚАН «КАМЕРАҚҰМАРЛЫҚ»
Кейбір азаматтардың заманауи бақылау құралдарына қызығушылығы полицияның қауіпсіздік талабынан да асып түседі.
Бағдатта бейнебақылау құралдарын сатумен айналысатын дүкенші Ахмадтың айтуынша, жұрт тек бейнебақылау камераларына ғана емес, тыңшылық етуге оңтайлы түрлі құралдарды алуға құмар. Ел қаламға, кілт ілгегіне, көйлек түймелеріне орнатылатын кішкентай камераларға көп қызығады.
Өкімет мұндай «камерақұмарлыққа» тосқауыл қойып, «түйме-камераларды» сатуға тыйым салды. Себебі, бұл тек қатардағы азаматтардың бір-бірін аңдуына мүмкіндік беріп қана қоймай, терроршылардың діттеген нысаналарын мұқият зерттеуіне жол ашады.
«Әл-Қайданың» шабуылға дайындалу барысында және оларды жүзеге асыру кезінде жасырын камераларды пайдаланғаны белгілі.
(Чарльз Рекнагельдің мақаласын ағылшын тілінен аударған – Мұхтар Екей)