"Сбермен" келісімшарт және ERG мүддесі. Қазақстан "цифрланған отар елге" айналмай ма?

Ресейдің "Сбер" финтехкорпорациясы логосы. Көрнекі сурет.

Қазақстан билігі мемлекеттік басқарудың цифр платформасын жасауды Ресейдің "Сбер" финтехкорпорациясына тапсыруды ұйғарды. Бірақ қоғамда қатты сын айтылған соң сала министрі Бағдат Мусин көптің көңілін табуға тырысып, мәселені шешудің жаңа жолын ұсынып көрді. Қоғам өкілдері бұған да күмән келтіріп, азаматтардың жеке деректерін өңдеу жұмысын бөтен елдің билігіне адал компанияға қалай сеніп тапсыруға болатынын түсінбей отыр.

ДАУ НЕДЕН ШЫҚТЫ?

3 қыркүйекте Ресейде өткен Шығыс экономикалық форумы кезінде Қазақстан премьер-министрі Асқар Мамин мен Ресейдің "Сбер" корпорациясы басшысы Герман Греф әріптестік туралы меморандумға қол қойды. Қол қою рәсімі онлайн форматта өтті.

Құжатта Қазақстанға GovTech цифр платформасын енгізу, реинжиниринг және деректерді талдау мен жасанды интеллект негізінде мемлекеттік басқаруды цифрландыру жөніндегі әріптестікті дамыту мәселесі қарастырылған.

Меморандумдағы ұзақ сөз тіркесі бір қарағанда жай ғана әріптестік орнатуға талпыныс сияқты көрінуі мүмкін. Бірақ Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тараптар келісімге келіп қойғандай сөйлеуі қоғам өкілдерінің күдігін күшейтті. Ал Тоқаев "бұл стратегиялық жобаны жүзеге асыру Қазақстан азаматтарының өмір сапасын арттырып, бизнес-климатты жақсартуға ықпал етеді" деді.

Онлайн форматта өткен қол қою рәсіміне Ресей президенті Владимир Путин де қатысты. Ол "Құжатқа қол қою қос мемлекеттің барлық салада, оның ішінде цифрландыру бағытында да жоғары деңгейлі әріптестік орнатқанын көрсетеді" деп мәлімдеді.

Ресей президентә Владимир Путин мен Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев "Artificial Intelligence Journey" онлайн-конференциясы кезінде. 4 желтоқсан 2020 жыл.

Бұл бастамаға күдікпен қараған қазақстандықтар биліктен меморандум мәтінін жариялауды талап етті. Екі апта бойы жұрттың бұл талабына құлақ аспай отырған үкімет құжатты 20 қыркүйекте бір-ақ жариялады.

Меморандум мәтінінен тараптардың шынымен-ақ келісімге келіп қойғаны белгілі болды. Қазақстан стратегиялық серіктес ретінде "BTS Digital" ЖШС компаниясын ұсынған, ал GovTech платформасына келісімшартты ұзарту құқығымен үш жыл бойы қызмет көрсету міндеті "Ұлттық ақпараттық технологиялар" акционерлік қоғамына жүктелген.

Меморандумда сондай-ақ "Ұлттық ақпараттық технологиялар" АҚ мен "Сбер" қоғамдық акционерлік қоғамы қарыз туралы келісімшартқа отыратыны жазылған. Бұл келісімге сәйкес, "Сбер" "Ұлттық ақпараттық технологияларға" 500 млн долларға дейін қарыз беретіні айтылған. Қажет құжаттар түгел тапсырылған соң, "Сбер" "Ұлттық ақпараттық технологиялар" компаниясына 2022 жылдың бірінші тоқсаны аяқталғанша рубльмен несие бермек. Бұл қарызға Қазақстан Республикасы кепіл болады.

Меморандум аясында "Сбер" GovTech платформасын "Ұлттық ақпараттық технологиялар" АҚ-ға беруге міндеттелген.

"Ұлттық ақпараттық технологиялар" АҚ Қазақстанның ақпараттық технологиялар нарығындағы ірі компания саналады. Компания 2000 жылы үкіметтің қаулысымен құрылған. 2008 жылы "Зерде" ұлттық ақпарат-коммуникация холдингі" АҚ-ның үлескер компаниясына айналған.

2016 жылы үкімет "Ұлттық ақпараттық технологиялар" компаниясын электронды үкімет операторы етіп белгілеген.

"BTS DIGITAL" КОМПАНИЯСЫ АРТЫНДА КІМ ТҰР?

"BTS Digital" – ERG (Eurasian Resources Group) компаниялар тобының үлескер компаниясы. Компания активтерінің 40 пайызы Қазақстан үкіметіне тиесілі.

BTS Digital сайтындағы ақпаратқа сүйенсек, 2018 жылы құрылған компания күнделікті өмірде қолданылатын цифрлы өнім және қызмет дайындаумен айналысады.

Eurasian Resources Group (ERG) акционері Александр Машкевич Нұр-Сұлтандағы экономика форумында. 16 мамыр 2019 жыл.

Компания Aitu платформасын ең үлкен жетістігі санайды. Бұл платформаға мессенджер, әртүрлі топтар мен контент-каналдар, алдын-ала орнатылған қызметтер кіреді. Компания Қазақстанның мемлекеттік органдарымен жұмыс істейді. Aitu платформасына халықты мобильді санақтан өткізуге арналған Sanaq 2021, азаматтардың коронавирусқа қатысты статусын тексеретін Ashyq және кез келген мемлекеттік органға хабарлама жіберуге мүмкіндік беретін eOtinish енгізілген.

Былтыр компания басшысы Нұртай Әбілғалиев Forbes журналына берген сұхбатында BTS Digital компаниясын BTS Digital Ventures (негізгі акционерлерінің бірі – ERG компаниялар тобы) қаржыландыратынын айтқан.

ERG компаниялар тобы Қазақстандағы тау-металлургия кешенінің үштен бір бөлігіне иелік етеді. Компанияны миллиардер кәсіпкерлер Алиджан Ибрагимов, Патох Шодиев пен Александр Машкевич құрған. Қазақстанда осы компаниялар тобына қарасты "Казхром" трансұлттық корпорациясы, "Соколов-Сарыбай тау-кен байыту өндірістік кәсіпорны" (ССГПО), "Қазақстан алюминиі", "Қазақстан электролиз зауыты" (КЭЗ), "Еуразия энергетика корпорациясы" (ЕЭК), "Шұбаркөл көмір" және т.б. кәсіпорындар бар.

Азаттық "Ұлттық ақпараттық технологиялар" АҚ, "BTS Digital" ЖШС және ERG тобының баспасөз қызметіне жоба жөнінде пікір сұрап хат жолдады, сайтта көрсетілген нөмірлерге де хабарласып көрді. Бірақ компаниялар жауап берген жоқ.

20 қыркүйекте Азаттыққа BTS Digital компаниясынан баспасөз хабарламасы келді. Онда "мемлекет деңгейінде технология жобаларын жүзеге асыруға қажет ресурсы мен құзыреті бар консорциум құру бастамасын BTS Digital компаниясы көтергені жазылған. Компания өзін "Қазақстандағы "Сбер" компаниялар тобының "стратегиялық әріптесі" деп атайды.

КРЕМЛЬ "СБЕРГЕ" ҚАЛАЙ ЫҚПАЛ ЕТЕДІ?

Халықаралық Brand Finance рейтинг агенттігінің 2020 жылы жариялаған нұсқасы бойынша, "Сбербанк" ең қымбат ресейлік бренд деп танылған. Бренд құны 13,2 млрд долларға бағаланған. 2020 жылы компания атауынан "банк" деген сөзді алып тастаған. 2017 жылы банк халыққа арналған онлайн-сервистерді дамытуды қолға алған. Қазір "Сбер" өзін қаржы әрі технология корпорациясына жатқызады.

"Ресей Сбербанкі" басшысы Герман Греф Санкт-Петербургтегі халықаралық экономика форумында. Ресей, 24 мамыр 2018 жыл.

Ресейлік экономикалық шолушы Максим Блант қазір "Сбер" – Ресейдегі ең мықты IT-компанияның бірі деп есептейді.

– Оның үстіне, "Сберде" Ресейдегі ең қуатты суперкомпьютер (Christofari) бар. Яғни, олардың технологиясы жақсы, оған байланысты күмәнданбауға болады. Бірақ олардың технологиясын қолдану басқа елдерге қаншалық қауіпсіз болатыны басқа мәселе, – дейді Блант.

2017 жылы "Коммерсант" газеті несие ұйымының аға вице-президенті Александр Ведяхинге сілтеп, "Сбербанк" клиенттің төлем қабілетін әлеуметтік желідегі парақшасына қарап бағалайтын жобаны сынақтан өткізіп жатқанын жазған. 2018 жылдан бастап банкте клиенттің төлем қабілетін интернеттегі іс-әрекетіне қарап бағалауды енгізу жоспарланған.

Максим Блант Ресей үкіметі мен орталық банкінің 2014 жылдан бері елдегі барлық қаржы операцияларын толық бақылауда ұстайтын жүйе құрып жатқанына сенімді. Оның сөзінше, 2012 жылы Ресейде жаппай митингілер болған кезде (бұған Путиннің үшінші рет президент болуы әсер еткен) наразылар Яндекс әмияны арқылы ақша жинаған. 2020 жылы"Сбер" "Яндекс.Деньгиді" сатып алғаннан кейін, мұндай тәжірибеге тоқтау салған.

– Оппозиционерлердің әмияны жабылды. Осы тұрғыдан алғанда, әрине, "Сбер" ешқашан мемлекет мүддесіне қайшы іс-әрекетке барып, өз платформасында режимге қарсы күреске ақша жинауға жол бермейді. Яғни, "Сбер" технологиялары жақсы, бірақ Қазақстан бұл платформаны қолданса, ондағы деректер Ресей билігіне мәлім болады. Осыны түсіну керек. Мысалы, Ақорда мен Кремльдің арасынан "қара мысық" өте қалса, бұл Ресей билігінің қолындағы "құпия қаруға" айналады, – дейді Максим Блант.

EGOV-ТЫ МОДЕРНИЗАЦИЯЛАУ НЕ ҮШІН ҚАЖЕТ?

Қазақстан билігі мемлекеттік басқаруды цифрландыруды жетілдіруді айтқанда "мемлекеттік қызметтерге онлайн қол жеткізу жүйесіне модернизация керек" дегенді меңзеп отыр. Бұл жүйенің негізі – eGov порталы. Министр Мусиннің дерегінше, қазір электрон үкіметке 400-ге жуық әртүрлі ақпарат жүйесі қызмет көрсетеді. Енді осы жүйелерді бір ірі платформаға ауыстыруға мүмкіндік туып отыр. Болжам бойынша, жоба құны шамамен 500 млн доллар болмақ.

9 қыркүйекте Мусин "Сбер" ұсынып отырған платформа Қазақстанға қолайлы екенін және ұлттық қауіпсіздік комитеті талаптарына сай келетінін айтты.

Қазақстанның цифрлық даму, инновация және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин.

Министр мәлімдемесі желіде қатты сынға қалды. Қолданушылар министр мен мемлекет басындағы тұлғаларды "Кремльдің ырқына жығылып, тәуелсіздікті қолдан бергелі жатыр" деп айыптады.

13 қыркүйекте алматылық белсенді Санавар Закирова Қазақстан үкіметін сотқа беріп, меморандумды заңсыз деп тануды сұрады.

– Жеке деректерімді басқа мемлекет өңдегенін қаламаймын. Ақпарат кімнің қолында болса, әлемді сол билейді. Өзіміз қолына салып беріп отырмыз. Ресей қазақстандықтардың не сатып алғаны, кімге үйленгені, кімнің өліп, кімнің дүниеге келгені туралы бүкіл мәліметке қол жеткізеді. "Сбермен" мұндай келісімшартқа қол қоюға жол бермеуіміз керек, – дейді Қазақстан үкіметін сотқа берген белсенді Санавар Закирова.

Мәлімдеме жасаған күннің ертеңіне министр Мусин Facebook-те қоғам белсенділері мен IT нарығы өкілдерін "Сбер" дайындаған платформаны енгізуге арналған сарапшылар кеңесіне қосылуға шақырып, пост жариялады.

"РЕСЕЙ ҚАЗАҚСТАНҒА ӨЗ ҚЫЗМЕТІН "ТЫҚПАЛАП" ОТЫР"

Саясаттанушы Шалқар Нұрсейіт "Сбер" төңірегіндегі дау ең алдымен техникалық емес, саяси мәселе екенін айтады.

– Мемлекеттік басқару платформасын "Сберге" беру ұлттың ақпарат қауіпсіздігі тұрғысынан алғанда қауіпті. Кремль Ресей үкіметінің бақылауындағы "Сбер" арқылы Қазақстанның ұлттық қауіпсіздігіне нұқсан келтіретін ақпаратты пайдалануы мүмкін, – дейді саясаттанушы.

Нұрсейіт Қазақстанды цифрландыру міндетінің әлемге агрессия көрсетіп отырған Ресейге жүктелгеніне алаңдайды.

– Ресейдің Қазақстанға қалай қарайтыны бұрыннан белгілі. Кремльдің тәуелсіздік пен жерге қатысты күдігі бұрынғы колониясын қорқыту сияқты көрінді. Басында ақпараттық шабуылдар қазақстандықтардың көңіл-күйін бақылау үшін жасалатын. Қазір Ресей өз қызметін тықпалап отыр. Қазақстан үкіметі "Сберге" жүздеген млн доллар төлемек. Ақпараттық агрессия мен саяси қысым арқылы ресейлік бизнеске қолдау көрсетіліп жатыр. Одан бөлек, Қазақстанға АЭС салуға да "РосАтом" қолдау көрсетеді. Яғни, Ресейдің бизнес элитасы саяси құралдардың көмегімен өз мәселелерін шешіп алады. Қазір Қазақстан билігі елдің ұлттық және экономикалық мүддесін қорғауға қауқарсыз болып отыр, – дейді Шалқар Нұрсейіт.

Қазақстандық IT маман Өмірбек Құрбанбаев.

IT сарапшы Өмірбек Құрбанбаев әлеуметтік желі қолданушылардың жобаны "Сберге" беру Қазақстан тәуелсіздігіне нұқсан келтіреді деген пікіріне жартылай қосылады.

– Әлемде толық цифрлық тәуелсіздікке қол жеткізген мемлекет жоқ. Қазіргі заманда әлем елдері банк операциясы, сауда, көші-қон сияқты мәселелер бойынша тығыз байланыста жұмыс істейтіндіктен, мемлекеттер бір-бірінен тәуелдік деңгейімен ғана ерекшеленеді. Яғни, цифрлы деректер елге кіріп-шығып тұрады. Бірақ түрлі мемлекеттік құпия мен құнды ақпарат, азаматтардың жеке басына қатысты деректер ел ішінде қалуы керек. Бұл елдің тәуелсіздік деңгейін, оның әлемдік аренадағы күшін көрсетеді. Қорғанысымыз нығайған сайын, біреуге тәуелдігіміз де кеми түседі. Сондықтан мұндай деректер бөтен мемлекетке өтіп, өзгенің қолына түспеуі үшін күресуіміз керек, – дейді Өмірбек Құрбанбаев.

Физика-математика ғылымдарының кандидаты Елдар Кнар аталған жоба іске асырылса, Қазақстан цифр менеджменті, киберқауіпсіздік және мемлекеттік басқару тұрғысынан алғанда Ресейге тәуелді болып қалатынын, Қазақстан Еуразияда жүріп жатқан геосаяси ойындардағы маңызды нысан саналатынын айтады.

Физика-математика ғылымдары кандидаты Елдар Кнар.

– Ресей Қазақстанды қайтадан отарына айналдыруды көксейді. Ол мұны цифрландыру, энергетика (АЭС), ЕЭО-дағы интеграция және т.б. арқылы жүзеге асырғысы келеді. Ресейге Грузия, Қырым оқиғасы, Беларусьпен "одақтас мемлекет" бастамасынан кейін тағы бір геосаяси жеңіс керек. Бір ғана емес, бірнеше жеңіс. Кезінде берген "сыйлықтарын" қайтарып алғысы келеді баяғы. Қазақстан отар елге айналу қаупінен құтылу үшін "Ұлы қазақстандық файрволлды" енгізуі керек. Яғни Қазақстанда геосаяси мүддесі бар Ресей, Қытай мен АҚШ сияқты мемлекеттерге ұлттық қауіпсіздік пен тәуелсіздік саласындағы мемлекеттік мүддемен байланысты жобаларға қатысуға тыйым салуы керек, – дейді Елдар Кнар.

Сарапшының пікірінше, Қазақстан ресейлік платформаны сатып алудың имидждік сипатын ғана ескеріп, цифрлық құзыретін жоғалтады, ал цифрлық сауаты жоғары жастар шетелге, оның ішінде Ресейге кете бастайды.

ҚАЗАҚСТАНДЫҚ МАМАНДАР GovTech ПЛАТФОРМАСЫН ЖАСАЙ АЛМАЙ МА?

IТ сарапшы Тимур Бектұр "Сбер" платформасын зерттеп көргенін, олардың ұсынысы шынымен жақсы екенін мойындайды. Сарапшының пікірінше, мемлекет отандық IТ компанияларға қол ұшын берсе, ұлттық цифр платформасын дайындап шығуға жергілікті нарықтың шамасы келеді.

– Мұны өзім немесе компаниям жасай алады деп отырған жоқпын. Бірақ жалпы алғанда, мемлекет отандық компанияларға сенім артып, қаржы бөліп, бәріне ортақ техникалық тапсырма берсе, қазақстандық IТ-нарық мұндай жобаны жасап шығара алады, – дейді Тимур Бектұр.

IT сарапшы Құрбанбаев мұндай платформаны қазақстандық компаниялар да жасап шығара алады дегенмен келіседі.

– Қарапайым ғана дәлел: қазір электрон үкімет порталы әлемдік рейтингте алдыңғы қатарда тұр, ол мемлекеттік қызметтерді қамту деңгейі бойынша үздік шешімдердің бірі саналады. Бұл порталды жергілікті мамандар жасаған, осы жұмысы үшін оларды мақтан тұтуға болады. Кезінде өз күшімізбен жасап шығарсақ, қазір де сол әдіске жүгінуге не кедергі? Оның үстіне, қазір отандық компаниялардың тәжірибесі молайған, бұрын жіберген қателікті, платформаның әлсіз және мықты тұсын жақсы біледі, – дейді Өмірбек Құрбанбаев.

Қазақстандық IT сарапшы Ерлан Оспан елде бастапқы кодтан бастап цифр платформа жасап шыға алатын IT компания жоғын айтады. Ол мұның орнына басқа шешім ұсынады.

Қазақстандық IT сарапшы Ерлан Оспан.

– Министр Мусиннің "Microsoft бастапқы кодтарды бермейді" деген сөзімен келіскен күннің өзінде жергілікті IT компаниялар Microsoft инфрақұрылымы негізінде өз инфрақұрылымын құрса болар еді. Мұндай мысал өте көп. Мысалы, ұлттық қауіпсіздік комитеті сізден жеке компьютеріңізге орнатылған Windows-тың бастапқы кодын сұрамайды ғой, – дейді Оспан.

Әлеуметтік желідегі дау-дамай мен сын-пікірден кейін цифрлық даму министрі орынбасары Асқар Жамбакин 9 қыркүйекте informburo.kz сайтына берген сұхбатында платформаны қазақстандық мамандар да жасап шығара алатынын, бірақ оған "үш-бес жыл уақыт кететіндіктен осы сала мен экономиканың даму қарқынына әсер ететінін" айтқан.

– Мәселе басқада: неге отандық компанияларға сенбейді? Бұл өкінішті жайт, мұндайды салаға жауапты министрдің аузынан есту екі есе ауыр тиеді. Яғни ол өзіміздің мамандарға сенбейтінін ашық айтып отыр. Бұл жерде қандай әріптестік туралы сөз болуы мүмкін? Мен осы саланың маманы ретінде бәріміз жұмылып, бірлесіп шешім іздейміз деген нұсқаны күттім. Бірақ өкінішке қарай, олай болмады, – дейді сарапшы Құрбанбаев.

Құрбанбаев министрдің "технологиялар уақыт өте келе ескіреді, сондықтан жаңа серпін керек" деген сөзіне ғана келіседі.

– Уақыт бір орында тұрмайды, Egov ескіріп жатыр, оған модернизация керек. Бірақ жаңа платформа таңдап, бәрін басынан құрастырғанша, басқа жүйеге біртіндеп әрі жеңіл көшудің өзге де әдістері бар. Оның үстіне, жаңа платформа дайын болғанша, ескісінің жұмысына да, дайындалып жатқан жобаға да қаржы бөліп, екі есе бюджет жұмсау керек, – дейді IT-сарапшы.

"СБЕРГЕ" ҚАРСЫ САНЦИЯ САЛСА, ҚАЗАҚСТАННЫҢ ЖАЙЫ НЕ БОЛМАҚ?

Азаматтық белсенді Закирова Батыс елдері "Сберге" қарсы санкция салса, Қазақстан да "қара тізімге" ілігуі мүмкін деп топшылайды.

Азаматтық белсенді Санавар Закирова. Нұр-Сұлтан, 13 қыркүйек 2021 жыл.

– "Сберге" немесе Грефтың жеке өзіне қарсы санкция салынса, бұл тізімге автоматты түрде Қазақстан да енуі мүмкін. Мұның салдары ауыр болады. Бюджеттен жұмсалған бес жүз миллион долларымыз желге ұшады. Әлсіз экономикамыз мұндай соққыға шыдай алмайды. Ресейге қарсы көзқарастағы адам емеспін, бірақ қазір бұл мемлекетпен байланысу қауіпті болып тұр, – дейді Санавар Закирова.

2018 жылы АҚШ қаржы министрлігі "Кремль баяндамасын" жариялаған. Онда Владимир Путиннің маңайындағы америкалық санкция нысанына айналуы мүмкін тұлғалардың тізімі болған. Құжатта аты-жөні аталған 210 адамның арасында "Сбер" басшысы Герман Греф те бар.

Ресейдің экономикалық шолушысы Максим Блант "Сберге" қарсы санкция салыну ықтималдығы төмен екенін, бірақ Кремльдің әрекетін алдын-ала болжап білу мүмкін емесін айтады.

– "Сбер" санкция тізіміне ілінбеу үшін қолдан келгеннің бәрін жасап жатыр. Мысалы, Ресейдегі басқа ірі банктермен салыстырғанда, "Сбер" Қырымда жұмыс істемейді. Бұл мәселеге келгенде Греф өте мұқият әрекет етуге тырысады. Оның үстіне, "Сбер" акцияларының 51% – Ресей үкіметіне, қалған 37-38 % шетелдік инвесторларға тиесілі. Бұл да санкциядан қорғанудың бір амалы. Бірақ Ресей билігінің әрекетін болжап білу мүмкін емесін де ескерген жөн, – дейді Блант.

ЖОБАНЫ НЕГЕ ҚОҒАМ ТАЛҚЫСЫНА ШЫҒАРМАДЫ?

Кей қазақстандықтар әлеуметтік желідегі сынмен ғана шектелмей, нақты әрекетке көше бастады. 13 қыркүйекте 15 белсенді тіркелмеген "Ел тірегі" партиясы кеңсесіне жиналып, биліктің шешіміне наразылық білдірді.

Азаматтық белсенді Нағызхан Төлеубаев (сол жақта). Нұр-Сұлтан, 13 қыркүйек 2021 ж.

– Президент мұндай шешім қабылдардың алдында халықтың пікірін сұрап, мәселені парламент талқысына шығарған жоқ. Бұл – қорлау, Ресейдің қол астына қайта кіру. Біз бұл елге сенбейміз. Ресей билігі әлі күнге жерімізге көз алартып, оны "сендерге сыйға бергенбіз" деп отыр. Цифрландыруды мұндай шовинистерге қалай сеніп тапсыруға болады? Біз қарсымыз, – деді белсенділер атынан Қазақстан президенті әкімшілігіне хат жазатынын айтқан Нағызхан Төлеубаев.

Мәжіліс депутаты, халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік жөніндегі комитет мүшесі Ерлан Саиров сала министріне депутаттардың да қояр сұрағы көп екенін айтады.

– Біріншіден, неге "Сбермен" меморандумға министр не "Азаматтарға арналған үкімет" өкілі емес, Қазақстан премьер-министрі қол қойды? Екінші сұрақ: әлемдік деңгейде осындай қызмет көрсетумен айналысатын басқа ұйымдармен келіссөз жүргізілді ме? Үшіншіден, жоба іске асатын болса, шетелдіктер Қазақстан азаматтарының дерегіне қол жеткізе ала ма? – дейді Саиров. Депутат жақында осы сауалды министр Мусинге жолдамақ.

Ерлан Саировтың айтуынша, әртүрлі дерекке сәйкес, осыған дейін "Ұлттық ақпараттық технологиялар" АҚ компаниясына 800 млрд теңгеден астам қаржы бөлінген.

– Неге елде әлі күнге цифр платформа құрылмаған? Депутаттарды осы сұрақтар мазалайды. Бұл мәселені ары қарай да көтеретін боламыз, – деді парламент депутаты.

14 қыркүйекте министр Бағдат Мусин сын-пікір айтушыларды сабырға шақыруға тырысып, "қазақстандықтардың деректері Ресей Федерациясының қолына өтеді" деген ұран көтеру орынсыз екенін айтты. Желі қолданушылары бұл жазбаның астына мыңнан астам пікір қалдырған. Олардың көбі сыни сарында жазылған.

Путин мен Тоқаев, "Сбер" басшысы Герман Греф және министр Мусин мемлекеттік басқару саласында деректерді талдау және жасанды интеллектіні қолдану тақырыбын 2020 жылдың желтоқсанында өткен "Artificial Intelligence Journey" онлайн-конференциясында көтерген.

Тоқаев сол кездегі сөзінде геосаяси текетірес пен әртүрлі жанжал кезінде жасанды интеллектіні қару ретінде қолдануға болатынын, "технологиясы дамыған жекелеген мемлекеттер, саяси блоктар мен корпорациялар ерекше статусқа ие болып, басқа елдерді өз дегенін жүргізуі" мүмкін екенін айтқан еді.

Президенттің бұл мәлімдемесінен бері бір жыл да өтіп үлгерген жоқ.