Тәжікстан билігі 28 жастағы тәжіктің Сириядағы «қасиетті соғыста» «шаһид болғаны» туралы әлеуметтік желілерде тараған ақпаратты «жалған» дейді.
Мұндай «жалған батырлар» тағы да табылып қалуы мүмкін.
ТІРІ МЕ, ӨЛІ МЕ?
Маусым айының соңында әлеуметтік желілерде «Әбу Дәуіт» деген лақап аты бар Душанбе тұрғыны Парвиз Сайдрахмонов «шаһид болды» деген хабар тарады.
Сол хабарларға қарағанда, кезінде Тәжікстан арнайы жасағының сарбазы болған, кейіннен ИМ содырларының қатарына өткен Гулмурод Халимов жарақат алған шайқаста Сайдрахмонов та оққа ұшқан-мыс.
Бұл «хикая» маусымның 22-сі басталды. «Халимов қаза тауыпты» деген ақпар әлеуметтік желілерде сол күннен бастап тез тарады.
Бұл жаңалықты алдымен Ливанда шығатын Arabi-Press басылымы таратты, ондағы ақпаратқа қарағанда, тәжік арнайы жасағының бұрынғы командирі Халимов Деир әл-Зор аймағында ИМ-нің әскери командирі Омар әл-Шишанидің қасында тұрған кезінде Сирия әскерінің оғынан мерт болған-мыс.
Алайда Халимовтың «қасиетті өлімі» туралы әңгіме шындыққа жанаспайтын немесе тым зорайтылып көрсетілген болып шықты. Маусымның 23-і күні әлеуметтік желіде жеңіл жарақат алған Халимовтың суреттері жарияланды.
Ал Сайдрахмоновтың қазасы туралы ақпарат осыдан бір күннен кейін шықты. YouTube сайтында жарияланған видеода қан-жоса болған жігіттердің денелері көрсетіледі де, сол мәйіттердің бірі Сайдрахмоновтікі екені айтылады. Онда тәжік азаматының қашан, қай жерде қаза болғаны туралы ешқандай мәлімет берілмейді.
ЖАЛҒАН АҚПАР НЕГЕ ҚАЖЕТ?
Егер Сайдрахмонов әлі тірі болса, онда ИМ содырлары оны неге өлді деп жариялайды?
Тәжікстан бас прокуратурасы өкілі Музаффар Юсуфидің айтуынша, Асомиддинов сияқты тәжік содырлары елдің қауіпсіздік күштері туысқандарын тергеуді тоқтатсын деген ниетпен өтірік «өлген» болады. Азаттыққа берген сұхбатында Юсуфи:
– Тәжік азаматының ИМ-ге кіргені белгілі болса, құқық қорғаушылар оның туыстарын тергей бастайды. Олар «жігіт соғыста өлді» деп жариялап, тиісті ғұрыптарын жасап, жұртты жиып, жерлеу рәсімдерін өткізсе, тергеу тоқтайды да, тергеушілер олардың үйіне баруды доғарады, – деді.
«Өтірік өлетіндер бұрын да болған» дейді ол. Сәуір айында Тәжікстанның батысындағы Рудаки аймағынан шыққан 23 жастағы содыр Сухроб Асомиддинов «соғыста құрбан болды» деген ақпарат тарап, суреті де жарияланған. Суретте көзін жұмып, шалқасынан жатқан Асомиддинов өліп қалған сияқты көрінеді.
Алайда маусым айында жарық көрген жаңа видеода Асомиддинов тірі жүр, онысымен қоймай, күрд жасақтарына қарсы соғыста өзін жарып жіберіп, екінші мәрте «шаһид» болды.
«Мұндай «шаһидтер» - ИМ-нің қатыгез әрекеттерге баруға итермелеп, сананы улайтын идеологиясының құрбандары. Олардың санасыз болғаны сондай, террористердің пасық жоспарын орындау үшін Ирак пен Сирияға әлемнің түкпір-түкпірінен ағылып жатыр» дейді Юсуфи.
Қазасы ресми түрде расталмаса да, Сайдрахмоновтың жақындары маусымның 27-сінде оны жоқтау рәсімін өткізді.
Бірақ қарындасы Анора Сайдрахмонова ағасының қаза болғанына әлі де сенбейді екен. Ол Азаттыққа берген сұхбатында «Біз қаралы хабарды әлеуметтік желіден оқыдық. Мамырдың 25-інен бері ол бізбен байланысқа шыққан жоқ» деді.
RED BULL ІШЕТІН, ҮШ РЕТ ҮЙЛЕНГЕН ЖІГІТ
Сайдрахмонов кім? Қандай адам? Анора өз бауырын «өмірі қиындыққа толы жігіт» деп сипаттады. Сайдрахмонов үш рет үйленген: әйелдерінің екеуі - Тәжікстанда, бірі – Ресейде. Тәжікстандағы әйелдерінен үш перзенті, Ресейдегі әйелінің қолында үш айлық баласы қалыпты.
Бірақ ол бәрібір бақытын таппаған сыңайлы.
- Өз өміріне мүлде көңілі толмайтын. Бірінші әйелі есірткіге құмар болып шықты, ал екіншісімен сыйыспады. Ресейге кеткеннен соң ол «жиһад» идеясына иланып, соның жетегінде кетті. Басқа ештеңені ойламайтын болды. Ресейдегі әйеліне өлімге дайындалып жүргенін, Тәжікстандағы туыстарымыздың бәрі оның ешқашан қайтып келмейтінін айтады, – дейді Анора.
Сөйтіп жүріп ол ИМ содырларына қосылып, осыдан бір жыл бұрын Ресейден Иракқа өтіп кетеді. Жақындары мұны тек ақпанның 6-сы күні естиді, ол бұл жаңалықты өзі телефонмен хабарлап айтады.
Отбасындағы келеңсіздіктерден басқа Сайдрахмоновтың радикалдарға қосылғанға дейінгі өмірінде есте қаларлық ерекшелік жоқ.
Душанбеде тұрған кезінде ол фитнеске қызығып, жергілікті спортзалға барып жүрген. Сол жердегі танысы Әлішер Сафаров ол туралы бәлендей ештеңе айтпады.
– Әйтеуір, оның қуат беретін Red Bull сусынын көп ішетінін білемін. Тіпті ақшасы болмаған күннің өзінде елден қарыз сұрап, сол сусынды ішіп жүретін, – деді Сафаров.
Ол ИМ-нің бір видеосынан ескі танысы Сайдрахмоновты шырамытыпты, әлгі видеода ол тамсана кәуәп жеп, оны мақтап отыр.
– Ол дәмді тамақ жегенді ұнататын, тәтті тағам туралы үнемі ойлап жүретін. Видеоны көре сала «ол дәмді тамақ ішу үшін Иракқа кеткен екен» дедім. Бірақ «тегін ірімшік тек қақпанда ғана болады» деген сөз бар емес пе, - деді Сафаров.
«ӨЛУ МІНДЕТІ»
Иракта тек кәуәп жеп жүре бермей, Сайдрахмонов ИМ-нің орыс тілділер бөлімшесіндегі басшыларға жақын топқа кіргенге ұқсайды.
Ол ИМ-нің ықпалды тұлғалары – тәжік арнайы жасағының бұрынғы командирі Халимовпен және Дағыстаннан шыққан екі уағызшы – Ахмад Мединский мен Надир Әбу Халидпен жиі суретке түскен.
Дағыстандық екеу ИМ-нің Солтүстік Кавказдан шыққандар басқаратын тобына жетекшілік етеді.
Сайдрахмоновты «шаһидке балаған» видеодан оның ИМ-нің үгіт-насихат бөлімінде ақпарат құралдарымен жұмыс істегенін аңғаруға болады. Кейбір суреттерде ол үстел басында ноутбукпен жұмыс істеп отыр.
ИМ де өзін насихаттау барысында Сайдрахмоновты «шаһидтік идеологияны» дәріптеу үшін пайдаланған. Қазір ИМ-нің орыс тілінде шығатын насихат құралына айналған Furat Media мамыр айында содырлардың қатарына қосылуға шақыратын видео таратты. Сол видеода тәжік содыры да бар.
Видеода арнайы дайындықтан өтіп жатқан «ажал тобы» көрсетіледі, олар өлгенше соғысуға ант беріп жатады. Видеода қарашай ұлтынан шыққан ИМ-нің басты идеологы Әбу Жиһад сөз сөйлейді.
Видеода көрсетілген содырлардың көбі сәуірдің 25-і күні Иракта болған ұрыстар кезінде оққа ұшқан. Сайдрахмоновтың қарындасы оны әлі тірі деп үміттеніп отырса, ИМ үшін бұл мүлде маңызды мәселе емес.
Қазір тәжік тілі ИМ-нің «шаһид идеологиясын» насихаттаудың маңызды құралына айналған.
Йоанна Паражчуктің мақаласы ағылшын тілінен аударылды.