"ХАМАС" лидерінің Тегерандағы қазасы Иран мен Израиль шиелінісіне қалай әсер етпек?

Палестиналықтар ХАМАС басшысының орынбасары Салех әл-Арури мен ұйымның саяси лидері Исмаил Ханияның суретін ұстап шерулетіп келеді. Бейрут, 31 шілде 2024 жыл.

Тегеранда “ХАМАС” террор ұйымының лидері Исмаил Ханияны өлтірді. Иран қастандықты Израиль ұйымдастырды деп, кек қайтаратынын айтты. Израиль шабуылды өз мойнына алған жоқ. Сарапшылар Иран мен оның одақтастары бұл қастандықты жауапсыз қалдырмайды дейді.

Палестиналық "ХАМАС" террор ұйымының саяси жетекшісі Исмаил Ханияның Тегеранда өлтірілуі бүкіл өңір елдерін дүр сілкіндірді. Көбі Иран мен оның қас жауы Израиль арасында бұрын болған соғыс қайта жандануы мүмкін деп алаңдап отыр.

Хания 31 шілдеде президент Масуд Пезешкианның парламенттегі инаугурациясына қатысып келгеннен кейін Тегеранның бай ауданында өлтірілді.

Бұл – Иран астанасы мен оның іргесінде кейінгі жылдары болған бірнеше қазаның соңғысы. Иран бұл қастандықтың бәріне Израильді айыптады. Израиль олардың біреуіне де жауапкершілік алған жоқ.

Сарапшылар Ханияның қастандықпен өлтірілуі Иранның қауіпсіздік қызметінің беделіне нұқсан келтірді, Тегеран мұны жауапсыз қалдырмайды дейді. Жауап тікелей Иранның өзінен болмауы да мүмкін.

Палестина басшысының қазасынан бірнеше сағат бұрын Израиль Бейрутке жасалған әуе шабуылы нәтижесінде Ливандағы "Хезболла" тобының жоғары шенді командирі өлтіргенін мәлімдеген.

Тель-Авивте тұратын сарапшы, Израильдегі Haaretz газетінің барлау қызметі және стратегиялық мәселелер бойынша тілшісі Йосси Мелман Азаттықтың Ирандағы қызметі – Фарда радиосына сұхбатында "Иран және Тегеран қолдайтын "Хезболла" тобы соққыдан ес жиған бойда, жауап береді» деді.

ИРАН МЕН ОДАҚТАСТАРЫНА ЕСКЕРТУ

Бір апта бұрын Иранның отставкаға кетіп жатқан барлау министрі Исмаил Хатиб министрліктің өзі басқарған жылдары жеткен ең үлкен жетістігі – "Моссадтың (Израильдің барлау қызметі) инфильтрация желісінің көзі жойылды" деп мақтанған еді.

Хания Тегеранда қауіпсіздік шаралары күшейген тұста қастандыққа ұшырап отыр. Қауіпсіздік күшейтілуіне Пезешкиннің инаугурациясы себеп болған. Салтанатты шараға бірнеше елден делегация келген.

Осы жағдай Исмаил Хатибтің сөзіне күмән туғызды.

"Бұл – Иранның қауіпсіздік қызметіне үлкен сын. Ондаған жыл бойы жалғасып келе жатқан сәтсіздіктер Израиль мен АҚШ Иранның маңызды құпияларын білетінін, үлкен соққы жасауға осы ақпаратты тиімді пайдаланып отырғанын көрсетеді", – дейді Женева институтында аға ғылыми қызметкер болып істейтін Фарзан Сабет.

Ол Ханияның өлтірілуі Иранның беделіне нұқсан келтіріп, оған елдегі бірде-бір өкілетті тұлға не одақтас мемлекеттер өзін қауіпсіз сезіне алмайтынын көрсетті деп есептейді.

ЫҚТИМАЛ ЖАУАП

Сәуірде Иран Дамаскідегі дипломатиялық кешенінен жасалған шабуылға жауап ретінде Израильге зымыранмен соққы жасаған. Бірнеше күннен кейін Израиль Иранның Исфахан қаласының іргесіндегі әскери базаны бомбалады.

Тегеран Израиль мен "ХАМАС" арасындағы Газа секторында болып жатқан соғыстан бойын аулақ ұстауға тырысты. Ал Израильге соққы беруге өз әскерін емес, Тегеран қаржыландыратын әскери топтар мен сенімді өкілдерін пайдаланды.

Сабет Иран Ханияның қазасының алдын-алмағаны үшін бұл қастандыққа тікелей жауап беруге мәжбүр болады дейді.

Исмаил Хания Иран парламентінде Ислам революциясы сақшылары корпусының бас командирі Хоссейн Саламиді құшақтап жатыр. Пезешкианның инаугурациясы. 30 шілде 2024 жыл.

Иранның көшбасшысы аятолла Әли Хаменеи "Хания үшін кек қайтару – парызымыз" деді.

Иранның БҰҰ-дағы миссиясы X желісіне "Тегеран қылмыскерге сазайын тарттыру үшін қатыгез арнайы операция жүргізеді" деп жазды.

"Иран қиын таңдаудың алдында тұр: [Израильге] тікелей жауап берсе, бұл әрекеттің әскери және саяси салдары өз пайдасына шешілмеуі мүмкін. Сондықтан салмақты соққы сәуірде көргеніміздей, "Хезболла" тобы арқылы Иран территориясынан емес, басқа жерден жасалатын сияқты", – дейді Германиядағы халықаралық қатынастар және қауіпсіздік институтының ғылыми қызметкері Хамидреза Азизи.

Торонто университетінің профессоры Алиреза Намвар Хагиги "Иранға эмоцияға беріліп, Израильдің премьер-министрі Биньямин Нетаньяхудың "тұзағына" түсу қауіпті деп ескертеді. Оның пікірінше, Израиль Иранды Таяу Шығыстағы үлкен кикілжіңге тартқысы келеді. "Сондықтан Иран шиеленісті бақылауда ұстауы керек" дейді ол.