"Лагерь адамның сағын сындырады". Шыңжаңнан келген қазақтардың әңгімесі

Your browser doesn’t support HTML5

Азаттық видеосы. Нұр-Сұлтан маңындағы Қосшы ауылында тұратын ерлі-зайыпты Мұратхан Айдарханұлы мен Зағи Құрманбайқызы "Қытайдың үйрету лагерінде жылға жуық отырғанын" айтады.

Қытайдан Қазақстанға көшіп келген ерлі-зайыпты Мұратхан Айдарханұлы мен Зағи Құрманбайқызы "Шыңжаңдағы лагерьде жылға жуық отырып шықтық" дейді. Олар Азаттыққа қамауда көргендерін айтып берді.

57 жастағы Мұратхан Айдарханұлы мен 56 жастағы Зағи Құрманбайқызы Шыңжаңда 30 жылдай мемлекеттік қызмет істегендерін айтады. Сөздерінше, үш-төрт жыл бұрын Қазақстанға, осы елде тұрып жатқан екі баласының қасына көшіп келген, бірақ зейнетақы үшін Қытай азаматтығынан бас тартпаған.

- 2004 жылы Қазақстанға алғаш рет келдім. Екі баламды осында оқытсам деген оймен қайттым. 2006 жылы қызым, 2010 жылы ұлым Қазақстанға келіп оқуға түсті. Кейін екеуі Қазақстан азаматтығын алды. Ал біз балаларымызға жиі келіп жүрдік. Қызым Қазақстанда тұрмыс құрып, кішкентайлы болды. Кемпірім 2014 жылы зейнетке шыға сала солардың қасына келді. Араға жыл салып, 30 жыл еңбек өтілімен мен де зейнетке шықтым. Сөйтіп Қазақстанға көшуді ұйғардым. Бірақ Қытай азаматтығынан шықпадық. Ол жаққа алты айда бір рет, кейін үш айда бір рет барып жүрдік, - дейді Мұратхан Айдарханұлы.

"ТЕРГЕГЕНДЕ АЙЫБЫМДЫ АЙТПАДЫ"

Мұратханның сөзінше, 2017 жылы қазанда Шыңжаңдағы үйін сатпақ болып Қытайға барғанда билік оның төлқұжатын тартып алып, өзін үйқамақта ұстаған.

- Үйқамақта қасыма бақылаушы қойды. Кейін "Қазақстанда қалған әйеліңді шақыр" деді. Бірақ ол Қазақстанда екі немеремді бағып отырған. "Келсін" деп талап еткен соң, амалсыз екеуін ертіп 2017 жылдың желтоқсанында Қытайға келді, - дейді ол.

Қытайдан Қазақстанға көшіп келген ерлі-зайыпты Мұратхан Айдарханұлы (оң жақта) мен Зағи Құрманбайқызы. Ақмола облысы, Целиноград ауданы, Қосшы ауылы, 4 желтоқсан 2019 жыл.

Зағи Құрманбайқызы Қытайға бара сала тергеліп, біраз уақыт үйқамақта отырғанын, кейін лагерьге қамалғанын айтады.

- Тергеуге алған кезде айыбымды айтпады. Тек "Шекарадан не үшін көп өттің?" деп сұрады. Үйқамақтан соң, 2018 жылы ақпанның 10-ы түнде лагерьге кіргізді, - дейді Зағи Құрманбайқызы.

Әйелі лагерьге қамалғанда Мұратхан Айдарханұлы екі немересімен жалғыз қалған. Кейін екі баланы "амалын тауып, Қазақстанға беріп жіберген".

- Қазақстандағы балаларыма хабарласып, "шекарадан алып кетіңдер" дедім. Сөйтіп, 2018 жылы ақпанның 23-і күні екі немеремді шекарада аман-есен келіннің қолына тапсырдым. Араға екі күн салып, мені де лагерьге әкетті, - дейді Мұратхан.

Ерлі-зайыптының сөзінше, билік өкілдері оларға "Қазақстанға барғанда не істедің? WhatsApp мессенджерін не үшін қолдандың?" деген сұрақтар қойған. Мұратхан WhatsApp қосымшасын білмейтінін, оны қолданып көрмегенін айтады.

"ҚЫТАЙША ҮЙРЕНІП, ЗАҢ МЕН МАДАҚ ӘН ЖАТТАДЫҚ"

Мұратхан мен Зағи лагерьде "11 ай отырып, 2018 жылдың 23 желтоқсанында шыққан. Бірақ тағы сегіз ай үйқамақта болған".

Қытайдан Қазақстанға көшіп келген қазақ Зағи Құрманбайқызы. Ақмола облысы, Целиноград ауданы, Қосшы ауылы, 4 желтоқсан 2019 жыл.

- Лагерь деген түрмеден асып түспесе, кем емес. Лагерь түрменің жеңіл түрі дер едім. Түрмеде сені қинайтын болар, бірақ лагерьде бізді ұрып-соғып қинамаса да, көңіл-күйді құртады. Лагерьді толық камерамен бақылайды. Бір бөлмеде алты адам жаттық. Бөлмеде де камера бар. Дауыстап бірдеңе сұрау деген жоқ, тек қол көтересің. Тамақты үш уақыт береді. Бірақ не жарытады дейсің? Қанша тамақ ішсең де, үйдегідей болмайды. Күйеуіңді көріп қалсаң, білмейтін адам сияқты өтіп кетесің. Ол да маған қарамайды. Егер жалт қарасаң, бітті. Үстінде бақылап отырғандар айқайлайды, - дейді Зағи Құрманбайқызы.

Ал Мұратхан Айдарханұлы "лагерьде 12 шаршы метрлік бөлмеде 7-8 адам жаттық" деп сипаттайды.

- Қос қабат төсекте жаттық. Беретіндері екі пластик тегеш пен екі қасық. Біреуімен су ішсең, екіншісімен тамақ ішесің деді. Қоятын жер жоқ, төсектің астына қоямыз. Бөлменің бір шетінде әжет өтейтін шелек бар. Ал әжетханаға күніне екі рет қана шығарады. Темір есікте екі тесік бар, астыңғысынан тамақ береді, үстіндегісі арқылы бөлмеге ауа кіріп тұрады, - дейді Мұратхан.

Ерлі-зайыптының сөзінше, олар лагерьде қытай тілін оқып, заңдарды, билікті мадақтайтын әндер жаттап, партияға алғыс айтқан.

- Қытайда 30 жыл еңбек еттім. 120 қытайдың ішінде жалғыз қазақ болдым. Тілді олардан артық білмесем, кем білмеймін. Қытай тілін де, жазуын да жақсы меңгергем. Меніңше, оқыту дегені тек сылтау ғана, - дейді Зағи Құрманбайқызы.

Оның жұбайы Мұратхан Айдарханұлының сөзінше, лагерьде 21 жастағы жігіттен бастап жасы тоқсанға таяған қария да отырған.

- Сабақ өтетін бөлменің өзі тормен бөлінген. Алдыңда мұғалім тұрады, бірақ ол тордың сыртында. Тордың ішінде отырып, сабақ оқимыз. Мұғалімнің жанында таяқ ұстаған бірнеше адам тұрады, - дейді ол.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Қытайдың ішкі құпиясы". Лагерьлер туралы фильм

Ерлі-зайыптының айтуынша, лагерьде отырғандарға айына бірнеше рет Қытайдағы туыстарына телефон шалып, сөйлесуге рұқсат етіледі. Кейде туыстарымен кездестіреді.

- Бірақ айтатын сөзіңді әбден ойланып алмасаң, жақындарыңа кесірің тиіп кетуі мүмкін, - дейді Мұратхан.

Екеуі Қытай билігі өздеріне "орталықта оқыды деген диплом бергенін, бірақ кейін еш түсіндірместен дипломдарын қайтарып алғанын" айтады. Олардың сөзінше, лагерь адамның сағын сындырады.

Мұратхан Айдарханұлы 2017 жылы күзде Қытайға барғанда қандай жағдайға тап болғаны жайлы айтып отыр. Ақмола облысы, Целиноград ауданы, Қосшы ауылы, 4 желтоқсан 2019 жыл.

- Шетінен жан-дүниесі құлазыған жандар. Оны өзімізден-ақ байқауға болады. Тез ренжіп, ашуымыз тез қайтатын болып кеттік. Кейде осы құбылмалы көңіл-күйімізге қарап, балаларымыз қиналады, - дейді Мұратхан.

Ал оның әйелі Зағи Құрманбайқызы "жиі жылап қаламын. Не үшін жылайтынымды білмеймін. Лагерьдегі қысымнан тапқан ауруым осы болды-ау" деп көзіне жас алды.

2019 жылдың ақпанында Мұратхан Айдарханұлы мен Зағи Құрманбайқызы Қазақстанға қайтып келген.

"Қызымыз арыз жазып, Қазақстанға өткізіп алды" дейді олар.

Ерлі-зайыпты екеуі қазір Нұр-Сұлтан маңындағы Қосшы ауылында төрт немересі, қызы және күйеу баласымен бірге тұрып жатыр. Екеуі де қазір Қазақстан азаматы.

ШЫҢЖАҢДАҒЫ ЖАҒДАЙДЫҢ ЖАЙ-ЖАПСАРЫ

Қытай Шыңжаңда лагерьлер ашып, оған ұйғырлар, қазақтар және басқа да мұсылмандарды қамап жатқаны жайлы ақпарат 2017 жылы тарай бастаған. Пекин басында лагерьлердің барын жоққа шығарып, кейін бұл жерлерді "терроризм мен экстремизммен күресетін және кәсіп үйрететін орталық" деп сипаттаған. Былтыр БҰҰ "Шыңжаңдағы лагерьлерде бір миллионға жуық ұйғыр, қазақ және басқа да мұсылман отыр" деп мәлімдеген.

Былтырдан бері Алматы мен Нұр-Сұлтанда "туысымыз Шыңжаңда қамауда отыр" деген адамдар бірнеше рет жиын өткізіп, Қазақстан билігінен көмек сұраған. Нұр-Сұлтан Шыңжаңдағы жағдайға байланысты ресми ұстанымын білдірмеген. Бірақ Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жақында Германияның Deutsche Welle телеарнасына берген сұхбатында "Шыңжаңдағы қайта тәрбиелеу орталығында бірен-саран ғана қазақ отырған болар" деп мәлімдеді.

Бұл сөзді Шыңжаңдағы қазақтар мәселесін көтеріп жүрген белсенділер мен "Шыңжаңда туыстарымыз қамауда отыр" деген қазақтар жоққа шығарады. Сондай тұрғындардың бірі Қарақат Әбдеш желтоқсанның 6-сы күні Ақорда алдында жалғыз өзі пикетке шығып, Тоқаевпен кездесуді талап етті. Ол Тоқаевтың сөзін жоққа шығарып, Шыңжаңда күйеуі, қайын атасы, қайын ағасы және қайыны қамауда отырғанын айтады.

Қарақат Әбдеш "Шыңжаңда қамалған" туысқандарына биліктен араша сұрап, Ақорда алдында пикетте тұр. Нұр-Сұлтан, 6 желтоқсан 2019 жыл.

Қазақстан сыртқы істер министрлігі Қытайдағы қазақтар мәселесі дипломатиялық жолмен шешіліп жатқанын бірнеше рет мәлімдеген.

Қарашаның 24-і күні Журналистердің халықаралық зерттеу консорциумы (ICIJ) "Қытай билігіне тиесілі" құпия құжатты жариялады. "Телеграмма" деп аталатын құжатта Пекиннің Шыңжаңдағы лагерьлерге қамалатын адамдарды анықтау жолы, саяси тәрбиелеу орталықтарының қалай басқарылатыны жазылған.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Қашып кетпесін". ICIJ Шыңжаң жайлы құпия құжат жариялады

"Құпия" белгісі соғылған құжатта "Лагерьдегілер қашып кетпеуі тиіс. Сондықтан олардың әр қадамын тәулік бойы видеокамерамен бақылау керек. Оларды жататын жерде, сабақ өтетін сыныпта, тіпті түскі ас кезінде де бақылауда ұстау қажет. Қытай тілін меңгеру – басты талап" деп жазылған.

Қарашаның 16-сы күні америкалық New York Times басылымы Қытай билігіне тиесілі құжаттарды жариялаған. Онда мұсылмандар тұратын аудандарды ұдайы тексеру қажеттігі айтылады. Құжаттар арасында отбасы мен туыстары лагерьлерге қамалған, өздері шетелде және ішкі Қытайда оқитын студенттерге шенеуніктердің не деп жауап беру керегі де көрсетілген. Нұсқаулық бойынша, "Отбасым қайда?" деген студентке шенеунік "Олар үкімет құрған оқу орталығында. Ондағы сабақ қатаң бақылауда өтеді. Отырғандар әбден түзеліп шықпайынша, сыртқа шыға алмайды. Егер жақындарыңыз қаласа видео байланыс орната аламыз" деп жауап беруі тиіс.

Қытай билігі бұл екі құжатты да "фейк" деп атады.