Азаттық: - Неліктен басқа мемлекет емес, Оңтүстік Кореяға бардыңыз?
Кәкім Данабаев: - Оңтүстік Корея мемлекеті жыл сайын шетелдік студенттерге арнап бакалавриат, магистратура және докторантураға қаржы бөледі. Сондай гранттың бірін ұтып алдым. Жыл сайын шамамен 700 грант бөлінеді, онда тегін оқу ғана емес, ай сайын стипендия береді. Сол бағдарлама бойынша корей тілін оқуға арналған жылдық курс бар. Ол бағдарлама KGSP деп аталады. Біздің елге шамамен 14 орын бөлінеді.
Азаттық: - Кореяда күнкөріске қажетті қаржыны қайдан аласыз?
Кәкім Данабаев: - Университетте оқығандықтан, стипендия аламын. Оқуым зерттеумен байланысты болғандықтан және корей тілінде өтетіндіктен уақытымның бәрін алады. Толыққанды жұмыс істей алмаймын. Жеке репетитор боламын, университет ішіндегі жұмыстарды атқарамын. Өткен семестрде оқу орнының халықаралық бөлімінде қосымша жұмыс істедім.
Азаттық: - Оңтүстік Корея қаншалықты қымбат мемлекет?
Кәкім Данабаев: - Өмір сүру арзан дей алмаймын, бірақ тым қатты қымбат емес. Корейлер несие мен ипотекаға өмір сүретін америкалықтар тәрізді. Жайлы күнкөріс үшін азғантай пайыз төлейді, сондықтан қымбат көлік мініп, жақсы пәтерде тұрады, қымбат мейрамханаға барады. Оңтүстік Кореяда орташа жалақы шамамен 2000 доллар. Ең қымбаты – тұрғын үй мен тамақ, ай сайын пәтерге 150 мың теңгеден астам ақша төлейсіз.
Азаттық: - Қазақстаннан барған адам Кореядан қандай өмір сүру ерекшелігін байқайды? Не нәрсеге үйрену қиынға соқты?
Кәкім Данабаев: - Корейлер – патриот халық, Оңтүстік Корея – бір ел, бір халық. Оны барлық жерден байқайсыз. Қазақстан – көп ұлтты, мәдениет аралық мұрасы бар мемлекет болса, Корея – мономемлекет. Тарихи түрде солай қалыптасқан. Бейтаныс елдің мәдениеті мен тілін енді үйрене бастағанда көп нәрсе тосын көрінеді, мысалы, корейлер «менің анам» деп айтпайды. Біздің тілімізде ол «біздің анамыз» болып кетер еді. Ол жақта «менің елім» демейді, бір мәдениетке жататындарын баса көрсетеді, сондықтан «біздің мемлекет» дейді.
Ең қиыны – олардың мінсіз болуға деген ұмтылысы мен жылдамдығына үйрену. Корейлер жұмыс істесе, оны тез істеуге тырысады. Ойынан шықпаса, жұмыстан соң қалып, бәрін аяқтайды. Олар сол жұмысты әшейін бітіруге емес, жақсылап атқаруға тырысады. Оқуда да солай. Егер ағылшын тілін үйренсе жақсы сөйлеп кеткенше оқиды. Оған дейін не туралы сұрап тұрғанын білсе де үндемейді, себебі, сөйлегенде қате жібергілері келмейді.
Азаттық: - Қазақстандық азамат үшін Оңтүстік Кореяда тұрақтап қалу қиын ба?
Кәкім Данабаев: - Солай болар. Оның бірнеше себебі бар. Біріншіден, корей тағамы. Олар негізінен шошқа етін жейіді, қара шай ішпейді, нанды мүлдем жемейді десе болады, оған десерт ретінде қарайды. Екіншіден, тілді білу керек. Корейлер бала кезінен ағылшын тілін оқитынына қарамастан, басым көпшілігі тек корей тілінде сөйлейді. Сондықтан шетелдіктер корей тілінде тым болмағанда тұрмыстық деңгейде сөйлей алатындай болуы керек. Үшіншіден, тұрғын үй мәселесі. Пәтер жалдау үшін ай сайынғы төлемнен бөлек, кепілдеме беру керек (әдетте екі мың доллардан басталады). Әрине, кепілсіз немесе арзанырақ келісуге болады, бәрі пәтер иесіне байланысты, бірақ көп жағдайда қосымша ақша талап етеді. Келісімшарт біткенде кепіл ақшаны қайтарады.
Азаттық: - Қазақстандықтар Кореяда қандай жұмыс істеп жүр? Ол жаққа Қазақстаннан ақша табу үшін баратындар көп пе?
Кәкім Данабаев: - Отандастардан жұмыс іздеуге көмектесу туралы хабарламаны жиі аламын. Жігіттер мен қыздар, ерлі-зайыптылар сұрап жатады. Олардың мақсаты – ақша табу. Зауытта (егер ол жерге орналаса алса) біздің адамдар айына 2000 - 2500 доллар алады. Құрылысқа да жұмыс қолы керек. Корейлердің өзі ондай жұмысты істемейді, лас әрі қауіпті, қиын жұмыс санайды. Сондықтан ол жерде Филиппин, Вьетнам мен ТМД елдерінен келген жұмысшылар көп жүреді.
Қазақстан мен Оңтүстік Корея арасында ресми түрде еңбек миграциясы жөнінде келісім жоқ, сондықтан қандай да бір агенттік Кореяда жұмысқа орналастыру туралы хабарландыру берсе, олар ақшаңызды пайдаланып кететін күмәнді рекрутерлер болуы да мүмкін. Азаматтарымыз бірнеше рет солай алданып қалған. Олар өз қызметіне қомақты ақша алады, шамамен 600 мың теңге. Бірақ «бәрі сәтті болады, жұмыс табасыз» деп кепілдік бермейді. Корейлер де ақымақ емес, қазір Қазақстаннан келетін азаматтарға әуежайда бақылауды күшейтті. Корей кеденшілер 20-40 жас аралығындағы ер адамдарға сезіктене қарайды. Оларды келген бетте мұқият тексереді, әлдеқандай мін тапса, Қазақстанға кері қайтарады.
Азаттық: - Корейлер Қазақстан туралы не біледі? Қазақстанға қызыға ма?
Кәкім Данабаев: - Жеке тәжірибемнен білетінім, Қазақстан туралы естігендер көп, бірақ атауынан басқа ештеңе білмейді. Қазақстандықтармен таныс болғандар және жұмыс істегендер жақсы біледі. Жыл өткен сайын ондай корейлер саны артып келеді. Кейбірі Қазақстанды Еуропамен шатастырып, бізді Еуропа Одағына мүше ел деп санаса, Латын Америкасына жатқызатындар да бар. «Стан» жалғауына қарап Пәкістан мен Ауғанстанға көрші ел деп қалатындар да бар. Ересек корейлер қазақ қыздарын өте әдемі санайды. Пластикалық операциядан соң жасанды түрге енген корей қыздарын көп көрген соң олармен келіспеске амал жоқ.
Менен Қазақстан туралы сұрағанда бізде мұнай мен газ, табиғи ресурстар көп екенін айтамын. Астана мен Алматы туралы жарнама роликтер көрсетемін, содан соң корейлер Қазақстанға барғысы келеді.
Кейбір оқу орындарында түркология факультеті бар, ондағы корейлер қазақ тілін оқиды. Жыл сайын шамамен 30 студенттің қазақ тілін таңдайтынын білемін. Кейін олар студент алмасу бағдарламасы бойынша немесе қысқа іссапармен Қазақстанға келіп қайтады.
Азаттық: - Оңтүстік Корея сыбайлас жемқорлықпен қалай күресіп жатыр?
Кәкім Данабаев: - Жемқорлықпен күресіп жатқан Оңтүстік Кореяның жағдайын бақылаудан шығып, саяси ойыншылар қолында қауіпті қаруға айналған жын тәрізді сипаттауға болады. Өзіңіз ойлаңыз, Корея – бұрынғы екі президент пен оның ұлдарын түрмеге қамаған әлемдегі жалғыз мемлекет, төменгі санаттағы шенеуніктердің санынан жаңыласыз. Оңтүстік Кореяда жемқорлыққа қатысты даумен ешкімді таң қалдыра алмайсыз.
Бір жағынан, мемлекетте жемқорлық мәселесі әлі бар. Екіншіден, қандай да бір күмән туса, тіпті елеусіз болса да, оппозиция мен қоғамдық пікірдің қысымымен тергеу бұл істі соңына жеткізеді. Корейлер ол жағынан тәртіпке берік. Нәтижесінде, Кореяда жемқорлықпен күрес көпшіліктің идеологиясына айналды, жалпыұлттық сипат алды.
Азаттық: - Сұхбатыңызға рақмет.