МҮГЕДЕК ЖАНҒА БАСТЫ КЕДЕРГІЛЕР
Теміртау қаласының 45 жастағы тұрғыны, мүгедек азамат Олег Шарапатюк мемлекеттік мекемелерге, соның ішінде сотқа жиі барады. Ол бірнеше жылдан бері оңай жүріп-тұруға көмектесетін жаңа протез алу үшін жалғыз өзі күресіп келеді. Бір кездері өндірістік кәсіпорында жүргізуші-экспедитор болып қызмет атқарған мығым денелі, еңбекке шыдамды Олег жұмыс берушінің кесірінен аяғынан айырылып, үшінші топ мүгедегі атанған. Мемлекеттік органдардың бірде-бірін "Олегтің ыңғайлы протезі бар ма, жоқ па?" деген сұрақ алаңдатпайды. Олар протез мәселесін мүлде қадағаламайды, ал сот Олегтің жаңа протез алу мүмкіндігін пайдалануына рұқсат бермей отыр.
– Енді өмір бойы үйде отырамын ба? Біздің заңдар неге осындай біртүрлі? Неге биліктегілердің бірде-бірі бұл мәселені қадағаламайды? Неге мемлекет мүгедектерге қамқор болмайды? Протездің үш жыл пайдалану мерзімі былтыр біткен. Заң бойынша істен шығып, аяғымды ауыртатын, денсаулығыма кері әсер ететін, пайдалануға ыңғайсыз протезді ауыстырып алуға құқығым бар. Бірақ сот мұны назарға ілмейді, ал жұмыс беруші жаңа протез сатып алудан бас тартып отыр, – дейді Олег Шарапатюк.
Олег сәуірде тағы да сот арқылы жаңа протез алуға тырысып көрген. Бірақ судья "денсаулыққа келтірген зиянды өтеу" бабы бойынша жүріп жатқан істі тоқтатқан. Бұрынғы жұмыс беруші соттан Олегтің шағымын қанағаттандырмауды сұраған. Сот жұмыс берушінің айтқанын орындап, мүгедек азаматтың протезін ауыстыруға қажет ақша өндіріп алу туралы өтінішін кері қайтарды.
Олегке сәл де болса қалыпты өмірге оралуға көмектесетін протез бағасы 5,5 миллион теңге (шамамен 13 мың доллар) тұрады. Мамырдың басында Азаттық Шарапатюктің аяқсыз, істен шыққан протезбен өмір сүріп жүргені жайында видеоматериал жариялады.
Жұмыста аяғынан айырылған Олег Шарапатюктің протез үшін күресі
Your browser doesn’t support HTML5
Азаттық оқырмандары Олегке 128 мың теңге жинап берген. Ол өзінің жағдайына бей-жай қарамаған адамдарға алғысын білдіреді. Олег бұл ақшаны протез алуға сақтап қойған. Бірақ ол әлі де тығырыққа тірелген күйде отыр: не бұрынғы жұмыс беруші, не билік протез мәселесін шешуге асығатын емес. Олегтің мүгедек ретінде мемлекеттен алатын жәрдемақысы негізінен дәрі-дәрмекке кетеді. Протезден болатын ауруды басу үшін әрі басқа сырқаттарын емдеу үшін ол уыстап дәрі ішеді. Сондықтан мемлекеттік органдардың үнсіз отырғанына, протезге қол жеткізу үшін жалғыз күресуге тура келетініне қынжылады. Ол протез мәселесі туралы ақпарат құралдарына хабарлағалы оған не билік өкілдері, не бұрынғы жұмыс берушісі хабарласпаған.
Үміті үзілмеген Олег облыстық сотқа шағым берген. Бұл іс әзірге қаралған жоқ. Бірақ сот бұл жолы да мүгедек азаматтың пайдасына шешім шығармаса, Олегке протездің ақшасын өзі жинауға тура келеді. Ол мемлекеттің мүгедек адамдарға деген қарым-қатынасына өзі ғана емес, басқалар да наразы екенін айтады.
– Мысалы, әлеуметтік желіде мүгедектер "үкімет бізге берілетін жәрдемақы мөлшерін көбейтсін" деген мәселе көтерді. Баспана берсе, басқа да қызмет түрлері көрсетілсе деген тілек білдірді. Маған өмір бойына үшінші топ мүгедегі деген санат берді. Бізде неге екені белгісіз, үкімет үшінші топты мүгедек деп есептемейді. Барлық жерде көмек пен жеңілдіктің бәрі бірінші және екінші топ мүгедектеріне беріледі, – дейді Олег Шарапатюк.
Қазақстан заңы бойынша, жұмыс кезінде қызмет міндетін атқарып жүрген азаматтың денсаулығына зақым келсе, жұмыс беруші өтемақы төлеуге міндетті. Одан бөлек, қызметкердің бір жері майып болып, денсаулығына зақым келген жағдайда табысынан айырылған ол азаматқа жалақысы төленуі тиіс. Денсаулыққа зақым келуіне байланысты шығындарды (емделуге, қосымша тамақтануға, дәрі-дәрмек, протез алуға, көмекші жалдауға, шипажайға баруға, арнайы көлік құралдарын алуға, басқа мамандықты меңгеруге қажетті ақша) еңбек кодексінде белгіленген мөлшерде қызметкерге зардабы тиген кәсіпорын басшысы, яғни жұмыс беруші өтейді. Бірақ бұл үшін жәбірленуші бұл көмек түрлеріне мұқтаж болуы керек. Бірақ мүгедек адамдар көбіне заңда көрсетілген дүниелерге қол жеткізе алмайтынын айтады.
ТЕҢСІЗДІККЕ ТОЛЫ ӨМІР
Құқық қорғаушы және зерттеуші Ирра Бельфер "Қазақстанда кейінгі кезде көп әлеуметтік топ өз құқықтарының бұзылуы жөнінде жиі айта бастады. Бұл мәселе мүгедек адамдарға да қатысты" дейді. Бельфердің айтуынша, адамдар бір-бірінен жұбаныш тауып, қауымдастық қатары артып, күшейіп келеді. Адам құқықтары, толеранттық, инклюзия деген сөздер біртіндеп күнделікті қолданысқа ене бастаған.
Сарапшының пікірінше, бес жыл бұрын көп адам асүйде отырып, бір-біріне шағынудан әрі аспай, бұл туралы ашық жазып, шағым беруден бас тартатын. Олар мұны "Қазір сәл де болса көмек бар, шағым жазсам, келесіде маған осыны да бермей қояды" деп түсіндіретін.
– "Қарсы шығып, өзіңді қорғасаң, қолыңда бар азын-аулақ нәрсенің өзін тартып алады” деген ой жұрттың санасына сіңіп қалған. Бұл қорқыныш бекер пайда болған жоқ. Мемлекеттік қызметкерлер өз міндеті жоғарыдағыларға "бәрі жұмыс істеп тұр" деп есеп беру емес екенін түсіне бермейді. Олардың мақсаты адамға бағытталуы керек. Жүйенің әрекетінен (немесе әрекетсіздігінен) зардап шеккен азамат өз құқықтары бұзылғанын айтса, мемлекеттік қызметкерлер адамды емес, жүйені қорғайды. Әр жиналыста қандай да бір дискриминация жайлы айтылған кезде өкілетті мемлекеттік қызметкер "бұл жалған" деп жауап беретінін естимін (бірнеше рет осыған ұқсас пікір естідім), өйткені есеп бойынша жағдай басқа. Ақыр соңында адам дәлелді өзі жинап, күнделікті кездесетін заңсыздықты суретке түсіріп, жариялауға мәжбүр болады, – дейді құқық қорғаушы Ирра Бельфер.
Бельфердің айтуынша, әлеуметтік желіде адам құқықтарының бұзылуы жөніндегі жазбалар жиі кездеседі.
– Бұл – адвокацияның бір нұсқасы. Қажет өзгерістерді қолдайтын қалың топ жинау үшін "қарапайым" азаматтар арасындағы жақтастарымыздың қатарын көбейтуді жоспарлап отырмыз. Өйткені қазір мемлекеттік қызметкерлердің жабық есік артындағы әрекеті жағдайды жүйелі өзгертпей, болмашы өзгерістер ғана қосып отыр. Мүгедек жандар өзіне деген қарым-қатынастың медициналық-қайырымдылық көзқарастан адам құқықтарына негізделген әлеуметтік көзқарасқа өзгеруін талап етеді. Бұл өзгерістер есеп түрінде қалмай, жүзеге асуы үшін мемлекеттік қызметкерлердің жұмысы адам құқықтары мен негізгі еркіндіктердің ешқандай дискриминациясыз толық жүзеге асуын қолдап, қамтамасыз етуге негізделуі керек, – дейді Ирра Бельфер.
Қазақстан БҰҰ-ның мүгедектер құқығы жөніндегі конвенциясын 2015 жылы ратификациялап, мүгедек адамдарға жеткілікті өмір сүру деңгейін қамтамасыз ету, әлеуметтік және құқықтық қорғауға кепілдік беру және басқа да міндеттемелерді мойнына алған. Бірақ кейінгі алты жылда дискриминацияны жеңуде алға ілгерілеушілік бары байқалмайды.
6 мамырда АҚШ елшісі Уильям Мозердің қатысуымен өткен дөңгелек үстелде қазақстандық құқық қорғаушылар адам құқықтарының жайына байланысты пікір бөлісіп, мүгедек адамдардың мәселесін көтерді. Қайрат Иманалиев атындағы мүгедек адамдардың құқығы жөніндегі комиссия басшысы Вениамин Алаев мүгедектер ең аз қорғалған азаматтар санатына жататынын айтты. Пандемия кезінде олардың жағдайы бұрынғыдан да нашарлай түскен.
– Қалыпты жағдайдың өзінде мүгедек адамның ақпарат алу, медициналық қызметке қол жеткізу және табыс табуға мүмкіндігі аз. Пандемия бұл теңсіздікті одан әрі күшейтті, – дейді Алаев.
Пандемия кезінде Қазақстанның ірі қалаларында карантин енгізіліп, мүгедек кей азамат мемлекеттік қолдау көрсетілетін азаматтар тізімінен өз атын таппай, әкімдіктерге барып, көмек сұрауға мәжбүр болды. Елдегі коронавирусқа байланысты ресми ақпарат тарататын сайт пен telegram-арна көзі нашар көретін және зағип қолданушыға мүлде бейімделмеген. Жеке әлеуметтік көмекші қызметін пайдаланатын адамдар да қиындыққа тап болған. Біраз уақыт оларға көмекші қызметін пайдалану уақытын сегізден төрт сағатқа дейін қысқартқан. Қашықтан оқу мүмкіндігі шектеулі адамдардың сапалы қызмет алуына кедергі болды. Маска тағу туралы талапқа байланысты естімейтін адамдар толық ақпарат алу мүмкіндігінен айырылған. Өйткені олар еріннен оқып, ым-ишара тілін қолданады.
Бас прокуратураның құқықтық статистика комитетінің сайтында жарияланған ресми дерек бойынша, 2020 жылы Қазақстанда мүгедек адамдарды әлеуметтік қорғау туралы заңдарды бұзу фактісі бойынша 38 іс тіркелген. Бұл деректерге сенсек, кінәлілерді әкімшілік жауапқа тарту туралы қаулы шығарылған. Бірақ сарапшылардың пікірінше, бұл деректер мүгедек азаматтар құқығының бұзылуына қатысты шынайы жағдайды көрсетпейді. Өйткені күн сайын елдің түкпір-түкпірінен қаншама шағым мен өтініш келіп түседі.
БИЛІКТІҢ ӨМІР САПАСЫН АРТТЫРУ ТУРАЛЫ УӘДЕСІ
Қазақстанда мүгедек деп танылған 700 мыңдай азамат тұрады. Бұл халықтың 3,7 пайызына тең. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің дерегінше, былтыр 374 азамат еңбекке қабілетін жоғалтуына байланысты бірінші рет мүгедек адам деп танылған. Азаттықтың "Қазір елде мүгедек адамдардың өмір сапасын жақсарту мәселесі қаралып жатыр ма?" деген сұрағына берген жауабында мекеме өкілі алдағы жоспарын айтты. Мәселен, министрлік негізгі құқықтар мен ең төменгі әлеуметтік стандарттар көрсетілетін әлеуметтік кодекс дайындауды көздеп отыр (25 мамырда кодекс концепциясының жобасы "Ашық деректер" порталына жарияланып, қоғамдық талқылауға шығарылды).
"Әлеуметтік кодекс жобасын дайындау барысында қосымша квотаны орындамайтын жұмыс берушілерге өтемақы төлемдерін енгізу мәселесі қаралады. Сондай-ақ мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, “Еңбек” мемлекеттік бағдарламасын ұлттық жобаға айналдыру бағытында жұмыс жүріп жатыр. Мемлекет көрсететін қызметтің әр адамға жетуін қамтамасыз ету, әсіресе, жұмыссыз мүгедек азаматтардың жұмысқа тұруына көмектесу, әлеуметтік жұмыс орындарында оларға басымдық беру, мүгедек азаматтар жалақысының субсидияланатын бөлігін 50 пайызға дейін көтеру мәселесі қарастырылып жатыр. Биылғы жылдың екінші жартысында ақпараттық жүйенің көмегімен жұмыс берушілердің квотаны орындауын тұрақты бақылау жоспарланып отыр". Азаттыққа жіберген жауабында еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің орынбасары Ерлан Әукенов осылай дейді.
Билік өкілдері Қазақстанда мүгедек адамдарға арналған "мамандықтар атласы" дайындалғанын айтады. Бұл атласты мемлекеттік органдар, жұмыс берушілер, мүгедек азаматтар пайдалана алады. Сондай-ақ оны enbek.kz. электронды еңбек биржасындағы жұмыс іздеу процесін жетілдіру үшін пайдалануға болады.
Ведомство жауабында қазір парламентте "Қазақстан Республикасының жекелеген азаматтар санатын әлеуметтік қорғау мәселелері жөніндегі заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасы қаралып жатқаны айтылған. Нәтижесінде 15 заң актісі өзгеріске ұшырайды. Министрлік сондай-ақ мүгедектік себебіне қарамастан, үнемі күтімді қажет ететін бірінші топ мүгедектерінің күтушісіне жәрдемақы төлеу, мүгедек балаларды аурудың сипатына байланысты топтарға бөлу, мүгедектігі бойынша және асыраушысынан айырылуына байланысты бір реттік жәрдемақы алу құқығын енгізу мәселесі қаралып жатқанын хабарлады.
Еңбек министрлігі мүгедек азаматтардың жұмыспен қамтылуына байланысты сұраққа "жергілікті атқарушы органдар мүгедек адамдарға жеңіл, қауіпсіз кәсіпорындардағы жұмыс орындарының 2-4 пайызына тең квота бөлу арқылы халықты жұмыспен қамту саласындағы мемлекеттік саясатты жүзеге асырып отыр" деп жауап берді. Билік өкілдерінің дерегінше, мүгедек адамдар "Еңбек" мемлекеттік бағдарламасының аясында (бұл бағдарлама 2021 жылы аяқталады – ред.) сұраныстағы мамандықтар бойынша қысқамерзімді курстарға қатысып, кәсіпкерлік негіздерін үйреніп, бизнес идеясын жүзеге асыру үшін 200 АЕК (шамамен 1350 доллар) көлемінде микронесие немесе қайтарымсыз негізде грант ала алады.
Ресми жауапта бәрі тамаша көрінеді. Бірақ мүгедек адамдар іс жүзінде білімі бар азаматтардың өзіне жұмысқа орналасу қиын екенін айтады.
Азын аулақ жәрдемақыға күнелтіп жүрген Теміртау тұрғыны Олег Шарапатюк аяғынан айрылғаннан кейін қиындыққа мойымай, жаңа кәсіп – SMM (әлеуметтік медиа маркетингі) мамандығын меңгеруге кіріскен. Оқу үшін несиеге ноутбук алған, ол банкке қарызын әлі жарты жыл төлеуі керек. Бірақ жаңа мамандығы бойынша жұмыс таба алмаған: жұмыс берушілер бұл салада тәжірибесі бар адам іздеген. Басқа жерден жұмыс іздеу үшін еркін жүріп-тұру қажет, ал қозғалуға протез керек. Осындай бір кем дүние.