ҰСТАП АЛУ, СОТ, ҚАМАУ... ТАҒЫ ДА СОТ
7 сәуір күні, коронавирус карантині күшейген тұста, Орал полициясы жергілікті белсенді дүкенге бара жатқан Аслан Сагаутдиновті үйінің жанынан ұстап әкеткен. Facebook желісіндегі парақшасында жарияланған видеода Сагаутдинов азаматтық киім киген екі адамнан өзін таныстыруды сұрағаны байқалады.
— Алдымен экстремизммен күрес [бөлімінің] қызметкері Шадияров келіп, куәлігін көрсетті де, өзін таныстырды. Шақыру қағазы болмады. Түгелов дейтін екінші жедел уәкіл өзін жай ғана таныстырды. Учаскелік инспекторды күтуімді табандылықпен сұрады. Мен келістім де Facebook желісіне [тікелей эфирге] шықтым, — дейді Аслан Сагаутдинов өзін қалай ұстап әкеткенін айтып.
Белсендіні ұстап әкеткен Бағдат Түгелов және Лейсбек Шадияров есімді полицейлер Сагутдиновті полиция бөліміне апарғанда ол: "Мусорлар – Қазақстанның соры" деп айтқан. Полиция департаментінің басшылығы бұл сөзді қорлау санап, сотқа жүгінді. Екі айдан соң сот "Қорлау" бабымен қозғалған істі қарап, үкім шығарды.
Сагаутдиновпен бірге полиция бөлімінде болған үш қызметкер сотта куәлік етіп, белсендінің "мусорлар" сөзін жеке адамға қарата айтпағанын мәлімдеді. Олар белсенді бұл сөзді айтқанда "айналада ешнәрсе шашылып жатпағанын және ешқандай қоқыстың болмағанын" айтты.
Полиция Сагутдиновті "Ұсақ бұзақылық" бабымен қозғалған әкімшілік іс бойынша ұстап әкеткенін мәлімдеді. Департамент баспасөз қызметінің айтуынша, әкімшілік іс жергілікті басылым қызметкерінің ақпан айында болған жанжалға байланысты арызы бойынша қозғалған.
Полиция ұстап әкеткен күні Сагутдинов қамау орнында түнеп, сотты күткен. Сот белсендіні үш тәулікке қамау туралы үкім шығарған. Изоляторға қамамас бұрын полиция белсендіні травмотология бөліміне алып барып, жарақаты бар-жоғын тексермек болған. Куәлік еткен полицейлердің айтуынша, аурухана дәлізінде Сагутдинов тағы да "Мусорлар – Қазақстанның соры" деген.
— Мені таңғалдыратыны – полицейлердің өзі шағымданған жоқ, олар қорланбаған. Ал полиция департаменті қорлады деп тауып, сотқа берді. Істі қолдан жасаған, мен онымен келіспеймін, — деді Аслан Сагутдинов алғашқы сот отырысынан кейін.
ТАҒДЫРЫ ҮШ ОТЫРЫСТА ШЕШІЛГЕН ТАРТЫС
Сотта шағымданушы Батыс Қазақстан облысы полиция департаментінің мүддесін Ғалия Нұрлыбаева қорғады.
— Сагутдинов айтқан сөздері қорлау сипатында болып билік органдарының беделін түсірді, қызметтік міндетін атқарған полицейлердің абыройы мен қадір-қасиетін қорлады, — деді ол.
— Куәлік еткен полиция қызметкерлері бір ауыздан Сагутдиновке қарсы уәжі жоғын айтты. Олар оның (Сагутдиновтің) сөздері өздеріне айтылмады деп куәлік етті. Осыдан менде мынадай сұрақ туындайды: қызметкерлердің өзі уәжіміз жоқ деп тұрса, сіз не себепті Сагутдинов полицияны қызметі барысында қорлады деп тұрсыз? – деп сұрақ қойды белсендінің адвокаты Мереке Ғабдуалиев талапкер өкіліне.
— Бұл қызметкерлер қызметте болды, олар – биліктің өкілі. Сол себепті Сагутдинов оларды қорлады, — деп жауап берді Ғалия Нұрлыбаева.
— Ендеше екінші сұрақ: Батыс Қазақстан облысы полиция департаментіне қандай моралды, мүліктік немесе физикалық зақым келді? Жалпы қандай да бір зақым келді ме? — деп жалғады сөзін Ғабдуалиев.
— Қорлайтын сөз айту моралдық зақым емес пе? — деді Нұрлыбаева.
— Мемлекеттік органға моралды зақым келтіру мүмкін деп санайсыз ба? — деп сұрады Ғабдуалиев.
— Бұл сөздерде қорлау сипаты бар. Қорланғаны — полицейлердің абыройы мен қадір-қасиеті, — деді полиция өкілі.
— Нақты сұрақ: полиция департаментіне мүліктік, моралды және физикалық зақым келді ме? — деп қайта сұрады адвокат.
— Бұл сұраққа жауап беруден бас тартамын, — деді Ғалия Нұрлыбаева.
Алғашқы отырыста куәлік еткен полицейлер өздерін қорландық деп санамайтынын, Сагутдинов сөздерін өздеріне қабылдамайтынын айтқан. Алайда екінші отырыста куәгер полицейлердің екеуі (олар белсендіні травматология бөліміне апарған) айтылған сөздер абыройымызды қорлады деді.
— "Мусорлар – Қазақстанның соры" деген сөз сізді қалай қорлайды? — деп сұрады Сагутдиновтың адвокаты.
— Өйткен жаргон тілінде осылай айтады, — деді полицей Бауыржан Мағзұмов.
— Қоғамдық орында мұндай сөзді айтуға болмайды, — деді Бағдат Сыдықов есімді тағы бір полицей.
Сот іске эксперт ретінде тартылған Сандуғаш Сүйінбаева да сұрақ қойды. Ол Сагутдиновтың "мусор" деуі "қорлауға тең" деді.
— Бұл жағдайда сөз нақты біреуге бағытталған, яғни полицейлерге қарата айтылған. Өйткені қоқысты меңзеген болсақ сөзді көпше түрде айтпаймыз ғой. Мұнда сөз нақты адамдарға бағытталған. "Мусорлар" деуде қызметке теріс баға беру бар, — деді Сүйінбаева.
"Қорлау" ісі бойынша тартыс үш отырысқа созылды. Олар 18, 19 және 24 маусым күндері өтті.
ТӨРТІНШІ КҮН: ҮКІМ ЖӘНЕ ОҒАН РЕАКЦИЯ
25 маусымда Орал қаласы соты үкім оқыды. Судья Магира Китарова Аслан Сагутдиновті Қылмыстық кодекстің 378-бабы 1-тармағы бойынша айыпты деп тауып, 60 сағаттық түзеу жұмысына жегу туралы үкім шығарды. Бұл жазаны прокуратура сұраған. Судьяның сөзінше, сот кезінде Сагутдиновтің айыбы толық дәлелденген.
Белсенділер мен қорғаушылар Азаттыққа үкіммен келіспейтінін, апелляциялық шағым түсіретінін айтты. Қорғаушының сөзінше, полиция департаменті моралдық қиыншылық көре алмайды және істе нақты зардап шеккен қызметкер жоқ.
Қазақстандық адам құқығы бюросының директоры, құқық қорғаушы Евгений Жовтис полицейдің Сагутдиновті қуғындауын "кек алу" деп санайды.
— Бізде "мусор" сөзі жиі қолданылатыны белгілі ғой. Желіде де полицияға және билікке көңілі толмағанда түрлі жағымсыз сөздер қолданып жатады. Бірақ мұндай сөз қолданғанның бәріне қылмыстық іс қозғалмайды ғой. Тек белсенді, жұртқа белгілі адамдарды ғана таңдап алады. Бұл – полицияның нақты бір адамнан кек алуы. Бұл – әділеттіліктің орнауы емес, қоғамдық тәртіпті орнату емес. Бұл – тек полицияның жүйеге қарсы шығып, ойын айтып жүрген бір адамға деген кегі. Бұл – классикалық саяси қуғын, — дейді ол.
Халықаралық құқық қорғау ұйымдары осыған дейін бірнеше рет Қазақстан билігі "коронавирус пандемиясы кезіндегі төтенше жағдайды белсенділердің аузын жабуға пайдаланды" деп мәлімдеген.
Белсенді, блогер Аслан Сагутдинов былтыр "бос плакатпен" акцияға шығып, ұсталған. Белсендінің "бос плакат" наразылығы туралы қазақстандық қана емес, халықаралық БАҚ жазған. Сагутдинов осы акциясы арқылы Қазақстандағы адам құқығы мен еркіндігінің сақталмайтынын көрсеткісі келгенін айтқан. Бұл елде билікке жақпаған митинг және кез келген қарсылық акциясы заңсыз деп танылып, қатысушылары қудаланады.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Егер өзгермесек, жағдай нашарлай бермек"