Арзамасоваға оқ атудың астарында не жатыр?

Белсенді Галина Арзамасова. Видеодан алынған скриншот.

Алматы облысы Талғар ауданы әкімдігінің алдында белсенді Галина Арзамасоваға пневматикалық тапаншадан оқ атқан күдікті ұсталды. 22 жастағы күдіктінің үстінен Қылмыстық кодекстің «Бұзақылық» бабы бойынша іс қозғалған. Қазір ауруханада жатқан Арзамасова бұл қастандықты азаматтық белсенділігімен байланыстырады.

ОҚИҒА ҚАЛАЙ БОЛДЫ?

Талғар ауданының әкімі Рыскелді Сатбаев әр дүйсенбі, бейсенбі сайын тұрғындарды қабылдайды. Тамыздың 26-сы, дүйсенбі түскі сағат 14.30-ға белгіленген әкім қабылдауына Алматы облысы Панфилов ауылдық округі Қарабұлақ ауылының бірнеше тұрғыны келген. Олардың арасында аудандағы мәселелерді жиі көтеріп жүрген белсенді Галина Арзамасова да болған. Ол әкімдік ғимаратының баспалдағынан көтеріле бергенде ту сыртынан пневматикалық қарудан оқ атқан.

- Артыма қарап едім, 20 метрдей жерде ақ машинаны байқадым. Көлік бірден жүріп кетті. Жанымдағылар оқ тиіп, жамбасымның қанап жатқанын айтқанша мен не болғанын да түсінбей қалдым, - дейді ол.

ВИДЕО: Белсенді Арзамасоваға шабуыл жасады (27 шілде 2019 жыл).

Your browser doesn’t support HTML5

Белсенді Арзамасоваға әкімдік алдында оқ атты

Аудан әкімі, бөлім басшылары шығып, Галина Арзамасоваға көмек көрсеткен. Талғар аудандық әкімдігінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, әкімдік алдына бірден полиция мен жедел жәрдем келген.

- Алғашқы медициналық көмек көрсетілді. Тұрғын ауруханаға барудан бас тартып, әкімнің қабылдауына кірді. Сұрақтарын қойып, жауаптарын алды, - дейді Азаттыққа Талғар аудандық әкімдігінің баспасөз хатшысы Жанкелді Өмірәлиев.

Ал белсенді Галина Арзамасова «қастандық жасағандар менің әкіммен кездескенімді қаламады» дейді. Қазір ол Алматы қаласындағы ауруханалардың бірінде емделіп жатыр.

ОҚ АТУ «БҰЗАҚЫЛЫҚ» ПА?

Алматы облысы полиция департаменті Арзамасоваға оқу ату оқиғасы бойынша Талғар ауданының 22 жастағы тұрғыны күдікті ретінде ұсталғанын, одан пневматикалық қару тәркіленгенін хабарлады. Полиция департаменті баспасөз қызметінің жетекшісі Сергей Незнаевтың сөзінше, ұсталған адамның үстінен Қылмыстық кодекстің 293-бабы ("бұзақылық") 3-бөлігі ("атыс қаруын, газ қаруды, пышақ, кастет және өзге де суық қаруды қолданып не қолдануға тырысып жасалған іс-әрекеттер") бойынша іс қозғаған.

«Тас лақтырып, терезе сындырса – бұзақылық. Ал оқ ату – адам өміріне қауіп төндіру»
Әлтайыр Қасымов

Галина Арзамасованың ұлы Әлтайыр Қасымов полицияның бұл оқиғаны «бұзақылық» деп бағалағанын «түсіне алмай дал». Ол «бұл шабуыл анамның аузын жабу үшін қасақана жасалды» деп санайды.

- Бір жігітті ұстап, пневматикалық қару тапқан. Оны «бұзақылық» бабымен тергемек. Тас лақтырып, терезе сындырса – бұзақылық. Ал оқ ату адам өміріне қауіп төндіру емес пе?! - дейді Әлтайыр Қасымов.

Галина Арзамасова жамбасына тиген оқты алдыртудан қорыққан.

- Дәрігерлер [оқ] құрамында мыс, қорғасын бар деді. Магнитті резонансты томографиядан көрінді. Оқ сүйекте тұр. Дәрігерлер «оқтың сол жерде қалғаны көбірек қауіпсіз, онымен жүре беруге болады» деді. Оқты алу үшін жамбас-сүйекті сындыру керек екен, - дейді ауруханада жатқан белсенді.

АРЗАМАСОВАНЫҢ БЕЛСЕНДІЛІГІ

63 жастағы Галина Арзамасова соңғы бірнеше жылдан бері Талғар ауданы Панфилов ауылдық округіндегі әлеуметтік мәселелерді жиі көтеріп жүр. Ол осы ауыл-аймақтағы тоғайлы жерлерді тұрғындардың рұқсатынсыз сатуға қарсылық білдіріп, мал өрісінің тарылуы мен су тапшылығы, жолдың сапасыздығын айтып келеді.

Қазақстандағы ауылдардың бірі. Көрнекі сурет.

Арзамасова 28 жыл кәсіби техникалық училищеде (қазір “кәсіптік-техникалық лицей” деп аталады) оқытушы болған. Онымен бірге жұмыс істеген бұрынғы әріптесі Арзамасованы «шыншыл әрі әділетсіздікке бейжай қарамайтын жан» деп сипаттайды.

- Ол алдымен физика пәнінің мұғалімі болды, кейін астрономия пәнінен сабақ берді. Лицейде «туризм мен гид» бөлімі ашылғанда, сол жақта сабақ берді. Ол – нағыз ұстаз, адал, жауапкершілігі мол адам. Өзгенің қамы үшін аянып қалмайды. Ол – өзі үшін емес, өзгелер үшін күресіп жүрген жан, - дейді белсендінің бұрынғы әріптесі Елена Кашенова.

Арзамасова белсенділігі үшін соңғы екі жылда өзіне алты-жеті рет шабуыл жасалғанын айтады.

- Біз, Қарабұлақ ауылының белсенділері, соңғы үш жылдан бері бай Қазақстанның халқы ауқатты тұрғанын, жайылым жер мен егістікті суаратын су, зираттарға арналған жер, сапалы жол мен жарығы бар көшелердің болғанын қалаймыз. Былай қарасаңыз, орындауға болатын талаптар. Дегенмен жергілікті атқарушы билікке талаптарымыз жақпайды. 2017 жылы екі рет ұрып кетті. Асфальт сапасыз деп шағымдандық, жиыннан соң мені соғып кетті, - деп жазды азаматтық белсенді Facebook парақшасында.

Арзамасованы белгісіз біреулердің ұрып кеткенін көршілері де көрген.

- Былтыр үйінің алдында ұрып кетті. Ұрған адам жүзін жасырған, бойы ұзын болды. Галина қатты айқайлағаннан кейін ұлымыз екеуіміз атып шықтық. Шықсақ, ұрып жатыр екен. Бізді көрді де қашып кетті. Галина ауылдағы ағаштардың кесілмеуін, ауылдағы сайдың қоқыстан тазалануын қадағалап жүреді, - деді белсендінің көршісі Әнтай Сатаева.

Арзамасова сол кезде жасалған шабуылдың артында «Панфилов ауылдық округінің әкімі Нұрғали Аппазов тұр» деп болжайды. Бірақ әкім мұны жоққа шығарады.

- Ол өзіне жасалған шабуылдарды алдымен менен көрді, одан кейін орынбасарымнан көрді. Өзі маған келіп, «шабуылдаған сіз емессіз» деп айтып кеткен. Екеуіміздің арамыз жап-жақсы, сөйлесіп тұрамыз. Олар сонау 90 жылдардағы мәселелерді көтереді. «Совхоздар тараған кезде бейітке жер бөлінген екен, сол қайда?» деп сұрайды. Екі жыл бұрын Панфилов ауылдық округіне қарасты 3 мың 700 гектар жерді жекеменшік компания 10 жылға жалға алған, соя мен жүгері еккен. Сол компания егістігін суару үшін арықтарды тереңдеткен де техникалары арық шетіндегі ағаштарды сындырған. Бірақ компания бізбен және ауыл тұрғындарымен кездескенде орнына ағаш егетіндерін, өтемақы төлейтіндерін айтып, уәде берген, - деді ол Азаттыққа.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Белсенді өлімі. Жауапсыз сұрақтар

Панфилов ауылдық округінің әкімі Нұрғали Аппазов Арзамасов көтеріп жүрген ауылдағы мәселелер «біртіндеп» шешіліп жатқанын айтады.

- Біз Алматыға жақын орналасқанбыз. Ауыл Алматыдан 10 шақырымда жатыр. Жайылым жер жоқ, тек суармалы егістік жерлер ғана бар. Біраз жер совхоздар тарағанда жекеменшікке өткен. Жеке компаниялар егістікпен айналысады. Біздің ауылға қарасты Қапшағай жақта жайылымдық жерлер бар. Бірақ ол жерлер де жеке компанияның балансында. Біз олармен меморандумға қол қойып, Панфилов ауылдық округіне қарасты жеті ауылдың малын сонда жаямыз,- деді ол.

Әкім бюджеттен 20 миллион теңге (51 мың доллар) бөлініп, Қарабұлақ ауылының екі көшесі жөнделгенін жеткізді.

- Бір ғана Қарабұлаққа қарай бермейміз ғой. Мен әкім болып 2016 жылы келдім. Сол жылы осы Қарабұлақтың екі көшесін жөндедік. 2017 жылы Төңкеріс ауылын, 2018 жылы Қызыл ту ауылының жолдарын жөндедік. Биыл Панфилов ауылының көшелеріне кезек келді, - дейді әкім.

Галина Арзамасова тамыздың 26-сы күні Талғар ауданы әкімінің қабылдауына Қарабұлақтағы мектеп маңындағы жердің жекеменшікке берілгенін, жерді алған адам үй салмақ боп жатқанын айтуға келген. Кейін әкімдік алдында белсендіні атып кеткеннен кейін Қарабұлаққа Талғар ауданының әкімі Рыскелді Сатбаев келіп, мектеп маңындағы жердің қалай сатылып кеткенін тексерген.

Нұрғали Аппазовтың сөзінше, «тексеріс кезінде мектеп маңындағы жер геодезистер мен сатып алушының қателігінен сатылып кеткені анықталған». Әкім «қазір бұл істі бақылауына алып, жерді қайтару үшін жұмыс істеп жатқанын» айтты.

P.S. Тамыздың 29-ы күні түстен кейін Галина Арзамасоваға жасалған шабуылға байланысты Панфилов ауылдық округінің әкімі Нұрғали Аппазовтың ұсталғаны хабарланды. Бұл ақпаратты Азаттыққа Талғар аудандық әкімдігінің өкілі Жанкелді Өмірәлиев растады.