"Назарбаевтың партиясына ақша беріңізші". Белсенділер мешітте садақа сұрады

Your browser doesn’t support HTML5

Белсенді Санавар Закирова Нұр-Сұлтандағы "Әзірет Сұлтан" мешітіне барып, садақа сұрады. Ол мешітке келген жамағаттан "Нұр Отан" партиясының төрт мүшесіне берешек моральдық шығынды жинамақ болды. Мешітке келген әйелді полиция ұстап әкетті.

22 қарашада белсенді Санавар Закирова "Нұрсұлтан Назарбаев партиясының мүшелеріне ақша жинау" үшін Орталық Азиядағы ең ірі мешітінің алдына келді.

Осы аптада Алматы соты Закирова мен оның екі жақтасын "Нұр Отан" партиясының төрт мүшесіне 15 мың доллар төлеуге міндеттеген. Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаев (наурызда президенттіктен кеткен, бірақ биліктің бір бөлігін ұстап отыр) басқаратын "Нұр Отанның" төрт мүшесі "белсенділер желіде партия жайлы шындыққа жанаспайтын жалған ақпарат таратты" деп сотқа берген.

"Мені алты миллион теңге төлеуге мәжбүрлеп жатыр. Менде ондай ақша жоқ. Көмектесіңіздерші. Ер азаматтар, сіздер жұма намазға барасыздар. Ақша жинауға көмектесіңіздерші. Мен қарапайым әйелмін. Менде адвокат жалдайтындай 100 мың теңге де жоқ. Назарбаевтың партия мүшелеріне ақша беріңіздерші" деп айқайлады Санавар Закирова "Әзірет Сұлтан" мешітінің алдында. Дәл осы мешітті жеті жыл бұрын Назарбаевтың өзі ашқан.

Мешітке келген жұрт Закирова қойған қағаз жәшіктің ішіне ақша тастап кетіп жатты. Жарты сағатқа толар-толмас уақыттан соң жәшіктің түбі толып қалды.

Санавар Закирова қойған жәшік. Нұр-Сұлтан, 22 қараша 2019 жыл.

Кейін мешітке келгендер сапқа тұрып, намаз бастағанда полиция Закирова мен оның жанындағы бірнеше әйелді ұстап әкетті. Нұр-Сұлтан полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Бақытжан Малыбаев тілшілерге белсенді Әкімшілік кодекстің 449-бабымен ("Қоғамдық орынның шырқын бұзу") жауапқа тартылатынын айтты.

Полиция Санавар Закированы ұстап жатыр. Нұр-Сұлтан, 22 қараша 2019 жыл.

Кешке Санавар Закирова мен оның жанында болған Любовь Бисембаева, Зинагүл Құтмамбетова және Гүлнар Оразғұлованың әрқайсысын бес айлық есептік көрсеткіш көлемінде (12625 теңге, яғни 32 доллар) айыппұл салғаны белгілі болды.

БЕЛСЕНДІЛЕР "НҰР ОТАНМЕН" ҚАЛАЙ СОТТАСТЫ?

18 қарашада Алматы қаласының Жетісу аудандық соты "Нұр Отан" партиясының төрт мүшесінің Санавар Закирова, Әлнұр Ильяшев және Марат Тұрымбетовтің үстінен түсірген шағымын қанағаттандырған.

Сот "Закирова, Ильяшев және Тұрымбетов желіде билік партиясы "Наше право" партиясын құруға кедергі келтірді деп шындыққа жанаспайтын ақпарат таратты" деп тауып, бұл жазбаларын жоққа шығаруды талап етті. Бұдан бөлек, үш белсендінің әрқайсысына бір жарым миллион теңге айыппұл салған. Сот шешіміне сай, айыпталушылар "Нұр Отанның" сотқа кеткен шығындарын (шамамен 150 доллар) да төлеуі тиіс. Үш белсенді сот шешімімен келіспейді.

"Нұр Отан" белсенділер "хайп жасау үшін желіге және БАҚ беттеріне жалған ақпарат" таратты деп санайды. Партия сотқа шағымданғанда үш белсенділер 51 мың доллар моральдық шығын талап еткен. Кейін бұл талаптарынан бас тартып, тек жазғандарын жоққа шығаруды сұрады. Бірақ қарашаның ортасында, сот аяқталып қалған тұста, "Нұр Отанның" төрт мүшесі Тамара Шакирова, Разия Бахибекова, Ержан Медеуов және Дидар Аққұлов сотқа моральдық шығын талап етіп, арыз жазды. Кейін сот "Нұр Отан" мен партия мүшелерінің арызын қанағаттандырды.

Партия сот шешімімен келісті және моральдық шығыннан түскен ақшаны қайырымдылыққа жұмсайтынын айтты. Айыпталушылар сот көп шағымдарын қарастырмай, істі асығыс қарады деп мәлімдеді.

Отырыстардың бірінде Әлнұр Ильяшев сотқа сенімсіздік танытып, Қазақстанда судьялар президент тағайындайтынын, судьялардың көбін партия жетекшісі Нұрсұлтан Назарбаевтың жарлығымен бекітілгенін айтқан. Бірақ сот бұл шағымды қараудан бас тартты.

Наурызда Санавар Закирова "Наше право" партиясының құрылтайын өткізбек болған. 9 наурызда құрылтай өтуі тиіс орын жалға алу туралы келісімді бұзып, белсендіге конференц залды бермеді. Құрылтай өтуі тиіс ғимаратты полиция мен арнайы жасақ қоршап, ешкімді өткізбеді.Ал Марат Тұрымбетов мен Әлнұр Ильяшевті сол күні полиция үйінен әкетіп, бірнеше сағаттан соң босатқан.

Артынша белсенділер шенеуніктер саяси партия құруға кедергі жасап жатыр деп айтқан.

Қазақстан заңына сай, партия құру үшін алдымен мың адам қатысатын съезд өткізуі тиіс. Ал партияны ресми түрде тіркеу үшін 40 мың мүшесі болуы керек.

Санавар Закирова бұған дейін сот шешімдерін қайта қарауды талап етіп, бір топ адаммен бірге наразылық шараларын өткізген. Олар талаптарын айтып, "Нұр Отан" партиясының кеңсесіне, Бас прокуратураға және Жоғарғы сотқа барған.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Сот үкімімен келіспегендер "Нұр Отанға" барды