"Үйімді өртеді, жұмыстан қуды". Галина Федюшконың азаматтық белсенділігі мен күресі

Галина Федюшко (оң жақта) мен жергілікті блогер Любовь Гнатива. Ақкөл кенті, Ақмола облысы, 6 тамыз 2021 жыл.

Ақмола облысы Радовка ауылының тұрғыны, белсенділігі мен қайсар мінезі үшін қарсыластары "Светлана Тихановская" атап кеткен Галина Федюшко жұмыссыз қалды. Ол мектепке медицина маскасін тақпай кіргені үшін қызметінен босатылған. Бұл мектепте небәрі жеті оқушы оқиды. Федюшко билік өкілдері өзін қаралауға барын салып көргенін, соған қарамастан басшылардың алдында халықтың құқығын қорғауды жалғастырып келе жатқанын, өзіне бұл қоғамдық ісі ұнайтынын айтады.

Азаттық биыл қаңтардың аяғында сол кезде медбике болып жұмыс істеген Галина Федюшконың жергілікті билік өкілдерімен тіресі туралы жазған. 1 наурызда оны жұмыстан шығарған еді. Ресми себеп: "ол жергілікті мектепке медицина маскасын тақпай кірген". Медбике жұмысынан шеттетілген тұста Радовка ауылында Федюшко талмай күресіп, көп жыл талап етіп келген мәселелер шешімін таба бастаған. Тұрғын үйлерге ауыз су құбыры тартылып, интернет қосылып, иесіз қалған кірпіш зауытын қайта қалпына келтіру жұмыстары жүрген. Медбике де бұрынғы жұмысына оралуға тырысып жүр. Сотқа жүгінген.

РАДОВКАДАҒЫ ӨЗГЕРІСТЕР

2021 жылғы 6 тамыз. Орталықтағы Болашақ көшесінде әдеттен тыс қарбалас байқалады. Жұмысшылардың бір тобы астаналық кәсіпкер сатып алған кірпіш зауытының ескі ғимаратын кеңсеге айналдырудың әлегімен жүр. Екінші бригада су құбырын тарту үшін экскаватормен жер қазып жатыр. Ауылдағы жөндеуден өткен медицина пункті ғимаратының жанында үйіліп жатқан қайың ағашы қысқа дайындықтың белгісіндей көрінеді. Медпункт есігі жабық тұр. Есіктің тұтқасында өрмекші торы көзге шалынады. Өңі кете бастаған көгілдір тақтайшаға Радовкадан 25 шақырым жердегі Наумовка ауылында тұратын медбике Татьяна Валендердің аты-жөні, жұмыс уақыты (14:00-18:00) және төтенше жағдай кезінде хабарласу үшін телефон нөмірі жазылыпты.

Көрші үйдің ауласында жергілікті тұрғын Мұрат Ағымбаев құдықтан су алып жатыр. Ол зауытта жұмысшы болып істейді. Ұлы Щучинскіде механизатор-электрик мамандығы бойынша білім алып жүр, қызы биыл күзде 9-сыныпқа барады.

Радовка ауылының тұрғыны Мұрат Ағымбаев су алып жатыр. Ақмола облысы, 6 тамыз 2021 жыл.

– Процесс басталды. Бүгін міне, бесінші күн. Оған дейін жеті жыл жұмыссыз отырдық. Жалақымыз әзірге 70 мың теңге, алда тағы да өседі. Тиын-тебен табуға мүмкіндік туғанына қуаныштымыз. Бәрінің отбасы бар ғой, – дейді Мұрат.

Енді Ағымбаев су тасудың азабынан құтылады. Ол жақында үйіне су кіргізіп алған. Қақпадан үйге дейін 11 метр су құбырын тарту 50500 теңгеге түскен.

– Суды қанша жыл бойы күттік. Қуанышымызда шек жоқ. Совет кезеңінде су құбыры болатын. Енді үйде су, кәріз жүйесі болады. Қазір басқа ғасыр ғой, – дейді ол.

Мұрат ауылға үйреніп қалғанын, басқа жаққа көшетін ойы жоғын айтады.

– Бұл жақ тыныш. Бірақ тракторың болмаса, мал ұстау қиын. Мысалы, биыл шөп жоқ. Мал ұстағанша, дүкеннен сүт сатып алған оңай.

Радовкада әлі күнге дүкен жоқ. Тұрғындар керек-жарағын алу үшін аудан орталығы Ақкөлге (25 шақырым) барады. Аудан орталығына жету үшін Ақкөлден астанаға (140 шақырым) бару ақысымен бірдей ақша – 3 мың теңге (шамамен жеті доллар) жұмсайды.

Ауылдағы кірпіш зауытын сатып алған астаналық кәсіпкер Мейрам Ғабдулин қазір өндірісті қалпына келтіріп, құрылғыларды ауыстырып жатқанын, келер жылы кедір-бұдыры бар қызыл кірпіш шығаруды жоспарлап отырғанын айтады. Әзірге зауытта 10-15 ауыл тұрғыны мен сырттан келген адамдар жұмыс істейді.

– Зауыт қуаты жақсы болса, 40-50 адамға жұмыс табылады деп ойлаймын. Ауыл халқында жалақы мен тұрақтылық болады, – дейді Ғабдулин.

Жұмысшылар Радовка аулына су құбырын тартып жатыр. Ақмола облысы, 6 тамыз 2021 жыл.

"ҚЫРСЫҚҚАНДА АУЫЛҒА ОРАЛЫП, СОЛ ЖАҚТА ТҰРАМЫН"

Жергілікті мектепте аспаз әрі еден жуушы болып істейтін Татьяна Шепечко сыныптың ішін тазалап жүр. Ол Азаттық тілшісін көрген бойда маскасын тағып, сыныпқа кіруге болмайтынын ескертті.

– Кеше ғана жаңа линолеум төседі. Жөндеу жұмысы аяқталып қалды. Сырлап біткесін мектеп дайын болады. Жеті оқушы бар еді, екеуі мектеп бітіріп кетті. Енді нөлінші сыныпқа да балалар келеді. Бағаналар әкелді, жарықты ауыстыруға дайындалып жатыр. Көктемде интернет жүргізді. Көп өзгеріс болды. Жақсы болып қалды. Әжемізге залға су кіргізіп бердік. 30 мың теңге кетті, – дейді мектеппен қатар ауыл өміріндегі өзгерістер жайлы жаңалықтарды да бөліскен Шепечко.

Татьяна Шепечко – Федюшкоға қарсы тұрғындардың бірі. Ол бұрынғы медбикеге шағымы көп екенін, әлеуметтік желіде Федюшкодан ауыр сөз естігенін айтады. Бұл оқиға ата-аналар жаңа мұғалімге қарсы шығып, балаларды мектепке жібермей қойған кезде болған. Федюшко мұғалімді қолдаған.

– Бізге жаңа мұғалім ұнаған жоқ. Сондықтан мұғалімді ауыстыруды талап еттік. Талабымыз орындалды. Ол [Галина Федюшко] әлеуметтік желіде біздің атымыздан "мұғалімге көңіліміз толады" деп жазып, оған ата-аналардың алғысын жеткізген. Бір оқушының анасы екеуіміз "біздің атымыздан жазудың қажеті жоқ" деген пікір айттық. Содан басталып кетті. Қысқасы, өте көп ауыр сөз айтылды, – дейді Татьяна.

Биыл көктемде ауылдың жеті тұрғыны (олардың арасында Шепечко да бар) "әлеуметтік желіде ар-намысын қорлайтын сөздер айтқаны" үшін Федюшконы сотқа беріп, жауапқа тартуды талап еткен. Бірақ ауыл тұрғындары сотта жеңіліп қалған.

Шепечко қазіргі медбике Татьянаны мақтап, "тамаша адам" деп сипаттайды. Ол әңгіме арасында Федюшконың "жаңа медбикеге күн көрсетпей" жүргенін, жақында ауыл тұрғындарының бастамашыл тобы осы мәселеге қатысты аудан басшылығын шақырғанын атап өтті.

– Біз оны (медбике Валендерді – ред.) сабырға шақырып, "Таня жұмыс істейді, тұрғындар бұл жерде ешкімге тимейді" дедік.

Болашақ көшесінде тағы бір құрылыс басталған. Асхат Балог пен Роман Арсланов есімді екі жас жігіт ұзындығы – он, ені – сегіз метр болатын үйдің іргесін қалап жатыр. Бұл – Қазақстан тәуелсіздік алғалы Радовкада салынып жатқан бірінші үй. Мұнда көпбалалы ата-ана Радик Валиев пен Марина Белованың отбасы тұрады. Олар кейінгі екі жылда құрылыс орнына көрші үйде тұрып келген. Бірақ ауыл тұрғындарымен жанжалдасып қалғаннан кейін құрылыс аяқталғанша, уақытша Ақкөлге кетуге мәжбүр болған.

Асхат Балог пен Роман Арсланов тұрғын үй салып жатыр. Радовка, Ақмола облысы, 6 тамыз 2021 жыл.

– Олар Радикті жақтырмай, ұрсысып, бізді бұл жақтан қуып жіберуді сұрады. Сондай келіспеушілік туды. Біз "бәрінің ішін күйдіріп" үй салып аламыз деп шештік. Үйімізді бітіріп аламыз, ал олар алай-дүлей болып, долданып жүрсін. Қыркүйекте үйге кіреміз деп отырмыз, – дейді Валиевтің немере бауыры Балог.

Бес балалы отбасының Радовкадан "қуылуына" Марина Белова мен оның балаларынан коронавирус инфекциясының анықталуы түрткі болған. Радик Валиев науқаспен байланыста болған адам ретінде екі апта карантинде отыруға міндеттелген. Бірақ ол жұмысқа баруын тоқтатпаған. Радовка аулының медбикесі Татьяна Валендер мұны санитарлық-эпидемиологиялық станцияға хабарлаған.

Радик пен Марина Татьяна Валендер мен Галина Федюшко туралы жақсы пікірде. Екі медбикенің де отбасының өмірінде өзіндік үлесі бар. Татьяна Валендер ауыл медбикесі ретінде Марина мен балаларына медициналық қызмет көрсеткен, ал Галина Федюшко аудан әкімінің қабылдауында болып, отбасына жер мен әлеуметтік көмек беруді сұраған.

Сырттан келген отбасы Радовкада оқшау тұрып, барынша бейтарап болуға тырысқан. Бірақ бір кездері Радик пен Марина Федюшкоға қарсы арызға да қол қойып жіберген.

Ақкөл кентінің тұрғындары Радик Валиев пен Марина Белова балаларымен бірге. Ақмола облысы, 6 тамыз 2021 жыл.

– Оған қарсы қол жинауға келгенде, "жарайды" деп қол қойдық. Ал мәселе мынаған келіп тірелгенде… Бәленің бәрін өздері бастап, енді "сүттен ақ, судан таза" болып шыққысы келеді. Қырсыққанда ауылға оралып, сол жақта тұрамын. Негізі бәрі керісінше болуы керек қой: ауылға адам келгені дұрыс емес пе, ал олар осындай бос дүниемен айналысып жүр. Онсыз да ауылдар құлдырап жатқан кезде олай жасауға болмайды ғой. Бұған медбикенің қатысы жоқ. Қатысы болса да аз ғана…Олардың бәрі бір-бірімен байланысты. Жай ғана өз пікірімді айтып, "Сендер кімсіңдер?" дедім, бәрі содан басталды, – дейді Радик.

– Федюшконы жұмыстан шығарып жіберді, ал бізді ауылдан қуып шықты,– дейді Марина күліп әңгіме өзгерткісі келіп.

– Бізді қуып шықты. Өйткені ол жақтың халқы сондай. Бәрін ту сыртыңнан істейді. Негізі олармен ешқандай байланысым болған жоқ. Жай ғана медбикеге өз пікірімді айттым, ал ол сөзімді ортақ топқа жеткізіпті. Ертеңіне ұрыс-керіс басталды. Адамдарға оларды неге олай атағанымды түсіндірдім [Радик ауыл тұрғындарын "тышқандар" деп атаған], – дейді әйелінің сөзін қоштаған Радик.

"МӘСЕЛЕНІ ОБЛЫС ТА ШЕШЕ АЛМАЙ ОТЫР"

Людмила Белоусова Галина Федюшконы қолдайтындар қатарынан. Азаттық осыған дейін жариялаған материалында зейнеткер мен көршілерінің (кірпіш зауытының бұрынғы иелері Суровтар отбасы) арасындағы бес жылдан бері жалғасып келе жатқан жер дауы туралы жазған. Көршілердің қоршауы зейнеткердің үйіне кіретін жолды жауып қалған. Бұл аулаға отын мен малдың жем-шөбін кіргізуге кедергі болып отыр. Зейнеткер соның кесірінен мал ұстаудан қалғанын, ал билік өкілдері көршілерін қолдап отырғанын айтады.

Зейнеткер Людмила Белоусова үйінің алдында тұр. Радовка, Ақмола облысы, 6 тамыз 2021 жыл.

Көп балалы отбасының тағдыры, Галинаның бұрынғы жұмысына оралуы және біздің аулаға кіретін жол, – дейді өзін алаңдататын үш негізгі мәселені атаған Белоусова.

Федюшко Белоусовтар мен Суровтар арасындағы дауды шешуді сұрап, аудан мен облыс билігіне бірнеше рет шағым жазған. Нәтижесінде 2017 жылдан бері зейнеткердің үйіне шенеуніктер, аудандық соттың судьясы мен прокурордан тұратын бірнеше делегация келген. Бірақ мәселе сол күйі шешілмеген.

– Аудан әкімінің орынбасары Алин [Ақкөл ауданы әкімінің орынбасары Алмас Алин] келіп, "Суровты шақырдық, ол "жоқ" деп отыр. Көлікті үйдің артынан кіргізсеңіздер қайтеді?" деді. Мен оған "Бұл сөзіңізді тағы бір рет қайталасаңыз, аямаймын. Қолыңыздан ештеңе келмесе, бекер келіп, жүйкемізді жұқартпаңыз. Бізге олардың жері керек емес, бірақ үйімізге кіріп-шығатын жол керек" дедім. Бұлай басынбай, дұрыстап бөлуге болар еді ғой. Мәселенің ақ-қарасын ажыратуға облыстан адамдар жібереді, ал олардың қалай шешіп жатқанын көрдіңіз ғой, – дейді Белоусова.

Зейнеткердің 2021 жылы 4 тамызда Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаевқа жазған соңғы хатында "Вадим Суровтың жер теліміне берілген актінің күшін жоюды сұраймыз. Өйткені әкім жер актісін жапсарлас учаскелердің арасындағы шекараны келіспей, заңсыз бекіткен. Жергілікті билік бұл мәселені шешуден бас тартып отыр" делінген.

– Ұлым үйдің артында ағаш жарып, кейін оны арбамен сарайға тасиды. Қазір ештеңе емес, қыста қиын! Күніне төрт-бес рет қар тазалауға шығасың: қар үйіліп қалады. Ұлым күліп, "Анашым, сен кішкентай БелАЗ сияқты қар күрейсің де жүресің" дейді. Қарды күреу керек, әйтпесе үйдің алдынан ағаш кіргізе алмаймыз, – дейді зейнеткер көзіне жас алып.

Зейнеткер Людмила Белоусованың үйі. Радовка, Ақмола облысы, 6 тамыз 2021 жыл.

Людмила Белоусова көршілерімен сөйлескісі келмейді.

– Оларды көргім келмейді. Ұрысып қаламын, жанжал болғанын қаламаймын. Билік соларды қорғап отыр, – дейді ол.

Белоусова қазіргі медбикеге бірде-бір мәрте бармаған.

– Келсе, түстен кейін келеді. Кеше мүлде келген жоқ. Олармен араласпаймын ғой, ол жаққа кіру мүмкін емес. Көктемде бәрі медицина пунктіне жиналып жүрді. Біздің "элита". Біз шағым айтып, соңына түскен соң, жиналуды қойды.

Зейнеткер көп балалы отбасы да Федюшко сияқты қысымға шыдай алмай көшіп кеткенін айтады.

– Олар Галинаны қолынан келгенше қорлайды. Ол бұл жаққа орала алмайды, өрттен кейін үйінде тұру мүмкін емес. Жұмыстан шығарып жіберді. Енді қайтсін?! Қорғанудан басқа амалы жоқ! Өйткені бәрі оған жан-жақтан жабылып жатыр. Оның орнында болсам, мұндайға шыдай алмас едім. Баласы бар, аяймын. Қалай өмір сүреді? Олар осыны ойлай ма екен? Отбасына өмір сүруге мүмкіндік бермеді. Жолындағысының бәрін жайпап өтеді. Бәрін, бәрін. Арсыздар. Кішкентай балаларына обал. Әкімдік оларға көмектесуі керек, – дейді зейнеткер.

13 тамызда Белоусовтардың үйіне облыс әкімдігінен кезекті комиссия келген. Зейнеткердің айтуынша, бұл комиссия да еш нәтиже шығара алмаған.

"АДАМДАР КЕСТЕ БОЙЫНША АУЫРМАЙДЫ ҒОЙ"

Наумовка ауылында тұратын медбике Татьяна Валендердің Радовка халқына қызмет көрсетіп келе жатқанына бір жыл екі ай болған. Жаңа медицина пунктінде мамырдан бері істейді. Екі ауылдың арасы 25 шақырым. Валендер Наумовкада 800 адамға, ал Радовкада 60 адамға қызмет көрсетеді.

Радовка аулындағы медицина пункті. Ақмола облысы, 6 тамыз 2021 жыл.

Медбике күн сайын көрші ауылға қатынау қиын емесін айтады.

– Бұдан тек халық қана зардап шегіп отыр деп ойлаймын. Ол жақта тәулік бойы істейтін тұрақты медбике болса, халыққа қолайлы болар еді. Өйткені келіп-кететін, төрт сағат қана отыратын медбике халық үшін… Адам кесте бойынша ауырмайды ғой, – дейді ол.

Медбике Радовкадағы жаңа медицина пункті ғимараты пайдалануға берілді ме, жоқ па, ол жағын білмейді.

– Құжатқа келсек, менің оған қатысым жоқ. Бұл – басшылықтың жұмысы. Маған кілт беріп, жұмыс орнын ұсынды, өз қызметімді атқарып жүрмін, – дейді Татьяна.

Татьяна әріптесі Федюшкоға көзқарасы түзу екенін, екеуі бір кездері дос та болғанын айтады.

– Иә, оны жеке танимын, көп жыл дос болдық. Оған еш қарсылығым жоқ, қарым-қатынасым да түзу. Әркім өз жұмысын істеп жүр. Оны жұмыстан шығарып жіберді. Бірақ бұл менің кесірімнен болған жоқ қой. Маған медицина қызметкері тағайындалғанға дейін халыққа қызмет көрсетуді тапсырды. Мүмкін ол бұрынғы қызметіне оралар немесе осында тұратын медицина қызметкері табылар. Яғни, мен мұнда уақытша жүрмін, – дейді медбике.

Татьяна Валендердің бастығы, Ақкөл аудандық ауруханасы бас дәрігерінің міндетін атқарушы Ада Лищинская аудан медицина қызметкерлеріне зәру екенін айтқанымен, "Радовкада жеке медбике бола ма?" деген сұраққа жауап бере алмады. Оның дерегінше, аталған жұмыс орны әзірге бос тұр.

– Қазір айта алмаймын. Кадр табылса, жұмысқа қабылдаймыз. Тамызда орта дәрежелі медицина қызметкерлері шығып қалар деп күтіп отырмыз. Жолдамамен жіберілетін жоғары дәрежелі дәрігерлер әдетте 1 қыркүйекке дейін келеді. Біреу табыла қалса, бірінші кезекте осы ауылдың мәселесін шешеміз. Қазір мәжбүрлі шараға барып отырмыз. Бұл – Радовкаға ғана тән жағдай емес. Медицина қызметкері жоқ елдімекендер де бар, – дейді Лищинская.

Жеке инвестор қалпына келтіріп жатқан кірпіш зауытындағы пештер. Радовка, Ақмола облысы, 6 тамыз 2021 жыл.

Аудандық аурухана сайтында 2020 жылы 18 сала бойынша бос жұмыс орындарының тізімі жарияланған. Әсіресе, медбикеге сұраныс жоғары.

Лищинская Федюшконың өзін қайта жұмысқа алуды сұрап, аудандық денсаулық сақтау басқармасына берген шағымы туралы мынадай пікір білдірді:

– Галина [бірінші инстанциядағы] сот шешіміне қарсы шағым беретін сияқты. Бұл мәселемен заңгер айналысып жатыр. Әрине, кадр мәселесі. Бірақ білуімше, мұнда басқа бір нәрсе бар. Мүмкін жағдайды толық білмейтін шығармын, өйткені бас дәрігердің міндетін уақытша атқарып жүрмін. Бұл жағдайға халық түрткі болды. Ол жақта бір шиеленіс, жұртпен арада түсініспеушілік болып жатыр. Ал халыққа қызмет көрсетіп жүрген қыз [Валендер] ауылға барып тұрады. Айтпақшы, сәуірден бері медбикенің үстінен халықтан шағым түскен жоқ.

ЖҰМЫССЫЗ МЕДБИКЕНІҢ ҚАЗІРГІ ӨМІРІ

Галина Федюшконы жұмыстан шығаруға ресми түрде медбикенің Радовка мектебіне медицина маскасын тақпай кіргені себеп болған. Медбике мұны билікке ыңғайсыз мәселелерді көтергені үшін өзін жұмыстан босатудың сылтауы деп бағалайды.

Радовка аулындағы мектеп. Ақмола облысы, 6 тамыз 2021 жыл.

Аудандық аурухананың бұрынғы бас дәрігері Серік Ақшаловтың (Федюшко бұл дәрігердің тұсында бір рет жұмыстан босатылып, сот арқылы жұмысына қайта орналасқан) 2021 жылы 1 наурыздағы бұйрығында "Маска режимін сақтамағаны үшін тәртіптік жауапкершілікке тартылған қызметкер жұмыс міндеттемесін қайта бұзғаны үшін еңбек шарты бұзылсын" деп жазылған.

Федюшко тағы да аудандық сотқа шағым берген. Бірақ сот оның шағымын қанағаттандырмаған. Енді ол апелляция сотына жүгінбек. Федюшко сот "медбике жұмыстан заңсыз шығарылған" дейтін шешім шығарады деп үміттенеді.

Федюшко кейінгі жылы Радовкадағы үйінде болған өрттен соң, 14 жастағы ұлымен бірге Ақкөлде пәтер жалдап тұрады. Табысының көп бөлігі сол жалдамалы пәтерге кетеді.

Қазір Галина мен ұлы жұмыссыздығы және асыраушысынан айрылғаны үшін берілетін әлеуметтік жәрдемақыға – 90 мың теңгеге күнелтіп отыр. Жалғызілікті ана жазда жалдамалы пәтерге коммуналдық төлемдерді қосқанда 60 мың, қыста 70 мың теңгеге дейін төлейді. Федюшко 1 қазаннан бастап пәтер ақысын төлей алмайды, өйткені қыркүйекте жұмыссыздығы үшін берілетін жәрдемақы тоқтайды.

– Мені жұмыстан босатқан кезде жұмыспен қамту орталығына барып, кәсіпкерлерді қолдау бағдарламасы аясында гирудотерапия [медициналық сүлік көмегімен емдеу] бойынша бизнес-жоба қорғап, 600 мың теңге грант ұтып алдым. 1 қыркүйекке дейін жабдық сатып алып, бір ғимаратты жалға алуым керек еді. Жақсы орын тауып, иесімен келісіп қойдым. Құжаттарға қол қоятын кезде жалға беруші белгісіз себептермен келісімнен бас тартты. Мен бұған жергілікті атқарушы биліктің қатысы бар деп ойлаймын. Енді жеке кәсіпкерлікті жауып, мемлекетке ақшаны қайтаруым керек, – дейді Федюшко. Айтуынша, жұмыспен қамту орталығы оны аудандық ауруханаға жіберген, бірақ олар Федюшконы жұмысқа алудан бас тартқан.

Ақкөл қаласы әкімдігінің алдынан өтіп бара жатқан адам. Ақмола облысы, 13 тамыз 2021 жыл.

Жұмыссыз қалуы Федюшконы бұрынғыдан да шыңдай түскендей.

– Күні бойы біресе заңгерлерден кеңес алып, біресе әкімдікке, прокуратура мен сотқа жүгіремін. Жұмыссыз қалғалы осымен айналысып жүрмін, – дейді ол.

Федюшкоға көп адам кеңес пен көмек сұрап келеді. Галина бір-екі айдан бері табанынан тозып жүрген адамға жедел ауруханаға жатуға, тағы бір азаматқа жұмыспен қамту орталығына есепке тұруға көмектескен.

Көп балалы ана Марина Белова да медбикенің көмегіне жүгінген. "Аудан әкіміне бірге бардық. Әкім бірден жер берді. Оған дейін Радовкадан ешкімге жаңа учаске берілмеген. Мен ауылда тұрған он жылда мұндай жағдай болмаған" дейді Галина.

– Қарапайым адамдардың арасында беделім бар, ал мынау отырған ұры-қарылар, көп бастықтар мені қарапайым жұмысшыны қолынан жетектеп, басшылардың кабинетіне апарып, "енді былай" деп айтатыным үшін жек көреді. Өз басым осыдан ләззат аламын, түсінесіз бе? Бірақ мені ренжітсе, айтқанымнан қайтпаймын. Билік өкілдері мен туралы түрлі қауесет таратып, "маскүнем" деп, атыма кір келтіруге тырысқанымен, халықты алдай алмайсың ғой. Адамдар бүкіл шындықты көріп отыр, – дейді Галина.

Медбике Федюшко Радовкадағы өзгерістерде менің де үлесім бар деп есептейді. Бірақ ол зейнеткер Белоусованың мәселесі шешілмей жатқанын айтып, қынжылады.

– Ауылдағы өзгерістерге жазған хаттарым әсер етті деп кесіп айта алмаймын. Бірақ жаңа медицина пунктінің ашылуына еңбегім сіңді деп ойлаймын. Өйткені бұрынғы медицина пунктінің санитарлық талаптарға сай келмейтінін бірінші болып айта бастадым. Ауылдағы ауыз суға келсек, бұл туралы он жылдан бері жазып келемін. Ал Белоусовтардың мәселесі соңына жеткенше тынбаймын.

Қайта қалпына келтіріліп жатқан кірпіш зауытының кеңсесін салып жатқан жұмысшы. Радовка, Ақмола облысы, 6 тамыз 2021 жыл.

АҚКӨЛДЕГІ БЕЛСЕНДІ

Әңгіме барысында Галинаның жанында белсенді, YouTube арнасында Ақкөлдегі мәселелерді көтеріп жүрген блогер Любовь Гнатива отырды. Ол –Федюшкомен ой-пікірі ортақ азамат. Қос белсенді уақытқа қарап, аудан әкімінің қабылдауына асығып тұрғанын айтты.

– Видео саламын. Өз құқығымды қорғап жүрмін деуге болады. Бәрі былтыр қыста қала әкімінен көше мен тротуардағы қарды тазалауды талап етуден басталды. Осы үшін әкім "жалған ақпарат таратты" деп, үстімнен полицияға арыз берді. Бірақ кейін бұл іс тоқтады. Менде екі жылдан бері қар тазаланбағанын растайтын дәлелдер бар. Қар полигонына бардым, ол жақ бос жатыр. Түсіндіңіз бе? – дейді Любовь Гнатива.

Гнативаның YouTube арнасында 78 тұрақты көрермен бар, видеолардың қаралымы да онша көп емес. Бірақ желіде Ақкөлдің мәселесін басқа ешкім көтермейді.

Любовьтің дерегінше, Радовкаға су құбырын "Камила" ЖШС жүргізіп жатыр. Ал бұл компания қала әкімінің туған ағасы Геннадий Кривицкийге тиесілі.

– Тендерде неге үнемі бір адам ғана жеңіске жете береді? Қазандықты тазалаған кезде қалаға күл-тозаң шашады. Мен түсірген видеоларда осының бәрі бар. Экология басқармасы мен прокуратураға жаздым. Бүгін келіп, бәрін анықтауға уәде берді.

ӘКІМ ЖӘНЕ БИЛІКТІ ЖАҚТАЙТЫН БЛОГЕР

Ақкөл қаласының (Радовка ауылы осы округке қарайды) әкімі Анатолий Кривицкий телефон арқылы пікір беруден бас тартып, кейін қала әкімдігінде кездесуге келісті.

Ақкөл қаласының әкімі Анатолий Кривицкий. Любовь Гнативаның видеосынан скриншот. Ақкөл, 12 тамыз 2021 жыл.

Белгіленген уақытта әкімдік алдында билікті жақтайтын ерікті әрі блогер Игорь Ильин тұрды. Ол Азаттыққа Федюшко туралы материал шыққаннан кейін үш күннен соң Радовкаға барып, медбикеге қарсы ауыл тұрғындарының талабын тыңдаған, бірақ Федюшконың пікірін сұрамаған.

Блогер әкімнің көп ұзамай келетінін айтып, сұхбатқа қатысуға ниет білдірді.

Екі минуттан кейін әкім де көрінді. Шенеунік үстіне совет заманындағы құрылыс басшыларының киіміне ұқсайтын желден қорғайтын күртеше, біраз ескірген қара түсті спорт аяқ киімін киген. Кривицкий әкімдік алдында өзін күтіп тұрған тілшіге сүзе қарап шықты да, ішке шақырды. Кабинетке әкімнің заңгерін де шақыртты.

– Көп алдында сөйлегенді ұнатпаймын. Жақында Ақкөлдің 30 жылдығына арналған фильм түсірді. Осында туып-өсіп, 20 жылдай мемлекеттік қызметте істесем де, фильмге түсуден бас тарттым, – деген әкім өзін суретке түсіруге келіспейтінін білдірді.

Кривицкий көптің алдында жүргенді шынымен ұнатпайтын сыңайлы. Желіде әкімнің суреті аз. Ал қаланың сайты мүлде жоқ.

– Кімнің жағында болатыныңызды, бұл материалды қалай жеткізетініңізді білмеймін. Сіз туралы "бәрін шынайы түрде көрсетуі керек" дегенді оқыдым, – дейді ол. Осы тұста әкімнің көзінен бір мысқыл байқалды. – Бәрі объективті болар деп үміттенемін. Өзіңе тиімді етіп, цитаталардың орнын ауыстыра беруге болады ғой.

Анатолий Кривицкий Ақкөлді алты жылдан бері басқарады. Былтыр мәслихат депутаттары әкімді қайта сайлаған, сондықтан шенеунік биыл өткен әкімдердің тікелей сайлауына қатыспаған.

– Ақкөлде тудым, осы жақта жұмыс істеймін және осында қаламын. Туыстарымның бәрі осында, ешкім басқа өңірге кеткен жоқ, – дейді қала басшысы мақтанышын жасырмай.

Азаттық: Гнативаның айтуынша, Радовкаға су жүргізген фирманы ағаңыз басқарады екен.

Анатолий Кривицкий: Сұрақты дұрыс қойып отырған жоқсыз. Заңды сәл-пәл білетін адам құны 100 миллионнан асатын байқауды облыс, ал ақшасы одан аз тендерді аудан әкімдігінің құрылыс бөлімі ұйымдастыратынын білуі керек. Бұл байқауларды қала әкімдігі өткізбейді. Яғни, құрылыс бөліміне ешқандай ықпалым жоқ. Мемлекеттік сатып алу электронды түрде жүреді. Яғни, ол жақта адами факторға жол берілмейді. Ауданда жұмыс істейтін ондаған фирманы атай аламын. ["Камила" ЖШС] басында бұл байқауда жеңіліп қалып, шағым берді. Ұпайын қайта есептегеннен кейін ғана жеңіске жетті. Бұл байқауды қаржы бақылау комитеті де тексерді. Қандай да бір сұрақ болса, прокуратура, қаржы полициясы, жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі бар. Арыз жазыңыз, тексерсін.

Ақкөл қаласындағы көше қиылысы. Ақмола облысы, 13 тамыз 2021 жыл.

Анатолий Кривицкий облыстық мемлекеттік газет сайтына 2015 жылы жарияланған сұхбатында "Камила" ЖШС компаниясын нөлден бастап қалай дамытқанын әңгімелейді.

Кривицкий – Федюшко мен Гнативаға қатысты екі құжаттың авторы. Ол ауыл тұрғындарының шағымынан кейін аудандық аурухананың сол кездегі бас дәрігері Ақшаловқа қызметтік хат жазып, медбикеге шара қолдануды сұраған. Ал Гнативаға қарсы видео жариялағаны үшін полицияға арыз берген.

Әкім тұрғындардың шағымына жауап беруі керегін, сондықтан өз міндетін атқарғанын айтады.

Кривицкийдің 2020 жылы 26 наурызда аудандық полиция бөлімінің басшысы Нариман Әлиевке жазған арызында "Жалған ақпарат таратып, халықты адастырып, жергілікті билік органдарына қарсы арандатқаны үшін азамат Л.П. Гнативаға қарсы тиісті шара қолдануды сұраймын" делінген.

– Оның трактордың жолына тұрып, "дұрыс тазалап жатқан жоқсыңдар" деп, жұмысқа кедергі келтіргеніне тракторшы мен көршілер куә. Арыз жазуыма тура келді. Кейін аудандық полиция бөлімінің басшысынан істі тоқтатуды сұрадым. Өйткені Гнатива айыппұл төлеуі мүмкін еді. Ал ол жұмыссыз болатын, – дейді әкім.

Кривицкий Федюшко мен Гнативаның қала басшысының қызметіне неге көңілі толмайтынын өзінше түсіндіреді.

– Мен – принципшіл адаммын. Адамдардың жұмыс істегенін ұнатамын. Шындықты бетке айтамын, бұл екінің біріне ұнай бермейді.

Әкіммен кездесу кезінде Радовкаға Федюшконың шағымы бойынша құрылған облыстық комиссия барып, зейнеткер Белоусовамен кездескен. Кривицкий Суровтар үйін заңды түрде қоршап алғанын, сот шешімінен кейін билік өкілдері бұл дауға араласа алмайтынын айтады.

– Екі үйдің арасындағы шекара бойынша шешімді әуел бастан қалалық әкімдік қабылдаса, мұндайға жол бермес едік. Шешімді аудандық жер қатынастары бөлімі мен техникалық инвентаризация бюросы қабылдаған. Сондықтан үйдің арасы осылай бөлінген. Қазір Белоусовтар мен Суровтардың арасындағы дауды амалын тауып, реттеу керек. Белоусовтардың Суровтардан кешірім сұрағаны дұрыс шығар. Суровтар түсініп, келісімге келеді деп ойлаймын, өйткені бәрі жап-жақсы адамдар. Бір-екі метрге жылжиды. Шағын ауыл, бәрі тіл табысып кетеді. Бұл мәселені тек бейбіт жолмен ғана шешуге болады, өйткені заңды жолмен шеше алмаймыз. Заң бойынша, бұл – Суровтың жері. Белоусовтар кішкене келіссөзге барып, басқаларды тыңдамауы керек. Кім туралы айтып отырғанымды түсінген шығарсыз, – деді әкім.

Азаттық: Онда бүгін комиссия не үшін барды?

Анатолий Кривицкий: Федюшко мен Гнатива облыс әкімінің қабылдауында болған. Әкім мәселені тағы бір рет тексеруді тапсырған көрінеді.

"ЕШҚАНДАЙ ӘЛЕУМЕТТІК ШИЕЛЕНІС ЖОҚ"

Анатолий Кривицкий биыл "Радовка жылы" екенін, ауылдағы "жоспарлы" жұмыстарға Федюшконың еш қатысы жоғын айтады.

– Қазір барлық талаптарға сай келетін медицина пункті бар. Демеушілердің есебінен интернет тарттық. Кірпіш зауытының жұмысы тоқтағаннан кейін иесіз қалған жарық бағандарын коммуналдық иелікке алып, жөндеуден өткізіп жатырмыз. 25 шақырым құрайтын Ерназар – Радовка – Наумовка жолының жоба-сметалық құжаттамасы дайындалып жатыр. Келер жылы асфальт төселеді. Халық дән риза. Ол жақта жақсы адамдар тұрады. Ауыл жақсы. Ешқандай әлеуметтік шиеленіс жоқ. Ауылда ешкім су сұраған жоқ. Ішіп отырған суы ұнайтын да. Бұл да – біздің кейін жерді қазбалап жүрмейік деп қолға алған жеке бастамамыз.

Радовка аулындағы мектеп ауласы. Ақмола облысы, 6 тамыз 2021 жыл.

Азаттық: Федюшконың суға көңілі толмаған. Ол бұл мәселені көп жерде көтеріп келген.

Анатолий Кривицкий: Игорь дұрыс айтады: адамға көп нәрсе жақпайды.

– Мен айтсам бола ма? – деді әңгімеге араласқан Игорь Ильин.

– Игорь, мархабат! Игорьді әдейі шақырдым, өйткені біз ол арқылы көп отбасыға көмектесеміз. Қала әкімдігі ғана емес, кәсіпкерлер де көмектеседі. Кейде тікелей мүмкіндік болмайды, Игорь сондай отбасыларды табады. Бізде бұл жұмыс жақсы жолға қойылған, – деді сөз кезегін еріктіге берген әкім.

– Міне, қараңыз, фактілер, фактілер. Ауыл бейбіт өмір сүріп жатқан. Федюшко жүрген жерде бір жанжал басталады. Федюшко болмаса, кикілжің де жоқ. Бар болғаны – осы. Бұл өзі сондай адам… Жоқ, әрине, қашанда бір оппозиция керек. Бірақ оның да бір шегі болуы керек қой, – дейді блогер Ильин.

КҮЛ ТӨСЕЛГЕН ЖОЛ ЖӘНЕ ҚАР ТАЗАЛАУҒА ҚАТЫСТЫ ДАУ

Әкім Ақкөл көшелеріне күл қалдығы төселетінін жоққа шығармайды. Мұны 12 тамызда келген облыстық комиссия да растаған.

– Экологтар акт жасады. Енді шешім қабылдайды. Көбіне тұрғындардан өтініш түседі немесе қаланың іргесіндегі көшелерге халықтың өзі күл төсеп тастайды. Өздері сұраған соң, біз күл төсеуге рұқсат береміз. Кеше сол көшелермен жүрдік. Шынын айтсам, теп-тегіс жолдар. Бұл зиян деп ойламаймын. Оның үстіне, тұрғындар күл төккен жолдың үстіне қиыршық тас төсеп шықтық. Биыл бес километр жолға асфальт, 15 шақырым жерге қиыршық тас төседік. Былтыр да осы шамадағы жол жөнделген. Қазір облыстан ақша бөліне бастады. Біз дотациялық ауданға жатамыз, – деді Кривицкий.

Ақкөл қаласындағы күл төселген көшелердің бірі. Ақмола облысы, 13 тамыз 2021 жыл.

Ильин блогерлер билікпен бірге жұмыс істеуі керек, ал Гнатива тек сынауды ғана біледі деп есептейді.

– Анатолий Казимировичке "Тракторға отырып, жұмыстың қалай жүріп жатқанын көріп қайтайын" дедім. Өйткені аналар, мыналар іліп әкетіп, жаза бастады… Төрт күн бойы таңғы бестен бастап, қас қарайғанша трактордағы жұмысшылармен бірге жүрдім. Гнативаға "Менімен бірге жүріңіз, бәрін қарап шығайық, Анатолий Казимировичке кіріп, кез келген мәселені шешеміз, жұмыстың қалай ұйымдастырылып жатқанын көріп қайтамыз" дедім. Ол "Сенімен бірге баратындай кім едің?" деген жауап қайырды. "Мен де еріктімін, қаламыздың тағдырына алаңдаймын" дедім. Тракторға отырып, бәрін көзіммен көріп шықтым. Гнатива олай жасамайды, тек сынауды ғана біледі. Ол "мына жердің қары тазаланбаған" деген видео түсірді. Әрине, тазаланбайды, өйткені қар төрт сағат бұрын ғана жауған. Жұмысшылар бүкіл көше мен бұрыш-бұрыштағы қарды тазалай алмайды ғой. Бәрі жоспар бойынша жасалады. Бірінші жедел жәрдем баратын подъездерді, орталық көшелерді тазалайды. Ал олар бір бұрышты видеоға түсіріп, "мына жер тазаланбаған" деп шығады, – дейді Ильин.

– Өзімді мақтағаным емес, бірақ бұл облыстағы ең жақсы орталықтардың бірі. Қазір аты аталған адамдар бүкіл еңбегімізді, мемлекеттік қызметкерлердің жұмысын жоққа шығарып, олардың қызметіне кедергі келтіреді. Адамдар әртүрлі болады ғой, осы қалпымызды жоғалтпай, жақсы жұмыс істеуіміз үшін Гнатива, Федюшко сияқтылар да болуы керек шығар. Игорь, біз бүгінгі әңгімемізді де салатын шығармыз. Кейін қараймыз, қайтадан тыңдап шығамын, – деді әкім.

"ТЫҒЫРЫҚҚА ТІРЕП, ҚЫСПАҚҚА АЛҒЫСЫ КЕЛЕДІ"

– Игорь қыс бойы маған және Любаға қарсы күрес жүргізіп келеді. Әкімнің жұмысындағы кемшіліктер туралы видео түсірсек, ол біз жүріп өткен жерлерді аралап, бәрін басқа сөзбен, бұрмаланған қалыпта көрсетіп шығады. Оны "әкімнің боты" деп атаймыз, – дейді әкімдіктегі ерікті туралы ойын айтқан медбике.

Федюшко өзін қазіргі билікке қарсы азаматтардың қатарына қоспайды.

– Президент пен еліміздің конституциялық құрылымын қолдаймын. Бірақ жергілікті жердегі атқарушы органдар Конституцияда жазылған дүниелерді орындап жүр ме, жоқ па, бұл басқа мәселе. Қайта оны [еріктіні] және Кривицкийді "оппозиционер" деуге болады, өйткені олар халықтың пайдасына жұмыс істемейді. Өз құзыретін асырып, билігін қара басының қамы үшін пайдаланады, – дейді оппозиция туралы пікірін ортаға салған Галина Федюшко. Ол осыған дейін жазған арыздарында билеуші "Нұр Отан" партиясына мүше екенін айтқан.

– Айналамызда құқықтық алаңнан тыс қалған адам көп. Олар не өз құқығын, не заңды білмейді. Халық заңгерлерге, сотқа, бастықтарына, әкімдікке бармайды, мен немесе Люба сияқты адамдарға көмек сұрап келеді. Қолымыздан бәрі келеді демеймін. Бірақ өзіме есерсоқ басшылардың алдында халықтың құқығын қорғауға көмектесемін деп уәде бердім. Бұл қызметім үшін ақы алмаймын. Тәрбием, хромосомам сондай. Ата-анам сондай адамдар еді, – дейді Галина.

Федюшко "Қызметіңізге байланысты денсаулығыңыз бен өміріңізге қауіп төнуі мүмкін бе?" деген сұраққа былай жауап берді:

– Солай болуы мүмкін деп ойламаймын, осыған дейінгі тәжірибемнен анық білемін. Былтыр үйіме өрт қойды, Радовка мен Ақкөлде белгісіз біреулер қоғамдық орындарға менің атымды қосып, балағат сөздер жазып кетті, жұмыстан қуылдым. Өйткені бәріне қолайсыз адаммын. Өмір сүруге мүмкіндік қалдырмай, тығырыққа тіреп, қыспаққа алғысы келеді. Шағын ауылда адам сияқты жұмыс істеуге мүмкіндік беріңдер. Жасым да біразға таяды. Үйімді реттеп, медицинамен айналысқым келеді. Радовкада әлеуметтік шиеленіс әдейі жасалады. Ауылға кірсем болды, бастамашыл топ жала жауып, полиция шақырып, "бізді қорлады" деп немесе басқа нәрсе айтып, айыптай жөнеледі. Қудалау әлі де жалғасып жатыр…

Ақкөл аудандық әкімдігінің дерегінше, биыл Радовка ауылындағы су құбыры мен электр желісін толық жөндеуден өткізуге 22,8 миллион теңге бөлінген.

Жөндеу жұмысы 2021 жылдың 1 қазанына дейін аяқталуы керек. Радовка – Ерназар арасындағы жолды толық жөндеуден өткізу жұмысының жоба-сметалық құжатын дайындауға 8 миллион теңге бөлінген. Ақмола облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолы басқармасы биыл Наумовка – Радовка бағытындағы жолды жөндеуге бюджеттен 49,8 миллион теңге бөлуді сұрап, өтініш беру мүмкіндігін қарастырып отыр.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Оралман Галина Федюшконың жергілікті "Светлана Тихановскаяға" айналуы"Аузына қақпақ қойып, қол-аяғын тұсау". Жұмыссыз белсенді Әлнұр Ильяшевтың бір күніБелсенді оққа ұшса да, ешкім жазаланбады. Бақтыбаевтың өліміне қатысты сот қалай аяқталды? "Божко жерімізді қайтарсын". Оразақтағы жер дауы Ауылдағы наразылық үрдісі. Зерттеу қорытындысы шынайы жағдайды көрсете ме?