"Діни ахуалы ең күрделі аймақта" кеңес өтті

Your browser doesn’t support HTML5

AzatNEWS 19.05.2017

Парламент, әкімдік пен арнайы органдар бас қосқан көшпелі отырыста әр тарап діни радикализмнің асқынуына қатысты өз ескертпелерін тізіп шықты.

Қазақстан парламенті мәжілісінің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитеті мамырдың 19-ында Ақтөбе қаласында терроризмнің алдын алу және осы орайдағы заңнаманы жетілдіру үшін көшпелі отырыс өткізді. Былтыр маусымның 5-інде болған қарулы шабуылдан соң Ақтөбеде терроризм тақырыбына арналған жиындар жиі өтіп тұрады. Бірақ олардың бір де біреуінде бұл жолғыдай елдегі діни ахуалға қатысты деректер жария түрде айтылған емес. ҰҚК дерегінше, елдегі «діни ахуалы ең күрделі аймақ» – Ақтөбе облысы.

САЛАФИЗМГЕ ТЫЙЫМ САЛУ ҰСЫНЫСЫ

Биыл Ақтөбе облысының 22 тұрғыны экстремизм айыбымен сотталып кеткен. «Діни топ жетекшілері» деп сипатталған тағы тоғыз адамның ісі тергеліп жатыр. Одан бөлек «теріс діни ағымды ұстанушы» 21 тұрғынға түрлі айып тағылған. Бұл туралы Мәжілістің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің Ақтөбедегі көшпелі отырысында ҰҚК төрағасының орынбасары Нұрғали Білісбеков айтты.

- Ақтөбеде діни ахуал түбегейлі жақсарып кетті деуге әлі ертерек. Ақтөбе облысы бұрынғысынша теріс діни ағымды ұстанушылар саны жағынан алда келеді, - деді ол.

Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев жергілікті билік өкілдерінің қолында теріс жолда жүргендердің кім екені, немен айналысатындары, нақты саны мен отбасы мүшелері туралы «толық мәлімет барын» атап өтті. Әкімнің сөзіне қарағанда, радикалдарды заңсыз кәсіпкерлікпен айналысушылар яғни, «мұнай ұрлап сатушылар, қалта телефонын жөндеушілер қаржыландырып отыр». Жергілікті билік салық органдары мен күштік құрылымдардан заңсыз кәсіпкерлерді жіті бақылауды сұрайды.

Діни радикализммен күрес мәселелерін талқылаушы көшпелі отырысқа қатысушылар. Ақтөбе, 19 мамыр 2017 жыл

- Мен Қазақстанда салафизм идеясын ұстанушыларға ресми түрде тыйым салуды ұсынамын. Діни әдебиеттерді тәркілеуді де одан әрі жалғастыра берген жөн. Әйел теологтарды дайындау да тез арада шешімін табуы тиіс мәселе. Өйткені, Ақтөбе облысындағы теріс ағымды ұстанушылардың 30 пайызы – әйел адамдар. Денсаулық кодексіне де өзгеріс енгізілуі керек. Мысалы, Ақтөбе облысында салафизмді ұстанатын әке-шешесі вакцина салдырмай отырған 2,5 мың бала бар. Заңнамаларға өзгеріс енгізілмесе, жағдай тіпті ушығып кетуі мүмкін. Тағы бір ұсынысым – аймақтардағы жоғарғы оқу орындарында теологтар дайындай бастау керек, - деді Сапарбаев.

Бердібек Сапарбаевтың ұсынысын Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Мәулен Әшімбаев Астанаға жеткізуге уәде етті.

ЖЕМҚОРЛЫҚ ФАКТОРЫ

Көшпелі жиында көтерілген тағы бір мәселе – діни экстремизмнің алдын алу жұмыстарының осалдығы. Бас прокурордың орынбасары Марат Ахметжанов діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу бойынша мемлекеттік бағдарлама кейбір өңірлерде дұрыс атқарылмай отыр деп мәлімдеді.

- Біз экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл мемлекеттік бағдарламасының орындалу сапасын тексердік. Бұл мақсатта қомақты қаржы қаржы бөлінеді. Жергілікті бюджеттің өзінен ғана 53 миллиард теңге бөлінген. Бірақ кейбір өңірлерде мемлекеттік сатып алу қызметінің жетілмеуінен қаржы дұрыс жұмсалмайды. Жымқыру пайда болған. Мысалы, Қарағанды облысында 2015 жылдың соңында Сирияға кеткен отбасы туралы видеоролик түсіру, «Хақ жолы» деп аталатын спектакль дайындау және «Дінді сақта» деп аталатын шара өткізу туралы кесілім жасалған. Бірақ, келісім бойынша қаржы аударылғанымен, тапсырыс орындалмаған. Мұндай фактілер Ақмола, Жамбыл және Батыс Қазақстан облыстарында да анықталды, - деді Ахметжанов.

Бас прокурордың орынбасары кейбір облыстарда діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу жұмыстарымен «дін туралы түсінігі жоқ» мамандардың айналысқанын, үкіметтік емес ұйымдардың радикалдық діни көзқарастағы адамды райынан қайтару әдіс-тәсілдері бірдей емес екеніне назар аудартты.

Мәулен Әшімбаев, Мәжілістің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы. Ақтөбе, 19 мамыр 2017 жыл

Елде экстремизмнің алдын алу насихаты үшін бөлінген қаржы жүйесіз жұмсалып жатқан кезде халықаралық террористік ұйымдар интернеттегі белсенділігін күшейте түскен. ҰҚК төрағасының орынбасары Нұрғали Білісбековтің сөзінше, «теріс ағымды насихаттайтын бір сайт бұғатталса, ізінше он жаңа сайт пайда болады». Оның сөзіне қарағанда, қазір Таяу Шығыс елдерінде 500 қазақстандық радикал джихадшы жүр. Олардың арасында әйелдер мен балалар да бар. Шиеленіс аймағынан Қазақстанға қайтып оралғандар да болған.

- Біз соғысқа кеткендер туралы мәліметті объективті түрде тексереміз. Егер ол адам соғыс қимылдарына тікелей қатысқан болса, онда сөз жоқ сотталады. Елге қайтып оралушылардың жалған құжат пайдалануы да мүмкін. Біз тіпті қай елдердің құжатын пайдаланатындарын да білеміз. Украина, Тәжікстан, тағы басқа мемлекеттер. Жалған төлқұжат өте сапалы болуы да ықтимал. Сондықтан біз шекара қызметін арнайы құрылғымен жабдықтадық. Заманауи құрылғының жадына терроршылар туралы барлық ақпарат, тіпті физикалық мәліметтері де енгізілген, - дейді Білісбеков.

Нұрғали Білісбековтің сөзіне қарағанда, ҰҚК ТМД-дан бөлек алты мемлекеттің арнайы қызметімен ақпарат алмасып, бірлесе жұмыс істеп отыр. Комитет шетелдердегі қарулы қақтығыстарға қатысуға кеткен 500 қазақстандық туралы деректерді АҚШ-тың орталық барлау қызметі, «Интерпол» мен шетелдегі әріптестерінің барлығына тапсырып қойған.

БАЛАЛАРДЫ ҚОРҒАУ

Қазақстанның Бас прокуратурасының мәліметінше, 1990 жылдардан бері ел аумағында бала оқытатын мыңға жуық діни мекеме ашылған. Пансионат, оқу орталығы, интернат ретінде тіркелген бұл мекемелерде жыл сайын 30 мыңнан астам бала білім алады.

- Ол жерлерде (діни мектептерде – ред.) балаларды дінге баулып жатыр. 6-16 жас аралығындағы балаларды намазға жығып, хадис пен сүрелерді үйретеді. Жас балаларға экстремистік көзқарастағы адамдардың сабақ берген жағдайлары да кездесті. Мысалы, Жамбыл облысындағы осындай бір мекемеде «Таблиғи Жамағат» ілімін ұстанушы бала оқытқан. Жаңа заң жобасын жасаған кезде осы жайт та ескерілуі керек. Бала және дін мәселесіне сақтықпен қарамасақ болмайды, - деді Бас прокурордың орынбасары Марат Ахметжанов.

Ақтөбедегі діни радикализммен күрес кеңесінен жалпы көрініс. 19 мамыр 2017 жыл

Білім және ғылым вице-министрі Эльмира Суханбердиеваның дерегінше, Ақтөбе облысында «ата-анасы радикалдық діни көзқарас ұстанатын» 516 бала орта мектептерге келіп жүр.

- Оларды жасөспірімдер ісі жөніндегі инспекторлар, әлеуметтік педагогтар мен психологтар, мұғалімдер шу шығармай, [артық] назар аудартпай жіті бақылап отыр. Басты мақсат – баланың жанын жаралап алмау. Білім министрлігі мұндай балалармен жұмыс істеу үшін аймақтарға арнайы нұсқау берді. Ақтөбе облысында біз бақылауда ұстап отырған 516 бала бар, ал көршілес Атырау облысында 300-ге жуық, - деді Эльмира Суханбердиева.

Ақтөбедегі жиынға Қазақстанның Бас мүфтиі Ержан Малғажыұлы да барды. Бас мүфти елдегі діни ахуалдың нашарлығын теологтардың тапшылығынан көреді.

- Имамдар уахабизм ағымындағылармен сөйлесе алмайды. Бұл олардың жұмысы емес. Олармен сөйлесетін – теолог. Біздегі кемшіліктің ең үлкені – теологтар жоқ. Біз теологтардың жұмысына имамдарды салып қойдық. Мысалы, ел аумағындағы абақтыларда күн сайын 95 имам жұмыс істейді. Өйткені, КУИС-пен келісіміміз бар. Соның нәтижесінде 2016 жылы абақтылардағы 196 радикал дәстүрлі исламға оралды, - деді Бас мүфти.

Ержан Малғажыұлы сөз арасында «дінді ешкім де тоқтата алмайтынын», совет үкіметінің өзі 70 жылға ғана тоқтатқанын айтып, терроризммен күресушілерді «дінмен күреспеуге» шақырды.

Қазақстанның қауіпсіздік қызметі мен полициясы «өзіне қарсы қару қолданды» деп сипаттап, қолға түсіру үшін арнайы операция ұйымдастырған діни ағым мүшелері алғаш рет 2011 жылы Ақтөбе облысының Темір ауданында, кейін 2016 жылы Ақтөбе қаласында бой көрсеткен. Балаларына екпе салуға қарсы тұрғындардың көпшілігі Темір ауданында тұрады. Билік «дәстүрлі емес», «теріс» діни ағым өкілдері деп сипаттайтын тұрғындар өздерін «таза Ислам дінін ұстанушылармыз» деп атайды және екпе мәселесіне қатысты діни ұстанымдарынан бөлек жергілікті медициналық қызмет сапасының нашарлығын алға тартады.