Ақтөбе өңіріндегі тасқын: Берсиев ауылы халқы екі күн мектепте көмек күтті

Ақтөбе облысындағы Шығанақ Берсиев атындағы ауыл аудан орталығы Ойылдан 25 шақырым жерде орналасқан. Елді мекенге өткен ғасырдың алғашқы жартысында тары өсірумен әйгілі болған Шығанақ Берсиевтің (1881-1944) есімі берілген.

Биыл наурыздың аяғына қарай тасқын су ауылдағы бөгетті бұзып кетіп, салдарынан ауыл су астында қалған.

Ауылда тұратын жүздеген адам үй-жайын су басқаннан кейін жергілікті мектепті паналауға мәжбүр болған.

Кейбір адамдар мектепке жетуге үлгермей, үйі мен қорасының шатырында қалып қойған дейді жергілікті тұрғындар.

Тасқын су басқан баспанасын тастап, салқын мектепті паналауға мәжбүр болған жұрт екі күн көмек күткен.

Олардың арасында өздігінен жүріп-тұра алмайтын қарт адамдар да болды.

Су басқан Берсиев ауылы тұрғындары паналаған мектептің ішінде ойнап жүрген бүлдіршіндер.

Ауылда газ, жарық беру тоқтап, телефон байланысы нашарлады. 

Осы ауылда туған-туыстары тұратын адамдар олардың амандығын біле алмай, телефонмен байланыса алмай қиналды.

– Ауылдың ер азаматтары соңғы сәтке дейін бөгетті қорғады. Бірақ судың қарқынына төтеп бере алмады. 40 сағаттан астам уақыт жүздеген адам мектепте қамалып отырды. Үйінен тамақ алып келгендер де бар, алып үлгермегендер де бар. Түнімен ұйықтаған жоқпыз. Мектептің іші салқын, – деді 30 наурызда Азаттық тілшісімен сөйлескен, өз аты-жөнін атағысы келмеген ауыл тұрғыны.

Мектепті паналаған тұрғындар іші салқын ғимараттың қабырғасы сыз тартып, жарыла бастағанын айтады.

Оның сөзінше, 30 наурыз күні таңғы сағат бесте үш тікұшақ Берсиев ауылына көмекке жеткен. "Ал содан бір күн бұрын тікұшақ су басқан ауылға қона алмай кеткен еді" дейді жергілікті тұрғын.

Жергілікті адамдардың жөн сілтеуімен, тікұшақ елді мекен сыртындағы биік төбеге қонған.

"Тікұшақ қонған жерге төрт қайықпен адамдарды тасып жатыр" деді Азаттық сөйлескен ауыл тұрғыны.

Құтқарушылар тасқын су басқан ауылдан әуелі қарт адамдарды, балалар мен жүкті әйелдерді әкеткен.

30 наурызда қорғаныс министрлігі видео жариялап, Берсиев ауылында құлағалы тұрған шаруашылық нысанында қалған 15 адамды тікұшақпен алып шыққанын хабарлады.

Берсиев ауылын былтыр, 2023 жылы көктемде де су алып, он үй бұзылған. "Сол кездегі облыс әкімі Ералы Тоғжанов ауылға үш рет келіп кеткен еді. Ал биыл не аудан, не ауыл әкімін көрген жоқпыз. Үрейге берілген халық өзімен-өзі болып отыр. Жағдай әлі күрделі", – деді жергілікті тұрғын.

 
Төтенше жағдай министрлігі 30 наурызда Ақтөбе облысы Әйтеке би ауданында Щербаков шлюзінде сызат пайда болып, Талдысай мен Жүргенов ауылдарынан 149 адам эвакуацияланғанын хабарлады.

30 наурызда сағат 21:40-та бөгет жарылып, Жүргенов ауылының іргесіндегі Ырғыз өзеніне су ағылған. Талдысай мен Жүргенов ауылдарында эвакуация жарияланған. 251 адам (87-сі бала) өз бетімен қауіпсіз жерге барған, 320 бас ірі қара, 340 ұсақ мал, 606 құс та басқа жаққа көшірілген деген ақпарат тарады.