"Үйден апыл-ғұпыл шығып үлгердік". Қобдадағы су тасқыны

Тасқын арнасын бұру үшін құтқарушылар Самара – Шымкент тасжолын бұзуға мәжбүр болған. Ақтөбе облысы Қобда ауданы, 14 наурыз, 2023 жыл.

Ақтөбе облысының Қобда ауылында 14 наурыз кешкісін төтенше жағдай жарияланды. Екі күннен бері ауылдың батыс бөлігін су алып, тұрғындарды әбігерге салып жатыр. Жақын маңдағы Қобда өзені кемеріне келіп тұр, судың азаяр түрі көрінбейді. Оқиға орнынан Азаттық тілшісінің репортажы.

Ақтөбеден Қобдаға баратын тасжолдың бойында тоқтап тұрған жүк көлігі өте көп. Қобда ауданына жақындағанда, бірнеше жерге полиция көлігі қойылған. Полиция жолаушылардың бәрін тоқтатып, жеңіл көліктерді кері қайтарып жатыр. Ал жүк көліктерінің қозғалысына тыйым салып, жол бойына тізіп қойған.

Ақтөбеден шығып, Қобда ауданының орталығын бетке алғандар ауылға жақындағанда өзен үстіне салынған көпірмен өтеді. Арнасына сыймай жатқан Қобда өзені тұрғын үйлерге жайыла қоймаған. Алайда өзен суы әдеттегіден анағұрлым мол екенін аңғару қиын емес.

Қобданың өзенге жақын ғимараттары тасқыннан аман. Еріген қар суы әзірге ауылдың батыс жағына ғана жайылған. Бірақ өзеннің өзі арнасынан аса ма деген де қауіп бар.

Your browser doesn’t support HTML5

Ақтөбе облысында аудан орталығын су басты. Құлаған үй-жай бар

"ӘРІ ҚАРАЙ НЕ БОЛАРЫН БІЛМЕЙМІН"

Қобда – Ақтөбе қаласынан батысқа қарай 120 шақырым жерде жатқан шағын ауыл, аудан орталығы. Ауыл тұрғыны Марина Есімова тасқын басталғанда бес баласын үйден алып шығып үлгерген. Жалаңаяқ, жалаңбас қашқан олар келесі көшедегі әпкесінің үйін паналаған. Бірақ көп ұзамай ол үйді де су басқан. Қазір Маринаның балалары аудандық аурухананы паналап отыр. Үлкені 15-те, кішісі екі жасар.

– Құжаттарды, оны-мұны заттарды алып шыққанымыз сол еді, үйдің бір шеті құлады. Қазір зал құлап жатыр. Әрі қарай не боларын білмеймін, – дейді іргетасын су басқан ескі үйіне қарап, шарасыз күйде тұрған Марина.

Су басқан Қобда ауылының тұрғыны Марина Есімова көршісінің құлаған гаражына қарап тұр. Ақтөбе облысы, 14 наурыз, 2023 жыл.

Маринанікімен іргелес тұрған үйдің бәрін су алған. Саманнан соғылған үйлер тасқынға шыдас бермей құлап жатыр. Жаңа үйлер құлаудан аман. Олардың сыз тартқан қабырғасына қарап, қар суының деңгейі бір метрге жуықтағанын аңғаруға болады.

Ақтөбе әкімдігінің сейсенбі таңда таратқан ақпаратына қарағанда, Қобдадағы 47 ауланы су басып, 15 үйге су кірген. Бұл деректер күні бойы жаңарған жоқ. Әкімдік құлаған құрылыс санын да айтпай отыр. Сейсенбі күні Қобдада құлап жатқан кемінде 10-нан астам нысанды көрдік.

Қобда ауылындағы суда қалған үйлердің бірі. Ақтөбе облысы, 14 наурыз, 2023 жыл.

6 мыңдай тұрғыны бар ауылда еңсесі биік жаңа үй аз, көбіне совет заманында салынған жадағай саман үй. Екі жағынан электр бағанасы жүргізілген, биік дуалмен қоршалған аулалары бар Құрманов көшесі құдды бір өзенге айналғандай. Орта бойлы адамның тізесіне жететін қара су жүйткіп ағып жатыр. Судың азаяр түрі көрінбейді.

Әр-әр жерде белуардан су кешіп, үй күзетіп жүрген қартаң кісілер. Жастар аз.

Ақтөбе облысы Қобда ауылы. 14 наурыз, 2023 жыл.

Көшедегі 14-үйдің сыртында резеңке етік киген зейнеткер Жаңабай Алдабеков тұр. Көршісінің үйін қарауылдап тұрған түрі екен. Өзінің үйін де су басқан. Әйелі екеуі тұратын үйін әп-сәтте су алып кеткен. "Шығып үлгердік, тоңазытқыш та, басқасы да қалды, ендігі іске жарамай қалған шығар" дейді ол. Төтенше жағдайлар қызметінің жігіттері келіп, қорадағы малын көлікпен шығарып берген. Су азаяды деп үміт күткеннен басқа қайран жоқ.

– Сарайым мен моншам құлады. Мына су бірнеше күн тұрса, үйім де құлайтын шығар. Анау көршімнің үйі құлап жатыр, – деді Жаңабай ақсақал.

Суда қалған үйдің ауласынан итті көтеріп, көлікке әкеле жатқан төтенше қызмет өкілі. Ақтөбе облысы Қобда ауылы, 14 наурыз, 2023 жыл.

АЯҚ АСТЫНАН КЕЛГЕН СУ

Біз кездескен тұрғындар су аяқ астынан келгенін, үйден жылдам қашып шығуға ғана үлгергенін айтты, "еш дайындық болмады" деп билікті кінәлайды. Төтенше жағдайлар қызметінен, басқа мекемелерден "қауіп бар" деген ескерту болған жоқ, қамданбай қалдық" дейді олар.

Қобданың байырғы тұрғындары 1993 жылдан бері мұндай тасқын көрмеген. Осында туып-өскен Валентина Проскурина "Алаңсыз отырғанбыз. Кісі бойына жетерлік су лап қойған кезде көйлекшең қаша жөнелдік. Тауықтарым, шошқам сол күйі қорада қалып кетті, сиырымды ғана құтқарушылар алып шықты" дейді. Оны көшіруге төтенше қызмет өкілдері көмектескен.

Үйін су алған соң Қобда ауылындағы спорт мектебін уақытша паналап отырған тұрғындар. Ақтөбе облысы, 14 наурыз, 2023 жыл.

Қазір Проскурина аудандық спорт мектебінің эвакуацияланғандарға арнап жабдықталған залында отыр. Мектептегі матрас төселген темір төсектің көбі бос. Бірақ билік тасқынға әрі қарай да дайындалып жатқандай әсер қалдырады. Бұл жерге 3-4 отбасы жеткізілген, тағы он шақты отбасы аудандық ауруханадан пана тапқан. Дегенмен эвакуацияланған жұрттың көбі туыстарының үйіне кетіпті.

Резеңке етік киіп, қолына күрек ұстаған Екатерина Нұржұманова "басшылық алдын ала ескертуі керек еді" дейді.

– Қобдада қар қыс бойы бір-ақ рет тазартылды. Онда да облыс әкімі келетін кезде ғана. Енді келіп "табиғи апат" дейді. Табиғи апаттың алдын алуға болады емес пе? Сейсенбіге қараған түні көз ілмей, таңғы 4-ке дейін сандалдық. Зығырданым қайнап тұр, – дейді ол.

"Былтыр ғана үйге жапсарлас кіреберіс бөлме салған едім, соған су кіріп жатыр" дейді Екатерина.

Исатай Тайманов атындағы мектеп-гимназияны су басты. 320 бала онлайн оқу форматына көшірілген. Ақтөбе облысы Қобда ауылы, 14 наурыз, 2023 жыл.

Дүйсенбі күні жертөлесі мен бірінші қабатын су алып, 320 оқушысы онлайн оқу форматына көшуге мәжбүр болған Исатай Тайманов атындағы мектеп-гимназия да Қобданың батысында. Сол маңдағы аудандық прокуратура, өрт сөндіру қызметінің ғимараты, дене шынықтыру-сауықтыру кешенін де 13 наурыздан бері су басып тұр.

Ақтөбе облысы Қобда ауданының әкімі Болат Құлов. 14 наурыз, 2023 жыл.

Аудан әкімі Болат Құлов "дайындық болмады" дегенді жоққа шығарады. Әкімнің айтуынша, биыл қыста Қобдадан 400 "КамАЗ" қар шығарылған, былтыр күзде, қыста қар қалың жауғаны, су тасуы мүмкін екені ескертілген, арнайы құралдар да алынған. Аудан әкімдігінің сайтындағы соңғы жаңалықтың бірі "Су тасқынына дайындық" туралы. Жаңалық 10 наурызда жарияланған. Содан бері ақпарат жаңартылмаған.

Қырдан келген қар суы Қобда ауылына түгел қауіп төндіргендіктен, жергілікті атқарушы билік Самара – Шымкент тасжолының 613-шақырымын бұзып, судың бағытын бұрып жіберген. Халықаралық трасса бойындағы ені үш метрлік траншея көлік қозғалысының тоқтауына себеп болды.

Самара – Шымкент тасжолы. Тасқын арнасын бұру үшін құтқарушылар осы жолдың 613-шақырымын бұзуға мәжбүр болған. Ақтөбе облысы, 14 наурыз, 2023 жыл.

"Осының салдарынан Қобданың екі жағында 500 көлік жиналып қалды" деп хабарлады 14 наурызда Ақтөбе облыстық төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Марғұлан Аманбаев.

Ақтөбе облыстық төтенше жағдай департаментінің басшысы Марғұлан Аманбаев. Қобда ауылы, 14 наурыз, 2023 жыл.

Содан бір күн бұрын Ақтөбе әкімдігінде болған брифинг кезінде Марғұлан Аманбаев "су тасқынынан елді мекендерге қауіп жоқ" деп мәлімдеген еді. Сейсенбіде Аманбаев "табиғат апаты ғой" деп, құтқарушылармен бірге су кешіп, қобдалықтарға көмектесіп жүрді.

50 шақты құтқарушы, жеті техника мен үш су соратын техниканың (мотопомпа) күші жетпегендіктен, облыс орталығынан тағы 30 құтқарушыны көмекке шақырылған.

Облыс әкімі Ералы Тоғжанов Қобдаға барып, халықпен кездесіп, "бүлінген мүлік түгел қалпына келтіріледі" деп уәде берген. Оның айтуынша, арнайы құрылған комиссия барлық есеп-қисапты жүргізіп, "жылдам шешім қабылдайды".

Аудан әкімі Болат Құловтың сөзінше, Қобданың батыс жақ бөлігіне келер жылы үлкен бөгет салынбақ. Бөгет құрылысына бюджеттен 100 млн теңге бөлінген, сметасы мен жобасы дайын.

Тасқын су алған үй. Ақтөбе облысы Қобда ауылы. 14 наурыз, 2023 жыл.

ТАСҚЫН ҚАУПІ СЕЙІЛГЕН ЖОҚ

Әкімнің айтуынша, тасқын қаупі әлі де сейілмеген. Әсіресе осы ауданмен және ауылмен аттас Қобда өзенінен қауіп бар. "Қобда өзенінің ең терең тұсы су мол жылдары 6 метрге дейін ғана көтерілетін. Қазір өзен деңгейі 6 метр 90 сантиметрге жетіп тұр" деді Құлов.

"Облыс орталығы Ақтөбедегі өзендер де бір апта, 10 күн шамасында тасуы мүмкін" деген болжамды төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Марғұлан Аманбаев айтты. Сейсенбі күні облыстың Мұғалжар ауданында да бірнеше үйді қар суы басқаны белгілі болды. Желіде Ойыл ауданындағы Қайыңды, Қарасу, және басқа да ауылдар мен қала маңындағы елді мекендерде түсірілді деп жарияланып жатқан видео өте көп. Бірақ оған қатысты ресми түсініктеме жоқтың қасы.

14 наурыз күні кешкі 7-ден кейін, яғни араға тура бір күн салып, Самара – Шымкент тасжолындағы көлік қозғалысы қалыпқа келгені хабарланды. Қобда ауылында жергілікті масштабтағы төтенше жағдай жарияланды.

Қазақстанның батысында бірнеше елді мекенді су алды