"СССР паспортымен жүр". Қазақстан төлқұжатына қол жеткізе алмаған қарияның мұңы

68 жастағы Лариса Федоровна Чернышева өзі туып-өскен, еңбек еткен Қазақстанда төлқұжатқа қол жеткізе алмай, әлі күнге Совет одағының паспортымен жүр. Ақтөбе облысы Мұғалжар ауданының Мұғалжар станциясы, 18 қыркүйек 2021 ж.

Ақтөбе облысында тұратын Лариса Чернышева әлі күнге Совет одағы паспортымен жүр. Қазақстан төлқұжаты болмағасын 68 жастағы қария зейнетақы да, өзі аса зәру дәрігер көмегін де ала алмайды. Заңгер Қазақстанда туып-өсіп, бүкіл ғұмыры осында өтіп жатқан қарт адамның Конституцияда кепілдік берілген негізгі құқықтары бюрократиялық кедергі кесірінен ондаған жыл шектеліп отырғанын айтады.

"ҚҰЖАТЫМ БОЛМАҒАН СОҢ ДӘРІГЕР ҚАРАМАЙДЫ"

Тарих қойнауына кеткеніне отыз жылға жуық уақыт өткен мемлекеттің паспортымен жүрген адамға жолығу үшін Мұғалжар ауылына Ақтөбеден Ембі арқылы көлік ауыстырып мініп түске қарай жеттік. Екі мыңға жетер-жетпес тұрғын, төрт жүзден сәл астам үй бар ауылдан іздеген кісінің үйін табу қиынға түспеді.

Лариса Чернышева мен ұлы Владимир үйінің алдында тұр. Мұғалжар ауылы, 18 қыркүйек 2021 ж.

Ауылдың төменгі шетінде тұрған шатыры жоқ шағын тоқал үйдің әрқайсы шамамен 4-5 шаршы метр болатын аядай үш бөлмесі бар екен. Қабырғасы сыз тартқан, шағын терезесінен күн сәулесі аз түсетін үйдің іші қаракөлеңке, салқындау. Қара топырақтың үстіне әр жерден линолеум қиындысы төселіпті.

Лариса Чернышева пластик құтыға салынған темекі күлін кейде астыңғы ерінге, кейде тілінің астына салады. "Асқазан қыжылы шыдатпаған кезде өстимін" дейді ол.

Азаттық тілшісі барған кезде 68 жастағы Лариса Чернышева түпкі бөлмеде "Кавказ тұтқыны" деп аталатын совет фильмін көріп отырды. Үстінде қабат-қабат қалың киімі бар Лариса қолындағы пластик құтыдағы темекі күлін насыбай атқандай кейде астыңғы ерінге, кейде тілінің астына салып қояды.

– Асқазан қыжылы жаныма батып, шыдатпаған кезде осылай аузыма темекі күлін саламын. Азғантай уақытқа жаным жай тапқандай болады. Кейін қайта қыжылдайды. Асқазаным қинағанына он шақты жыл болды, – деп түсіндірді ол мұның мәнісін.

Бойы еңкіш тартып, ауыр қозғалатын Лариса Федоровна асқазаннан да өзге жері ауыратынын айтып, сырқатын тізе бастады. Бірақ ең соңғы рет дәрігерге қашан көрінгенін есіне түсіре алмады.

– Биыл қарашада 69 жасқа толамын. Бұрын қара жұмыстан қашпайтынмын. Кейінгі он шақты жылда денсаулығым жарамай жүр. Құжатым болмағандықтан дәрігер де қабылдамайды. Жеке емханаға баратындай қалтамда қаржым да жоқ. Зейнетақы алмаймын, – деп мұңын шақты.

Your browser doesn’t support HTML5

СССР паспортымен жүрген қария хикаясы

Лариса Чернышева 1952 жылғы 20 қарашада Алматы қаласында дүниеге келген. Он үш жасында ата-анасынан айрылып, жетімдер үйінде өскен. Орта мектепті тәмамдаған жылы Виктор Чернышевпен отау құрып, 1980-жылдардың басында жас отбасы Ақтөбе облысы Қандыағаш қаласына қоныс аударыпты.

– Қандыағашта ПМК-2105 деген құрылыс мекемесі болды. Сол жерде қара жұмыс істедім. Сүйтіп жүргенде күйеуім қайтыс болып, кішкентай ұлым Володямен жесір қалдым. Одан кейінгі өміріміз шалғайдағы қойлы ауылда өтті. Шалқар ауданы Шетырғыз совхозында, қазіргі Қандыағаш, бұрынғы Октябрь ауданы Ильичевский совхозында шопан көмекшісі болдым. Шетырғызда қой бағып жүргенімде Совет одағының қызыл паспортын алуыма сол кезде Тауманов деген учаскелік инспектор көмектескен еді. Ол кездің адамдары басқа еді ғой... 2000 жылы ұлымның қасына Мұғалжарға көшіп келдім. Бастапқыда бұл жерде де жеке шаруашылықтың малын бағыстым. Кейін қара жұмысқа денсаулығым жарамай қалды, – дейді қария.

Лариса Чернышева 1989 жылы сәуірде алған Совет одағы паспортымен жүр. Мұғалжар ауылы, 18 қыркүйек 2021 ж.

МҰҒАЛЖАР ТАУЫ ЕТЕГІНДЕГІ АУЫЛ

Аудан орталығы Қандыағаш кентінен 125 шақырым қашықта, өзі аттас жатаған таудың баурайында орналасқан Мұғалжар ауылы арқылы Ташкент – Орынбор теміржолы өтеді.

Мұғалжар станциясына қала маңына қатынайтын Ақтөбе – Шалқар, Ембі – Шалқар пойызы, сосын Орал – Алматы және Ақтөбе – Алматы жолаушы пойызы ғана тоқтайды. Жүрдек пойыздар мұнда тоқтамайды.

Әдетте жергілікті халық бұрын Мұғалжар ауылы қараған, 40 шақырым жердегі Ембі қаласына автокөлікпен жетіп алуға тырысады.

Ақтөбе облысы Мұғалжар ауданы Мұғалжар ауылына кіреберсітегі жазу. 18 қыркүйек 2021 ж.

Әдетте жергілікті халық бұрын Мұғалжар ауылы қараған, 40 шақырым жердегі Ембі қаласына автокөлікпен жетіп алуға тырысады.

Мұғалжарда мектеп, балабақша, ауылдық округ әкімдігі, таудан қиыршық тас өндіретін бес зауыт, теміржол станциясы бар. Мұғалжар ауданы әкімі Асқар Шерияздановтың Азаттыққа айтуынша, теміржолда және қызметі онымен байланысты мекемелерде 200-дей адам, тас ұсататын бес кәсіпорында 500-ге жуық жұмысшы істейді.

Мұғалжар мен Ембі арасындағы жолда тас тиеген жүк көлігі жиі кездеседі. Жеңіл көлік оқта-текте бір ұшырасады. Осы сапарымызда Ақтөбеден Емібге дейін таксиге 2 мың теңге (бір бағытқа) төлеп жеткенімізбен, Ембіден Мұғалжарға баратын көлік оңайлықпен табылмады. Ақырында бір жеңіл көлік иесі 7 мың теңгеге Ембіден Мұғалжарға апарып, қайта әкелуге келіскен.

АЛТЫ ТАУЫҚ ПЕН ТОҚАЛ ҮЙ

Лариса Федоровнаның 45 жастағы ұлы Владимир Чернышев Мұғалжардағы қиыршық тас өндіретін зауытта дәнекерлеуші болып жұмыс істейді.

Лариса Чернышеваның ұлы Владимир Чернышев. Мұғалжар ауылы, 18 қыркүйек 2021 ж.

Владимирдің отбасы жоқ. Шешесімен бірге көп жыл бұйырған бұрышты уақытша паналап келген Владимир осыдан екі жыл бұрын несие алып, ауыл шетіндегі осы тоқал үйді сатып алыпты. Үйде шешелі-балалы екеуі ғана тұрып жатыр.

Чернышевтар ауыз суды құдықтан тасып ішеді. Үй іргесіндегі күркеге қыстық отынға деп тезек жинап қойыпты. Көршісі берген төрт қораз бен екі тауық та сол күркенің ішінде.

Күркеге "Петя, үйге қонақ келді" деп сөйлей кірген Людмила Федоровна қос тауық күнара екі жұмыртқа беретінін айтады. Петя – дауысы өзгелерінікінен қаттырақ шығатын қызыл қораз. Чернышевтардың бары да, нары да осы алты тауық пен тоқал үй ғана.

Лариса Чернышева көршісі берген төрт қораз бен екі тауық ұстайды. "Қос тауық күнара екі жұмыртқа береді" дейді қария.

– Әрине, анама оңай емес. Оны жақсы түсінемін. Маған үнемі зейнетақы туралы айта береді. Зейнетақы алу үшін алдымен құжат әзірлеу керек. Ары-бері жүру керек болады. Мен алдымен Ембідегі, кейін Қандыағаштағы халыққа қызмет көрсету орталығына барғам. Олар "шешеңнің соңғы тіркелген жері Шалқар ауданы" деп сол жаққа сілтеді, – дейді Владимир Чернышев.

ТӨЛҚҰЖАТ РӘСІМДЕУ МАШАҚАТЫ

Чернышевтардың көршісі Серікбай Есетов шешелі-балалы екеуін ауданның бұрынғы орталығы Ембі қаласы мен қазіргі орталығы Қандыағашқа жеке көлігімен төрт рет апарып келгенін айтады. Бірақ құжат мәселесі сол күйі реттелмеген.

Лариса Чернышеваның көршісі Серікбай Есетов. Мұғалжар ауылы, 18 қыркүйек 2021 ж.

– "Көрші ақысы – тәңір ақысы" демей ме қазақ. Қоңсы отырып, жағдайын бір кісідей білген соң жаным ашиды. Онымен мәселенің шешілер түрі жоқ. Анда-мында шапқылап Володя да қағазбастылықтан қажып кеткен сияқты. Лариса Федоровна да, Володя да кісі есігінде көп жүрген ғой. Сондықтан шығар, екеуі де жасқаншақ. Кеңседе отырғандар қабақ шытса болды, ол жаққа енді қайтып аттап баспауы да мүмкін. Бұл отбасына көмек керек. Әйтпесе өз бетінше құжатқа қол жеткізуі екіталай, – дейді Серікбай Есетов.

Көршісінің жөн сілтеуімен Владимир Чернышев жуырда заңгер көмегіне жүгінген. Адвокат Нұрлан Есенғұлов оларға тегін көмек көрсетуге келісіп, Ақтөбе облысы полиция департаментіне хат жолдағанын айтады.

Адвокат Нұрлан Есенғұлов

– Полиция маған Egov порталы арқылы жолдаған жауапта Лариса Чернышеваның ішкі істер органдарына, оның ішінде миграция басқармасына төлқұжат жайымен арызданбағанын хабарлады. Сірә, Лариса Чернышева тапсырған анықтамалар халыққа қызмет көрсету орталығынан әрі аспай, орта жолда қалса керек. Отыз жыл бұрын тәуелсіздік алған елдің азаматы төлқұжатқа қол жеткізе алмағандықтан Конституцияда кепілдік берілген негізгі құқықтарын пайдалана алмай отыр. Зейнетақыны былай қойғанда, дәрігерге де қарала алмайды. Бұл – нонсенс! Совет паспортының еш жерде заңды күші жоқ. Демек оның иесі де автоматты түрде құқықсыз болып шығады. Мемлекет мұндайға жол бермеуі тиіс, – дейді заңгер.

Лариса Федоровна Чернышева үйінің алдында тұр. Ақтөбе облысы Мұғалжар ауданы Мұғалжар ауылы. 18 қыркүйек 2021 ж.

Адвокат Нұрлан Есенғұлов Лариса Чернышеваның туып-өсіп, еңбек еткен, бүкіл саналы ғұмыры өткен өз елінде бюрократиялық кедергі кесірінен не зейнетақы, не аса зәру дәрігер көмегін ала алмай, ондаған жыл бойы өгей адамның күйін кешіп жатқанын айтады. Ол Чернышеваның азаматтық құқығын қалпына келтіру үшін полиция департаментінің көші-қон қызметіне арызданатынын жеткізді.