Ақтөбе облысы Ойыл ауданы Қаратал ауылында екі мыңға жуық адам тұрады. Барқын құмының оңтүстік-батысындағы бұл жер малға жайлы қоныс саналады. Көктемдегі тасқын ауылдағы 236 үйді тұруға жарамсыз еткен. Одан бері бес ай өтті. Үйсіз қалған жұрт әлі күнге "киіз үй" мен шатырларда тұрып жатыр.
Your browser doesn’t support HTML5
"ЖАНЫМЫЗ ҚИНАЛЫП, КҮЙЗЕЛІП ЖҮРМІЗ"
Көктемде Қараталды жайпап өткен тасқыннан кейін ауылдан 66 отбасы аудан орталығы Ойылға көшіп кетіпті. Орта жастан асқан азаматтардың басым көпшілігі жан сақтап отырған малға қарайлап, ауылда қалған. Топан судан қатты зардап шеккен ауылда үйсіз қалған тұрғындардың уақытша баспанада тұрып жатқанына бес айдың жүзі болған.
Жергілікті жұрт үй ауласына орнатылған уақытша баспананы, сырт пішіні ұқсас болғандықтан, "киіз үй" деп атайды. Қаңқасы темірден жасалып, сырты брезентпен қапталған бұл "киіз үйлерді" әкімдік баспанасын тасқын бұзып кеткен ауыл тұрғындарына көктемде әкеп берген. Қараталдың үйсіз қалған кәрі-жасы көктемнің ызғары мен жаздың аптабын сонда өткерген.
Кейбір үйдің ауласында шатыр тігулі тұр. Сырт пішіні бөлек демесең, бұл да әлгіндей "киіз үйге" ұқсас: екеуі де адамды не ыстықтан, не суықтан қорғай алмайды. Әйтеуір жауын өткізбейді, желді күні ықтап отыруға да болады.
Әкімдік берген "киіз үйде" жаздың аптабында тұру мүмкін болмағандықтан ауыл тұрғыны Гүлайша Әлиева күйеуімен бірге көктемде тасқын бүлдіріп кеткен, құлауға шақ тұрған жазғы үйін паналап отыр. Іргесін су орып, қабырғасы сыз тартқан жазғы үйде де ұзақ отыруға келмейді: дымқыл ауадан үстіңдегі киімің ауырлап, тұла бойың тоңази бастайды.
Үй иелері іші кебер деген оймен жазғы үйдің есігін жаппайды. Ашық қалған есіктен бір кезде ішке қарай құрбақа қаптап ене бастады. Гүлайша босағада жатқан көсеумен құрбақаларды теріп алып, шелекке салды. Өлтіруге обалсынып, алысырақ апарып төгеді екен. "Үнемі осы. Бұл да құдайдың жаратқан тіршілігі ғой" деді өз жағдайы да жетісіп тұрмаған Гүлайша құрбақаларды жинап жүріп.
Отыз жыл мұғалім болып еңбек еткен Гүлайша тасқын барынан айырған отбасының тұрмысы ауырлап кеткенін айтып, мұңын шақты.
– Осында амалдың жоқтығынан отырмыз. Ас-суды осы арада ішеміз, осы жерде жатып-тұрамыз. Бес ай бойы көрген қорлығымыз аз емес. Аптап кезінде "киіз үйде" тұрдық. Оның ішінің ыстығы сонша, күндіз беттей алмайсың. Түнде ғана жататын едік. Қазір түн де салқын. Тоқ пеш қоссақ та жылынбайды. Былай қарағанда, мынау адам тұратын орын емес. Жанымыз қиналып, қатты күйзеліп жүрміз. Үп-үлкен, жарқыраған үйіміз бар еді. Барлық тапқан-таянғанымды үйіме жапсырып едім. Жақсылап салып, ішін жиhазға толтырғанбыз. Тасқын әп-сәтте жоқ қылды бәрін. Еңбегім еш болды. Орнына көлемі сегіз де он метр жаңа үй саламыз деді. Өз үйімізден анағұрлым тар. Мейлі, оған да келістік. Бірақ соның өзі салынып бітер түрі жоқ, – деді Гүлайша Әлиева қамығып.
Гүлайшаның екі немересіне суық тиіп, Ақтөбедегі облыстық балалар ауруханасына түсіпті. Немерелерін қатты сағынғанын, бес айдан бері отбасы мүшелерінің басы қосылмай, тоз-тоз боп жүргенін айтып Гүлайша тағы жылады.
"ҚҰРЫЛЫСТЫ БІТІРМЕЙ ЗЫМ-ЗИЯ БОЛДЫ"
Қаратал ауылы қазір алып құрылыс алаңы іспеттес: әр жерде төгілген құм, қап-қап цемент, қатталған кірпіш көзге шалынады. Арнайы техника да аз емес.
Ер-азаматтар жағы құрылыс басында жұмысшыларға көмектесіп жүр. Әйелдер әне-міне дегенше күз келетінін айтып, оған дейін үй салынып бітпесе, бала-шаға қарасуықта далада қалып қоя ма деп сарыуайымға салынып отыр.
Ауыл мектебі ауласындағы ойын алаңында асыр салып жүрген балалар ғана бейқам жүргендей.
– Төрт немерем бар. Келінімнің аяғы ауыр, әзер жүр, тоңамын дейді. "Киіз үй" түнге қарай мұздап кетеді. Бір жарым жасар немерем түнімен қызуы көтеріліп, құсып шықты. Мұның бәрін кімге айтамын?! Жүре сөйлесіп тыңдайды кейбір адамдар. Әйел адамды көрсе, осылар ескі жырын айтады ғой деген сияқты кейіп танытады. Күз болса жақын қалды, ал құрылыс бітпей жатыр. Біз мүлде түңіліп кеттік. Кімге айтарымызды, не істерімізді білмей отырмыз, – дейді Қаратал тұрғыны Гүлмира Көңілқосова.
Киіз үйдің сықырлауығын қағып, ішке ендім. Гүлмираның келіні Толқын баласын ұйықтатып отыр. Кішкентай ұл мазасызданып жылай бастады. Құрсағы білінетін аяғы ауыр келіншек "суықтан аяғым құрысып қалады" деп шағынды. Осы отбасыға деп салынып жатқан үйдің құрылысы тоқтап қалғанына үш аптадай болыпты.
Қараталда құрылысы кідіріп тұрған осындай он шақты үй бар. Соның бірі – Гүлзейнеп Оралбаеваның үйі.
– Үйімізді оңтүстіктен келген компания сала бастап еді. Әу бастан шаруаны мандытпады. Жұмысшысы да аз. Сырттан әкелген жұмысшыларына ақысын төлемей ме, білмеймін. Бастаған ісін аяқтамай, үнемі кетіп қалатын. Сөйтіп жүргенде бірде түн ортасында бәрі бүкіл затын жинады да, зым-зыя болды. Содан бері жиырма күн өтті. Құрылыс әлі тоқтап тұр, – деп шағынды Гүлзейнеп Оралбаева.
Азаттық Ойыл ауданы әкімдігіне Қараталдағы тоқтап қалған құрылыс жайын сұрап хат жолдаған еді. Әкімдік "жұмыстарын жалғастырады" деген қысқа жауаппен шектелді.
Аудан әкімдігі Азаттыққа жолдаған хатында Қаратал ауылында 126 жаңа үй салынады деп жазды. Жер шалғай болуына байланысты құрылыс материалдарын жеткізу қиынға түсетіні ескеріліп, әр үй 28 млн 500 мың теңге деп бағаланған. Қараталда тасқын кесірінен үйсіз қалған тұрғындарға баспана тұрғызып беруге 12 компания тартылды, оның ішінде жергілікті құрылыс компаниялары да, Атырау мен Оңтүстік Қазақстан облыстарынан келген мердігерлер де бар деді әкімдік.
Компанияның көптігі де, жұмыстың әркелкілігі де сырт көзге бірден аңғарылады. Кей үйдің шатыры жабылмаған, кей үйдің есік-терезесі салынбаған. Енді бір жерде керісінше, құрылыс қызып жатыр. Бірен-саран болса да, жаңа үйге кіріп алғандар да бар.
Құрылысы аяқталған жаңа үйдің бірінде 67 жастағы Салахият Бейсенғалиева тоқсан жасқа келген енесімен бірге тұрып жатыр. Қос қария көктемде тасқыннан үйі құлап қалғанда қаладағы балаларына баруды қаламапты. Бес ай бойы "киіз үйде" тұрып, жаңа қонысқа көшкеніне екі күн болыпты.
– Қиыншылықтың бәрі түс сияқты болып өте шықты ғой. Ендігі жерде басымызға мұндай қиыншылық келмесін! Көмектескен жандардың бәріне мың алғыс! – деді зейнеткер Салахият Бейсенғалиева.
Биыл жасы 80-ге шыққан қараталдық Мәтжан Сембіғалиев жұбайы Сая екеуі бала-шағасымен бірге тасқыннан аман қалған гаражын паналап отыр. Отағасы облыс орталығы Ақтөбеге көшкісі келеді. Сол себепті құлаған үйінің орнына жаңа баспана салдыртпапты.
– Ақтөбенің әкімі Асхат Шахаров Қараталға келген сапарында мәселемді шешіп беремін деді. Уәде – құдай сөзі. Мен тапжылмай күтемін, – деді қария.
Ойыл аудандық әкімдігі бұл отбасына облыс емес, аудан орталығынан үй сатып алынады деп хабарлады.
Мәтжан Сембіғалиевтің ауласында да "киіз үй" тұр. Қария сонда отырып, шалғайдағы ауылдан Астана мен Ақтөбеге жиі-жиі хат жолдайды.
Оның үйіне қарсы беттен жаңа балабақшаның құрылысы басталған. АТМ холдинг компаниясы салып жатқан 60 орындық балабақшаның іргетасы енді қаланып жатыр. Қараталдықтарды қуантқан тағы бір жаңалық – ауыл мектебіне табиғи газ құбыры тартылмақ. Осыған дейін көмір жағып келген мектептің жылу қазандығы әзір тұр. Бірақ мектеп ғимараты жаңа оқу жылына әлі дайын емес.
ОНЛАЙН ОҚУДЫҢ ҚИЫНДЫҒЫ
Көктемде Қараталды су алған кезде мыңға жуық адамға пана болған Шығанақ Берсиев атындағы үш жүз орындық орта мектеп ауылдағы ең биік әрі салыстырмалы түрде ең сапалы ғимарат саналады. Саманнан соғылған ауыл клубы мен кітапхана тасқын су келісімен сыр берген.
1976 жылы салынған мектепке қазір күрделі жөндеу жасалып жатыр. Тасқын кезінде жертөлесіне су толып, қабырғалары жарылып, қатты зардап шеккен мектептің жертөлесі мен спорт залынан өзге бөлмелерінің төбесі мен қабырғалары әктелген.
1976 жылы салынған мектепке қазір күрделі жөндеу жасалып жатыр. Тасқын кезінде жертөлесіне су толып, қабырғалары жарылып, қатты зардап шеккен мектептің жертөлесі мен спорт залынан өзге бөлмелерінің төбесі мен қабырғалары әктелген. Азаттық тілшісі барғанда құрылысшылар мектептің бірінші қабатында еденге кафель төсеп жатты. Әкімдікпен жасалған келісімшарт бойынша, мектеп ғимараты биыл 5 қазан күні тапсырылуы тиіс. "Одан да ертерек бітіруге тырысамыз" деді құрылыс прорабы.
Ауыл балалары былтыр төртінші тоқсанды онлайн оқыды. Ата-аналар биылғы жаңа оқу жылында да бірінші тоқсан сабақтары қашықтан оқытылады деді. Алты баланың анасы Жаңагүл Айжарықованың бір уайымы осы.
– Мектеп жаңа оқу жылына дайын емес. Тағы да онлайн оқимыз деп жатыр. Онда біз сияқты көпбалалы шаңырақтарға смартфон жағы қиындау болады. Мысалы, бала басына бір-бір телефон керек. Ондайды біздің жағдайымыз көтермейді. Балалар папасының телефонын алады, менің телефонымды алады. Сөйтіп сабақты алма-кезек оқиды. Оқымаған кезде қалып қояды. Мысалы, былтыр бірінші класта оқыған, биыл екіншіге барғалы отырған қызым бар. Сенесіз бе, сол қызым әріп танымайды. Қазір барып сұраңызшы, атын біледі ғой. Бірақ кітапты ашып, мынау қандай әріп десең білмейді. Себебі, ол былтыр дұрыс оқыған жоқ. Ауыл суға кетіп қалды да оқу да, басқа да жайына қалды, – деді Жаңагүл Айжарықова қынжылып.
Биыл 29 наурызда сағат таңғы бес шамасында арнасынан асып тасыған Ойыл өзені Қаратал ауылынан 20 шақырым жердегі Екпетал ауылын жайпап өткен. Көрші ауылдан суыт хабар жеткен бойда қараталдықтар үйді-үйге жүгіріп, бірін-бірі ұйқыдан оятқан. Қарттар мен балаларды, аяғы ауыр әйелдерді көлікке сыйғанынша отырғызып, 25 шақырым жердегі Ойылға жөнелткен. Қолда бар ірі қараны Барқын құмына қарай айдаған. Уақ мал мен қыстан көтерем шығып, қорада тұрған ірі қараның бәрі суға ағып кеткен.
Тасқынның беті қайтқан соң суға тұншығып өлген 11 бас ірі қара, 7 бас жылқы, екі бота және 450 бас қой-ешкінің өлексесі табылды. Өлген қозы-лақтың есебі жоқ. Ауылда тасқын ағызып әкеткен малының есебіне әлі жете алмай жүрген адамдар бар.
Тасқын келтірген материалдық шығын әлдеқашан есептеліп қойған. Билік Қаратал ауылына тұрғын үй салу үшін 3,5 млрд теңгеден астам қаражат жұмсалады дейді. Өмір бойы жиған-тергені әп сәтте жоқ болған жұрт әлі де күйзелістен толық арылған жоқ. Көктемде тұтқиылдан жайпап кеткен тасқыннан жүрегі шайлығып қалған елді алдағы күзді үй-күйсіз қарсы аламыз ба деген ой мазалайды.