"Көктем сайын қайталанып, қажытты". Ақтөбеде ондаған үйді су алды

Ақтөбе облысындағы су басқан ауылдардың бірі. 1 сәуір 2022 жыл.

Көктемде еріген қар суы Ақтөбе мен қала маңындағы елдімекендерді биыл да әбігерге салды. Тасқын біресе саябырсып, біресе қайтадан күш алып, тыншыр емес. 2 сәуірден бері Ақтөбенің өзендері де таси бастады. Ресми дерек бойынша, мал-жан аман. Бірақ арнасынан шыққан өзен суы облыс орталығындағы алпыс шақты үйді басқан.

"БЫЛТЫР НЕСИЕГЕ АЛҒАН ҮЙІМ ЕДІ, СУ БАСЫП ҚАЛДЫ"

Дүйсенбі, 4 сәуірдегі ресми мәлімет бойынша, тасқын су алған елдімекендерден эвакуацияланған 137 адам (оның 85-і – бала) Ақтөбе қаласындағы №26, №47, №50 орта мектепті және олимпиада резерві мектебін уақытша паналап отыр.

Жексенбіге қараған түні Ақтөбенің шетіндегі АЗХС саяжай ұжымынан эвакуацияланған 15 отбасы №50 мектепке орналастырылған болатын. Саяжай тұрғындары 2 сәуірде кешкі тоғыздарға таман іргедегі Жіңішке өзені таси бастағанын айтады.

Your browser doesn’t support HTML5

Ақтөбеде тасқын су жүздеген үйге кірген

– Ағыстың күштілігі сондай, бес минут аралығында үйді су басып болды. Төтенше жағдай қызметкерлері бала-шағамызбен бірге қайықпен алып шықты. Жеті баламның үлкені сегізінші сыныпта оқиды, кішісі сегіз айлық. Он бес жыл бойы пәтер жалдап, былтыр несиеге алған үйіміз еді. Айына сексен мың теңгеден төлеп отырғанбыз. Тұруға жарамсыз боп қалды, – деп жылайды көп балалы ана Бибігүл Мұхамбетова.

Бибігүл балаларымен бірге №50 мектепке түнеп шыққан. Мектеп директоры Мейрамгүл Аяғанқызы 3 сәуірге қараған түні №50 мектепке бес отбасының жеткізілгенін айтады.

Көктемгі су тасқыны кезінде Ақтөбе қаласындағы №50 мектепке АЗХС саяжай ұжымынан эвакуацияланған тұрғындар. 3 сәуір 2022 жыл.

Бибігүл мен балаларын бастауыш сыныпқа тиесілі бөлмеде орналастырған. Мұғалімдер парталарды ысырып, еденге спорт залдағы кілемдерді төсепті. Оның үстінде құрақ көрпелер жатыр.

Көрпенің үстінде Бибігүлдің балалары ойыншық үй құрастырып ойнап отыр.

Көктемгі су тасқыны кезінде Ақтөбедегі №50 мектепке АЗХС саяжай ұжымынан эвакуацияланған бала үй құрастырып ойнап отыр. 3 сәуір 2022 жыл.

Ақтөбе облыстық төтенше жағдай департаментінің мәліметінше, қаланың әр ауданынан эвакуацияланған тұрғындар әзірше №47 және №50 мектептерді паналап отыр. Бұл мектептердің оқушылары тасқынның беті қайтқанша онлайн оқу форматына көшкен.

2 сәуірде Жіңішке өзенінен басқа қала аумағындағы Шилісай, Песчанка өзендері де арнасынан асып, сол маңдағы тұрғын үйлерге қауіп төнген. Осыған дейін еріген қар суынан зардап шеккен Ақтөбеде апта аяғынан бері өзендердің деңгейі көтеріле бастады.

Көктемде қар еріп, деңгейі көтерілген Сазды өзенінің арнасын тазалап жүрген адамдар. Ақтөбе, 3 сәуір 2022 жыл.

3 сәуірде таң алдында қала ортасымен ағып жатқан Сазды өзені деңгейі күрт көтеріліп кеткен.

Ақтөбе облыстық төтенше жағдайлар департаментінің құтқарушылары Саздының жағалауын таң атқанша құм толы қапшықтармен бекіткен. Күндізгі 11-лер шамасында құтқарушылар тобы өзен арнасын ағысты бөгейтін қоқыстан тазалап жатты.

Тасқыннан қорғану үшін Сазды өзені жағалауына әкелінген құм толы қаптар. Ақтөбе, 3 сәуір 2022 жыл.

Сазды – Елекке барып құятын шағын өзен. Жыл он екі ай табаны көрініп жататын Саздыға 2011 жылдан бері мұнша көп су келмеген.

"БІЗДІҢ ҚОЛДАН КЕЛМЕЙДІ, АЛЛАҒА СЫЙЫНЫҢДАР"

Ақтөбеден 30 шақырымдай жердегі Қанағат ауылы халқы да тасқынмен арпалысқанына бірнеше күн болған. Тұрғындар түс қайта сай-саладағы судың бәрі ауылға қарай ағып, түнге қарай саябырситынын айтады.

Тасыған судың арнасын бұру үшін Қанағаттың тұрғындары ауылдағы асфальт төселген жалғыз жолды бұзып, үш жерден арық жасаған. Тас жолды бұзатын техниканы тұрғындар өз қаржысына жалдапты.

Көктемгі су тасқынынан зардап шеккен Қанағат ауылының тұрғыны Жанел Әшімова. Ақтөбе, 3 сәуір 2022 жыл.

– Үйімізге су тола бастағасын әкімдікке хабарласып, құм мен техника сұрадық. "Күтіңдер, күтіңдер" деп төрт күн бойы алдарқатып келді. Ақыр соңында телефонды мүлдем көтермейтін болды. Көмек сұрасақ, "қолымыздан сіздерді эвакуациялау ғана келеді" дейді. Сонша бейнетпен салған үйімізді иесіз тастап қайда барамыз? – дейді Қанағат ауылы тұрғыны Жанел Әшімова.

Қанағат – Құрашасай ауылымен іргелес тұрған жаңа ауыл. Осыдан он шақты жыл бұрын салына бастаған бұл ауылдың 1900 тұрғыны бар. Құралай Каринаның отбасы Қанағатқа осыдан екі жыл бұрын көшіп келген.

Құралай Карина – Қанағат ауылының тұрғыны. Ақтөбе, 3 сәуір 2022 жыл.

– Телефон шалсақ, олар "Аллаға сыйыныңдар" дейді. "Бұл – Алланың ісі. Біздің қолымыздан ештеңе келмейді" дейді. Онсыз да құдайдан басқа сыйынарымыз да, сүйенеріміз де қалмады. Әкімдіктен үміт үзіп отырмыз. Сонда су тасқынының алдын алуға бөлінген миллиондар қайда?! – дейді Құралай Карина.

Ауыл ақсақалы Бейбітәлі Сағиталин:

– Әкімдік Қанағаттан учаске бөлген кезде халыққа жерді өзеннің арнасынан берген. Мен мұны облыс, қала басшыларына төрт жылдан бері айтып келемін, – дейді.

Сағиталин Қанағат ауылын 2017 жылы да су басқанын айтады.

Қанағат ауылының тұрғыны Бейбітәлі Сағиталин. Ақтөбе, 3 сәуір 2022 жыл.

Бұл жолы да билікке сөзін өткізе алмаған Қанағаттың тұрғындары 3 сәуірге қараған түні Самара-Шымкент тас жолын жауып, наразылық білдірген. Содан кейін ғана Қанағатқа әкімдіктің өкілдері барып, тараптар мәмілеге келген. "Жол 15 минуттан соң қайта ашылды" дейді тұрғындар.

ӘКІМ: БАРЛЫҚ АУЫЛДА ЖАҒДАЙ ОСЫНДАЙ

3 сәуірде Қанағатқа барған Ақтөбе қаласының әкімі Асхат Шахаров тұрғындарды сабырға шақырды. Әкімнің сөзінше, Ақтөбеде әзір төтенше жағдай жарияланған жоқ. Тасқыннан келген шығын мөлшері де есептеліп бітпеген.

Асхат Шахаров – Ақтөбе қаласының әкімі. 3 сәуір 2022 жыл.

– Ақтөбе маңындағы барлық ауылда жағдай осындай. Он шақты елдімекенде су бір мезетте тасыған кезде бізге қиын соқты. Бірақ қазір қауіп тудырған жерлердің бәрі бақылауда. Төтенше жағдайлар департаментінің жеке құрамы, әкімдіктің алпыс қызметкері, одан бөлек Ұлттық ұланның алпыс сарбазы күн сайын су тасқынымен күресіп жүр. Құтқарушылардың мәліметінше, судың беті алдағы аптада сейсенбі, сәрсенбі күндері қайтуы тиіс, – дейді Асхат Шахаров.

Қанағат ауылы тұрғындары тасқынның бағытын бұру үшін тас жолды бұзуға мәжбүр болғанын айтады. Ақтөбе, 3 сәуір 2022 жыл.

Ақтөбе облыстық төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, тасқын басталғалы бері Ақтөбеде алпыс шақты үйді су басып қалған. Тас жолды су шайып кеткендіктен облыстағы бес ауыл: Байғанин ауданындағы Миялы мен Оймауыт, Қобда ауданындағы Өтек ауылы, Ойыл ауданындағы Ақшатау мен Көптоғайға төрт күннен бері көлік қатынасы жоқ.

Сәуір басталғалы Қазақстанның батысындағы өзге облыстарда да қар еріп, өзендегі су деңгейі көтерілген.

Батыс Қазақстан облысында су тасқынына байланысты үш ауданда төтенше жағдай енгізілген. Қатты тасқыннан қауіптенген құтқарушылар көрші өңірлерден әріптестерін көмекке шақыруға мәжбүр болған.

3 сәуірде Батыс Қазақстан облысы Жәнібек ауданындағы Жақсыбай мен Таловка ауылдарын су алды. Жергілікті адамдар үйге су кіргенін хабарлады. Жақсыбай ауылынан тараған видеода көшедегі су кей тұстарда 1 метрге дейін көтерілгені көрінеді. Таловка ауылындағы бірнеше үй зақымданған.

Төтенше жағдайлар департаменті Жақсыбайдағы 170 үйден 637 адам эвакуацияланғанын хабарлады.

Your browser doesn’t support HTML5

Қазақстан қалаларын су басып жатыр