Қазақстанда кезекті оқу жылы соңына жетті. Елдегі 7,5 мың мектептің арасында өткен ғасырдың басында салынған, әбден тозған ғимаратта отырғаны да бар. Ақтөбе облысы Темір көпір ауылындағы бастауыш мектеп 1938 жылы саманнан тұрғызылған үйде орналасқан. Ата-анасы баласын құлағалы тұрған мектепке жіберуге қорқады. Биліктің жаңа мектеп салуға уәде еткеніне бірнеше жылдың жүзі болған.
ЕКІНШІ ДҮНИЕЖҮЗІЛІК СОҒЫСҚА ДЕЙІН САЛЫНҒАН МЕКТЕП
Темір көпір ауылы Ақтөбе облысы Мұғалжар ауданының орталығы Қандыағаш кентінен 35 шақырым қашықта, теміржол бойында орналасқан. Кейбірінде 2-3 отбасыдан тұратын 50 шақты үйі бар шағын ауылдағы бастауыш мектепте қазір 22 бала білім алып жүр. Арасында мектепалды дайындық тобына (нөлінші сынып) баратыны да, 1-4 класс оқушылары да бар. Екі ауысымда жұмыс істейтін мектепте 7 ұстаз сабақ береді.
Ауыл мектебі ғимаратының іргетасы екінші дүниежүзілік соғысқа дейін, 1938 жылы қаланған. Сол жылы ауыл үстінен өтетін теміржол құрылысы аяқталып, вокзал ғимараты салынған. Кейін ол бастауыш мектепке айналған.
Бұл ескі мектепте қазір білім алып жатқан шәкірттердің кейбірінің әке-шешесі, оның алдында ата-әжесі де оқыпты.
Биыл бастауыш мектепті екі оқушы бітірмек.
Азаттық тілшісі Темір көпірдегі мектепке барған кезде есігі қарсы екі сыныпта сабақ өтіп жатты. Көлемі жағынан ең үлкені – 23, кішісі – 13 шаршы метр болатын үш сынып бөлмесі бар, саман кірпіштен соғылған ескі ғимаратты көмірмен жылытады екен.
Кеңдеу бөлмеге ел аузында "голландка" аталып кеткен дөңгелек металл пеш қойылған. От сабақ басталар алдында жағылса керек: көмір салынған екі ошақ та суып үлгермепті.
Мектеп басшысының кабинеті – 4 шаршы метр. Оған жұмыс үстелі әрең сыйып тұр. Терезесі жоқ тар кабинеттің төріне Қазақстан елтаңбасын іліп қойыпты. Мемлекеттік ту да сол қабырғаға сүйеулі тұр.
Ал директор отыратын бөлмеге кіреберістегі маңдайшаға "Рухани жаңғыру" бағдарламасының белгісі ілінген.
Ауыл тұрғындары саманнан соғылған ескі үй "жаз кезінде қолда бар материалдармен мектепті жөндейтін" мұғалімдердің күшімен ғана тұрғанын айтады.
Мектеп мұғалімдері Азаттық тілшісімен сөйлесуге құлық танытпады.
Терезелердің сыртқы жақтауына жағылған бояу қанық, соған қарағанда, сырланғанына көп болмаған тәрізді. Бірақ терезесі ескі болғандықтан қабыршақтанып түсіп жатыр.
Қар суына төтеп бере алмаған саман қабырға үгітіле бастаған.
Мектептен 50 метрдей жерде көмір сақтайтын күрке мен әжетхана бар. Екеуі де тақтайдан тұрғызылыпты. Күркенің іргесіне отқа тамызық болатын ағаш үйілген.
Осы ауылда тұратын, жасы жетпіске таяған Мұстафа Бисекеновтің өзі де, балалары да осы мектептен білім алыпты. Қазір мұнда немерелері оқып жүр.
"Шөберелерім де мектеп жасына жақындап қалды. Бір әулеттегі төрт буынның ескі әрі тар мектепте оқуы ақылға сыймайтын жағдай" дейді ол.
"БАСТАУЫШТАН СОҢ КӨШПЕЛІ ТІРЛІК БАСТАЛАДЫ"
– Балаларымыз мәдениет үйі, спорт зал дегеннің не екенін білмейді. Ауылда бір ғасырға жуық уақытта тек жеке үйлер салыныпты. Темір көпірге 2018 жылы газ құбыры тартылған. Кейінгі бір ғасырдағы бар жаңалығымыз сол ғана. Біз де Қазақстан азаматтарымыз. Мектеп салынсын, талабымыз сол! – дейді Темір көпір ауылында тұратын Еламан Қапанов.
Ол ауылдастарының бастауыш сыныптан соң үй көрмей, көшпелі өмір кешетінін айтады. Өзі де бастауышты аяқтаған соң көрші ауылдағы мектеп-интернатта оқыпты.
Теміржол бойындағы шағын ауылда жұмыс та жоқ. Еламан жұмыс іздеп алдымен ауданға, облысқа, одан көрші Маңғыстау облысына кеткенін айтады. Қазір сол жақта вахталық әдіспен жұмыс істейтін Еламан Қапанов балаларының ондай өмір кешкенін қаламайды.
Темір көпір тұрғыны Мейрамгүл Есімова да Маңғыстау облысындағы мұнай компанияларының бірінде асханада еңбек етеді. Ауыл әйелдерінің дені әрі-бері өтетін пойыз жолаушыларына сүт, айран, құрт сатып күнелтеді.
– Он бес күн вахтадамын. Екі күнім жолға кетеді. Еріккеннен жүргем жоқ. Балаларымның ел қатарлы өмір сүргенін қалаймын. Жұбайым теміржолшы. Жасөспірім екі ұлымыз бар. Буыны бекімей әке-шешеден жырақ жүргенін ойласам жүрегім қарс айрылады, – дейді Мейрамгүл.
Мектептің зары өткен Темір көпір тұрғындары биыл сәуірде ауылдан 130 шақырым жердегі Ақтөбеге дейін арнайы барып, облыс әкімі Оңдасын Оразалиннің өзіне жолығып, талабын жеткізген. Әкім оларға "мектеп құрылысын биыл бастауға тырысамыз" деп уәде берген еді.
Тұрғындардың сөзінше, қазір Темір көпір ауылында мектеп жасындағы жүз шақты бала бар. Мұндағы бастауыш мектепті тәмамдаған 36 бала төрт шақырым жердегі Сағашилі ауылындағы мектеп-интернатта білім алады.
Интернатқа жатқысы келмеген оқушылар аудан орталығы Қандыағаш пен облыс орталығы Ақтөбедегі туыстарының үйінде жатып оқиды.
Облыстық білім басқармасы Темір көпір ауылының балаларын интернатқа тасу үшін жаңа автобус бөлінгенін айтады. Бірақ ауыл халқы ол автобустың "жүргенінен тұрғаны көп" деп наразы.
– Балаларды дүйсенбі күні жинап әкетіп, жұманың кешінде әкеп тастауы тиіс автобустың біресе бензині, біресе талоны болмайды. Кейде қосалқы бөлшек таппай қалады. Ондайда жеке меншіктің көлігіне 9-10 оқушыдан мінгесіп, интернатқа әрең жетеді. Мектептің жағдайын ауданға да, облысқа да барып айттық. Тұрғындар наразылығынан соң ауылымызға келген "Аманат" партиясының өкілі "күзге дейін жаңа мектептің жоба-сметалық құжаты әзір болады. Сосын 60 орындық мектеп сала бастаймыз" деп кеткен. Күзде дейін қозғалыс болмаса, балаларды интернатқа да, мектепке де жібермейміз. Онлайн оқытсын! Қашан мектеп салынып біткенше осы ауылдың мектеп жасындағы бар баласы үйде отыратын болады, – дейді Темір көпір тұрғыны Гүлмира Төлегенова ренішпен.
"1904 ЖЫЛЫ САЛЫНҒАН МЕКТЕПТЕР ДЕ БАР"
Қазақстан білім және ғылым министрлігінің дерегінше, ел аумағында Темір көпір мектебі секілді тозығы жеткен 30-дан астам мектеп бар. Мысалы, Батыс Қазақстан облысында – 8, Түркістан облысында – 6, Атырау мен Ақтөбе облысының әрқайсында 4 мектеп құлауға шақ тұр.
Білім министрлігі апат қаупі төніп тұрған мектептерге ең алдымен жергілікті атқарушы органдар жауапты, солар сараптама жүргізіп, ғимараттың жай-күйін бақылап, қауіп-қатердің алдын алуы тиіс дейді.
Ғимараттың техникалық жай-күйін тексеруші мамандар "апатты жағдайда" деп бағалаған мектептер бала оқытуға жарамды және жарамсыз болып бөлінеді. Техникалық қорытынды бала оқытуға мүлдем жарамсыз деп таныған мектеп бірден консервацияланады. Бұған дейін билік орындары Темір көпір мектебін әзірше бала оқытуға жарамды деп тапқан.
Мұғалжар ауданы әкімі Асқар Шериязданов 2018 жылы жаңа мектеп салу үшін құны 247 млн теңге болатын жоба әзірленіп, облыс бюджетінен қаржы сұралғанымен қаражат бөлінбей қалғанын айтады.
Енді ауылда жаңа мектеп салынғанша, жергілікті әкімдік биыл сәуірде уақытша мектеп ретінде пайдалануға біреудің 1985 жылы тұрғызылған жалпы көлемі 52 шаршы метр жеке мешік үйін 3 млн теңгеге сатып алған.
– Мектеп құрылысына қаражат бөлуді 2018 жылы облыстық бюджет комиссиясы мақұлдамай тастады. 2021 жылдан бастап құрылыс материалдары қымбаттап кеткендіктен жоба-сметалық құжатқа түзету енгізу қажет болып тұр. Құжат әзірленіп, қаржы бөлініп, құрылыс аяқталғанша бастауыш сынып газ бен су құбыры тартылған үйде оқи тұрады. Темір көпірдегі бұл үйді ауыл округі әкімдігі жеке адамнан сатып алған. Кейін ол үй жаңа мектепке келетін жас маманға қызмет баспанасы ретінде беріледі, – дейді Асқар Шериязданов.
Ол Темір көпірде салынатын жаңа мектептің құрылысы 2023 жылы аяқталуы тиіс деп отыр. Мұндай құрылыс басқа өңірлерде де салынып жатыр. Түркістан облыстық білім басқармасының мәліметінше, биыл Келес ауданы Ынтымақ ауылында 300 орындық мектеп пен Сарыағаш қаласының "Самал" ықшамауданында 900 орындық мектептің құрылысы аяқталмақ. Басқарма 2023-2024 оқу жылында Түркістан облысындағы тар әрі ескі мектептердің проблемасы толығымен шешілуі тиіс деп хабарлады.
Тараз қаласындағы №22 мектеп 19 ғасырда салынған ғимараттан былтыр күзде ғана жаңа қонысқа көшкен.
– Пандемия уақытында 600 орындық мектеп салынып, 2021 жылғы қараша айында көшіп келдік. Оған дейін Тараздағы №22 мектептің екі ескі корпусы болды. Соның бірі – 1880 жылғы еді. Тараз жерінде өмір сүрген дәулетті көпес салдыртқан екі қабатты үй болатын. Едені сықырлап тұрған ескі үйдің қабырғасына жағылған бояу түсіп қала беретін. Ал электр желісі ешбір техникаға шыдамай, жарық жиі өшетін. Реті келсе, музей ретінде сақтап қалғымыз келген. Бірақ белгісіз көпес салдырған үй тарихи ескерткіштер тізімінде болмай шықты, – дейді Тараздағы №22 мектеп директоры Шолпан Диханбаева.
Мамандар "апат болу қаупі жоқ" деп бағалаған, бірақ Темір көпір ауылындағыдан да ескі мектеп ғимараттары Қазақстанның әр өңірінде кездеседі. Мысалы, Ақтөбе облысы Шоқысу, Қарашоқат ауылдарындағы мектеп ғимараттары 1904 жылы Орынбор-Ташкент теміржол желісі тартылған кезде салынған.
– Ақтөбе өңіріндегі ескі мектептердің басым көпшілігі Қазақстан тәуелсіздік алғанша теміржол балансында болды. Совет одағы тұсында теміржолшылар үшін арнайы аурухана, мектеп, балабақша салынатын. Шоқысу мен Қарашоқаттағы мектептер, Шалқар қаласындағы 1907 жылы тұрғызылған №5 мектеп сол теміржолдан қалған мұра. Қазір ол жерлерде жаңа мектептер салынып жатыр, – дейді Ақтөбе облыстық білім басқармасының басшысы Жолдас Батырхан.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ
Ақтөбеде мыңдаған оқушы мектепке суық автобуспен қатынайды«Дача баласы». Саяжайда тұратын оқушының мектепке қатынау машақатыЖелге ұшқан миллиардтар. 2021 жылы үкімет қандай жобаларға қаржы жұмсады?Қособа ауылындағы халық қаржысына салынған мектепті тіркету машақатыМектебі, балабақшасы мен жолы жоқ ауыл