Биылғы су тасқыны Ақтөбе облысы Екпетал ауылындағы үйлерді түгелдей жайпап кетті. 50 шақты түтін болған ауылда қазір жалғыз отбасы қалған. Өзгелері аудан орталығы Ойылға көшірілген. Екпетал іргесіндегі 20 шақты үй болған Жаңабаз қыстағында да сау үй қалмаған. Екі ауылдан мыңнан астам мал басы шығын болды. Әйтеуір адамдар аман. Азаттық тілшісі Екпеталдың қазіргі жағдайын көріп қайтты.
Your browser doesn’t support HTML5
ТОПАН СУ ҚАЙТҚАННАН КЕЙІН
Ақтөбеден шығып, Ойыл ауданы аумағына жақындағанда тасыған су тамырымен қоса қопарып тастаған қамыс-қоға көзге жиі түсе бастайды. Аудан орталығы Ойылдан оңтүстік-шығысқа қарай он шақырымдай жердегі Екпетал ауылына сенбі күні түс кезінде бардық.
Бір ай бұрын топан су астында қалған Екпеталға содан бері сырт жақтан бірде-бір көлік кірмеген – жол жоқ. Көлік атаулы Екпеталға екі шақырымдай жетпей, жолаушыны Жаңабаз қыстағы тұсынан қалдырады. Одан әрі қыстақтағы жалғыз мотоциклге мінгесіп, болмаса жаяу жүріп Екпеталға жетесіз. Мотоцикл де орта жолдан қайтады. Ары қарай балшықты резеңке етікпен кешіп жаяу жүруге тура келеді.
Жергілікті жұрт жол азабына бейімделе де, көндіге де бастаған сыңайлы. Жаңабаз мен Екпетал арасындағы шалшық судан өту үшін арғы және бергі жағасында арнайы қалдырған бірнеше "кезекші" резеңке етікті киесіз. Судан өткен соң Екпеталға дейін 500 метрдей жаяу жүру керек.
Қазір Екпеталдың ішінен су қайтқан, бірақ ауылдың айналасы әлі езілген балшық болып жатыр. Жол жиегіндегі сай-саланың суы да әлі тартылмаған. Ел арасында "Саралжын көпірі" деп аталатын Ойыл өзені үстіндегі көпір де тасқыннан қатты бүлініпті.
Тасқын жайпап өткен ауылда жарық пен газ, ауызсу жоқ. Топан суда қалған үйлер адам тұруға жарамайды. Ымырт жабылғаннан кейін Екпеталда тас қараңғы өлі тыныштық орнайды. Екпетал халқы бала-шағасымен Ойылға эвакуацияланған.
Күндіз Екпеталда тіршілік нышаны байқалады. Біреулер қиранды астынан кәдеге жарайтын бұйым іздесе, енді біреулер тасқын су әбден бүлдірген үйін бұзып, жарамсыз жиhаздарын өртеп жатыр. Бұл адамдардың бәрі қас қарая аудан орталығы Ойылға қарай жолға шығады.
– Ойылдағы жалға алған үйге барғанда дастархан басында балаларға "енді не істейміз?" дейміз. Олар "Ой, папа, жол жоқ қой" дейді. Сүйтіп тағы бір күн өледі. Міне, бір айдан асып барады. Бір хабар айта ма деп шұбырып ауыл әкімдігіне, поштаға барамыз. Ол жерде де сеңдей соғылған жұрт. Бітіп жатқан шаруа жоқ. Уақыт болса зулап өтіп жатыр. Тасқынға дейін әркім өз шаруасымен – малына қарап, жұмысы барлар жұмысын істеп жүріп жатқан едік. Қазір ешкімнің де көңіл хошы жоқ, – дейді ауыл ақсақалдарының бірі Ойылбай Паңгереев.
"ҚАРАШАҢЫРАҚТЫ ТАСТАП КЕТПЕЙМІН"
Екпетал мен оның іргесіндегі Жаңабаз қыстағында тасқынға дейін 308 адам тұрған. Екпеталда қазір жалғыз отбасы қалған. Жасы жетпіске таяған Мақсат Қалиев туып-өскен жерін сай-саласы мен әрбір тасына дейін жақсы біледі. Тасқын қиратқан ауылдан аудан не облыс орталығына көшуді ұсынған балаларының сөзіне көнбей, әйелі Қалимаш екеуі Екпеталда қалуды ұйғарған.
"Дәм-тұзым таусылғанша ауылда боламын, қарашаңырақты тастамаймын" деген отағасының Екпеталдан кетпеймін деуіне тағы бір себеп бар: отбасының жалғыз ұлы, 24 жасында жол апатынан опат болған Арман осы ауылдың шетіндегі зиратқа жерленген.
Екпетал халқының негізгі күнкөрісі – төрт түлік мал. Мақсат Қалиевтің айтуынша, тасқын жөнінде хабар тиген бойда бірнеше адам Екпеталдағы күйі бар ірі қараны түгелдей Барқын құмына қарай айдап кеткен.
– Мал айдаған бес адам құм арасында екі күндей аш жүрдік. Біреулерден қалған шәйнек тауып алып, қар суын қайнатып іштік. Екі күннен кейін тікұшақ келіп, бізді Ойылға әкетпекші болды, бірақ оған келіспедік. Елдің аманат қылған малын тастап кете алмадық. Біз келіспегесін құтқарушылар "біз малға емес, адамға ғана жауаптымыз" деп кетіп қалды. Содан он күн өткеннен кейін – су әбден тартылған соң ғана ауылға оралдық. Ауыл малы әлі сол Барқында жайылып жүр. Қайсысы кімдікі екенін білмейміз. Әйтеуір топан су мен ит-құстан аман, – дейді Мақсат Қалиев.
Оның сөзінше, мал айдап кеткен бесеу Екпеталдың хабарын азық-түлік тасушылардан біліп отырыпты. Баспанасыз қалған ауыл халқы Ойылға үдере көшкенін де солардан естіпті.
– Менің үйге де, малға да онша басым ауырмайды. Қимайтындай байлығым да жоқ. Бірақ ауылым суға кеткенін ойласам, жылағым келеді. Туып-өскен жерім ғой. Ана дүниеге осы арадан кеткім келеді... Туып-өскен жердің қазіргі жай-күйіне қиналамын. Бұл жерден кету қиын маған, кеткім келмейді, – деді көзәйнегін көтеріп, жасын сүрткен Мақсат Қалиев.
Ата-анасына көмектесуге келген қыздары мен күйеубалалары Қалиевтің үйінің құлаған қабырғаларын жөндеп жүр. Судан аман қалған екі бөлменің біріне темір кереует пен үстел қойылыпты. Қабырғада қалған ізге қарап, су деңгейінің биіктігі екі метрден асқанын байқауға болады.
Бір жиені Мақсат Қалиевке қаладан генератор әкеліп, жарық қосып беріпті. Ауыл сыртында, 300-500 метрдей жерде, тасқын ағызып апарып тастаған тұрмыс техникалары көзге шалынады. Олардың бәрі іске алғысыз болып қалған.
– Анау дамбының сыртында жатқан тоңазытқыш – біздікі. Ал анау жерде жатқан темір цистерна бұрын бақшада тұрған. Оны да тасқын көтеріп алып кеткен. Биік ағаштың басына ілініп тұрған ағаш қорап – ауладағы әжетхананың қаңқасы. Ал мынау менің сиырымның өлексесі. Басқа малым аман. Тек осы сиыр мен итім Ақтабанды шығарып үлгере алмадым. Барқында мал соңында жүргенімде бес күн бойы үй жақтан Ақтабанның қыңсылап ұлыған дауысын естідім. Бірақ айнала топан су, ауылға жақындай алмадым. Бес күннен кейін итімнің үні өшті. Әрлі-берлі іздеп, өлексесін де таба алмадым, – дейді Мақсат Қалиев.
"БЕТОН ГАРАЖДЫҢ ТӨБЕСІНЕН ТІКҰШАҚ АЛЫП КЕТТІ"
Жергілікті жұрт былтыр Ойыл өзені тасығанда дамбының үстіне бес қатар қапшық қойып, ауылды судан қорғап қалғанын айтады. Дамбы дейтіні – ауылды айналдыра үйілген топырақ бөгет. Жаңабаз қыстағы жақтан қарағанда ойдағы ауылдан тал-теректердің басы мен кей үйлердің шатыры ғана көрінеді.
– Бұл дамбыны 1963 жылы орман шаруашылығы мекемесі салған. Осы дамбы 1993 жылы су тасығанда ауылды қорғап қалған еді. 2022-2023 жылдары да су келгенде осы дамбы қорғады. Биылғы тасқынның беті бөлек болды ғой. Қауқар қыла алмадық, – дейді Екпетал тұрғыны Темірбек Сенғалиев.
Биыл 29 наурыз күні таңсәріде келген үлкен суға құм толы қапшық та, техника да төтеп бере алмаған. Ауылдың кіреберісі мен дамбыға жақын көшелерде су тасыған кезде қалып қойған түрлі техника тұр. Су жаңа трактордың тұмсығын тасқын әкелген сең бұзып кеткен.
Топан су Екпеталда – 48, Жаңабазда 19 үйді түгел құлатып кеткен. Әйтеуір, адамдар аман. Ауылды су басқан кезде Екпеталдың адамдары бетоннан салынған гараж бен балабақша ғимаратының төбесіне шығып жан сақтаған. Екпеталдағы саман үйлер тасқыннан құлай бастағанда балабақша ғимараты мен осы гараж ғана сыр бермеген.
– Қырық шақты жігіт таңғы төрт жарымдар шамасында шатырға шыққан. Сол отырғаннан 7-8 сағат бойы көмек күткен. Тікұшақ мінген құтқарушылар Екпеталға түс кезінде екі рейс жасап, гараж бен балабақшаның төбесінде отырған адамдарды құтқарған, – дейді Екпетал тұрғыны Нұрлан Бисембин.
Ауыл адамдары әкімдік топан суға дайын болмады деп есептейді. Ойыл өзеніндегі сеңді алдын ала жарып жібергенде, мұндай апат болмас еді дейді жергілікті жұрт.
– Ойылмен екі ортадағы ағысты сең бөгеп тұрып алды. Соның салдарынан судың бағыты өзгеріп, екі ауылды жайпап өтті. Ең алдымен сең Ойылдың көпіріне келіп тірелді. Көпірді қиратты. Біздің ауылдың тұсына жеткенде бас-аяғы жарты сағатта басып қалды. Өзім Ойылдың Саралжын деген ауылының тумасымын. Бала күнімде өзен мұзын жарып жатқан адамдарды көруші едім. Қазір ондай жоқ. Әкімдегілер бізге 30-40 сантиметрдей су келеді, дайын болыңдар деді. Соған сеніп дамбы жақта құм қаптап жүргенбіз. Бұл – көктем сайынғы үйреншікті жұмысымыз. Бірақ сең келеді деп ойламадық. Қалыңдығы кемінде бір метрге жуық сең жолындағының бәрін жайпап өтті, – дейді Жалғас Төлеуішев.
Ойыл өзенінен келген сең ғимараттар мен қоршауларды қиратып, орасан зор залал келтіргенін осыған дейін Азаттыққа Қаратал ауылының тұрғындары да айтқан еді.
"МАЛ ШЫҒЫНЫ БОЛҒАНЫН ДӘЛЕЛДЕ"
Екпетал тұрғындарының қазіргі ең үлкен уайымы – тасқын салдарынан құлаған баспана мен қырылған малдың өтемі қашан төленетіні.
Тасқыннан бері бір ай өтсе де жұрт әлі мал шығынын толық есептеп бітпеген. Ауыл ішіндегі мал өлекселері жиналған. Бірақ Екпеталдың сырт жағында теңкиіп жатқан мал өлекселері жиі көзге шалынады. Арасында қой-ешкі аз.
Жергілікті адамдар қатты екпінмен келген топан су қой-ешкі мен төрт түліктің төлін допша лақтырып, ағызып әкеткенін айтады. Ауыл маңындағы тал-теректің түбінде ірі қара өлекселері әлі жатыр.
– Сегіз бас ірі қарам суға ағып кетті. Малым туралы деректі орталықтандырылған базадан алып, құжаттарын арнайы комиссияға өткіздім. Комиссиядағылар бізге "суға ағып кеткен малды куәландыр" дейді. Ол өлексені қайдан табамыз? "Іздеп тауып, суретке түсіріп әкел" деп отыр. Суға ағып кеткен малды көрші Берсиев ауылынан іздейміз бе, әлде көрші Атырау облысынан іздейміз бе? Айналаның бәрі балшық. Техника жүре алмайды. Іздеген күнде де таба алатынымызға күмән көп. Комиссиядағылар "куәландырмасаңдар ақысын төлемейміз" дейді. Оны біз қай қамыстың арасынан, қай судың ішінен іздейміз? Онсыз да шаруаның бәрі шалқайып жатқан кезде дерегі базаға енгізілген малдың суретін сұрамаса да болар еді, – деп кейиді Екпетал тұрғыны Осман Түркістанов.
Әдетте көктем сайын Ойыл өзені тасығанда Жаңабаз қыстағына су бармайды екен. Сол себепті екі ауылдың адамдары ұсақ мал мен ірі қараның төлін ойдағы Екпеталмен салыстырғанда биіктеу тұрған қыстаққа жинаған.
Бірақ биыл 29 наурызда таңсәріде топан су алдымен Жаңабазды жайпап өтіп, сосын Екпеталға барған.
Қазіргі кезге дейін алынған ресми деректе екі ауылдан жиынтығы 936 бас мал қырылғаны айтылған. Ауыл адамдары арам өлген мал басы бұдан әлдеқайда көп дейді.
Ойыл әкімдігінің хабарлауынша, Екпетал халқына осы кезге дейін 41,5 млн теңге төленген. Бұл – қырылғаны арнайы комиссия актісімен нақтыланған малға төленген өтем ақша.
Әкімдік өкілдері өзге малға да өтем төлеуге "қаржы көзі қарастырылып жатқанын" айтқан дейді тұрғындар. Алайда қашан, қаншадан төленетіні белгісіз.
Мал шығыны болғанын дәлелдеу үшін билік орындары жұрттан сол малдың құлағында болған сырғаны, теріге басылған таңбаны көрсетуді талап етеді.
– Мысалы, менде дәлелденбей тұрған екі бас бар. Екеуінің де сырғасы жоқ. Сырғаны мал дәрігері әдетте қан алғаннан кейін салатын. Биыл қан алып үлгермеді. Су тасыған кезде қорада бордақылап отырған екі бұқам бар еді. Комиссиядағылар екеуінің де өлексесін көзбен көрді. Бірақ құлағында сырғасы болмағасын 11 айлық баспақтың ақшасын аласың деп кетті. Баспақ емес, үш жастан асқан ірі қара екенін өздері де көрді. Бірақ заңды дәлел ретінде сырға болу керек екен. Құлағында сырғасы жоқ болғандықтан әрбіріне 137 мың теңгеден төлейтін болды. Негізі бордақыланған бұқаның бағасы 395 мың теңге, – дейді Жаңабаз қыстағының тұрғыны Сейсенбай Әбішев.
АУЫЛДЫ КӨШІРУДІ ҰСЫНДЫ
Аудан басшылары Екпеталды Ойылға көшіру керегін айтады. Ойыл ауданы әкімі Асқар Қазыбаев мұны "тұрғындардың қатысуымен талқыланып, қабылданған шешім" дейді. Тасқын тағы қайталануы мүмкін деп алаңдап, ауылды көшіруді қолдайтындар да, Барқын құмы мен Ойыл орманына жақын, жасыл желегі мол, малға жайлы мекенді тастап, үдере көшуді құптамайтындар да бар.
Ойыл орман шаруашылығы мекемесінде орманшы болып істейтін Сейсенбай Әбішев Жаңабаз қыстағындағы үйін су құлатқаннан кейін баспанасыз қалған. Төрт баласы бар отбасы Ойылда біреудің жаздық үйін жалға алып тұрып жатқанына бір ай болды. Айтуынша, Ойылда ондай үйді жалға беретіндер 30-40 мың теңге сұрайды.
– Әкімдікке жалға алған үйіміздің ақысын төлеп беріңдер десек, олар үй иесі жеке кәсіпкер ретінде тіркелсін деп талап қойды. Үйді жалға беретіндер келіспей, "онда үйді босатыңдар" дейді. Қаңғып қалатын түріміз бар. Әкімдік Екпетал мен Жаңабазды Ойылға көшіреміз, үй салып береміз деген. Үй салмақ түгілі әлі жер учаскесін де бөлмеді. Қайта-қайта жиналыс өткізеді. Бір апта бұрын маған жер берген еді. Сөйтсек ол біреудің жері болып шықты. Енді оны қайта қарайтын болып, Ақтөбеден маман шақыртамыз деп жатыр. Ойылда маман жоқ болып тұр ғой. Әкімнің өзі Ақтөбеден жер маманы келеді деп отыр. Ол қашан келеді, қай уақытта шешіледі, білмеймін, – дейді Сейсенбай Әбішев.
Ойылдың әкімі Асқар Қазыбаев жер сұрап өтініш түсірген Екпеталдың 66 тұрғынына аудан орталығындағы бос тұрған учаскелер берілетінін айтты. Әкімдік қазір әрбір учаскенің қазығын қағу үшін "Азаматтарға арналған үкімет" КЕАҚ мамандарының Ойылға келуін күтіп отыр.
Ауыл адамдарының сөзіне қарағанда, кейінгі кезде гуманитарлық көмек әкелушілер де саябырси бастаған.
Биыл көктемде су таси бастағалы Ақтөбе қаласы мен облыстың алты ауданында төтенше жағдай жарияланды. Солардың бірі – Ойыл ауданы. Тасқын кезінде осы аудандағы 11 ауылда 331 үйге су кірген.
Ресми дерек бойынша, облыста 4 мыңға жуық үйді топан су басқан. Ол жерлерден 12 мыңға жуық адам көшірілген. Үш мыңнан астам мал қырылған.
Ақтөбеге топан су келтірген шығын әлі толық есептеліп біткен жоқ. Биылғы тасқынан соң бірнеше ауыл жойылып кетуі мүмкін. Соның бірі – Ойылдың Екпетал ауылы. Топан су салдарынан баспанасыз қалғандар көшіп кетуден басқа лажымыз жоқ дейді. Бірақ Мақсат Қалиев құсап "қарашаңырақты тастамаймын" деп айтатындар да бар.
Мақсат Қалиев пен оның әйелінің жұбанышы, марқұм ұлынан қалған тұяқ – 9-сыныпта оқитын немересі Ислам. Қазір өзге оқушылармен бірге демалыс лагерінде жүрген Ислам ата-әжесімен бірге Екпеталда қалмақ.