"Құм күреумен күніміз өтіп жатыр". Жылтыр ауылы халқының бейнеті

Ақтөбе облысындағы Жылтыр ауылының тұрғындары үй-жай, қора-қопсыны басқан құмнан қалай құтыларын білмей отыр. Құм көшін тоқтатуға дәрменсіз жұрт биліктен жәрдем сұрайды. Өңірде құмнан қорлық көріп отырған 19 ауыл бар. Сусылдап көшкен құм электр бағандарын да басып қалған. Азаттық тілшісі жергілікті халқы табиғаттың дүлей күшімен алысып жатқан Жылтырдағы жағдайды көріп қайтты.

Your browser doesn’t support HTML5

Құм құрсауындағы ауыл

Жүз шақты үй бар Жылтыр ауылының халқы малмен күнелтіп отыр. Бұл өңірде ала жаздай құм соғып тұратындықтан жергілікті халық бақша сала алмайды. Ауылда өсіп тұрған тал-терек те аз.

Жылтырдың оңтүстік-шығысында тікенек сыммен қоршалған бірнеше алқап бар. Ортасына тырбық бұта жүзгін егілген бұл алқаптар әр жылдары ауыл тұрғындарының бастамасымен қоршалған. Жергілікті жұрт оның бірін "Рамазан қоршау", енді бірін "Уайс қоршау" деп атайды.

Жылтыр ауылында құм құрсауында қалған үй. Ақтөбе облысы Шалқар ауданы, 16 маусым, 2023 жыл.

Рамазан да, Уайс та – Жылтыр ауылының белсенді тұрғындары. Билік тарапынан ешқандай әрекет болмағандықтан олар жерлестерінен ақша жинап, елді мекеннің жел жағындағы бірнеше алқапты қоршап қойған. Халық қоршаудың ішіне қуаңшылыққа төзімді жүзгін бұтасын егіп, көшкен құмды тоқтатуға өз бетінше әрекет қылған.

Қолға іліккен ең арзан материалдар, қураған ағаш, тікенек сыммен қоршалған алқаптың әр жерінде жүзгін өсіп тұр. Яғни, жұрт еккен көшеттің бәрі тамыр алып кетпегенге ұқсайды. Аса шүйгін болмаса да, мал аяғы тимегесін аз-маз шөп өскені де аңғарылады. Ауыл жұрты тамыр алып кеткен әр бұтаға "құм көшін тоқтатуға септігі тиер" деп үлкен үміт артады.

– Жылтырға қысы-жазы оңтүстік-шығыстан жел соғып тұрады. Бізге солтүстік пен батыстан жел соғатын кез сирек. Желмен бірге көшкен құм ауылдың шеткі үйлерін басып болды. Ауылдың күнгей жағындағы қора-қопсыны құм басып қалғасын, малды аулаққа көшіруге мәжбүр болдық, – дейді жергілікті тұрғын Ермекбай Ахетов.

Жылтыр тұрғыны Ермекбай Ахетов. Ақтөбе облысы, 16 маусым, 2023 жыл.

Ермекбай Ахетов туып-өскен ауылын тастап көшкісі келмейді. Кенже ұлын да қалаға жібермей, қарашаңырақта ұстап отыр. Ахетовтердің үйі Жылтырдың күнгейіндегі шеткі көшенің бойында орналасқан.

Көшкен құм Ермекбай Ахетовтің темір дуалынан асып, ауласына құйылып жатыр. Кәріз құдығын да құм басып қалған. Үй иелері алты ай жаз бойы борайтын құмға көндігіп кеткен сыңайлы. Дуалдың арғы жағында жал-жал болып жатқан шағылдарға қарап "Біздің Дубай" деп әзілдеп қояды.

Құм басқан Жылтыр ауылында ат жетектеп келе жатқан адам. 16 маусым, 2023 жыл.

"АЛТЫ АЙ ЖАЗ ҚҰМ КҮРЕУМЕН ӨТЕДІ"

Жылтырға күнгей жақтан қараған адамға дөңкиген шағылдардың тасасындағы шағын ауыл толық көрінбейді. Тұрғын үйлердің шатыры ғана байқалады.

Үйренбеген адамға ауыл көшелеріндегі сусыма құммен жүру де оңай емес. Аяқ киіміңе әп сәтте толып қалатын қызыл құм аяқты тұсағандай қылып жүргізбей тастайды. Одан гөрі жалаңаяқ жүрген жеңілірек. Бірақ түс әлпетінде жалаңаяқ жүру де қиынға соқты. Күнге қызған шағылдар табаныңды күйдіріп жібере жаздайды. Ал жел тұрған кезде көзге құм құйылып, әбден маза қашады.

Құм басып қалған қора. Жылтыр ауылы, 16 маусым, 2023 жыл.

– Абайлаңыз! Аяғыңыздың астында қора-қопсы бар. Мысалы, біз қазір Маман ақсақалдың құм басқан қорасының төбесіндеміз, – деді Жылтыр ауылында Азаттық тілшісіне жол бастап жүрген Ермекбай Ахетов.

Маман ақсақалдың қора-қопсысы, жазғы үйі ғана емес, гаражы да құм астында қалған. Есігі ашылмай қалған қора-қопсыдан әбден үміт үзген тұрғындар күн сайын үйінің айналасын тазалап әлек.

Жылтыр тұрғыны Жеңіс Мысырова жартылай құм басып қалған қорасын көрсетіп тұр. 16 маусым, 2023 жыл.

– Әр күніміз құм күреуден басталады. Арбалап, шелектеп тасимыз. Соның арқасында ғана үйімізге әрең кіріп-шығып жүрміз. Өз күшіміз жетпей бара жатса, туыстарымыздың балаларын шақырып аламыз. Алты ай жаз бойғы ең басты шаруамыз – құм күреу. Сәуірдің аяғында құм көше бастайды. Содан қараша туып, қар жауғанша бізге тыным жоқ, – дейді Жылтыр ауылының тұрғыны Жеңіс Мысырова.

Көшкен құм оның үйінің іргетасына келіп тірелген. Бұл жалғыз Жеңіс емес, Жылтырдың шетіндегі тұрғын үйлердің бәріне ортақ проблема. Шеткі көшеде тұратындар дуал сыртынан дуал тұрғызғанына қарап, әр жылдары құмнан қорғанбақ болғанын аңғару қиын емес. Бірақ көшкен құм оған бой бермеген сияқты, әр жерден құм астында қалған дуалдардың шеті ғана қылтиып, соны дәлелдеп тұрғандай.

Құм астында қалған ағаш дуалдың бас жағы ғана қылтияды. Жылтыр ауылы, 16 маусым, 2023 жыл.

"ҚҰМҒА ТОСҚАУЫЛ БОЛСЫН ДЕП АҒАШ ЕКТІК"

– "Айта-айта Алтайды, Жамал апай қартайды" деген сөз бар емес пе? Біздікі де сол тірлік. Құмның жайын айта-айта жағымыз талғасын, қол қусырып отыра бермейік деп былтыр ауыл шетіне тағы бір қоршау тұрғызғанбыз. Биыл сол қоршаудың ішінен құдық қаздық. Ауылдастардан үш мың теңгеден ақша жинап, қоршаудың ішіне қарағаш, жүзгін, жидесі бар, жалпы саны 200 түп ағаш ектік. Тездетіп тамыр алып кетсін деп тайлы-тұяғымызбен енді сол көшеттердің тілегін тілеп отырмыз, – дейді Жылтыр ауылының тұрғыны Уайс Ахметов.

Уайс Ахметов ауылдастарымен бірге еккен көшеттің қасында отыр. Ақтөбе облысы Жылтыр ауылы, 16 маусым, 2023 жыл.

Қызылорда өңірінің тумасы Уайс Ахметовтің Жылтыр ауылына қоныстанғанына жиырма жылдан асқан. Зейнеткер бала-шағасы аяқтанып, мал-жаны көбейген бұл жерді құтты мекен санайды. Жылтырды қанша жерден құм басса да, Уайс Ахметовтің бұл ауылдан көшетін ойы жоқ.

Биыл көктемде 200 түп ағаш егілген қоршаудың ішіндегі тасқұдықты жергілікті жұрт "Уайс құдық" деп атайды. Өйткені, ұзындығы үш, ені екі метрлік құдық зейнеткер Уайс Ахметовтің бас-көз болуымен қазылған. Жүзін күн қақтаған қария ертелі-кеш жас көшеттерді баптап-күтумен жүреді.

Жылтыр тұрғындары құмға тосқауыл болсын деп еккен көшеттерді тамшылатып суарады.

Онсыз да тапшы суды рәсуа қылмау үшін әр көшеттің түбіне ескі-құсқы пластик құтыларды қойған. Түбі ұсақ шегемен тесілген құтылардан көшеттің тамырына су тамшылап тұрады.

– Таңғы, кешкі салқынмен осы жерге бала-шаға, немерелерімізді ертіп келеміз. Біреу құдықтан су тартады. Енді біреуі суды пластик құтыларға құяды. Еңбекке жарамды бала да, еңкейген қария да аянып жатқан жоқ. Одан қалды жас көшеттерді малдан қоримыз. Өрістен қайтқан мал кейде қасына-қасына қоршауымызды құлатып та кетеді. Ондайда қолының қаруы бар жігіттердің көмегіне жүгінеміз, – дейді Уайс Ахметов.

Жылтыр ауылының тұрғындары Уайс Ахметов (сол жақта) пен Ермекбай Ахетов жергілікті жұрт "Уайс құдық" деп атайтын құдықтың басында отыр.

"БИЛІКТЕГІЛЕР БІР-БІРІНЕ СЫРҒЫТАДЫ"

Жылтыр ауылы аудан орталығы Шалқар қаласынан 13 шақырым жерде. Жылтырда орта білім беретін мектеп, балабақша, дәрігері жоқ амбулатория бар. Басы ауырып, балтыры сыздаған тұрғындарды фельдшер қарап, қажет деп тапқан жағдайда аудан орталығына жібереді.

Жылдар бойы құммен жеке өзі алысып әбден қажыған жұрт бұл мәселені шешуге көмек сұрап аудан әкімдігіне арызданып та көрген. Бірақ еш нәтиже шықпапты. "Шенеуніктер сыдыртпа жауап жазып, бір-біріне сілтеуді ғана біледі" деп ренжиді Жылтырдың тұрғыны, бұрын мұғалім болып істеген зейнеткер Лена Бекжан.

Жылтыр ауылының тұрғыны Лена Бекжан.

– Әкімдікке жазған хатыма "арызыңызды орман шаруашылығына жібердік" деген жауап алдым. Олар табиғи ресурстарды пайдалану басқармасына қарай ысырған. Бір сөзбен айтқанда, ешқайсысы ауыз тұщытар жауап бермеді. Ақыр соңында қайта айналып ауыл әкіміне қайырылдым. Ол үйдің іргесіндегі тау боп үйілген құмды тазалап беремін деген еді. "Болмайтын болды" деп ол да кетті. Енді кімге барып, не айтарымызды білмей далмыз. Бұл кеше, не бүгін пайда болған проблема емес. Алдыңғы жылы мұндай емес еді, былтыр ауылды құм басып салды. Биыл мүлдем қиын боп тұр. Көшкен құм тереземіздің алдына келіп тұр. Үйден шығайын десек, есікті аша алмаймыз. Күн сайын есігімізді басқан құмды күреп ашып үйге кіріп-шығып жүрміз, – дейді Лена Бекжан.

Ауыл әкімі Қалжан Қаржаубай шұғыл шаралар жасалмаса, Жылтырдағы тұрғын үйлер құм астында қалу қаупі барын айтады.

Жылтырға 2016 жылы әкім боп тағайындалған Қалжан Қаржаубайдың сөзінше, тез арада кемінде жиырма гектар алқап (ені 100 метр, ұзындығы екі шақырым) қоршалмаса, тұрғын үйлердің құм астында қалу қаупі бар.

– Құм басқан ауылды көгалдандыру оңай шаруа емес. Онымен арнайы мекеме айналысуы керек. Құммен күресуге ауыл бюджетінің, меніңше, ауданның да мүмкіншілігі жоқ. Бұған көп ресурс керек. Бар үмітіміз орталықта. Астана Жылтыр ауылын құм басу аймағына енгізіп, қаржы бөліп, арнайы жоба жасап берсе дейміз. Әйтпесе өз бетімізше оған әліміз келмейді, – дейді Қалжан Қаржаубай.​

Дуалдан асып, үй ауласына құйылып жатқан құм. Ақтөбе облысы Шалқар ауданы Жылтыр ауылы. 16 маусым, 2023 жыл.

ОБЛЫСТЫҚ БАСҚАРМАНЫҢ ЖАУАБЫ

Ақтөбе облысының табиғи ресурстарды және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының мәліметінше, аймақта құм құрсауында қалған 19 ауыл бар. Оның бесеуі – Шалқар ауданында, үшеуі – Темір, алтауы – Байғанин, тағы бесеуі – Ырғыз ауданында.

Облыстық басқарманың ақпаратына қарағанда, құм көшін тоқтату үшін әзірше өңірдегі үш ауылға жобалық-сметалық құжат әзірленген. Биыл Ақтөбе облысының бюджетінен бөлінген 165 миллион теңгеге Ырғыз ауданындағы Жарма, Байғанин ауданындағы Жарқамыс пен Баршақұм ауылдарының шеті қоршалған. Келесі жылы көктемде қоршаудың ішіне сексеуіл егілуі тиіс.

Ақтөбе облысы Шалқар ауданы Жылтыр ауылы.

– Кей ауылдарда электр бағандары құм астында қалып қойып жатыр. Тұрғын үйлерге де құм басу қаупі төніп тұр. Сондықтан құм құрсауында қалған 19 ауылдың әрқайсысына жобалық-сметалық құжат жасау үшін облыс бюджетінен үш миллион теңгеден бөлінген. Әзірше 11 елді мекеннің жобалық-сметалық құжаты дайын. Қалған сегіз ауылға яғни, Шалқар мен Темір аудандарындағы елді мекендерге құжат 2024 жылы әзірленеді, – деді Ақтөбе облысының табиғи ресурстарды және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының бөлім басшысы Ақтолқын Хабиболдина Азаттыққа.

Ақтөбе облысы Шалқар ауданындағы құм басқан Жылтыр ауылы. 16 маусым, 2023 жыл.

Басқарманың дерегінше, Ақтөбе облысындағы құм құрсауында отырған 19 ауылға Қазақстан тәуелсіздік алған отыз жылда құм көшін тоқтатуға бюджеттен қаржы бөлінбеген, арнайы жобалар жасалмаған.