"Салафанмен саз кешіп". Алғабас халқын батпақ басқан жол қажытты

Алғабас тұрғындары аяқ киім батпаққа батып кетпес үшін осындай целлофан қалта киіп жүретінін айтады. Алматы, 21 ақпан 2021 жыл.

Алматы қаласына қарайтын Алғабас ауылының халқы қыста батпаққа батып, жазда шаңға көмілетініне шағынады. Олар ауылдың қалаға қосылғанына 7 жылға жуықтаса да бұл мәселені шешпеді деп билікке наразы. Батпақ үстіне қиыршық тас төсеп, жолдың ойран-ботқасын шығарған әкімдік тұрғындарға "бірер жыл шыдай тұрыңдар" дейді.

"ЖОҒАЛҒАН ЖОЛ"

Алматының шетіндегі Алғабас ауылының тұрғындары 21 ақпанда ауыл орталығындағы стадионға жиналып, 2014 жылы Алматы қаласына қосылған ауылдағы әлеуметтік проблемалардың шешілмей келе жатқанына наразылық білдірді. Ауыл белсенділері ұйымдастырған жиынға 200-ге жуық адам қатысты. Алдын ала хабар алған Алматы қаласы Алатау ауданы әкімінің орынбасары Бектас Сәбитов бастаған бір топ билік өкілі де келді.

Азаттық тілшісіне Алғабастағы стадионға жету оңай болған жоқ. Ауыл ішіндегі ойдым-ойдым жолмен батпақ кешіп стадионға жеткенде, жергілікті тұрғындардың әкімдік өкілдеріне сиқы кеткен жол жағдайын баяндап, жылдар бойы шешілмейтін проблеманы ашына айтып тұрған жиынның үстінен түстік.

Алғабас тұрғыны баласының батпақ бәтеңкесін тұрғындардың шақыруы бойынша ауылдың жағдайымен танысуға келген Алатау ауданы әкімінің орынбасары Бектас Сәбитовке (ортада) көрсетіп тұр. Алматы, 21 ақпан 2021 жыл.

Жиналған адамдардың аяқ киімі мен шалбарына жағылған айғыз-айғыз батпақтан-ақ жолдың жағдайы айтпаса да түсінікті еді. Кейбірі аяқ киім сыртынан целлофан қалта киіп, байлап алған. Әкімдік өкілдері мен полиция қызметкерлерінің кеңсе көрген аяқ киімі де лайға батып, ұсқыны кеткен.

– Мұндай батпақты енді көріп тұрсыңдар, біз күнде кешіп жүрміз, – деген тұрғындар жиынды көп созбай, әкімдік өкілдерін көше аралап, жағдайды көзбен көруге шақырды.

– Алғабастың қай көшесінде жол жоқ деп сұрағаннан гөрі, қай көшесінде жол бар деп сұраған дұрысырақ. Өйткені қалаға шығатын орталық көшенің ойдым-ойдым асфальтінің де бетінде лай ағып жатыр, – дейді тұрғындар.

Ауыл тұрғындары Алатау аудандық әкімдігі өкілдеріне Алғабас көшесіндегі батпақ басқан жолды көрсетіп жүр. Алатау ауданы, Алматы қаласы, 21 ақпан 2021 жыл.

Әкімдік өкілдерін ертіп барған Ақсеңгір көшесі ми батпаққа айналған. Бұрын бұл көшеде жол болғанға ұқсамайды. Бірақ тұрғындар сөзінше, былтырға дейін кәдімгі қиыршық төселген жолы болған.

– Мемлекеттен қайран жоғын түсінген соң, әркім өз көшесін өз күшімен жөндеп келе жатыр. Ақсеңгір көшесінің әр үйі 20-30 мың теңгеден ақша жинап, қиыршық жолды жамап-жасқағанбыз. Қаладағы асфальт бетінен қырып тастаған құрғақ асфальтті сатып алып, жайып шықтық. Былтыр орталық кәріз құбырын саламыз деп жолды қазып тастады. Қайта көмгенде бұрынғы жолымызды таппай қалдық, – дейді Ақсеңгір көшесінде тұратын Нұридин Имиршаев.

Тұрғындар Алғабасты Алматы қаласының орталық су құбыры мен кәріз желісіне қосу үшін қазылған орлар ауылдың астаң-кестеңін шығарғанын айтады. Құбыр жолы қайта көмілгенімен, жауын-шашыннан кейін опырылған тұстары жиі кездеседі. Құбырға түсетін құдықтардың айналасы ашылып қалған.

Жол жағасына қазылған кәріз орны ойылып қалған. Алғабас ауылы, Алатау ауданы, Алматы қаласы. 21 ақпан 2021 жыл.

2014 жылға дейін Алматы облысының Қарасай ауданына қараған Алғабас ауылының тұрғындары "бұл – ауыл емес, Алматы қаласы. Қалаға қарасты ықшамаудан" деп сипаттайды. Ауылдың ресми статусы да "ықшамаудан".

Алматыдан Бішкекке қарай шығатын күре жолдың бойындағы Алтын Орда базарының кептелісінен қашқан көліктер Алғабастың кішкентай көшелерімен айналып өтуге тырысады. Сөйтіп, қыста батпаққа батырып, жазда Алғабасты шаңға көметіні тағы бар.

Алғабас тұрғындары қалаға қосылғанына қуанады, алайда мегаполистің орталығын жыл сайын асфальттап, бордюрін ауыстыратын әкімдік қала шетіне немқұрайды қарайды деп ренжиді.

– Алатау ауданы әкімдігінің әлеуметтік желідегі жазғанына қарағанда, Алғабас көшелері жарқырап тұрған сияқты елестейді. Ал шын мәнінде бұл ауылдың батпақ көшесінде түнде қолшаммен жүрмесең тайып құлап, мертігесің, – дейді тұрғындар.

Алатау аудандық әкімдік өкілдеріне Алғабас көшесіндегі батпақ басқан жолды көрсетіп жүрген тұрғындар. Алматы, 21 ақпан 2021 жыл.

Ауыл тұрғындарының айтуынша, қала маршрутымен жүретін автобустар Алғабасқа кірмей, сыртынан өтеді. Қалада жұмыс істейтін адамдар ауыл шетіне дейін келіп тұрған Рысқұлов даңғылына екі аяғына екі целлофан қалта киіп жетуге мәжбүр. Жолы жүруге жарамайтын ауылға қаладан такси де беттемейді деп шағынады жұрт.

"САҒЫНТАЕВТЫҢ ШЕТСІЗ ҚАЛАСЫ"

Алғабас тұрғындарына Алматы әкімдігінің уәжі дайын көрінеді. Ауыл халқы наразылыққа шығады дегенді естіп, Алатау ауданы әкімінің орынбасары Бектас Сәбитов жолға жауапты қызметкерлерді ертіп келгенге ұқсайды.

Әкім орынбасарының сөзінше, Алғабасқа ауыз су құбыры мен кәріз жүргізіліп бітпей, жолдың әңгімесі де аяқталмайды. "Асфальт салып тастап, бірер жылдан соң қайта қопарып, құбыр жүргізуге заң рұқсат бермейді" дейді ол.

Алғабас ауылының көшесінде тұрғындар батпақ басқан жолмен жүреді. Алматы қаласы, 21 ақпан 2021 жыл.

Сәбитовтің сөзінше, құбыр шаруасымен Алматы әкімдігінің Энерготиімділік және инфрақұрылымдық даму басқармасы айналысады, мердігер компанияны таңдаған да солар.

Бұл басқарманың өкілі Еркебұлан Іліпбаевтың айтуынша, "су құбыры мен кәріз жүргізілген жерлерге биыл 15 наурыздан бастап асфальт төселеді. Ал жауын-шашыннан кейін ми батпаққа айналған жолмен жүру қиындайтынын ескеріп, қазір жолдың шетіне қиыршық тас жайып жатқан" көрінеді.

Есік алдына қиыршық тас жайып жатқан Алғабас тұрғындары. 21 ақпан 2021 жыл.

Тұрғындар мұндай уәжге қанағаттанбады. Олардың айтуына қарағанда, асфальт төселіп болғанға дейін уақытша төгіп, тегістеп кеткен ұсақ қиыршық тас жауын-шашыннан кейінгі батпаққа қосылып, адам мен көліктің жүріс-тұрысын одан әрі қиындатқан.

Алатау ауданы әкімі аппараты коммуналды шаруашылық бөлімінің басшысы Ертіс Бисыровтың сөзінше, Алғабас тұрғындарына, қалай болғанда тағы бірер жыл шыдай тұруға тура келеді.

– Құбыр салынып біткен жерлер біртіндеп асфальттанады, бірақ құбыр жұмысы 2021 жылдың мамырына дейін жалғасады. Ашығын айтқанда, биыл жол бітпейді, – деді ол.

Алғабас ауылынан Алматыға шығаратын орталық "Бойтұмар" көшесі. 21 ақпан 2021 жыл.

Әкімдік қызметкерлерімен бірге көше аралаған тұрғындардың бірі Виктория Карпенко "Алматы әкімдігі уәдеге тойдырудың шебері" деп санайды.

– Жолдан өзге де проблема жетеді. Соның бәрін 14 пунктке сыйғызып, 500-ден астам адам қол қойып, таяуда қала тұрғындарына есеп бергенде "Шетсіз қала" принципі жайлы айтқан, 1990 жылы "Қала және ауыл халқының өмір сүру деңгейін жақындастыру" деген тақырыпта ғылыми диссертация қорғаған Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаевқа жолдағалы отырмыз, – дейді ол хатын көрсетіп.

Алматының шетіндегі Алғабас ауылының орталығы. Қалаға қатынайтын такси осы жерден жүреді. 21 ақпан 2021 жыл.

Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев 17 ақпан күні халыққа берген есебінде "Шетсіз қала" принципі бойынша қала шеті де назардан тыс қалмайды деп сендіруге тырысқан.

Ресми есеп бойынша, Алғабас ықшамауданында 16 мыңнан астам адам тұрады. 2014 жылы Алғабасты Алматы қаласына қосудың себебін "қала төңірегіндегі елдімекендердің әл-ауқатын көтеру" деп түсіндірген Қазақстан үкіметі 2010 жылы күзде "Алматы қаласының қала маңы аймағының бас жоспары туралы" қаулы да қабылдаған.