Астана мен Алматыда митинг өткізбек болған белсенділерді полиция көшеден әкетті
Бұған дейін белсенділер 25 қазанда Астанадағы Жеңіс даңғылының бойындағы қаржы министрлігінің алдында және Алматыдағы Шоқан Уәлиханов ескерткішінің қарсы бетінде күндізгі сағат 12-14 аралығында митингі өтетінін хабарлаған. Тіркелмеген "Алға, Қазақстан" партиясының белсенділері мерзімінен бұрын өтетін сайлауды тоқтатуды және жаңа саяси партияларды тіркеуді талап етіп митинг өткізетіні жайлы мәлімдеген. Екі қала әкімдігі де рұқсат бермеген.
Суретте: Митингі өтетін орын деп аталған маңда жүрген полицейлер мен жай киімдегі адамдар. Астана, 25 қазан 2022 жыл.
Астанадағы Жеңіс даңғылындағы алаңқай темір шарбақпен қоршалған. Төңіректе полицияның қара әйнекті көліктері жүрді. Маңайда арнаулы қызметкерлер отырған бірнеше микроавтобус байқалды. Қарапайым киінген ондаған адам саябақ маңын бақылап жүрді. Әр елу метр сайын полиция қызметкерлері күзетіп тұрды.
Суретте: Астанадағы қаржы министрлігі төңірегін айналып шолып жүрген полиция автобусы.
Тіркелмеген "Алға, Қазақстан" партиясының ұйымдастыру тобының мүшесі Бибігүл Иманғалиеваның (суретте) сөзінше, өзі қатысатын саяси ұйым 17 қазанда Алматы әкімдігіне хабарласып, 25 қазанда митингі өткізетіні туралы хабар берген. 25 қазанда полиция Иманғалиеваны үйінен күштеп әкетіп, Әуезов аудандық полиция бөлімінде екі сағат жауап алып босатқан.
Полиция әкеткенге дейін Бибігүл Иманғалиева Азаттыққа 24 қазаннан бері үйінен шыға алмай отырғанын айтты. "Екі күннен бері жеке көліктерімен үйді торуылдап жүрген полицейлер далаға шықсам алып кете ме" деп қауіптенетінін жеткізді.
Суретте: Бибігүл Иманғалиеваның үйінің алдында тұрған жеке меншік көлікте отырған екі полиция қызметкері өздерін "учаске полицейіміз" деп таныстырып, Иманғалиеваның бүгін полиция бөліміне шақырылғаны туралы қағаз әкеліп отырғанын көрсетті. Алматы, 25 қазан 2022 жыл.
Алматыда қоғам белсенділері Әсет Әбішев, Айдар Сыздықов, Қанатхан Әмреновтерді себебін айтпастан Жетісу аудандық полиция бөлімшесіне әкеткен. Сағат 11 шамасында Алматыдағы тәуелсіз бақылаушылар ұйымы жетекшісі Арайлым Назарованы да үйінен шыққан кезде полиция әкетіп, Бостандық аудандық полиция бөлімшесіне жеткізген. Оларды бірнеше сағаттан кейін босатқан.
- Бүгінгі күн жөнінде, "ҚДТ", "Көше партиясы" туралы сұрады. Одан кейін еш себепсіз бес сағаттай отырдық. Бөлімшеде тағы үш-төрт белсенді азамат отыр. Билік бүгін үлкен митинг болады деп сескенген сияқты, сол үшін белсенділерді осылай ұстаған болар, - деді Арайлым Назарова.
Суретте: Алматыдағы Республика алаңын қауіпсіздік күштері қоршап тұр. Қаланың орталық көшелері полиция бақылауында екені байқалды. 25 қазан 2022 жыл.
Полиция көлігінде отырған белсенді Венера Жанабаева. Астана, 25 қазан 2022 жыл.
Астанада ерте сайлауға қарсы акция өтеді деп көрсетілген орынды көлікпен бақылап жүрген полицейлер.
Бұл күні Ақмола облысы Шортанды кентінің белсендісі Амангелді Жахинді Астанаға "митингіге бара жатқан" кезде полиция тоқтатқан. Құқық қорғаушылар осыған ұқсас кедергілер Ақсай, Павлодар, Өскемен белсенділеріне де жасалып жатқанын айтты.
Суретте: Митинг өтетін орын деп көрсетілген маңда тұрған полиция арнаулы жасағының қызмет көлігі. Астана, 25 қазан 2022 жыл.
Оппозиция митинг өтеді деп көрсеткен көшеге қойылған автобус. Астана, 25 қазан 2022 жыл.
Жетісу аудандық полиция бөліміне жеткізілген Әсет Әбішев полицейлер өзін не үшін әкетіп, не үшін босатқанын түсіндірмегенін айтты.
- Бес сағат дәлізде отырғызып қойды. Учаске полицейлері ғана жүрді, бірде-бір басшы болған жоқ. Бізді алып кеткендер шақырту қағазын да көрсетпеді, өзін де таныстырмады. Көшеден ұстап әкетті. Айдар Сыздықов екеумізді шығарды. Қанатхан Әмреновтың қайда екенін білмеймін, - дейді Әсет Әбішев.
Суретте: Алматыда ерте сайлауға қарсы акция өтеді деп көрсетілген жерде жүрген полиция қызметкерлері. 25 қазан 2022 жыл.
Құқық қорғаушылар Қазақстанда кез келген акция биліктің рұқсатымен өтетінін әлденеше рет сынға алған. 2020 жылы "Бейбіт жиындар" туралы заңға өзгеріс енгізіліп, "мұнан былай әкімдік рұқсатын сұрамай-ақ, хабар берсе жеткілікті" екені айтылған. Алайда белсенділер шын мәнінде билік қолында бейбіт жиынға кедергі келтірудің түрлі жолы барын айтады.
Суретте: оппозицция митинг өтетін орын деп белгілеген маңдағы саябақты қоршап қойған шарбақтан шығып келе жатқан полиция көлігі. Астана, 25 қазан 2022 жыл.