Авторлардың аты-жөні Қазақстанның заманауи өнеріне қызығатын адамдарға жақсы таныс, атап айтсақ: Бақыт Бүбіқанова, Елена және Виктор Воробьевтер, Ербосын Мелдібеков, Ерден Зікібай, Зоя Фалькова, Мансұр Смағамбетов, Нұрбол Нұрахмет, Павел Овчинников, Рашид Нұрекеев, Сәуле Дүйсенбина.
"2018 жылы Қазақстанда бірнеше шиеленісті жағдай болды, соның кесірінен азаматтық қоғам тегеурінді бастама көтерді. "ІІМ-ді реформалауды талап етеміз", "Көкжайлауды қорғайық" қозғалыстары адамдарды біріктірді, олар биліктің іс-әрекеті (немесе әрекетсіздігі) өздерінің денсаулығына, тіпті өміріне қауіп төндіретінін түсінді. Биліктің өз іс-әрекетіне келіспеушілерді шектеуге ұмтылуы абсурд сипат алды, оған тіпті Ионесконың өзі қызығар еді. Интернетті бұғаттау, көк шарларға тыйым салу, БАҚ-қа қарсы орынсыз соттар, ІІМ-ді "реформалау" (полициялық униформаны ауыстыру), Денис Тенді дүниеден өткен соң "Қоғамдық тәртіпті қорғауға қосқан үлесі үшін" медалімен марапаттауды қоғам әжуаға барабар ерсі әзіл деп қабылдады" деп түсіндірді көрменің кураторы Валерия Ибраева.
ВАКУУМ МЕН ТЫЙЫМ САЛЫНҒАН ОЙЫНШЫҚТАР ТУРАЛЫ
Көрме биыл желтоқсанның 10-ы күні атап өтілетін Адам құқығының жалпыға ортақ декларациясына 70 жыл толуына орай және Адам құқығы халықаралық күніне арналған.
"Өнер адамдары өздерін қоғам өмірінен алшақтап қалдық деп санамайды, керісінше елде болып жатқан жағдайларға алаңдайды, негізгі құқықтардың бұзылуына көңіл бөледі... Суретшілер (өзара келісіп алғандай) Қазақстандағы негізгі еркіндікті белден басуға қатысты сәттерді кекесінмен, мысқылмен сипаттайтын жұмыстарын ұсынған" дейді Ибраева.
Павел Овчинников «Атаусыз» деп аталатын жұмысын ұсыныпты. Суретші коллаж жасап танылған, жаңа жұмысы да сол тәсілмен жасалған. Тоғыз шаршының сегізі түрлі газет пен журналдан кесіп алынған шағын картиналарға толы. Бір шаршы аппақ болып тұр, онда тек бір сурет бар, ортасында - Қазақстанның туы. Айналасындағы әлем у-шу, абыр-сабыр, тек Қазақстан "үндемей" тұр.
Овчининков әлеуметтік желі мен өзге де танымал сайттарға кірудің қиындығы туралы баяндайды, қазақстандықтардың көбі ол туралы үнемі айтады. Қоғам өкілдері интернеттің үзіліп, я баяулап қалуын шетелде тұратын бұрынғы банкир, Қазақстан билігіне оппозиционер Мұхтар Әблязовтің тікелей трансляцияларынан көреді. Оның "Қазақстанның демократиялық таңдауы" атты тіркелмеген қозғалысы экстремистік деп танылып, тыйым салынған.
Әблязов жақтастарын наразылық шарасына көк шар ұстап шығуға шақырған соң бүкіл елде көк шармен күрес басталған. Суретші Сәуле Дүйсенбина әйгілі шетелдік стрит-арт суретшісі Бэнксидің жұмысындағы шардың түсі мен формасын өзгертсе (қызылдан көкке), картина Қазақстандағы қазіргі саяси өмірді дәл сипаттайды деп санайды. Солайша "Үміт оты сөнбейді" шығармасы пайда болған.
БАЛАЛАР ТУРАЛЫ
Ерден Зікібай (Erden Zikibay) "Адас" атты жұмысында балалар тақырыбын қозғайды. Түркістан облысындағы Абай ауылында тұратын жеті жасар баланың басындағы шулы жағдайы бейнеленген. Туыстарының айтуынша, баланы жоғарғы сынып оқушылары зорлаған.
"Адас" жұмысында Қазақстанның екі символы саналатын ескерткіштердің ортасында тұрған бала көрінеді, ескерткіштің бірі адамгершілік символы (ойшыл ақын Абай), ал екіншісі саяси символ (қазіргі президент Назарбаев). Бала жалғыз өзі өзге бір топ балаға қарсы тұр.
Астаналық Мансұр Смағамбетов ауыл мектебіндегі білім беру мәселесіне қатысты көзқарасын танытқан. Оның пікірінше, зәбір көретін балалардың оқуға уақыты аз, себебі олар құдықтан су тасуға мәжбүр. Смағамбетов суға арналған металл флягаға қанат жасап, оны эскадрилья сияқты тұрғызып қойған. Солайша суретші балалардың еңбегін жеңілдетіп, білім алуына мүмкіндік жасайық деген ой тастайды.
"Прорыв" деген атаумен біріктірілген жұмыстар Астанада "Болашақ энергиясы" деген ұранмен өткен ЭКСПО көрмесін еске салады.
КІМ КІНӘЛІ ЖӘНЕ НЕ ІСТЕУ КЕРЕК?
Зоя Фалькованың материалы - керамика. Оның туындысында желаяқтармен жарысқан ежелгі грек құмырасына пародия жасалған. Ол желаяқтардың бейнесін өзгертіпті. Фалькованың құмырасында бірнеше ер адам бір әйелді қуып барады. Олардың бірі полиция формасын киген.
Бұл жұмыс әйелге күш көрсетуді ғана білдірмейді, осындай іс-қимылдың астарында "өзі кінәлі" деген көзқарастың жататынын тұспалдайды. Феминистік қозғалыстың белсенді мүшесі Зоя Фалькованың жұмысы солай аталады.
"Осындай жағдайда не істеу керек?" деген сауалға Рашид Нүрекеевтің "Желдің қарсы жағы. Керме" деген жұмысы жауап береді. Мұнда дала халқы малды кермеде ұстау үшін пайдаланған бірнеше зат қойылған.
СУРЕТШІ ОЯНЫП, ДАЛАҒА ШЫҚТЫ
Ерлі-зайыпты суретшілер Елена және Виктор Воробьевтер "Ерсі әзіл" көрмесіне "Винтаж" жұмысын ұсыныпты, ол "бұрау" (винтить) деген сөзден шыққан. Полиция қызметкерлері ескі қызыл көрпе жамылған адамды бұрауға тырысады. Жұмыс Воробьевтердің "Суретші ұйықтап жатыр" атты бұрынғы жұмысының жалғасы тәрізді.
1996 жылғы танымал инсталляцияда төсекте ұйықтап жатқан адам бейнеленген, ол ескі көрпе жамылған. Инсталляцияның қасында "Суретші ұйықтап жатыр. Оны ояту, сілкілеу, заманға сай болуға шақыру – мағынасыз әрекет. Ұйықтамайтын, үнемі сергек жүретін адамдарды көп ешкім ұнатпайды. Ұйықтап жатқан "төмпешік" қашан оянып, көзін уқалап ашады, тым құрыса "қажетін өтеу" үшін далаға шығады деп күту қалды. Сол сәтті жіберіп алмаңыздар – жауһар туынды пайда болуы мүмкін" атты мәтін бар.
Содан бері 22 жыл өтті, ерлі-зайыптылар көптеген дүние жасады. "Ерсі әзілдер" көрмесіне ұсынылған «Винтаж» туындысының графикалық нұсқасын Дубайда өткен арт-жәрмеңкеде арабтың өнер сүйер өкілдері түгел сатып алыпты.
"Ерсі әзілдер" көрмесі Алматыда желтоқсанның 26-сына дейін ашық тұрады. Кіру - тегін.