Сәрсенбі, 6 наурыз сағат 00:09 кезінде Алматыда тағы жер сілкінді. Сейсмологиялық бақылау және зерттеу ұлттық орталығы жер сілкінісін МSК-64 бағаны бойынша 2 балл деп бағалады. Бірақ, әлеуметтік желідегі пікірлерге қарағанда, бұл жолғы жер сілкінісінен кейін үйінен далаға атып шыққандардың қарасы көп болмағанға ұқсайды. Кейбіреулер "ұйықтап қалғам, сезген жоқпын" десе, енді біреулер "болмашы тербеліс қана, қорыққан жоқпыз, үйден шықпадым" деп жазды.
Екі миллионнан астам адам тұратын Алматы қаласында жер сілкінісі – қазір ең жиі сөз болатын тақырыптың біріне айналды. Оған себеп те жоқ емес. Кейінгі бір жарым айда қаладағы адамдардың барлығы сезіп қана қоймай, дүрлігіп, абыржуына себеп болған екі жер сілкінісі – бірінішісі қаңтардың аяғында, екіншісі осыдан екі-ақ күн бұрын болды.
4 наурызда сағат 11:22 кезінде Алматыда болған әсерлі жерасты дүмпуі жұртты шошытып қойды. MSK-64 бағаны бойынша 5 балға жеткен сілкіністің эпицентрі қаладан оңтүстікке қарай 31 шақырым жерде, Қазақстан мен Қырғызстан шекарасы тұсында тіркелген.
Your browser doesn’t support HTML5
Халық үрейленіп, ғимараттардан сыртқа қашып шықты. Желіде тараған видеоларда жер сілкінісі салдарынан ғимараттардың қабырғасы жарылып, дүкен сөрелеріндегі заттар құлап, әйнек сынғаны көрінетін фото-видео тарады. Оқушы балалардың айғайлап, жаппай мектептен сыртқа қашқан сәті түсірілген видеолар да бар.
Балабақша, мектеп, колледждер мен жоғары оқу орындары жұмысын тоқтатып, елдің бәрін үйіне қайтарды. Көп жерде ұйым-мекемелер де бұл күні қызметкерлеріне үйге қайтуына рұқсат еткен. Қала көшелері адам мен көлікке толып, жолдарда тағы да кептеліс пайда болды. Төтенше жағдайлар қызметі "бұл жолы операторлар жер сілкінісі кезінде жедел қимылдап, дабыл жүйесі дер кезінде қосылды" деп есеп берді. Бірақ биліктің төтенше жағдай кезіндегі жұмысына көңілі толмаған адамдар әлеуметтік желіде сыни пікірлер жазды.
Мұның алдында Алматыда 23 қаңтарда түнгі сағат 00:09-да жер сілкінген еді. Сілкініс ошағы Алматының оңтүстік-шығысынан 264 шақырым жерде болған. МSК-64 бағанымен 5 балға тең жерасты дүмпуінен үй ішіндегі заттар шайқалып, ыдыс-аяқ сылдырлап, кейбір үйлердің ішкі және сыртқы қабырғаларына сызат түскен. Қатты шошып, дүрліккен халық үй-жайын тастап, аязды күні далаға қашты.
Ресми дерек бойынша, Алматыда 4 наурызда болған жер сілкінісі салдарынан бір адам жеңіл жарақат алған. Қала әкімдігі әлеуметтік нысан мен көппәтерлі тұрғын үй бүлінгені туралы 156 өтініш түскенін хабарлады. Ал 23 қаңтардағы төтенше оқиғадан кейін 44 адам (оның оны – бала) дәрігер көмегіне жүгінген. Көбі жеңіл жарақат алған. Жапа шеккен үш адам үйдің екінші және үшінші қабатынан секіріп кеткен деп хабарлады жергілікті билік.
23 қаңтардағы жер сілкінісі Астана қаласында, Алматы, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Жетісу және Қарағанды облыстарында сезілген. Сол күні Алматыда МSК-64 бағанымен күші 2 балға тең жер сілкінісі бірнеше рет тіркелген.
"ЭВАКУАЦИЯ ПУНКТІНЕ КІРГІЗБЕЙ ҚОЙДЫ"
Азаттық 4 наурызда Алматыда болған жер сілкінісін басынан өткерген тұрғындармен, билік өкілдерімен, жер сілкінісін зерттеумен айналысатын мамандармен сөйлесті.
Алматы қаласында тұратын Болат (өз өтініші бойынша есімі өзгертілді) 4 наурызда жер сілкінгеннен кейін дереу халықты қабылдау орны деп белгіленген мектепке барғанымен, ол жерге өзін кіргізбей қойғанын айтады. Оның сөзінше, жер дүмпуінен соң үйінен қашып, уақытша пана іздеп барған тағы үш адам да ішке кіре алмаған.
– Үйге кірмеңдер дегесін жақын жердегі пунктке бардым. Күзетші далаға орнатылған орындықты нұсқап, сонда отырыңдар деді. Ондай жер үйімнің ауласында да бар ғой. Сол пунктке келгеннің бәрі жиналатын жер далада екенін көріп, қайтып кетіп жатты, – деді Болат Азаттыққа.
Алматы әкімдігі қалада 384 қабылдау пункті ашылғанын хабарлады. Барлығы 229 мектеп, 115 балабақша, 15 жоғары оқу орны, 20 колледж және 5 стадион Болат сияқты пана іздегендерге арналған орын ретінде белгіленген. Төтенше жағдайлар департаменті ресми парақшасында осы пункттерді картадан оңай тауып алу жолын көрсеткен.
4 наурызда төтенше жағдайлар қызметі жер сілкінісінің ілеспе дүмпуі болуы мүмкін екенін айтып, халыққа "сағат 16:00-ге дейін үйге кірмегеніңіз жөн" деп ескерткен.
Бірақ мобиль байланыс құралына арналған 2Gis қосымшасында сол күні кемінде 15 адам уақытша паналау орнына кіре алмағанын жазған. Көбін мекеме күзетшісі ішке кіргізбей қойған. Кейбір пункттер жабық тұрған.
238-пункт орналасқан мектеп-интернатқа барған Ескендір Төлеуовтің жазуынша, мекеме басшылығы ғимараттың уақытша паналау орны деп белгіленгенінен хабарсыз болып шыққан. "Бізді келген жағымызға қайтарды" деп жазды Төлеуов.
"Эвакуация пункті деген балабақшаға барған едік, басшылығы бөгде адамдарды ішке кіргізуден бас тартты. Олар тек балалар үшін жауап беретінін айтты. Бір жағынан оларды түсінемін" деп жазған Айна Мұхтарова есімді Алматы тұрғыны. Қаладағы 84-пунктке барған Үрзия есімді адам "мектеп көп адам жинауға дайын емес. Орындар бар, дәрігер отыратын жер бар. Бірақ су, дәрі-дәрмек жоқ. Әкім қаражат бөлмеген сияқты" дейді.
Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Нұрлан Атығаев 4 наурыз күні журналистерге өткізген брифингте эвакуация пунктері жабық тұр немесе оларға барған адамдарды кіргізбей жатыр деген ақпарат өздеріне түспегенін айтты.
– Бұл пункттер тұрғындар төтенше жағдай кезінде далада қалмауы үшін қойылған. Мекенжайын айтсаңыз, тексереміз, – деді ол.
Департамент мәліметінше, 4 наурызда 2800-ден астам адам (906-сы – бала) уақытша пункттерді паналаған.
Дана Фербер есімді Facebook қолданушы төтенше жағдай кезінде оқу орындарынан артық пана болатын жер жоқ деп есептейді.
Ал парламент мәжілісінің депутаты Ирина Смирнова мектептер эвакуация орны ретінде пайдалануға жарамайды деген пікірде.
– Төтенше жағдай кезінде мектеп, балабақшалар өзіндегі балаға қарауы керек. Жан-жақтан адамдар жиналып жатқанда олар балаларды қайда жібереді? Әр аудан тұрғындары жиналатын арнайы орын белгіленуі керек. Бұл жұмыспен мұғалімдер емес, арнайы қызмет айналысуы керек, – деп жазды депутат Смирнова Facebook парақшасында.
Депутаттың сөзін Алматыдағы Еуразия технологиялық университетінің ректоры Ербол Сүлейменов те қоштайды.
– Білім беру орындарын әр нәрсеге пайдалануды қою керек. Мектеп, университеттің өзінде жүздеген оқытушы, мыңдаған оқушы бар. Бәрі бір сәтте далаға шыққанда не болатынын кешегі жер сілкінісінде көрдік. Сайлау да оқу орындарында өткізіледі. Бұл оқу процесіне кедергі келтіреді, – дейді Сүлейменов.
АУРУХАНА МЕН ӘЛЕУМЕТТІК ОРТАЛЫҚТАР ҚАЛАЙ ӘРЕКЕТ ЕТТІ?
Әлеуметтік желіде 4 наурызда Алматыда жер сілкінген кезде ауруханада науқас адамға ота жасап жатқан дәрігерлердің қандай күйде болғаны бейнеленген фото, видеолар да тарады. Олардың сипаттамасында дәрігерлер жер дүмпуіне қарамай, өз жұмысын жалғастырып, ота сәтті аяқталғаны айтылған. Солардың бірі – нейрохирург Марат Саршаев. Оның сөзінше, жер сілкінісі болған кезде ол жоспарлы ота жасап жатқан.
– Біз ота жасағанда микроскоп пайдаланамыз. Ол алдыңдағы нәрсені 4-5 есе үлкейтіп көрсетеді, ол сәл қимылдап кетсе, көрініс қатты өзгеріп кетеді. Жер сілкінгенде де сондай болды, шошып қалдық. Бірақ әріптестеріммен ақылдасып, жұмысты жалғастыра беруді ұйғардық, – деді дәрігер Азаттыққа берген сұхбатта.
Саршаев мұндай жағдай алғаш рет кезіккенін айтады. Оның сөзінше, ауруханада төтенше жағдай кезіндегі қауіпсіздік жөнінде ай сайын оқу-жаттығу болып тұрады.
Facebook қолданушы Екатерина Андрусевич жер сілкінген кезде перзентханада болыпты. Оның айтуынша, хирург эвакуация жасауға уақытым жоқ депті.
"Жер бірінші сілкінгенде медбикелер бала босандыратын хирургтен "эвакуация жасаймыз ба?" деп сұрады. Бірақ дәрігер "бала босандырып жатырмын, эвакуацияға уақыт жоқ, жер сілкінісі күте тұрсын!" деп жауап берген. Осындай рухы мықты адамдардың, әсіресе дәрігерлердің өз ісіне адалдығына тәнті болдым", – деп жазды Алматы тұрғыны Екатерина.
Азаттық сөйлескен "Жан жылуы" деп аталатын мүгедектер мен қарттарға арналған пансионаттың қызметкері жер сілкінгенін сезбегенін айтты. Қазір пансионатта 15 адам жатыр. Сәуле есімді қызметкердің айтуынша, мекемеде жер сілкінісі кезінде қалай әрекет ететінін көрсететін арнайы нұсқаулық жоқ.
– Жекеменшік мекеме болғасын ба, бізге ешкім жер сілкінісі кезінде не істеу керегін үйреткен жоқ. Тек санитар-эпидемиологиялық бақылау департаменті келіп, тамағымызды тексеріп кетеді. Жер сілкінісі бола қалса, бізге аса қауіп төнбейді деп ойлаймын. Өйткені ғимаратымыз бірқабатты. Қарттар жатқан төсек өте биік, оның айналасы темірмен қоршалған. Сол үшін қауіп болмайды деп ойлаймын. Оны әрлі-берлі қозғау да қиын – дейді мекеме қызметкері.
Ал мемлекетке қарайтын "Шаңырақ" әлеуметтік қызмет көрсететін орталық қызметкері "жер сілкінісіне дайын болғанын" айтты. Мекеменің қауіпсіздік бойынша инженері Әнуар Құлдыбаев бұған дейін бірнеше рет оқу-жаттығу өткізгенбіз деді.
Оның сөзінше, орталықта 300-ге жуық адам – қарттар мен 1-ші және 2-топ мүгедектері жатыр.
– Төтенше жағдайлар қызметі көрсетіп берген арнайы нұсқаулық бар. Сол бойынша әрекет етеміз. Жер сілкінген жағдайда әр тұрғынды орталық қызметкерлері жетектеп шығарады. Бізде мүлде төсектен тұра алмайтын науқастар да бар, оларды төсегімен бірге шығару қажет. Сол кішкене қиындық туғызады, – дейді Қылдыбаев.
Ол 4 наурызда жер сілкінгенде төсекте жатқандарды сыртқа шығармағандарын айтты. Орталықтың барлық есігін ашып қойып, жағдайды бақылаған.
– Жағдай ушыға қалса, бірден алып шығуға дайын тұрдық, – дейді Әнуар Құлдыбаев.
ЖЕРГІЛІКТІ БИЛІКТІҢ ЖҰМЫСЫ ТАҒЫ СЫНҒА ҚАЛДЫ
Төтенше жағдайлар министрлігінің өкілі де, қаладағы департамент басшысы да "Бұл жолы дер кезінде әрекет еттік. Дабыл жүйесі дәл уақытында қосылды" деп есеп берді. Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов те Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа "өзіңіз тапсырма бергендей, алгоритм бойынша жұмыс істедік" деп баяндады.
Бірақ Алматыда төтенше жағдай кезінде дабылды естімей қалған немесе онда не айтылғанын түсінбеген адам да көп. Дабыл дыбысы жер қатты қозғалғаннан кейін шықты дейді болған жайттың куәгерлері. Жер сілкінгені туралы SMS-хабарлама да 20-30 минут кешіккен.
– Балаларды дамыту орталығында істеймін. Сәл жер қозғалғанын сезіп, балаларды киіндіріп, сыртқа шығардық. Бізге дабыл дыбысынан түк те естілген жоқ. Бір емес, екі емес, мына үкіметтің сабақ алатын уақыты болды ғой. Хабарламаның өзін бәрі бітіп, қауіпсіз жерге шыққаннан кейін алдық, – деді аты-жөнін атағысы келмеген Алматы тұрғыны Азаттық тілшісіне.
Қалалық төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Нұрлан Атығаев дабыл жүйесі кеш естілді деген пікірге келіспейді. Ол 4 наурыз күні қалада дыбыс шығаратын 843 құрылғы бір сәтте іске қосылғанын айтады. Көп адам жүретін 530 жерде жер сілкінісі туралы хабарландыру берілген. Ол жер сілкінген күні дыбыс шығаратын құрылғының бәрі бірдей қосылмағанын да мойындады.
– Ол техника ғой. Дыбысы дұрыс естілмеген болса, оны анықтаймыз. Кей жердегі құрылғылар жөндеу жұмыстарына байланысты әдейі өшірілген. Бірақ олардың саны көп емес, – деді Атығаев журналистерге брифингте.
Қала билігі 23 қаңтарда түнде жер сілкінген кезде осы дабыл жүйесі қосылмай қалғаны үшін қоғам сынына қалған. Төтенше жағдайлар департаменті "жұрт арасында үрей туғызбас үшін" дабыл жүйесін қоспағанын айтқан. Президент Тоқаев та осыдан кейін Бас прокуратура мен Жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне дабыл жүйесіне жауапты мамандар жұмысын тексеруді тапсырған. Тексеріс қорытындысы әзірше белгісіз. Бірақ 28 ақпанда төтенше жағдайлар министрлігі қаңтарда болған жер сілкінісі кезінде дұрыс әрекет етпегені үшін 14 қызметкер қатаң тәртіптік жауапкершілікке тартылды деп хабарлады. Олардың төртеуі министрлікте басшы қызмет атқарады, бесеуі солардың орынбасары, қалғаны аумақтық департамент басшылары.
Алматыда 23 қаңтарда түн мезгілінде жер сілкінгені туралы ресми хабарды тұрғындар екі сағаттан кейін алған. Ал 4 наурызда жер сілкінгені жөнінде SMS-хабарлама қол телефондарына 20-30 минуттан кейін жеткен. Төтенше жағдайлар министрлігінің өкілі Рустамбек Әмрин хабарламаның кешігіп жетуі қалыпты нәрсе дейді.
– SMS-хабарлама жіберу үшін физикалық әрекеттер жасалады, символдар теріледі. Оны 2,5 миллион адам бір сәтте алатындай ету мүмкін емес. Біреуге 10 минуттан кейін, енді біреуге бір сағатта баруы мүмкін. Оған түсіністікпен қарау керек, – деді Әмрин 4 наурыз күні жұрттың шағымына байланысты берген жауабында.
ЖЕР СІЛКІНІСІНЕ ТҰРҒЫНДАР ДА ДАЙЫН ЕМЕС
Жер сілкінісі сезілгенде дүрлігіп, оқу, жұмыс орындарынан далаға жөңкіле шыққан адамдар биік ғимараттардың жанында, көпірге жақын маңда жиналып тұрғаны көрінетін видеолар көп тарады. Оны көргендер "халық қай жер қауіпті, қай жер қауіпсіз екенін әлі білмейді, жойқын жер сілкінісіне дайын емес" деп жазды.
– Баяғы бала күнімізде күнделікті өткізілетін сейсможаттығулар келмеске кеткен. Әйтпесе дабыл ойнаған сәтте баспалдақ пен лифтіге жүгірмей, терезеден қашып, партаның астында тығылып жатуымыз керек еді. Тыныштық орнағаннан кейін асып-саспай, кезек-кезекпен ғимараттан шығып кететін едік. Қазір бәрі керісінше, терезенің жанында тұрып видео түсіру, баспалдақпен және лифтімен төмен түсу, дүрбелең, адамға көмектесетін дүние емес. Сондықтан бұрынғыдай оқу-жаттығу шараларын қайта қолға алу керек. Жапонияның үлгісін алған жөн, – деп жазды журналист Кәмшат Тасболат Facebook парақшасында.
Орталық Азиядағы жерді зерттеу институтының директоры Болот Молдобеков халықтың төтенше жағдайға дайын болмауына жергілікті билік жауапты деп есептейді. Оның сөзінше, төтенше жағдай болғанда адамдар қалай әрекет етуі тиіс екені тәптіштеп жазылған арнайы алгоритм бар. Соны жұртқа алдын ала үйрету – қала билігінің міндеті.
– Тұрғындардың дайындығын пысықтау міндеті әуелі қала әкіміне, одан кейін төтенше жағдай қызметкерлеріне жүктеледі, – деді ол Азаттыққа.
Төтенше жағдайлар министрлігі 4 наурыз күні өткен үкімет жиынында Алматы әкімдігі мен министрліктің жедел тобы 20 ақпаннан бері азаматтарды төтенше жағдайға дайындау бойынша жұмыс жүргізді деп мәлімдеді. Олар 8 мыңға жуық үйді аралап, білім беру мекемелерінде 650-ден астам сабақ өткізіп, адам көп жиналатын жерлерде ақпарат таратқан.
Адамзат жер сілкінісін алдын ала дәл болжай алатын әдіс-амалды әлі меңгерген жоқ дейді мамандар. Қазақстандағы сейсмикалық жағдайға баға беретін комиссияның басшысы, Сейсмологиялық бақылау және зерттеу ұлттық ғылыми орталығының директоры Дәулет Сәрсенбаев "біз жер сілкінісін алдын ала болжай алмаймыз, тек болған жағдайға баға береміз" дейді. Оның сөзінше, бір жылда ел аумағында орташа есеппен 600-700 сейсмикалық жағдай тіркеледі, соның 10-15-і ғана қатты сезіледі.
– Алматы қаласы, Жетісу, Жамбыл және Алматы облыстары қауіпті сейсмикалық аймақта тұр, соны түсінуіміз керек. Бұл аймақтардың жері бұрын да сілкінген, қазір де, болашақта да сілкіне береді. Сондықтан ондайға әрдайым дайын болуымыз керек, – деді орталық директоры.