Бостандығы мен құқығын шектеді. Белсенді Әлнұр Ильяшевқа сот үкімі

Your browser doesn’t support HTML5

Сот "Нұр Отан" мен Нұрсұлтан Назарбаевты сынаған белсенді Ильяшевтың бас бостандығын 3 жылға шектеді. 22 маусым 2020 жыл.

"Үш жылға бостандығы шектеліп, 100 сағат мәжбүрлі жұмыс атқарсын, бес жыл бойы қоғамдық қызметпен айналысуына тыйым салынсын". Биліктегі "Нұр Отан" партиясын сынағаны, Facebook-тегі посты үшін "көрінеу жалған ақпарат таратты" деген айып тағылған азаматтық белсенді Әлнұр Ильяшевқа Алматы соты осындай үкім шығарды. Белсенді мен адвокаттары тағылған айыпты жоққа шығарады.

Алматының шетіндегі тергеу абақтысының қақпасы алдында 22 маусым күні кешке белсенді Әлнұр Ильяшевты ондаған жақтасы қарсы алды. Олардың кейбірі #FreeAlnur ("Әлнұрға бостандық") деген жазуы бар кеудеше киіп алған.

- Құдай мен Конституция бізді қолдайды, - деді екі айдан астам уақыттан кейін бостандыққа шыққан 43 жастағы Ильяшев.

Тергеу орындары сәуірдің ортасында белсендінің және туыстарының үйлерінде тінту жүргізіп, кейін "төтенше жағдай кезінде көрінеу жалған ақпарат таратқан" деген айып таққан соң Ильяшевты тұтқындаған еді.

ӘЛЕУМЕТТІК ЖЕЛІДЕГІ ПОСТ ҮШІН ТАҒЫЛҒАН АЙЫП

Ильяшевтың ісін қараған сот коронавирус карантиніне байланысты онлайн режимде алты рет отырыс өткізіп, үкім шығарды. Соттағы соңғы сөзінде Ильяшев қазіргі жағдайды өмірде болмаған "қылмыс" туралы "ойдан құрастырылған айыптар" бойынша іс қозғайтын өткен ғасырдың 30-жылдары болған қуғын-сүргін заманына ұқсататынын айтты.

– Қаншама көп қазақстандықтың ожарлықпен, өрескел түрде ойдан құрастырылған қылмыстық істер бойынша түрмелерде отырғанын көпшілікке көрсету үшін ғана абақтыға отыруға бармын. Мен өтірік куәліктер мен сараптамалардың қалай жасалғанын паш ету үшін де қамауда отыруға дайынмын. Сонымен бірге, жалған әрі әділетсіз сот үкімдері қалай шығатынын, осының бәрі Қазақстандағы қазіргі шынайы жағдай екенін және оны доғару үшін күресу керегіне назар аудару үшін [қамалуға әзірмін], - деп мәлімдеді белсенді.

Your browser doesn’t support HTML5

Әлнұр Ильяшев: Биліктің мақсаты мені тұсаулау еді

Әлнұр Ильяшевқа тағылған айып бойынша Қылмыстық кодекстегі бапта жеті жыл мерзімге дейін бас еркіндігінен айыру жазасы қарастырылған. Айыптаушы тарап судьядан белсендіні үш жылға түрмеге қамауды сұрады. Сот Ильяшевтың бостандығын үш жыл мерзімге шектеу, 100 сағат қоғамдық жұмыс атқаруды міндеттеу және бес жыл бойы қоғамдық қызметпен айналысуына, саяси ұйымдарға қатысуына тыйым салу туралы үкім шығарды.

Белсендіге тағылған айыптауларға оның әлеуметтік желіде жариялаған екі посты себеп болды. Ильяшев онда Қазақстанның саяси алаңында үстемдік құрып отырған биліктегі "Нұр Отан" партиясын сынап, осы партияның лидері бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаевты (былтыр наурызда президенттік қызметін көп жылғы серігі Қасым-Жомарт Тоқаевқа тапсырып отставкаға кеткенімен, әлі күнге билікке ықпал ететін құзыретке ие) саясатқа араласуды біржола доғарып, "лайықты демалысқа кетуге" үндеген.

Айыптаушы жақ Ильяшевтың жариялаған посттары "мемлекеттік билік органдарының қауқарсыздығы туралы пікір қалыптастыруға бағытталған" және "қоғам қауіпсіздігіне шынайы қатер төндіреді" деп ұйғарған. Тергеу тарабы жүгінген сарапшы Роза Әкбарова осындай қорытынды шығарған. Сарапшының өзі тек бір-ақ рет – 18 маусымдағы соттың онлайн режимде өткен отырысы кезінде көпшілікке "көрінді".

Сол жолы Ильяшевтың адвокаттары Әкбароваға барлық сұрақты қойып үлгерген жоқ. Ал сарапшының сұраққа жауап беруі жалғасады деп жоспарланған келесі сот отырысында ол байланысқа шыққан жоқ. Судья Залина Махарадзе сарапшының "денсаулық жағдайына" байланысты сотқа қатыса алмайтынын хабарлады. Әкбаровадан барлық сұраққа жауап алғанға дейін сот процесін кейінге ысыруды сұраған қорғаушылардың өтінішін судья қанағаттандырмады.

Қорғаушылардың сұрауы бойынша Ильяшевтың постына сараптама жасаған қазақстандық саясаттанушы Досым Сәтпаев белсендінің сыни пікірі мемлекетке емес, саяси партияға бағытталған және оның ұлттық қауіпсіздікке ешқандай қатер төнгізбейді деген тұжырым жасады.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Маған жеті жыл кесіңіз, сонымен бітсін". Әлнұр Ильяшевты қалай соттап жатыр?

Бірақ сот Ильяшевтың "қылмысы дәлелденді" деген қорытындыға келіп, оны айыпты деп танып, үкім шығарды. Судья белсендінің бұрын-соңды сотталмағаны, кәмелетке толмаған балалары бары "жазасын жеңілдетуге" себеп ретінде қарастырылатынын хабарлады. Сот Әлнұр Ильяшевты ешқайда кетпеу туралы қолхатпен қамаудан босату туралы қаулы қабылдады.

"Сот сізге айып дұрыс тағылғанын түсіндіреді. Сіздің жағымсыз баға берген пос ттарыңызды жұрт қызу талқылады, сондықтан сот сіздің іс-әрекетіңізде қылмыс құрамы бар деп санайды", - деді судья Махарадзе белсендіге үкімді оқып болғаннан кейін.

Ильяшев пен оның қорғаушылары тағылған айыпты жоққа шығаратынын мәлімдеді. Адвокаттар соттан Ильяшевты ақтауды сұрады.

Әлнұр Ильяшевты жауапқа тарту туралы қылмыстық істе жәбірленуші тарап жоқ, ал айыптау актісінде белсенді сынаған "қоғамдық бірлестіктің" атауы аталмаған. Бірақ ол актіде Алматының Жетісу аудандық сотының былтыр шығарған шешіміне сілтеме жасалған. Ол шешімде Ильяшев пен онымен пікірлес тағы екі адамды "ар-намысты қорғау" туралы арыз берген "Нұр Отан" саяси партиясының төрт мүшесіне жиынтығы алты миллион теңге (14 доллардан астам) ақша төлеуді, Facebook-те жариялаған посттарындағы сөзді жоққа шығаруды міндеттеген. Билік партиясы "қорлау" деп бағалаған посттарда белсенділер саяси партия құруымызға кедергі келтіріп отыр деп "Нұр Отан" партиясын сынаған еді. Биыл қаңтарда өткен апелляция соты үкімді күшінде қалдырған.

"БҰЛ ІС - КЕМСІТІП, ҚОРЛАУ"

Қазақстандық жастардың "Oyan, Qazaqstan" азаматтық қозғалысының мүшесі саясаттанушы Димаш Әлжанов Әлнұр Ильяшевқа қарсы істің астарында биліктің белсендінің саяси қызметпен айналысуына мұрша бермей, қол-аяғын тұсау және сын айтатындарды қорқытып-үркіту жатыр деп санайды.

Саясаттанушы Димаш Әлжанов.

- Бұл [президент Қасым-Жомарт] Тоқаевтың "демократияландыруы" жұмыс істемейтінін көрсетеді. Оны қойып, президент болған соң ол саяси жүйені демократияландыруға, өзгеше ойлайтындарды басып-жаншитын репрессиялық іс-тәжірибені өзгертуге талпынған да жоқ. Бәрін бірдей қамау мүмкін емес, сондықтан режим бақылауда ұстағысы келеді. Алдымен қылмыстық іс ашады, сосын, егер мүмкіндік болса, келіссөз жүргізеді, ал кейін белсендіні бақылауға алады. Қазіргі заманғы автократия әккі, керек десеңіз, айлаға салып қимылдайды. Оларға процесті бақылауда ұстау маңызды, сондықтан репрессияны ақырғы шара ретінде қолданады, - дейді Әлжанов.

Қазақстандық адам құқығы жөніндегі бюроның директоры, құқық қорғаушы Евгений Жовтис азаматтың қоғамдық қызметпен айналысуына тыйым салу – белсендіні саяси құқығынан айыруды білдіреді деп санайды.

Құқық қорғаушы Евгений Жовтис.

- Билік партиясына қарсы постына бола оған саясатпен айналысуына тыйым салды – [қуғындаудың] басты мақсаты осы екеніне көрнекі мысал. Әлнұрдың түрмеде отырмағанына қуаныштымын. Бірақ оны кемсітіп, қорлауын жиіркенішті қылық деп қабылдаймын. Бұл нағыз саяси іс болды. Шешімді сот шығарып, істі прокурорлар мен тергеушілердің жүргізгеніне күмәнім бар. Әлнұрдың ісі елде ешқандай либерализация жоқ екеніне қосымша тағы бір дәлел. Біз бұрынғысынша авторитарлық режимде өмір сүріп жатырмыз. [Әлнұр Ильяшевтың бостандығын] шектеу жазасы ешқандай өзгеріс әкелмейді, өйткені жалпы картина бұрынғыдай: тәуелсіз дауысты, саяси оппозицияның кез келген түрін қатаң түрде басып-жаншу жалғасып жатыр, - дейді Жовтис.

Әлнұр Ильяшев тұтқындалғаннан кейін халықаралық құқық қорғау ұйымдары Қазақстан билігін белсендіні босатып, тағылған айыптарды алып тастауға үндеген. Human Rights Watch құқық қорғау ұйымы белсенділер сөз бостандығы құқығын пайдаланғаны үшін қудаланбауы тиіс деп мәлімдеп, Қазақстан билігінің коронавирус пандемиясы кезінде шектеу шараларын пайдаланып, азаматтық қоғамға қысымды күшейткенін сынаған.

"КЕШЕНДІ ӨЗГЕРІС КЕРЕК"

Алматы қаласының шетіндегі СИ-18 мекемесінде (тергеу абақтысы) екі айдан астам уақыт қамауда отырған Әлнұр Ильяшев 22 маусымда сот үкімінен кейін бостандыққа шығып, отбасымен қауышты.

43 жастағы Әлнұр Ильяшев отбасындағы үш ұлдың үлкені. Туыстарының айтуынша, бала кезінен археолог болуды армандаған Әлнұр мектеп бітірген соң заңгер мамандығын таңдап, жоғары оқу орнын тәмамдаған. Осы мамандығы бойынша көп жыл жұмыс істеген, қазір де заңгер қызметін көрсетумен айналысады. Бұған қоса ол тағы үш мамандықты оқып, іскерлік басқару магистрі, педагог-психолог, дінтану магистрі деген үш диплом алған.

Белсенді Әлнұр Ильяшев.

Әлнұр қоғамдық істерге 2002 жылы араласа бастағанын айтады. Сол жылдары "Ақ жол" партиясына мүше болып кіріп, бірнеше сайлауға бақылаушы ретінде қатысқан. Ол 2007 жылы Алматы қалалық мәслихаты сайлауы кезінде келеңсіз оқиғаларға куә болғанын да айтып берді.

- Біз бақылаушы болған кандидат сайлауда жеңіске жетуге сәл қалған. Бірақ сайлау қорытындысы өзгертіліп, "Нұр Отан" өкілі жеңіске жетті. Әрине, дауыс беру қорытындысы қолдан жасалатынын білдім, бірақ ең болмағанда дауысымды ұрлауға жол бермеуге тырыстым. Ал өз конституциялық құқығыңды ашық әрі белсенді талап ету керегін Денис Теннің қазасынан кейін түсіндім, - дейді Әлнұр Ильяшев.

Онымен пікірлес белсенді Даная Қалиеваның сөзінше, Алматының орталығында тападай тал түсте көлік тонаушылардың қолынан мерт болған танымал спортшы Денис Теннің қазасынан кейін Әлнұр мен өзге де серіктері қалыптасқан жағдайды жекелеп емес, кешенді түрде өзгерту қажет деген байлам жасаған.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Белсенділерді "тұрақтылық" үшін қудалап жатыр ма?

Әлнұр Ильяшев азаматтардың Конституцияда жазылған құқықтары мен бостандықтарын пайдалану үшін заңды жолмен күресуді ұйғарған.

Белсенді бейбіт митинг өткізуге рұқсат сұрап Алматы қалалық әкімдігіне 35 мәрте өтініш тапсырған. Билік оның бірде бірін қанағаттандырмаған соң Ильяшев әкімдікті сотқа берді. Сот әкімдікті қолдап шешім шығарған.

Алматы әкімдігінің үстінен шағым берген Әлнұр Ильяшев (сол жақта) сотта сөйлеп тұр. Алматы, 25 қыркүйек 2018 жыл.

Алайда кейін белсенді көздеген мақсатына жетті. 2019 жылы маусымда Алматы әкімдігі Әлнұр Ильяшевқа бейбіт митинг өткізуге рұқсат берді.

Ильяшев биыл наурызда Нұр-Сұлтанда билік партиясының саяси кеңесі бюросының отырысы өткен күні Алматыда "Нұр Отанды" басып ал" акциясын ұйымдастырды. Акцияға қатысушылар билік партиясынан өз ішіндегі жемқорлық туралы мәлімдемелерге қатысты түсініктеме беруін және Нұрсұлтан Назарбаевтың партия төрағасы қызметінен кетуін талап еткен.

"Нұр Отанға" барған белсенділер "Назарбаев кетсін!" деп талап қойды. Алматы, 5 наурыз 2020 ж.

Your browser doesn’t support HTML5

"Нұр Отанға" барған белсенділер "Назарбаев кетсін!" деп талап қойды