8 ақпан түнгі сағат 2:20 кезінде Таусамал ықшамауданында көшкін жүріп, лай топырақ жеке меншік екі үйді басып қалғаны туралы суыт хабар тарады. Қаланың төтенше жағдайлар департаменті бір үй түгелдей, екінші үй жартылай топырақ астында қалғанын хабарлады.
Бейсенбі күні таңертең қала әкімі Ерболат Досаев көшкін толық басып қалған үйде "төрт адам (екеуі – бала) тұрған, олар үйдің ішінде қалып қойған" деген болжам барын айтты.
Төтенше жағдайлар департаментінің ресми хабарламасында "техногендік сипаттағы оқиғаға қар мен жаңбыр суынан қатты ылғалданған 3200 текше метр лай топырақтың жылжуы" себеп болғаны айтылған.
Таусамал ықшамауданындағы бір-екі қабатты, көбі биік дуалмен қоршалған жеке меншік тұрғын үйлер тар көшенің бойында бір-біріне жақын, тығыз орналасқан. Көшеде жаяу адам жүретін жол жоқтың қасы.
Төтенше оқиғадан кейін жақын аумақтағы жеке меншік үйлерде тұратын адамдар қауіпсіз жерге көшірілген.
"Олар №47 мектепке орналастырылып, жатын орын, ыстық шай және өзге керек заттар берілді. Бірнеше сағаттан кейін тұрғындар өз қалауы бойынша туыстары мен таныстарына кетті. Оқиға болған жерде кезекші дәрігерлер бригадасы, төтенше жағдайлар департаментінің психологтар тобы жұмыс істеп жатыр" деп хабарлады төтенше жағдайлар қызметі.
Хабарсыз кеткен адамдарды іздестіру жұмысына 30 техника құралы мен 200-ге жуық адам – құтқарушылар, сарбаздар, өрт сөндіру қызметінің өкілдері, дәрігерлер мен арнайы үйретілген ит ерткен кинологтар жұмылдырылған.
"Үйлер тым жақын орналасқандықтан техниканы пайдалануға қиындық туғызып жатыр" деп хабарлады төтенше жағдай департаменті.
Төтенше оқиға болған аумақты бақылауға алған полиция ол жаққа сырт жақтан барған адамдарды өткізбей тұр деп хабарлады бейсенбі күні таңертең сол жерге барған Азаттық тілшісі.
Азаттық тілшісі сөйлескен 58 жастағы Анатолий есімді адам туғаннан бері Таусамал ықшамауданында тұратынын, жердің қазіргідей "көшіп-жылжығанын" бұрын-соңды көрмегенін айтты. Ол бүгінгі төтенше оқиға – үй-жайды еш бақылаусыз, бір-біріне иін тірестіре қалай болса солай салудың салдары деп есептейді.
– Жаппай құрылыс салып, бау-бақшаны тып-типыл етіп отап тастады. Бұрын жеріміз көп ағаштың тамырының арқасында берік болатын, ал қазір ол бақтар жоқ. Ағаштарды түгелдей құртып, бетонды аямай құйып, мына үйлерді тұрғызды. Ал олардың салмағы қанша? Мұның бәрі жер қабатына артық күш түсіреді. 15 метр терең қазсаңыз, тасқа барып тірелесіз. [Топырақ қабаты] сол таспен жылжып жатыр, – деді Анатолий.
Оның көршісі Гүлнар 2006 жылы бұл ауданда жер көшкіні болған, бірақ дәл қазіргідей көлемде емес дейді. Ол жолы бір адам зардап шеккен. Жергілікті тұрғындар көшкіннің пайда болуына осы жерден 1250 метр биік тау жотасында орналасқан жеке меншік үйлер мен тұрғын жай кешендеріне су құбырын тарту да әсер еткен болуы мүмкін деп топшылайды.
Көшкін басып қалған үйде төрт адам – егіз ұл мен ата-анасы тұратын дейді көршілері.
"Ұлдар биыл мектеп бітіреміз деп жүрген", – дейді олар.
Бейсенбі күні таңертеңгі сағат 10 кезінде қалалық төтенше жағдайлар департаменті көшкін басып қалған үйдің орнынан 2007 жылы туған бозбала өлі табылғанын хабарлады.
Арада үш сағат өткенде құтқарушылар көшкін салдарынан опат болған тағы үш кісіні: 1984 жылы туған ер адамды, 1980 жылғы әйелді және 2007 жылы дүниеге келген егіздің сыңарын үйінді астынан алып шықты.
Көшкін қиратқан үйдің орнын аршу жұмысы жалғасып жатыр. Төтенше жағдайлар министрлігі арматура, әйнек сынықтары араласқан лай топырақтың көптігі, үйге баратын жолдың тарлығы қолда бар техниканы толымды пайдалануға мүмкіндік бермей, шаруаны қиындатып, жұмыс негізінен қол күшімен жасалып жатқанын айтады.
Бұған дейін қала әкімдігі төтенше оқиғаның себептерін тексеру және көшкін салдарын жою жөнінде арнайы топ құрылғанын хабарлаған.