Алматының іргесіндегі үйден шыққан қоқыс-қалдықты төгетін полигон – әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардың күнделікті нәпақасын айыратын жұмыс орны. Бұл жерде Өзбекстан мен Тәжікстаннан келген еңбек мигранттары да жүр. Азаттық тілшісі ондағы адамдардың бір күндік тірлігін бақылап көрді.
Қазақстанның ең ірі қаласы Алматының іргесінде орналасқан қоқыс полигондарының біріне таңертеңгі сағат 10.00 шамасында бардық. Ат шаптырым аумақты алып жатқан қоқыстан шыққан иіс қолқаны қабады. Көліктен түсер-түспестен бет-аузымызды тұмшалап алуға тура келді.
Бізді есік алдынан елуді еңсеріп қалған ер адам күтіп алды. Бұйымтайымызды естігеннен кейін "Өстіп жүректі ауыртасыңдар ғой. Жүрші, сөйлесейік" деп оңашалау жерге қарай бастады.
Өзін қоқыс полигонының бастығы деп таныстырған бұл кісі полигонның санитарлық қорғау аймағына жататынын, бұл жерге бейсауат адам түгіл ұшқан құсты кіргізуге тыйым салынғанын айтып қипақтады. Ішінде жүрген адамдарды көрсеткен едік, "енді, қазақпыз ғой" деп ақталды. Өзінің де 21 жыл қоқыс тергенін, "бұл күнге еңбегінің арқасында жеткенін" айтты.
"Қастарыңа күзетшімді қосып берейін, сыртынан түсіріп, қайтып кетіңдерші" деп айналдырды. Көнбедік. Қоқыс полигонының мекен-жайын көрсетпейтінімізді, тек қоқыс теріп жұмыс істейтін адамдармен ғана сөйлесетінімізді айтып, ақыры кіруге рұқсат алдық.
ҚОҚЫС ПОЛИГОНЫНДАҒЫ ҚЫЗУ ТІРЛІК
Қоқыс полигоны екіге бөлінген. Оң қанатында сырттан келген қоқыс-қалдықты сұрыптап, іріктеп жіберетін аппараттар қойылған. Полигонда күні бойы жүрдік, бірақ ол жаққа кірген көлікті немесе жұмыс істеп тұрған аппаратты көрмедік. Өлі тыныштық.
Қызу тірлік полигонның екінші бөлігінде екен.
– Мына кісіні кім кіргізді? Суретке түсіріп жүр, – деп айғайлады қап арқалап қарсы жолыққан етжеңді әйел есік аузында тұрған күзетшіге бізді нұсқап.
– Басшылықтың рұқсатымен кірдік, ал сізді кім кіргізді бұл жерге? – деп оның өзін сөзге тартпақ болдық. Бірақ ол жауап қатпастан, бізге ажырая қарап, өтіп кетті.
Полигонының ішінде ДТ-75 деп аталатын шынжыр табанды ескі трактор тау болып үйілген қоқысты итеріп жүр. Тағы бірнеше үлкенді-кішілі жүк көлігі тиеп әкелген қоқысты төгуге полигон аумағына кезекпен кіріп жатыр. Көліктен әлі толық түсіп бітпеген қоқысты аңдып бірнеше адам тұр. Жүздері күнге күйіп, желге тотыққан. Еңсесін тік ұстамай, еңкіш тартып, бүгжеңдеп жүреді, адам бетіне тіке қарамайды. Қырындай тұрып, болмаса жүре сөйлеседі.
– Осында шалым, балам үшеуміз жүрміз. Бала санымен зейнетке шыққанмын. Бірақ [ақша] бәрібір жетпейді ғой. Үйде отырғанда не істейміз, – дейді қолына ұстаған темір істікпен қоқыс арасын ашып, әлдене іздеп жүрген қазақ әйел. 58 жаста екен.
– Күніне қанша табасыздар?
– 100 келі темір жинасақ та аз ақша емес қой. Қарап отырсаң кім береді оны. Қой, құрысын, сен бізді суретке түсірмей-ақ қой.
– Аты-жөніңізді айтасыз ба?
– Оны қайтесің? Біреу-міреу көрсе ұят болып жүрер!
Қысқа-нұсқа тілдесуден кейін әңгімеге тартатын адам іздеп әрі қарай жылжыдық.
"ҚОНАҚҚА ШАҚЫРШЫ, ЕТ ЖЕЙІК!"
Қоқыс полигонында қазақ, тәжік, орыс, қарақалпақ ұлтының өкілдерін кезіктірдік. Негізінен бөтелке мен пластмасса ыдыс, темір қалбыр жинайды. Жинап-тергенін өздері "бастықтар" деп атаған белгісіз адамдар келіп алып кетеді екен. Сөзге тартқанымызбен көпшілігі олардың аты-жөнін атаудан бас тартып, ат-тонын ала қашты. Әңгімелесуге келіскендердің өзі сақтана сөйлейді.
– Өткенде екі жігіт сіз сияқты келіп "бір адамды іздеп жүрміз" деп видеоға түсіріп кеткен. Ертеңіне полиция сау ете түсті. Ішінде әлгі екі жігіт те жүр. Сіз де солар секілді тыңшы емессіз бе? – дейді тағы бірі күдігін жасырмай.
Журналистік құжатымызды көрсетіп, шынымызды айттық. Ақырындап сөзге тартып, жасын сұраған едік, құрдас болып шықтық.
Есімі – Памир. Әйелі Махаббат екеуі биыл қаңтар айында Өзбекстан құрамындағы Қарақалпақстан автономиялық республикасының Шымбай кентінен келіпті. "Айына 150-200 мың теңге аралығында табамыз" дейді.
– Не жинайсыздар? – деген сұрағымызға "Қолға түскенін" деп күлді.
– Қарақалпақстанда жағдай жақсы болса мұнда қаңғырып неміз бар. Қызым университетте ақылы бөлімде оқиды. Оның бір жылдық оқу ақысын төлеп тастадық. Әлі үш жылы бар. Үлкен ұлым 21 жаста. Оны үйлендіру керек. Бізде қалыңмал 20 миллион сом (2 мың долларға жуық – ред.) тұрады. Оны табу керек. Одан басқа тағы екі кішкентай балам бар. Ал Қарақалпақстанда жұмыс жоқ, – деді Памир.
Памирдің әкесі география пәнінің мұғалімі болған екен. Оқыған адам болғанын, Совет одағы тұсында Азаттық радиосын үзбей тыңдағанын айтты. Қазақ пен қарақалпақтың туыстығы туралы да сөз қозғадық. Кетіп бара жатқанымда келіншегі Махаббат "Құрдас, бізді қонаққа шақырмайсың ба? Ет жеп қайтайық" деді әзіл-шыны аралас.
60 жастағы Темірбектің Қарақалпақстаннан келгеніне бір жыл болыпты. Отбасы Қарақалпақстан астанасы Нүкісте тұрады екен. Зейнетке шыға алмай қалғанын, карантин аяқталып, шекара ашылса еліне барып, құжаттар жинайтынын айтады.
Ұзақты күн қоқыс арасында жүріп үсті-басына сіңген сасық иіс мұрынды жарады. Шыдай алмай, кейіпкерімізді ық жаққа алып әңгімемізді жалғастырдық.
Айтуынша, ай сайынғы табысынан шығынды алып тастағаннан кейін қалтасында қалатыны 70-80 мың теңге. Оның бір бөлігін отбасына жібереді. Екі баласының да еңбек жасына жеткенін, бірақ Қарақалпақстанда жұмыс жоғын, әлеуметтік жағдайдың төмен екенін айтады.
– Күніне 1,5-2 қанар қоқыс жинаймын. Шал адамның қаншаға шамасы келеді дейсің. Пәтерге айына 20 мың (теңге – ред.) төлеймін. Оның сыртында ай сайынғы салық бар.
– Қандай салық төлейсіз?
– Білмеймін. Бастықтар жинап алып кетеді де, бізге жұмыс істеуге рұқсат қағаз әкеліп береді.
– Сіз сонда еңбек мигранты ретінде жұмыс істеп жүрсіз ғой?
– Солай.
– Өзбекстаннан осындай жұмыс бар екенін естіп келдіңіз бе?
– Иә, бір таныстарым арқылы келдім. Шал адамға жарайды. Ешкім қинап жатқан жоқ. Шаршасаң демаласың.
Темірбек бұдан әрі ашылып сөйлеуге құлық танытпады. Қоқыс аралап кете берді. Суретке түсіруге фотоаппаратымызды ыңғайлап едік, "керек емес" деп басын шайқады.
ҚОҚЫС АРАСЫНДАҒЫ ОН ТӨРТ ЖЫЛ
Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы Қорам ауылының тумасы Қанат 52 жаста. Сөзінше, осыдан бірнеше жыл бұрын әйелі қайтыс болған. Үлкен қызы тұрмыста. Кіші қызы – туғанынан мүгедек, қазір енесінің қолында. Бұл жерде жұмыс істеп жүргеніне он төрт жыл болыпты.
– Басында осы жерге келдім. Кейін үйреніп кеттім. Ауыр жұмыс емес. Ешкім сені қинамайды. Қожайынның үйінде жатамыз. Шығын тек тамағымызға ғана кетеді, – дейді темекісін құшырлана сорған Қанат.
Қанаттың жел жеп, күнге тотыққан жүзінен шарасыздықты аңғару қиын емес. Қайта-қайта темекі тұтатып, жүзін тайдыра береді. Айтуынша, жас күнінде көлік жүргізген, құрылыста да жұмыс істепті.
Бірнеше рет басқа жұмыс іздегенін, құжаттарын дайындағанын, бірақ сәті түспегенін айтып, қолын сілтеді.
"Жанашыр апайым бар еді, қайтыс болып кетті" дейді күрсініп. Шешесі Қорамда тұрады екен. Сөзінше, анда-санда туған інісі келіп жағдайын біліп тұрады.
Қанат судан босаған бөтелкенің қақпағын 4 теңгеден, арақтың бос шишасын 65 теңгеден, қалғанын таразыға тартып өткізетінін айтады.
Түс қайта "Газель" жүк көлігі келіп, жиналған темір-терсекті қабылдай бастады. Рөлде әдемі киінген келіншек отыр екен. Памирдің жинаған қалбырлары 14 мың теңге болды. Қанаттың жинағаны 8 мың теңге шығарды. Жүк қабылдаушымен бірге ере келген полигон қызметкері суретке түсірмеуімізді өтінді. Амалсыз "жарайды" дедік.
Қоқыс арасында түскі асын ішіп отырған бірнеше әйелді де көзіміз шалды. Суретке түсіруге ыңғайсыздандық. Үндемей өтіп кеттік.
Екінті ауа қоқыс полигонынан сыртқа шықтық. Артымызда сасық иіс пен үйілген қоқыстың арасында тіршілік үшін жанталасқан жандар қалды.