Құран бағыштау және белсенділерді ұстау. Алматы Тәуелсіздік күнін қалай атап өтті?

Алматыда Тәуелсіздік күніне арналған ресми шара таңғы 10-да басталды. Қаладағы тәуелсіздік монументіне әкімдік шенеуніктері, 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасының қатысушылары, ауған соғысының ардагерлері келді. 
 

Қала әкімі Ерболат Досаев гүл қою рәсімінде. 

Тәуелсіздік монументінің етегіндегі мына кітапта елдің экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қолы басылған. 

Әкімдік шарасы өтіп жатқанда бір топ адам сол маңдағы Желтоқсан оқиғасына арналған "Тәуелсіздік таңы" монументіне де гүл шоқтарын қойды. 
 

Әкімдік өкілдері тарап кеткен соң алаңға тіркелмеген "Демократиялық партияның" белсенділері жиналып, 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасының және 2011 жылғы Жаңаөзен оқиғасының құрбандарына құран бағыштады. 
 

Тәуелсіздік монументіне келген зейнеткер.

Жиналғандар алдында "Демпартия" белсендісі Аружан Дүйсебаева сөз сөйлеп, биліктен Қаңтар оқиғасын әділ тергеуді, "Демпартия" лидері Жанболат Мамайды ақтауды, экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевты сотқа тартуды талап етті. 

"Өз халқына бір-екі рет оқ атқан билік халыққа қайтадан оқ атудан тайынбайтыны анық" деді ол. 


 

Тәуелсіздік монументінен 200 метр жерде мүлде басқа оқиға болып жатты. Күләш Байсейтова көшесіндегі кафенің бірінде "Oyan, Qazaqstan" қозғалысының белсенділері полициядан тығылып отырды. Олар да Республика алаңында акция өткізуді жоспарлаған.

- Мені таңертеңнен бері үйімнің маңында аңдыды, бірақ мен такси шақырып, алаңға шықтым. Ал мені аңдыған көлік таксидің артынан алаңға дейін еріп келді, - дейді белсенді Жанель Шахан.

Біраз уақыттан соң жастар қолдарындағы плакатты жая бергенде, оларды полиция ұстап әкетті. 
 

Полицейлер "Oyan, Qazaqstan" белсенділері ұстап жатыр. 

— Қолдарында плакаты бар төрт белсендіні ұстап әкетті. Плакатта 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы, 2011 жылғы Жаңаөзен оқиғасы, 2022 жылғы Қаңтар оқиғасы бейнеленген еді. Біз плакат жайып, Қазақстанда болған қайғылы оқиғаларды ұмытпайық деп айтқымыз келген, - деді қозғалыс белсендісі Рафкат Мұхтаров.

Белсенділердің қолындағы плакатты алып алған полицейдің бірі. 

16 желтоқсанда "Oyan, Qazaqstan" қозғалысының 11 белсендісі ұсталды. 

 

Жыл сайын Алматыда полиция осы күні алаңға келген, келмек болған белсенділерді ұстайды. Осы арқылы олар билікке қарсы бейбіт шаралардың алдын алуға тырысады. 

Алматы қаласы 16 желтоқсан – Тәуелсіздік күнін атап өтті. Қаладағы 11 ай бұрын қан төгілген орталық алаңда ресми шаралар болды. Полицияалаңға бармақ болған жас белсенділерді ұстады.