Алматыда Шығыс Түркістан өлкесін (Қытайдың Шыңжаң аймағының тарихи атауы) мекендейтін байырғы халықтар – ұйғыр, қазақ және өзге де ұлт өкілдерінің қазіргі өмірі мен ахуалы жайлы сыр шертетін көрме өтіп жатыр.
20 қазанда ашылған "Көрсетпе" (ұйғырша – Көргәзмә) деп аталатын көрмені ұйымдастырушылар қысым мен цензура тақырыбын қозғап, ұйғыр мен қазақтың дарынды жастарына қолдау білдіріп, олардың өнеріне көптің назарын аударуды мақсат тұтады.
Шығармашыл жастар өз туындыларында Шыңжаңдағы халықтың тіршілігін әр қырынан: отбасындағы әлеуметтік көрінісінен бастап "тәрбие лагеріндегі" жағдайына дейін ашып көрсетуге тырысқан. Олар бұл көрме сөз және шығармашылық еркіндігін жаншып-тұншықтыруға наразылық пен белсенді түрде қарсылық көрсетудің бір түрі екенін айтады.
Алматының Арбатындағы "101 Dump Gallery" өнер алаңында ашылған көрмеге барлығы он туынды – картиналар, инсталляция мен манифест қойылған. Азаттық тілшісі де көрмені көріп қайтты.
"Мұнда қойылған жұмыстар көп емес. Оған қысым себеп. Мәселен, көрмеге қойылған төрт жұмыстың авторлары – "Сұлтан қыздар" деген бүркеншік есім алған жас ұйғыр суретшілері. Өздері Қазақстанда тұрып жатса да Шыңжаңда қалған жақындарының қауіпсіздігіне алаңдайды" дейді көрмені ұйымдастырушылардың бірі, суретші Медина Базарғали.
Көрмеге қойылған суретші Таир Табиев қарындашпен салған шағын портреттері көптің назарын өзіне аударады. Оларда Қытайдың Шыңжаң аймағындағы "тәрбиелеу лагерінің" тұтқындары бейнеленген. Автор бұл адамдардың суретін хакерлер бұзып ашқан соң әлемге тарап кеткен Шыңжаң полициясының деректер базасынан алған. БҰҰ есебінше, Қытай билігі 2017 жылдан бері Шыңжаңда "қайта тәрбиелеу" лагерьлерінде бір миллионнан астам ұйғыр, қазақ және басқа да мұсылман дінін ұстанатын аз ұлттар өкілдерін еркінен тыс ұстаған. Оларға Қытай заңдары мен коммунистік партияны дәріптейтін өлеңдер жаттатқызып, қытай тілін оқытқан, азапқа салған. Құқық қорғаушылар "саяси тәрбиелеу лагерлері" деп атаған арнайы мекемелерді ресми Пекин мен Шыңжаңдағы жергілікті билік "кәсіпке баулу орталығы" деп түсіндіреді. Ал мұсылмандарға жасалған қысастықты "экстремизммен күрес" деп сипаттайды. Халықаралық құқық қорғау ұйымдары Шыңжаңда байырғы ұлттарға қысым жалғасып жатқанын айтады.
"Бұл портреттерде өмірде бар адамдар бейнеленген, әйткенмен олар әлі тірі ме, ол жағы белгісіз. Бәлкім, лагерде әлі азап көріп жатуы да мүмкін. Көрмеге келушілер осы портреттегі адамдардың әрқайсысының көзіне қарап, ондағы қайғы-мұңды түсінсе екен дейміз" дейді Медина Базарғали.
Таир Табиев портреттерін сатудан түскен ақшаны Қытайдың Шыңжаңдағы саясатынан жапа шеккен ұйғырларды қолдау қорына аударады.
"Бұл – ата-бабаларымның Қытайға, Шығыс Түркістанға көшінің жолы. Әкемнің де, анамның да ата-анасы, яғни ата-әжелерім Қытайда туып, 1960-жылдары Қазақстанға оралған. Арғы аталарымыз Оңтүстік Қазақстаннан қоныс аударып, Балқаштың бойымен жүріп, Іледен Шәуешекке дейін жеткен. Шәуешектен ары қарай Үрімжіге барған. Үрімжіде қазір туыстарымыз бар. Бірақ олармен байланыс өте қиын, соңғы рет COVID пандемиясы кезінде сөйлескенбіз, қазір олардың жағдайы белгісіз. Сол жолды толықтай көрсеткім келді" дейді суретші Мұрагер Шәріпқан. Ол салған картада ата-бабасының көш жолын ала жіппен белгілеп қойыпты.
Суретші Интизор Отаниезова туындысын "Болашағы жоқ" деп атаған. "Сағатты өзіме ұйғыр мәдениетінің символы іспеттес атласпен орадым. Бұл соншалықты ашық әрі әдемі мата, егер ұзақ қарасаңыз, денеңізді күйдіретіндей әсер етеді. Өйткені қазір ұйғырларға қатысты кез-келген нәрсе ауыр қабылданады. Сағаттың бетіндегі сандарды жауып тастауымның себебі, уақыт жылжып жатқан секілді, бірақ болмысыңнан айырылған кезде болашақ қандай болатынын елестету өте қиын. Болашақ жоқ секілді" дейді автор.
Ұйғырдың ұлттық киімін киіп, сахнада ұйғырша ән шырқап тұрған әншіні көрмеге келген әркім экраннан көріп қана қоймай, құлаққап киіп тыңдай алады. Бұл – суретші Руқия Фархадованың марқұм атасы өмірінің соңғы кезеңінде қайта-қайта тыңдаған әндер жинағы.
1990-жылдардың аяғында Шыңжаңдағы ұйғырлардың концерті жазылған күйтабақтарды Руқияның атасы жиі тыңдап, Қытайда өткен өмірін еске алады екен. Оның тұсында "ұйғыр тіліндегі жеңіл әуендерді атам қайтыс болғаннан кейін сүйіп тыңдайтын болдым" деген автордың сөзі жазылған. Осылайша төл мәдениетке деген ықылас атадан немереге берілген.
"Көрсетпе" ("Көргәзмә") көрмесі "Жаңа Шекара" кинофестивалінің аясында ұйымдастырылды. Бұл кинофестиваль алғаш рет былтыр, 2022 жылы Алматыда өткен еді. Онда қазақстандық және шетелдік авторлар түсірген Қытайдың Шыңжаң өлкесіндегі ұйғырлар мен қазақтардың өмірі мен мәдениеті, қуғын-сүргін және "қайта тәрбиелеу лагерлері" туралы фильмдер көрсетілген.
Биыл қыркүйектің басында өздеріне қысым жасалғанын айтқан ұйымдастырушылар "Жаңа Шекара" кинофестивалін онлайн-форматта өткізуге мәжбүр болған. Құқық қорғау органдары бұл мәлімдемеге қатысты комментарий берген жоқ.
"Көрмені де солай өткізуге тура келетін шығар деп қатты уайымдадық. Бірақ сәтін салып, көрмеміз ашылды, керемет қуандық", – деді көрмені ұйымдастырушылардың бірі Медина Базарғали.
Алматыдағы 101 Dump Gallery өнер алаңында өтіп жатқан көрме жұмысы 5 қарашаға дейін жалғасады.