"БОС ЖАТҚАН ЖЕР" ҮШІН СОТТАСУ
Әл-Фараби атындағы ұлттық университет жерінің Әл-Фараби даңғылымен шектесетін оңтүстік бөлігінде экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың күйеу баласы Тимур Құлыбаевтың иелігіндегі компания "Atlas development" заманауи бизнес орталық салып жатыр.
Бизнес орталық бой көтерген жер телімі бұрыннан жеке меншікте. Ал құрылысқа арналған қоршаудың ішінде, ғимараттың айналасында тұрған учаскелер университеттен қала әкімдігіне өтіп, әкімдік оны жеке компанияға жалға берген. Жалпы аумағы – 0,8 гектар. Онсыз ғимаратты салу, ашу мүмкін емес.
2021 жылдан бері жұрт назарында болған дау Қаңтар оқиғасынан кейін жаңа сипат алған. "Ақ жол" партиясы фракциясының сұрауына прокуратура жерді алуда заң бұзушылық бар деп мәлімдеді. Жер ресурстарын басқару комитеті Құлыбаевтың бизнес-құрылымдарына қарайтын "Atlas development" ЖШС мен "Omirex" ЖШС-ны сотқа беріп, Алматының ауданаралық экономикалық соты арызды қанағаттандырып, үкім шығарған.
2022 жылғы 21 қазанда шыққан сот үкімінде мынандай кесім бар:
– Алматы әкімдігінің 2017 жылғы үш қаулысының;
– Жер қатынастары басқармасы мен "Atlas development" компаниясы арасындағы жерді жалға беру туралы 2020 жылғы келісім-шарттың;
– Әл-Фараби университеті мен жер қатынастары басқармасының арасындағы жерді жалға беру туралы 2021 жылғы келісім-шарттың күші жойылды.
– университеттің жерін 73,2 гектар қылып, бұрынғы қалпына келтіру;
– жауапкер тараптар мемлекет пайдасына 11 130 теңге төлеуге міндеттелді.
Осы үкімге сүйеніп, журналистер жер университетке қайтарылды деп жарыса жазды. Бірақ іс мұнымен бітпепті.
Дәл қазір бірыңғай мемлекеттік жылжымайтын мүлік кадастрында сот университетке қайтарылсын деп шешім шығарған учаскелердің құқық иесі ретінде әлі "Atlas development" компаниясы тұр. Жерді оқу орнына қайтаруға әуелгі сот үкімінің күші жетпейді. Осы іспен айналысқан жер қатынастары заңгері, мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбектің сөзінше, жерді қайтаруға "Бауыржан Байбектен кейінгі Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаевтың тұсында әкімдік бекіткен қаулылар кедергі болып тұр".
– 2020 жылы, 2021 жылы Бақытжан Сағынтаев қабылдаған кейбір қаулылар соттың шешімі бойынша бұзылған жоқ, – дейді Базарбек.
Азаттықтың сауалына жауап берген жер ресурстарын басқару комитеті тағы бір сот процесі жүріп жатқанын айтты. Мекеме Алматы әкімдігі, жер басқармасы, Құлыбаевтың компанияларын жауапкер ретінде көрсетіп, даулы жер учаскелеріне "құқық белгілейтін құжаттарды жарамсыз деп тану туралы арыз берген".
Қаңтар оқиғасынан кейін Алматы әкімі қызметінен кеткен Бақытжан Сағынтаев қазір Еуразия экономика одағы комиссиясының алқа мүшесі. 2021 жылы Алматы әкімі боп тұрғанда ол университеттегі жер дауында даурығатын ештеңе жоқ дегендей сыңай танытқан. Азаттық журналисінің сұрағына "қайта ол жер бос жатқаннан гөрі кешкісін де, күндіз де студенттерге ортақ пайдалануға тиімді болады деп есептейміз" деп жауап берген.
Бұл жауабымен әкім университеттің жері бос жатты, оны жеке компанияның игергені тиімді шешім болды дегенді айтқысы келгендей. Сағынтаев жағдайды "паркинг жер астында болады, үстінде барлық адам еркін жүреді" деп түсіндірген.
Сағынтаевтың тұсындағы қаулылардың күшін жою жөнінде сотқа кеткен екінші арыз бойынша іс біршама уақытқа созылып барады. Экономикалық соттың А.М. Тұрғынбаев деген судьясы биыл наурызда арызды қабылдап, маусымда іс жүргізуді тоқтатқан. Кейін қалалық сот алқасы істі қайта қарау керек деп ұйғарып, қазан айында судья Тұрғынбаев істі қайта қабылдап алған. Қазір процесс жүріп жатыр. 5 желтоқсандағы ахуал бойынша, үкім шыққан жоқ.
Қоғам шулап жатса да, сот қаулы шығарса да, дау қайта жалғасса да – мұның ешқайсысы құрылыс барысына кері әсер етпегендей. Себебі жұмыс процесі тоқтамаған, орталық әне-міне салынып бітетін сияқты. Құрылысшылар заманауи бизнес орталықтың сыртқы әйнегін орнатып жатыр. Қоршаудың сыртына барған Азаттық журналисіне өзін Мақсұтпын деп таныстырған азамат құрылыс тоқтап тұр деп жауап берді. "Аумақты тазалап жатырмыз. Құрылыс жүріп жатқан жоқ" деді ол.
Тимур Құлыбаевтың компаниясы "Atlas development" әкімдіктен жалға алған жер телімдерінің ірісінің пайдалану мақсаты – паркинг құрылысы. Яғни, бизнес орталықтың паркингі. "Atlas development" компаниясы Азаттық жіберген хатқа жауап бермеді. "Құрылысқа қанша қаржы жұмсалды, егер сот түпкілікті шешім шығарса, паркинг құрылысы бұзыла ма?" деген сауал жауапсыз қалды.
Сағынтаев "бос жатқан жер" деп атаған учаскелердің жайы осы.
ҚАЗҰУ ЖЕРІ НЕГЕ ТАҒЫ БӨЛІНДІ?
Ұлттық университеттің аумағын қайта қалпына келтіру мәселесі әлі шешілмей жатқанда биыл оқу орнынан тағы екі жер учаскесі бөлінді. Бірінің аумағы 8,5 гектар, екіншісі 1,2 гектар. Бөлінген аумаққа кейбір жатақхана ғимараты еніп тұр.
Мұның мәнін университеттен сұрадық. ҚазҰУ бұл екі жерге де "инвесторлар студент, магистранттарға арнап, жатақхана салады" және "1,2 гектар жер инвестор компанияға шартпен жалға беріледі" деп жауап берді. Университеттің айтуынша, 8,5 гектар жерге жатақхана салатын инвестор іздестіріліп жатыр.
Былтыр университетке президент Қасым-Жомарт Тоқаев барғанда ректор Жансейіт Түймебаев болашақта салынатын жаңа ғимараттардың макетін таныстырған. Ректордың сөзіне қарағанда, ҚазҰУ қалашығының екінші кезеңін салуға президент қолдау білдірген. Биыл құрылыс ресми түрде басталды.
"ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ ШАРТТЫҢ" АҚЫРЫ
Жоғарыда университет жауабынан инвесторларға бір гектардан астам жерді жалға береді дегенді оқыдыңыз. Университет жатақхана салуға жерді инвесторға қандай шартпен беретіні жөнінде ештеңе айтпады. Бұл жағдай ҚазҰУ-дан жекешеленген өзге бір учаскенің тарихын еске түсірді.
"Atlas development" компаниясы бизнес орталық салып жатқан жердің дәл қасында Әл-Фараби университетінен 2007 жылы жекешелендірілген тағы бір 1,8 гектар учаске бар. Азаттық бұл жердің университеттен "инвестициялық келісім-шарт аясында" жекешелендірілгенін анықтаған.
Инвестициялық шарттың ақыры – бұл қазір оқу орнына қатысы жоқ, кеңсе, тұрғын үй я сауда орталығын салуға арналған учаскеге айналып кетті. Оның иесі де Құлыбаев. Бұрынғы президенттің күйеу баласы бұл жерді "Кипрос" деген компаниясы арқылы иеленіп отыр. "Кипросқа" дейін қанша рет меншік құқығы ауысқаны белгісіз.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Бұрынғы президенттің күйеубаласы мемлекет жерін қалай иемденген?Айта кетейік, Тимур Құлыбаев Forbes Қазақстан журналының есебінше, елдегі ең ауқатты адам. Оның әйелі, экс-президенттің ортаншы қызы Динара Құлыбаева екеуінің әрқайсында 4,3 млрд доллар байлық бары айтылады.
Қазақ ұлттық университеті "Кипрос" компаниясы иелігіндегі учаске бойынша кейінгі хатымызға "бұл жер учаскесі жеке меншікте" деп қысқа қайырды. Жер ресурстары комитеті қазір "бұл аумақтың жекешелендіру тарихын тексеруге негіз жоқ" деп жауап берді. Ол аумақта әлі ешқандай құрылыс басталған жоқ. Бақытжан Сағынтаевтың сөзімен айтсақ, "бос жатқан жер".
1970 жылы Қазақ ұлттық университетінің бас корпусын салу туралы шешім қабылданғанда оның аумағы 100 гектардай болғаны айтылады. Қазіргісі 70-тен сәл асады. Сонда Қазақстан тәуелсіздігінің отыз жылында ҚазҰУ-дың 30 гектардай жері жеке меншікке өтіп кеткен.