"Алушы аз, сауда жоқ". Базардағы саудагерге затын сату мұң болды

Жарым-жартылай істеп тұрған базардағы адам. Алматы, 24 желтоқсан 2020 жыл.

Жаңа жылға бірнеше күн қалғанда Азаттық тілшісі Алматының ірі үш базарын аралап көрді. Журналист сөйлескен сатушылар базарда алушы азайып, тауар өтпей, жағдайы қиындай түскенін айтып, мұңын шақты.

"КҮНІ БОЙЫ ТҰРЫП, ТАБЫССЫЗ ҚАЙТАМЫЗ"

Алматының солтүстігінде орналасқан "Кенжехан" әмбебап базарының киім-кешек сататын бөліміне Азаттық тілшісі аптаның ортасында барды. Таңертеңгі сағат 10 кезі. Күн әдеттегіден суық, аздап аяз бар.

Тұрмыста тұтынатын заттар сатылатын "Кенжехан" әмбебап базары. Алматы, 24 желтоқсан 2020 жыл.

Тілшінің қолындағы фотоаппаратты көрген кіреберісте тұрған күзетші "жеке меншік нысанды суретке түсіруге болмайтынын" айтып, ішке жібермеді. "Базар – қоғамдық орын, БАҚ өкілінің ол жерді суретке түсіруге құқы барын" айтқан журналистің уәжіне "басшылықтың бұйрығы солай" екенін алға тартқан күзетші көнбеді. Амал жоқ, фотоаппаратты базардың сыртына қалдыруға тура келді.

Біз кірген кезде базар аумағындағы сауда орындары – қаз-қатар тұрған 40 тонналық жүк контейнерлерінің жартысынан көбі жабық екен. Есігі айқара ашық тұрған кейбірінің алдында тұрған сатушылар аяғын-аяғына соғып, жаураған денесін жылытқан болып тұр.

Базарға зат сатып алуға келгендер некен-саяқ. Әрегідік қоларбасын сүйретіп, шай сатып жүрген әйелдер көзге түседі.

Базарда ыстық шай, кофе және өзге тамақ сатып жүрген адам. Алматы, 24 желтоқсан, 2020 жыл.

Базардағы сатушылардың көбі Азаттық тілшісімен сөйлесуге құлық танытпады, жұмыс орнын смартфонмен суретке түсіруге қарсы болмағанымен, өздерін фотоға түсіруге келіспеді.

Ер адамның сырт киімін сатып тұрған, жас шамасы елуді еңсерген сатушы өзін Мәмедпін деп таныстырды. Мәмед алдына барған адамға 15 мың теңгеден басталып, ең қымбатының бағасы 60 мың теңгеге жететін курткаларды бірінен соң бірін шығарып, киімнің сапасын, тігісін мақтай жөнелді.

– Қане, қайсысын аласыз? – деп құрақ ұшқан сатушы етегі ұзын, іші түйе жүнімен қапталған куртканы көрсетті. – Мынау өте жақсы куртка, 24 мың теңге тұрады. Өзіміз 21 мың теңгеден алғанбыз. Мінеки, өз бағасына берейін, алыңыз!

"Кенжехан" базарының сыртындағы жаңа жыл мерекесіне арналған ойыншық пен тәтті сатылатын орын. Алматы, 24 желтоқсан 2020 жыл.

Куртка қажет емесін айтып, кері бұрылуға ыңғайландық.

– Тіпті 18 мың теңгеге берейін, алшы! – деді жалынғандай болып.

Базарға зат алу үшін емес, сауда барысын, өзі сияқты кәсіп иелерінің хал-жағдайын сұрау үшін келгенімізді айттық. Мәмед қазір базарға тұтынушы аз келетінін, саудасы жүрмей, жағдайы қиындағанын жасырмады.

– Таңертеңнен кешке дейін тұрып, бір куртка сата алмай құр қайтатын күндеріміз де бар, – деді ол мұңын шағып.

– Мыналар неге жабық тұр? – деп сұрадық көрші контейнерлерді нұсқап.

– Алушы жоқ. Күн суық. Сондықтан анда-санда, сенбі-жексенбі күндері ғана ашып жүр, – деп түсіндірді ол.

"Кенжехан" базарындағы киім-кешек сататын орындардың бірі. Алматы, 24 желтоқсан 2020 жыл.

Мәмедке қарама-қарсы тұрған контейнердің ішін қызылды-жасылды лента іліп, безендіріп қойыпты. Тауар бағасын да қағазға өрнектеп жазып, күліп тұрған адамның бейнесін салып қойған. Бұл жердегі сатушы аты-жөнін айтуға ықылас білдірмеді. Ол да барлық тапқан-таянғаны сауда орнын жалдаудан артылмайтынын айтып шағынды.

– Тауар сатып тапқанымызды осы орынға төлейміз, сатамыз да төлейміз. Сондықтан қазір бұрынғыдай басы артық тауар да әкелмейтін болдық. Өйткені, алатын адам жоқ, көріп тұрсыз ғой, – дейді ол.

– Базардағы мына бір контейнерді жалдау құны қанша?

– 250 мың теңгедей болып қалады, – деді сатушы.

Мұнан соң ол тоңғанын айтып, "Еркежан, шай бермейсің бе?" деп, анадай жерде қоларбасын итеріп, жұртқа ыстық шай сатып жүрген әйелді өзіне қарай шақырды.

Азаттық тілшісі "Кенжехан" базарын аралап жүрген екі сағаттан астам уақыт ішінде зат сатып алуға келген я болмаса жай базар аралап жүргендер өте аз кездесті. Контейнерлердің де жартысынан астамы жабық тұрды. Журналист сөйлескен сатушылардың барлығы "тұтынушы аз, сауда жоқ" деп мұңын шақты.

АЛУШЫДАН САТУШЫ КӨП

Бұдан кейін жұрт арасында "Барахолка" аталып кеткен үлкен базарға келдік. Кейінгі бес-алты жылда қатты өзгеріп, бірнеше ірі сауда ғимараты жаңадан салынған базардың алдындағы атшаптырым автотұрақтың тең жартысы бос тұр. Былтыр дәл осы уақытта бұл жерде көлік қоятын орын таппай едәуір уақыт бөгелуге тура келген еді.

"Ақ бұлақ" базарының сыртындағы автотұрақ. Алматы, 24 желтоқсан 2020 жыл.

Осындағы "Ақ бұлақ" (бұрынғы "Болашақ") базарына кіргенімізде, "Кенжехан" базарындағыдай емес, сауда орындарының көбі ашық тұрғанын байқадық. Жан-жағы, асты-үсті жабық базардың іші де жылырақ екен.

Киім-кешек сататын жердегі сатушылар қалта телефонын шұқылап, өзімен өзі отыр. Қасына барып, сөзге шақырсаң ғана: "Не алайын деп едіңіз?" деп сұрайды.

"Ақ бұлақ" базарындағы адамдар. Алматы, 24 желтоқсан, 2020 жыл.

Базарда жүрген адам қарасы да көбірек сияқты көрінген. Бірақ оның бәрі біз ойлағандай тұтынушы емес екен. Өзін Эльзира деп таныстырған сатушы: "Бұл жүргендердің жартысынан көбі осындағы сатушылар ғой" деп күлді.

Көлемі ауқымды базарды аралап біраз уақыт жүрдік. Алдыңғы базардағымен салыстырғанда сатушы көп болғанмен, зат сатып алуға келіп жатқандар мұнда да аз.

"Ақ бұлақ" базарының сыртында ыстық самса мен сусын сатып тұрған әйел. Алматы, 24 желтоқсан 2020 жыл.

Бұл жерде де шай сатып жүргендерді жолықтырдық. Базардың сырт жағында азын-аулақ тауарын сөреге жайып, сауда жасап тұрғандар көзге шалынады. Бірақ олардан да зат сатып алып жатқан ешкім байқалмайды.

"Ақ бұлақ" базарының алдынан өтіп бара жатқан адамдар. Алматы, 24 желтоқсан, 2020 жыл.

ОЙЫНШЫҚ САТУШЫНЫҢ ӘҢГІМЕСІ

Түс ауа Алматының орталығындағы Көкбазарға ат басын тіредік. Мақатаев көшесі жағынан базарға кіретін қақпаның сыртында егде жастағы адамдар жеміс-жидек, көкөніс сатып отыр. Олармен саудаласып, керегін сатып алып жатқандар да көзге түседі.

Көкбазардың қасынан өтіп бара жатқан көліктер. Алматы, 24 желтоқсан 2020 жыл.

Базарға кіреберісте аяқ киім, ойыншық сататын контейнерлер орналасқан. "Ойыншық алыңыздар, ойыншық!" деп айғайлаған, жас шамасы жиырма бестегі жігіт қарсы жолықты. Саудасының жайын сұрап, сөзге тарттық.

– Білесіз бе, қазір жаңа жыл мейрамы жақындап қалса да, мүлде сауда жоқ. Міне, кеш таяп қалды. Әлі бірде-бір ойыншық сатқан жоқпын, – деді өзін Марат деп таныстырған сатушы.

– Бұрын сауда қалай болушы еді?

– Былтыр дәл осы уақытта бүйтіп әңгімелесуге уақытым болмай, алушының біріне тауар көрсетіп, біріне алған ойыншығын беріп жанталасып жатқан едім...

– Биыл саудаңыз қалай, кіріс бар ма?

– Тапқаным шығыннан артылмайды. Осы тұрған жердің жалдау ақысы тағы бар.

– Ол қанша, 100 мың теңге бола ма?

– 100 мың теңге деген баға жоқ қой қазір, – деп күліп жауап берді Марат.

"ҚАЛАЙ ӨМІР СҮРЕМІЗ?" ЕТІК САТУШЫЛАРДЫҢ МҰҢЫ

Базардағы көлемі 20 шаршы метр болатын аядай орында үш адам аяқ киім сатып отыр. Амандық сұрасып, келген жөнімізді айттық.

– Сауда жоқ. Жағдайымыз болса мынау. Төбеден су ағады. Еденнің жұлма-жұлмасы шыққан. Жарық та дұрыс түспейді, – деп сөз бастады сатушылардың бірі. Бірақ ол аты-жөнін айтудан бас тартты.

– Жоқ, ойбай! Ертең бұл жерден қуып шықса не істеймін? – деді Азаттық тілшісіне.

Көкбазарда аяқ киім сатып тұрған адамдар. Алматы, 24 желтоқсан, 2020 жыл.

Аты-жөніңізді атамаймыз дегеннен кейін ғана журналистпен сөйлесуге келісіп, жағдайын баяндай бастады. Саудасы жүрмей, жалға алған орынға төлейтін қаржы таба алмай қиналып отырғанын айтып шағынды.

– Бұл жерді 550 мың теңгеге жалдап отырмыз. Жалғыз адамның шамасы келмейді, сондықтан үшеуміз бірігіп жалдап, ақысын бөліп төлейміз. Өз басым қазір 300 мың теңге қарызбын. Мынау былтыр 10 мың теңгеге алған етік болатын. Биыл сол алған бағасына сатуға қойдым. Тым болмаса өз бағасын шығарып алайын деп. Сонда да өтпей тұр ғой.

– Жалдау ақысы неге қымбат?

– Білмейміз ғой. Мемлекеттік жалдау құны және бар.

– Шағымдануға болмай ма?

– Қайдағы! Өткенде, карантин кезінде бір апай КТК телеарнасын шақырып, орынды жалдау ақысы қымбат екені жайлы шағым айтқан. Кейін сол кісіні базарға кіргізбей қойды ғой.

– Айтсақ, ертең бізді де сөйтіп бір теуіп, айдап шығады бұл жерден.

Қатар отырған үш сатушының біреуі ғана сөйлеп отыр. Қалған екеуі үнсіз. Тек анда-санда әріптесінің сөзін "иә, иә" деп құптап қояды. Олармен әңгімелесіп бір жарым сағатқа жуық отырдым. Аяқ киім сұрап кірген бірде бір адам болмады.

Әңгіме соңына таяп қалғанда бағанадан бері үнсіз отырған сатушылардың бірі: "Айтыңызшы, енді қалай өмір сүреміз?" деп сұрады шарасыз кейіппен. Бұл сауалға жауап таба алмадым.

ШАЙ САТУШЫНЫҢ ТІРЛІГІ

Осы кезде жанымызға "Шай ішпейсіңдер ме?" деп бір әйел келді. "Базарда осы кісілердің ғана саудасы жүріп тұрған сияқты ғой" деген сөзіме "иә, иә" десіп, аяқ киім сатып тұрғандар да қосыла кетті.

– Сендер сыртымыздан солай ойлайсыңдар ғой, біздің жағдайымызды білмейсіңдер, – деп шай сатушы кейи сөйледі.

Аязды күні базарда ыстық шай және өзге тағам сатып жүрген әйел. Алматы, 24 желтоқсан, 2020 жыл.

52 жастағы Нәсиханың айтуынша, бұл кәсіппен айналысқанына сегіз жыл болыпты, оған дейін еден жуған. Осы базарда өзі секілді 17 шай сатушы барын айтты.

– Шай сатқаннан оның ақшасын жинаған қиын. Базардағы жұрттың бәрі таниды. Қазір сауда жоқ. Көбі осы шайды да қарызға алады. Кейін бермей кететіндері де жоқ емес. Ал біздің де анда-мұнда төлейтініміз бар, – деп өз жағдайынан сыр шертті.

Нәсиханың сөзінше, базарды аралап жүріп шай сатқаны үшін ай сайын 34 мың теңге, қайнаған суға 17 мың теңге төлейді екен. Бұдан басқа да қосымша төлейтіні бар көрінеді.

– Өткен айда барлық шығыным 180 мың теңге болды. Кей күні үйге ұсақ-түйек тиынмен, кей күні бес-алты мың теңгемен қайтамыз. Шалым 60-қа келді. Ұлым екеуі құрылыста жүр. Оларға да жұмыс бірде бар, бірде жоқ. Зейнетке 63 жастан бастап шығатын етіп қойды ғой. Үкімет қарапайым халықтың жағдайын мүлде ойлап отырған жоқ, – деді Нәсиха ренішін жасырмай.

Көкбазардағы жеміс-жидек пен көкөніс сататын бөлімде жүрген адамдар. Алматы, 24 желтоқсан 2020 жыл.

Көкбазардан шығар сәтте жеміс-жидек пен көкөніс сататын бөлімге бас сұқтық. Биыл коронавирус пандемиясына байланысты бірнеше ай бойы жабық тұрған. Ашылғанына да көп болмапты.

Бұл жерде де бұрынғыдай емес, сатып алушы адам аз сияқты болып көрінді. Сатушылар әр жерде екіден-үштен топтасып, әңгімелесіп тұр. Бәрінің айтатыны бір сөз – "сауда жоқ".

– Бір шаршы метрді 28 мың теңгеден жалдаймыз. Бұрын осы уақытта жұрт қияр, қызанақ, алма мен алмұртты жәшіктеп алатын. Қазір оның бірі де жоқ. Пандемия деген пәле болды, – дейді тілші сөйлескен сатушылардың бірі.

Ол тауары өтпей төрт-бес күн тұрса шіріп кететінін айтты.

– Былтыр жаңа жылдың алдында әкелген тауарымыз бір сағатқа жетпей таусылып қалған еді, – дейді өткенді еске алып.

Көкбазардағы азық-түлік сатушы мен тұтынушы. Алматы қаласы. 24 желтоқсан 2020 жыл.

Азық-түлік сатып алуға келгендер базар нарқы күн сайын құбылып тұрғанын, бүгінгі баға ертең өсіп кететінін айтады. Тұтынушының сөзін саудагерлер де жоққа шығармайды. Олар өздері көтерме бағамен алатын тауардың да үнемі қымбаттап жатқанын алға тартады.

Биыл дүниежүзіне тараған Covid-19 инфекциясы әлем экономикасына теріс әсер етті. Мұнай бағасының құлдырауы бюджетінің қомақты бөлігі көмірсутек шикізатын шетке сатудан түскен қаржыдан құралатын Қазақстан экономикасына соққы боп тиді. Кей сарапшылар биыл елде кедейлер саны көбейгенін, жұрттың сатып алу қабілеті төмендегенін айтады.

Your browser doesn’t support HTML5

"Қазақстанда кедейлер саны 2,4 миллионға жетті"