Ағалы-қарындасты заңгерлер Амангелді мен Айман Шорманбаевтар тамыздың басында салық қызметінің тексеруінен өтетіндерін біледі. Әуелі кеңселеріне Алматы қалалық мемлекеттік кіріс департаментінің өкілі келіп, заңды мекен-жайыларын анықтайды. Содан кейін салық қызметі телефон шалып, тексеру туралы ескертуді алып кетулерін сұрайды.
Your browser doesn’t support HTML5
— Әлгі ескертуде қаржы министрлігі мемлекеттік кіріс департаментінің сұрауы бойынша кезектен тыс салық тексеруі белгіленген екен. Не себепті екенін білмейміз. Ішкі құжат деп көрсетпейді. Жасыратын ештеңеміз жоқ, салық төлеп отырмыз, - дейді Айна Шорманбаева.
Заңгердің сөзінше, ҮЕҰ-лар туралы заңда қарастырылған ереже бойынша қызметкерлері туралы мәліметті тапсырмағандары үшін осындай тексеруге ұшырап отырулары мүмкін.
ҮЕҰ-лар өздері туралы толық есепті биылғы наурыздың 31-іне дейін мәдениет пен спорт министрлігіне өткізулері тиіс болатын. Ережеге сәйкес ҮЕҰ-лар өздері туралы мәліметті үш тілде тапсырады, ол мәліметте құрылтайшылары, қызметкерлері, басшысы мен бухгалтері туралы егжей-тегжейлі ақпарат, тіпті жеке мекен-жайы, телефондары мен куәлік нөміріне дейін көрсетілуі тиіс. Одан бөлек демеушілері, жобалары, бюджеті мен мүлік-мүкәмалы түгел тізіліп жазылуы тиіс.
«Халықаралық құқықтық бастама» қоры бұл ережені «үкіметтің ҮЕҰ-ның ішкі ісіне шамадан тыс қол сұғуы» деп санап, есеп өткізбей қойған. Құқық қорғаушы Амангелді Шорманбаев Facebook парақшасында кеңсесін әлдекімдердің аңдып жүргенін жазған.
Айна Шорманбаеваның сөзінше, дәл қазір ешкім ашық аңдымаса да, бақылау бар екені сезіледі.
— Мұндай қысымның құқық қорғау қызметін атқаруымызға қатысы бар деп ойлаймыз. Сол себепті ұйымымызға жасалған шабуыл деп қарастырамыз. Егер жабу туралы нақты тапсырыс болса, ешқандай себеп ойлап таппай-ақ жауып тастауларына болады, - дейді ол.
Шілде айында Астананың мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты «Халықаралық құқықтық бастама» қорының ҮЕҰ-дарды толық есеп беруге міндеттеу ережелерін заңсыз деп тану туралы шағымын қанағаттандырмай тастады. Бұл ережені мәдениет пен спорт министрлігі биылғы ақпанның 19-ы күні бекіткен. Сот қордың «құқықтарымыз бен бостандығымыз» шектелді деген уәжін қабылдамаған. Сот шешімінде ҮЕҰ-ларды «олардың қызметтерін ашық атқаруы үшін» тексеріп, мәлімет базасы жасалатыны жазылған.
Астаналық «Қадыр-Қасиет» ұйымының жетекшісі Анар Ибраева Азаттыққа берген комментариінде салық тексеруінен соң қоғамдық ұйымның жабыла қалмайтынын айтты. Оның сөзінше, белсенділер салық төлеуден жалтарған жағдайда ғана ұйым жабылады, оның өзінде де жабу процесі азаматтық кодекс аясында арнайы процедураға сәйкес жүреді.
— Бұл тексеруді жеке мәлімет тапсыру ережелеріне қатысты деп тұспалдауға болады. Бұл ұйымның дәл осы ережелерді қабылдау кезіндегі белсенділігін ескерсек, байланыстыруға болады, — дейді Анар Ибраева.
Алматы қалалық мемлекеттік кіріс департаментінің аудит бөлімінің бастығы Бауыржан Ерботаев Азаттыққа бұл мәселеге қатысты комментарий бере алмайтынын айтты.
Департаменттің ескертуінде қордың барлық салық түрлерін төлеуіне және міндетті зейнетақы жарналары мен әлеуметтік төлемдердің уақтылы және толық аударылғанына қатысты кешенді тексеруден өтетіні жазылған. Тексеру тамыз бойы жалғаспақшы.