Алматыдағы «Музейдегі түн»: Шағатай теңгелерінен Тула самауырларына дейін
Алматыда «Музейдегі түн» осымен оныншы рет өтіп отыр. Ең алғаш мұндай түн 2006 жылы ұйымдастырылған. Орталық музей - Қазақстанда бұл акцияны тұңғыш өткізген мекеме.
Бірінші қабатта әншілер ән шырқады, думанды бағдарламалар, этникалық костюмдер көрсетілді. Суретте әнші, композитор Айтмұрат Төреғали ән айтып тұр. Лаки Кесоглу, Мәдина Садуақасова, Гүлнар Дәукеновалар да өнер көрсетті.
Әдетте «Музейдегі түн» акциясына кіру ақылы болатын (бірақ кіру құны күнделікті билеттен қымбат емес еді). Ал залдарға экскурсия тегін жасалатын. Биыл кіру де тегін болды. Бірақ келген адамдардың есебін жүргізу үшін әр кісіге билет берілді. Орталық музей ақпаратына қарағанда, биыл шараға сегіз мың адам келген.
Орталық музей археологтары қола дәуірде өмір сүрген адамдардың тұрмысын (киім, үй заттары, қоныстарын) көрсетті.
«Ислам мәдениеті құндылықтары» көрмесіне сирек қолжазбалар; араб, парсы, түрік, шағатай, татар, өзбек, қазақ тіліндегі кітаптар қойылды. Мұнда Құран ғана болған жоқ, төте жазумен шыққан большевиктер газеті "Ұшқынның" бір нөмірі де тұрды. Одан бөлек, теңгелер, тастар, қару түрлері де болды. Суретте: Тұрағұлдың (1875–1934) «Қазақтың атақты ақыны Абай Құнанбайұлы» қолжазбасы.
«Ислам мәдениеті құндылықтары» көрмесіне қойылған 13, 14-ғасырлардағы шағатай теңгелері.
Экспонаттар арасында 30 литрлік Тула самауырлары да бар. Оларды заманында ағайынды Шемариндер сауда үйі сатқан болатын.
Қазақстан халқы ассамблеясының 20 жылдығына арналған «Бір отбасы» көрмесінде Қазақстанда тұратын түрлі диаспоралардың (татар, орыс, армян, корей, грек, неміс, күрд, украин, ұйғыр және басқалар) дәстүрлі мәдениеті көрсетілген. Экспонаттарды этномәдени орталықтар берген. Суретте: татар мәдениетінің көрнекі заттары.
Жеңістің 70 жылдығына да көрме ұйымдастырылған. Онда жауынгерлердің киімдері, қарулары, фотолары мен құжаттары қойылған. Қазақстанда жасақталған дивизиялардың жорық жолдары картасы да бар. Келушілер Екінші дүниежүзілік соғыс партизандарының киім үлгісіне қарап тұр.
«Музейдегі түн» шарасында үш қазақстандық суретші - Арыстан Қайнарбаев, Тілеуберді Бинашев пен Иван Стадничуктің (1913–2000) жеке көрмелері қойылған. Суретте: келушілер Иван Стадничуктің картиналарына қарап тұр.
Жыл сайынғы дәстүр бұзылмаған. Бұл жолы да келушілер Тұран жолбарысы (суретте) мен Тяньшан қоңыр аюының ("Қызыл кітапқа" енген) терісін көрді. Бұл терілерді музей «Казкрайсоюзаохота» қоғамынан 85 жыл бұрын алған.
Музей алдында жұрт тотықұс, үкі, жыланмен ақылы түрде суретке түсіп жатты.