Алматыда бір жыл бұрын қаза болған Қаңтар құрбандарын еске алды
Алматыдағы Респубика алаңында Қаңтар құрбандарын еске алу шарасы өтті. Осыдан тура бір жыл бұрын Алматының орталығындағы осы жерде үкіметке қарсы жаппай шеру өткен еді. Аяғы қантөгіске ұласқан Қаңтар оқиғасы кезінде, ресми дерек бойынша, 238 адам қаза тапқан
Биыл қаңтардың бесі күні ертемен Республика алаңының айналасын полиция қоршап тұрды. Қаланы қалың тұман басты. Былтырғы Қаңтар оқиғасының куәгерлері осыдан бір жыл бұрын да бірнеше күн бойы ауа райы осындай болды дейді.
"Тұман көрсем әлі күнге дейін көңіліме алаң кіреді" дейді бүгін Қаңтар құрбандарын еске алуға алаңға келген Әлия
Республика алаңындағы Тәуелсіздік монументі жанында өтетін бейбіт акцияға қатысу үшін балдаққа сүйеніп, баспалдақпен көтеріліп келе жатқан адам
Алаңға жүз шақты адам жиналды, көбі саяси белсенділер
Белсенді Әлнұр Илияшев (ортада) пен кәсіпкер Болат Әбілов (оң жақта) Қаңтар құрбандарын еске алу жиынында тұр.
– Өкінішке қарай, әзірше ешқандай өзгеріс байқалмайды, – деді Болат Әбілов. – Билік өзін және өз институттарын нығайтумен әуре. Еліміз қасіретті күндерді бастан өткерді. Жұрттың бәрі әділ, жан-жақты тергеу жүргізілгенін қалады, ол түсінікті де, бірақ ондай болған жоқ. Қазіргі билік отырғанда болмайды да. Халық алаңға неліктен шықты деген мәселе маңызды. "Шал, кет!" деп айғайлаған жұрт елге саяси өзгеріс қажет екенін, [экс-президент Нұрсұлтан] Назарбаевтың отбасымен, бүкіл мұрасымен қоса қарасы батқанын, бізге еркіндік, лайықты өмір керегін, өз тағдырымызға өзіміз ие болғымыз келетінін айтты. Ондай ештеңе болмады.
Алаңдағы еске алу шарасына қатыспақшы болған белсенділердің кейбірін бұл жерге жеткізбеді. Тіркелмеген Демократиялық партия белсендісі Инга Иманбай пікірлес серіктері Аружан Дүйсебаева, Гүлнар Мирмамбетова мен Абзал Достияровты бүгін таңертең полиция күштеп әкеткенін айтады.
– Абзалды төрт жасар қызымен қоса ұстады, – дейді Инга. – Ол таңертең қызын балабақшаға апарып, содан кейін алаңға келмекші болған. Бірақ лифтіге кірген сәтте сол жерде күтіп тұрғандар ұстаған. Қызының көзінше сабап, баласымен қоса полиция бөлімшесіне жеткізген. Сосын әйеліне телефон шалып, қызыңды алып кет деп айтқан. Төрт жасар қызды бір сағат бойы полиция бөлімшесінде ұстаған!
Белсенділер сөз сөйлегеннен кейін, Тәуелсіздік ескерткішінің түбіне гүл мен Қаңтар құрбандарының тізімі жазылған парақ қойды.
Арада біршама уақыт өткен кезде әлдекім жаңағы тізімнің үстіне былтыр 5 қаңтарда Алматыда қаза тапқан Ұлттық қауіпсіздік комитеті шекара қызметінің курсанты Мейірхан Бітімнің суретін қойып кетті
Тәуелсіздік ескерткішіне былтыр Қаңтар оқиғасы кезінде тиген оқтың ізі
Тәуелсіздік ескерткіші қасында сөйлеп тұрған белсенді
Белсенділер сөйлеп болғаннан кейін жиналған жұрт Қаңтар құрбандарына құран бағыштады
Тәуелсіздік ескерткіші жанында құран оқылғаннан кейін шелпек таратып жүрген әйел
Бейсенбі күні таңертең еске алу акциясы өткен Республика алаңы аумағында сымсыз интернет байланысы ажырап қалды. Ал осы тұстан өтетін Сәтбаев көшесінің жоғарғы жағында бірнеше жолаушы автобусы тұрған еді. Әдетте полиция осындай көлікті билік рұқсат бермеген бейбіт митингіге қатысқандарды күштеп салып, алып кетуге пайдаланатын. Бірақ бүгін бұл автобустарды адамдарды полиция бөлімшесіне емес, қаладағы бірнеше мешітке апаруға сайлап қойыпты.
Бұл күні Республика алаңының жоғарғы жағында, қала әкімдігінің экс-президент Назарбаев атындағы даңғылға қарайтын бүйірінде орналасқан, Қаңтар құрбандарына арналған "Тағзым" мемориалында да бұл күні еске алу шарасы өтті. Оны белсенділер емес, жергілікті билік ұйымдастырды
Мемориалда өткен шараға шенеуніктермен бірге былтыр Қаңтар оқиғасы кезінде құрбан болған адамдардың туған-туыстары да қатысты
"Тағзым" мемориалына қойылғна гүл. Былтыр 23 желтоқсанда осы мемориалды арнайы шақырылған адамдардан тұратын шағын топ қатысқан шарада Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ашқан еді. Ескерткіште Қаңтар оқиғасында құрбан болғандардың аты-жөні жоқ. Оның орнына қара, ақ және сұр түсті қабырғаларға қазақ халқының белгілі ақын-жазушы, би-шешендері мен қоғам қайраткерлерінің нақыл сөздері жазылған.