Қаңтар оқиғасында мерт болған 238 адамның ең кішісі – төрт жасар Айкөркем Мелдехан. Бүлдіршіннің қазасына қатысты сот ісі 15 қарашада аяқталып, күдікті ақталды. Айыпталған әскери қызметкер кінәсізбін дейді. Ал Айкөркемнің әкесі оқ атқан адам табылғанша күресе бермек. Азаттық Қаңтар оқиғасының ең жас құрбаны Айкөркемнің қазасына байланысты істің анық-қанығына үңіліп көрді.
АЙКӨРКЕМНЕН АЙЫРЫЛҒАН КҮН
2022 жылдың 7 қаңтары. Алматы. Мелдехандар отбасының төрт баласы көлікке мініп, дүкен іздеп шыққан еді.
Бұл – Қаңтар оқиғасы қантөгіс пен дүрбелеңге ұласып, Алматыда дүкендер жабылып, қалада жағдай ушыққан әрі елдің басым бөлігінде төтенше жағдай енгізілген кез. Бұған қоса, президент Қасым-Жомарт Тоқаев "елге 20 мың террорист келді" деп қарулы күштерге ескертусіз оқ атуға бұйрық берген еді.
Айдос Мелдеханның 18 жастағы үлкен ұлы Бауыржан көлік рөлінде отырған. Ағасына еріп Жанел, Бекислам және 4 жасар Айкөркем де шыққан еді. Ата-анасы кенжелері Рамазанмен үйде қалған.
Бірақ 7 қаңтарда Алматының әр жерінде атыс дауысы естілгенімен, қала іші тыныш еді.
Таңертеңгі сағат 7-де Ақордада Тоқаев контртеррористік штабтың жиынын өткізіп, "негізінен елдің барлық аймағында конституциялық тәртіп қалпына келгенін" мәлімдеген, бірақ "содырларды толық жойғанша контртеррористік шараларды жалғастыру керегін" айтқан. Сол үшін ескертусіз оқ ату бұйрығы күшінде қалған. Елде интернет өшкендіктен халықтың көбі не болып жатқанынан толық хабарсыз еді. Ал балалар отырған көлік наразылықтың эпицентрі болған Республика алаңының маңына қалай жеткені белгісіз. Әкесі Айдос Мелдехан ұлы дүкен іздеп, Сәтбаев мен Желтоқсан көшелеріне жете бергенде, біреулер оқ жаудырған деп топшылайды.
Ондаған оқ тиген көлік Сәтбаев көшесімен кері бұрылып, сәл жүріп барып тоқтаған. Ішіндегі Жанелге жеті оқ тиеді, Бексиламның жанындағы Айкөркемнің басына оқ тиіп, сол жерде жан тапсырған. Бауыржан көліктен шыға салып, кетіп бара жатқан басқа көлікті тоқтатып, бауырларын ауруханаға жеткізген...
БІР ТОҚТАП, ҚАЙТА ТЕРГЕЛГЕН ІС
Айкөркемнің қазасынан соң "Адам өлтіру" бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Оқты әскери қызметкерлер атқаны дәлелденген соң, істі оңтүстік өңірлік әскери-тергеу басқармасы тергеді. Айыпкерлерді анықтау көп уақыт алды. Ақыры 2022 жылғы 28 желтоқсанда "Адам өлтіру" бабы "Қару қолданып, билікті асыра пайдалану" бабына ауыстырылды. Екі күннен соң, 30 желтоқсанда "іс құпия" деп жарияланды.
Ал 2023 жылдың қаңтарында істе "қылмыс құрамы жоқ" деп тоқтатылды. Іс тоқтағанда Айкөркемге тиген оқтың "деформацияға ұшырап, кімнің қаруынан атылғанын анықтау қиын" деген шешім шыққан еді. Қызынан айырылған отбасы күресін тоқтатпай, Айдос Мелдеханның арыздарынан соң іс қайта жалғасты.
Ақпанда тергеу аяқталып, бір әскери қызметкер – 27 жастағы Арман Жұман күдікті деп танылды. Бірақ бүлдіршіннің әкесі көлікке оқ атқан бес сарбаз екенін айтып, басқаларын табуды және істі "Адам өлтіру" бабымен жүргізуді талап етті. Алайда бұл талап орындалмай, тергеу ісі "Билікті асыра пайдалану" бабы бойынша жүргізілді және бір ғана күдікті болды.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Қай аға маған оқ атқан?" Қаңтар оқиғасында оққа ұшқан екі бүлдіршін Айкөркем мен СұлтанТӨРТ АЙҒА СОЗЫЛҒАН СОТ
Биыл шілдеде басталған Айкөркемнің қазасына байланысты сотты судья "іс құжаттарында құпия деректер бар" деп жариялап, отырыстарды жабық өткізді. Осыдан соң құқық қорғаушылар мен журналистерді былай қойып, бүлдіршіннің әкесі Айдос Мелдехан да сотқа кіре алмай қалды.
Бірақ бас әскери прокуратура Айкөркемнің әкесіне сотқа қатысуға тыйым салмағанын, бірнеше рет өтініш айтқанымен, әкесі өзі келіспегенін мәлімдеген. Мелдехан келіспеуінің себебін "мемлекеттік құпия" туралы заңға сәйкес өзіне қойылатын шектеулермен түсіндірген еді.
"[Сотқа қатысуға] рұқсат алған адамға қатаң шарт қояды. Ол құжатқа қол қойсам Айкөркемнің сотындағы мән-жайлар туралы ештеңе айтпауым керек" деген Айдос Мелдехан.
Алматыдағы әскери сотта басталған процеске жәбірленуші тараптың адвокаты Жанғазы Күнсеркин мен Айкөркемнің ағасы Бауыржан Мелдехан кіргізілген. Адвокат істегі "құпия" деген графаны алып тастауды талап етіп, сотқа шағым түсірді де. Бірақ судья соттың статусын өзгертпеді.
Сол кезде Айдос Мелдехан "12 томнан тұратын істегі бір ғана томда құпия мәлімет жазылған. Сол үшін барлық процесті жабық қылды. Мені қатыстырып, ең болмағанда сол бір том қаралғанда соттан шығарса да болар еді ғой. Енді 20 жастағы ұлым қатысатын болды. Бірақ ол да соттағы мән-жайды жария етсе жауапқа тартылады" деген еді.
Кейін ұзақ күрестен соң Айдос Мелдехан құпия емес құжаттар қаралған сот отырысына қатысуға рұқсат алды. Ал сот процесінде сарбаз Арман Жұман "оқ атуға бұйрық берді" деп айыпталды. 26 шілдеде Айдос Мелдехан күдікті Жұманның сот залынан шыққанын көре сала, ұстамақ болып, шу шығарған. Мелдехан күдіктінің "еркін қыдырып жүргеніне" ашуланып кеткен. Бірақ Жұман сол кезде өзінің кінәсіз екенін айтқан еді.
10 қарашадағы жарыссөзде прокуратура соттан Арман Жұманды жеті жылға бостандығынан айыруды сұраған. Ал 15 қарашада Алматы гарнизоны әскери сотының судьясы Нұркен Жексенбиев айыпталушының "іс-әрекетiнде қылмыстық құқық бұзушылық құрамы жоқ" деп Жұманды ақтады. Ал сот үкімінен соң Айдос Мелдехан "енді мені атып тастаса да, шындық үшін күресе берем" деп мәлімдеді.
– Оқ бар, автомат бар, [қаза тапқан] адам бар, қалай қылмыс жоқ? 7 қаңтарда қызымды бір атып өлтірді, үкіммен аруағын тағы атты, – деген еді Айдос Мелдехан Азаттыққа көзіне жас алып.
Your browser doesn’t support HTML5
Судья ақтау үкімінен соң "балаларын қауіпті жағдайда қалдырғаны" үшін Айдос Мелдеханның өзін жауапқа тарту туралы жеке қаулы шығарды.
Айкөркемнің анасы Динара Әбдімова қызының қазасынан әлі айыға алмаған. Фотосын көрсе, еске алса қыстығып жылай береді.
– Айкөркем бір минут, бір секунд есімнен шыққан емес. Әр қылығы есімде, – дейді анасы жылап.
"ЕНДІ ОҚ АТУ БҰЙРЫҒЫН ОРЫНДАМАЙМЫН"
Істегі негізгі айыпталушы Арман Жұман мен оның адвокаты Оксана Мусохранова үкімнен кейін Азаттыққа сұқбат беріп, өз позициясын түсіндірді. Қорғаушы іс құжаттарына сай, кім оқ атқаны анықталмағанын, ал Арман Жұман оқ атты деп емес, оқ атуға бұйрық берді деп айыпталғанын айтады.
– Тергеу Арманның кінәсіне негізгі екі дәлел келтірді. Бірі – жәбірленушілердің көлігі Арманның жанында болғаны, екіншісі – көлікке оқ атылғанын көрген куәгердің сөзі. Енді жағдайды түсіндірсек, [оқиға болған кезде] куә, жәбірленушінің көлігі және Арман үшеуі үш жерде болған. Біз адвокаттық сұрау салдық, оқиға болған кезде жәбірленуші оқиғаның Сәтбаев пен Сейфуллин көшелерінің қиылысында болғанын хабарлаған. Ал Арман Сәтбаев пен Желтоқсан көшелері қиылысатын тұста болған. Екі көшенің арасы кемі 500 метр. Ол күндері қалың тұман болғанын білесіздер. Куәгер де сотта көлік атылғанын бірде есіктің көзінен, бірде терезеден көрдім деді. Куәгердің терезесі тіпті Сейфуллин көшесіне емес, Желтоқсан көшесіне қарайды, – деді адвокат.
Адвокат "сотта тергеудің екі уәжі дәлел таппаған соң" Арман Жұманның ақталғаны заңды деп есептейді. Жұманның өзі де сот әділ шешім шығарды деп біледі.
– Иә, өкінішті жағдай, менің де Айкөркеммен жасты қарындасым бар. Мен ол кішкентай қызды көрсем, өмірімде адамды атуға бұйрық бермейтін едім. Өйткені өзімнің де қарындасым бар. Біреудің жанын алуға менің ешқандай хақым жоқ, – дейді ол.
Істе құпия құжаттар болғандықтан оған рұқсат алған қатысушылар соттың егжей-тегжейін айта алмайды, тыйым салынған. Арман Жұман "егер сот ашық болғанда көпшілік менің айыпты емес екеніме көзі жетер еді" деп санайды.
– Айдос Мелдеханның айтуынша, көлік мен тұрған жерге келгенде біз оларды жайдан жай атып тастадық. Олай істейтіндей басым екеу емес. Өйткені мен ол үшін жауап берем, қол астымда, маған бағынышты адамдар болды. Оларға да басыммен жауап берем. Әр атылған оққа мен жауап берем. Мен ол көлікті көрген жоқпын. Көрмеген көлікке бұйрық бере алмаймын, – деді Арман Жұман.
Сотта ол өзіне тағылған айыпты мойындамағанын, Айдос Мелдеханнан кешірім де сұрамағанын айтады. Ол "кешірім сұрау – қылмысты мойындау" деп түсінетін жеткізді.
– Не үшін мен ол кісіден кешірім сұрауым керек? Егер мен істемесем, не үшін? Егер мен істесем, кешірім сұрар ем. Бірақ мен істемедім. Менің ісім заңсыз сотқа кетті, кешіріңіз, бұл істі мен істеген жоқпын, – дейді сарбаз.
Атқыштар ротасының командирі Арман Жұман биыл күзде үйленбекші болған, бірақ жарты жылдан аса тергеуде жүріп, ол ойы іске аспағанын айтады. Қалыңдығы Арманның анасымен сотқа келіп, сыртта күтіп жүрді.
"Әрине, [Айкөркемнің қазасына байланысты] көңіл айтамыз. Әділдік болсын. Менің балам тек бұйрықты орындады" деген еді бірде сарбаздың анасы.
Арманның өзі "ендігіде халыққа оқ ату туралы бұйрық болса, адамның өмірін таңдайтын едім, енді мұндай бұйрықты орындамайтын едім" дейді.
Сот процестері кезінде қорғаушы Мусохранова Айдос Мелдеханды балаларын "қауіпті жағдайда қалдырғаны" үшін қылмыстық жауапқа тарту туралы өтініш берген.
– Бұл бап мүмкіндігі бола тұра, баласының денсаулығы мен өміріне төнуі мүмкін қауіптің алдын алмағаны үшін жазалауды көздейді. Олар "қаладағы ахуалды білмедік, азық-түлік іздеп шықтық" дейді. Олай емес. Біз детализацияны сұратқанымызда Айдос Мелдеханның өзі көлікпен қалада жүрген, кейін ол үйінде қалып, балалары өздері айдап кеткен. Көліктен азық-түлік те табылмаған. Елдегі саяси жағдай балаларға еш кесірін тигізбеуі керек. Балалар мұндай оқиғаларға қатыспауы керек еді, ал олар ата-анасының рұқсатымен шыққан, – дейді адвокат.
Бұл айыпты Айдос Мелдехан жеке қаулысыз-ақ мойындайтынын жасырмайды. Өзі ғана емес, сол күні көліктің рөлінде болған үлкен ұлы да өзін жегідей жейтінін айтады.
– Әлі күнге дейін балам өзін кінәлайды. "Папа, мен кінәлімін" дейді. Жоқ, кінә бірінші менен, кінә расымен менен. Әттең-ай, сол күні нан жемесе де үйде отыра берсе, қазір Айкөркем қасымда болар еді деп те өзімді іштен жеймін, – дейді Айдос Мелдехан.
"БҰЛ ІСКЕ ҚАТЫСТЫ ӘЛІ ДЕ СҰРАҚ ӨТЕ КӨП"
Сот жабық болғандықтан, процесс барысы қалай өткені қоғамға белгісіз. Ал ел үшін маңызды процесті бақылаудан құқық қорғаушылар да шет қалды. Қаңтар оқиғасына қатысты соттарды бақылап жүрген "Ар.Рух.Хақ" қоғамдық ұйымының жетекшісі Бақытжан Төреғожина бұл іс бойынша шыққан үкім көпке түсініксіз болып қалғанын айтады.
– Құқық қорғаушылар қылмыстық істің материалдарымен таныспады, сот отырысына қатыспады. Сондықтан сот ашық, әділ, объективті өтті деп айту қиын. Шыққан үкім де түсініксіз. Бәлкім, судьяда ақтау үшін жеткілікті негіз болған да шығар. Немесе сотқа дейінгі тергеу сапасыз болған болар, қалай болғанда да әлі сұрақ өте көп, – дейді Төреғожина.
Құқық қорғаушы Қаңтар дүрбелеңінде оққа ұшқандардың ішінде тек Айкөркемнің ісі ғана жабық өткенін айтады. Судья істі құпия деп жариялағанда құқық қорғаушының көңілінде билік жеңіл жаза беруді я ақтап алуды көздеп отыр ма деген күдік бірден пайда болған. Ол Айкөркемнің ісі президент Тоқаевты халықаралық кездесулерде әлі талай ыңғайсыз жағдайда қалдырады деп топшылайды.
– Айкөркем ісі халықаралық қауымдастық пен құқық қорғаушылардың қысымынан кейін тергеліп, сотқа жетті. Көлікте отырған 4 жасар қыз ешқандай қауіп төндірмегені анық. Бұл іспен "артық қылам деп, тыртық қылған" сияқты. Енді кез-келген кездесуде президенттен Қаңтар оқиғасы жайлы сөз болғанда Айкөркемнің ісі де сұралатыны анық. Бірақ президенттің "қыздың өлімі болғаны рас, тергеу болғаны да рас, ақтау үкімі болғаны да рас. Қалай ақталды? Кім кінәлі? Неге жазаланбайды?" деген сұрақтарға қалай жауап берері білгісіз, – дейді Төреғожина.
Бұл сұрақтарға жауапты Айкөркемнің ата-анасы да іздейді. Олар үшін дәл Арман Жұманның сотталғаны маңызды емес, тек оқ атқан, кішкентай қыздарын өлтірген адам жазасын алғаны, әділдіктің орнағаны маңызды.
Ақтау үкімі әлі күшіне енген жоқ. Жәбірленуші мен әскери прокуратура сот үкіміне апелляциялық шағым түсірді. Сондықтан бұл іске әлі нүкте қойылған жоқ. Ал Айкөркем тірі болғанда 17 қарашада 6 жасқа толар еді.
– Айкөркемім ортамызда болса, қазір тілашарын жасап жатар ма едік, мүмкін әлі балабақшада жүрер ме еді. Қазір енді Айкөркемге құран бағыштаймыз тек, – дейді қыршынынан қиылған бүлдіршіннің анасы Динара көзіне жас алып.