Алматының орталығында биліктің келісімімен өткен митингіге белсенді Жанболат Мамайдың жақтастары, журналистер мен аздаған полицей қатысты.
Алматы. Жексенбі. Қыркүйектің жаймашуақ күні. Шевченко көшесі Қонаев көшесінен Пушкин көшесімен қиылысатын тұсына дейін темір шарбақпен қоршалған. Ары-бері өткен жүргінші қоршаудан мойнын созып қарайды, бірақ ішке кіруге батпайды: "Кіруге тыйым салынған" деген жазуы бар қоршаудың алдында полиция өкілдері мен медқызметкерлер кезекшілікте тұр.
Қоршаудан бірнеше жүз метр жерде тұрған Қазақстан ғылым академиясы ғимаратына қарама-қарсы алаңға адамдар жинала бастады: мұнда биыл алғаш рет жергілікті билік келісім берген митинг өткелі жатыр. Шараны азаматтық белсенді Жанболат Мамай жетекшілік ететін Демократиялық партия құру жөніндегі бастамашыл топ өкілдері ұйымдастырған.
Журналистер, полиция қызметкерлері, әкімдік өкілдері мен айналада болып жатқан оқиғаның бәрін телефонына түсіріп жүрген, жай киімдегі шымыр денелі жігіттерді санамағанда, биліктің келісімімен өткелі жатқан алғашқы митингіге шамамен 200-ге жуық адам жиналды. Қолына микрофон ұстаған Жанболат Мамай жиналған жұрттың алдында сөйлеп тұр.
– Неге бізге билікті сынауға болмайды? Халықтың талабын орындай алмаса, кетсін! Халықтың мұң-мұқтажына құлақ аспаса, Тоқаев пен Назарбаевтың отставкасын талап етіп, митингіге шығамыз! – дейді белсенді.
Белсенділер қол соғып, қолпаштап, Мамайға қолдау білдірді.
Жиынға қатысушылардың көбінің қолында шетелдіктерге жерді жалға бермеу, түрмеде отырған азаматтық белсенді Макс Боқаев, диссидент ақын Арон Атабекке бостандық беру және банктен алған қарызын қайтаруға жағдайы жетпейтін азаматтарға несие амнистиясын жариялау талабы жазылған плакат бар.
Қара көзілдірік таққан ер адам қолына "Тоқаев, 100 мың адамның үніне құлақ ас!" деген жазуы бар плакат ұстаған. Плакаттағы жазу осыған дейін Демократиялық партия қолдаушыларының Ақордаға несиені кешіру туралы ондаған мың арыз тапсырғаны білдірсе керек.
Митингіде Қытайдың Қазақстандағы елшісі Чжан Сяоның дипломатиялық қызметіне қатысты плакаттар да кездесті: көзілдірік пен қара түсті қорғаныш маскасын таққан жас жігіт "Чжан Сяо, елшісің бе, жаушысың ба?" деген жазуы бар плакатты басынан асыра көтеріп ұстап тұрді. Ұзын бойлы ер адам плакат ұстаған жігіттің алдында бірер секунд бөгеліп, оны видеоға түсіріп алып, ары қарай кетті.
Журналистер мен жай киімдегі адамдардан бөлек, митингіде болып жатқанын төбеден видеоға түсіріп дрон да ұшып жүрді – ол бірде биіктеп, бірде төмендеп ұшты.
Маған аласа бойлы, маскасын иегінің астына түсіріп, қолына Қазақстанның жалауын ұстаған қарт әйел жақындады.
– Мұнда не үшін жиналғанымызды білесіз бе? Жеріміз, халқымыз, Макс пен Арон сияқты батырларымыз үшін шықтық! Әділетсіздікке қашанғы төземіз? – деді ол дауыс көтеріп.
– Бұрын митингіге қатысып көріп пе едіңіз?
– Иә, қатысқанмын, бүгін де келдім.
– Бүгінгі митингтің биліктің келісімімен, әкімдіктің бақылауымен өтіп жатқанына қалай қарайсыз?
– Дұрыс қараймын. Бастысы, талабымызды айтып, неге келіспейтінімізді ашық білдіретін мінберіміз бар!
Ол сөзін аяқтап, жалаушасын жоғары көтеріп, сөз алған белсенділерді қаумалай қоршаған жұрттың арасына сіңіп кетті.
Митинг өтіп жатқан жердің сол жағына құрылған көк түсті шатырдың астында баспасөз орталығы орналасқан. Ол жерде "PRESS" деген жазуы бар көк түсті жапсырма таратылды. Жаңа "ережеге" сәйкес, бейбіт митингіге қатысушы журналист өзін ерекшелейтін белгі тағып жүруі шарт. Мұндай белгіге "PRESS" деген жазуы бар көк түсті кеудеше, жапсырма қағаз немесе осындай жазуы бар қолға байланатын таңғыш жатады. Көп журналист жаңа белгілерді алып үлгермеген, сондықтан олар бұрын пикет пен митингілерге киіп барған ашық жасыл түсті кеудешесінің үстіне жапсырма тағып жүрді.
Журналистердің көбі жаңа белгі алып үлгермегендіктен бұрын пикет пен митингілерге киіп барған ашық жасыл түсті кеудешесінің үстіне жапсырма тағып жүрді.
– Бейбіт жиын туралы жаңа заң дайындалып жатқанда біз әрине, журналистерге қатысты әртүрлі шектеулер мен талаптар енгізуге қарсы болдық. Ережелер дайындалған кезде де журналистердің митингіден хабар таратуына кедергі келтіретін шектеу болғанын қаламадық. Бәрі тәртіпке сай ұйымдастырылғанына көз жеткізу үшін барлық ірі шараларға қатысып жүрміз. Журналистер жиналатын орын барын, арнаулы белгілер дайындау қиындық туғызбайтынын тексереміз. Бастысы, билік органдары өкілдері сұрақтарыңызға жауап беріп, пікір беріп жатқанын байқадым, – дейді Қазақстандағы Internews ұйымының заңгері Ольга Диденко.
– Журналист болмаса да, митингіге "Пресса" деген жазуы бар кеудеше киіп келетін адамдарды қайтесіздер? Бұған реакция білдіресіздер ме?
– Иә, біз арнаулы оқыту шараларын өткізіп, олай жүру ережені бұзу болып саналатынын, сондықтан мұның алдын алып, журналистерді митингіге қатысушылардан ажыратуға көмектесетін белгілерді қолданбау керегін түсіндіреміз. Медиаға қатысы жоқ адамдар тарапынан осындай жағдай тіркелсе, мұны ережені дайындаған министрліктің назарына жеткіземіз, - деді Диденко.
Журналистердің алдына әкімдіктің ресми өкілі – Алматы қалалық қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Айдар Есенбеков шықты. Ол "әкімдік өз тарапынан митинг өткізуге қажетті жағдайдың бәрін жасағанын" айтты.
– Ұйымдастырушыларға әлеуметтік қашықтық ұстанып, [митингінің] белгіленген тақырыбынан ауытқымау керегі ескертілді. Олар бірқатар ережені бұзды. Белгіленген тақырыптан ауытқып кетті, митинг тақырыбына сай келмейтін плакаттар кездесті. Оның үстіне, әлеуметтік қашықтық ұстану талабы сақталып жатқан жоқ. Оларға ресми ескерту жасадық, – деді Есенбеков.
Есенбеков журналистерге жиналғандар сағат 14.00-ге дейін тарқауы керек екенін айтты.
– Ал сағат екіде тарамаса не істейсіздер?
– Полиция...
– Шақыртасыздар ма?
– Енді басқа... енді, әрине, ескертеміз. Тарамаған жағдайда заң аясында шара қабылданады.
Бірақ акцияны күшпен таратудың қажеті болмады – шамамен сағат 13.00-де Жанболат Мамай қорытынды сөз сөйлеп, жиналғандарға митингіге қатысқаны үшін алғыс білдірді. Ол болашақта осындай митингілер тағы да ұйымдастырылатынын айтып, микрофонды жанында тұрған адамдарға беріп, сахна ролін атқарған жерден кетті.
Қалған белсенділер сөйлеп жатқанда митингіге қатысушылар плакатын жинап, жай киімдегі адамдар мен қатары сирей бастаған жұрттың үстінен айналып ұшып жүрген дронның жіті бақылауындағы алаңнан тарай бастады.