Алматы облысы Талғар ауданының Бірлік ауылында тұратын 43 жастағы жергілікті белсенді Мақсат Кенжебаев өртенген баспанасын өз күшімен қайта қалпына келтіріп жатыр. Әке-шешесінен қалған тоғыз сотық жерде орналасқан төрт бөлмелі шағын үй осыдан бес ай бұрын Мақсат ауруханада жатқан кезде ішіндегі дүние-мүлкімен қоса өртеніп кеткен.
- Сәуірдің 9-ы ауруханаға жаттым, ал 15-і күні таңертеңгі сағат сегіздің шамасында көршім телефон соғып, "үйің өртеніп жатыр" деп хабарлады. Дәрігерлерден сұранып, үйіме жеткенше сағат 12 болды. Келсем, үйден түк қалмаған. Жихаз, киім-кешек, телевизор, тоңазытқыш, кір жуғыш машина – бәрі жанып кеткен, - дейді ол.
Үйінде жалғыз тұратын Мақсат өзі жоқта баспанасын әлдекімдер қасақана өртеп жіберген деп ойлайды.
- Өрт кіреберіс бөлмеден басталған. Бөлменің терезесін сындырып, содан от тастағанға ұқсайды. Өрт сөндірушілер өрттің шығуына от себеп болған деп отыр. Тоқтан шықты дейін десең, мен үйден кетерде тоңазытқышты ғана қосып, басқаларын өшіріп кеткен едім, - дейді ол.
Мақсат Кенжебаев үйін қаскүнемдер әдейі өртеген деген күдігі барын айтып, полицияға арыз түсірген. Ол өрттен келген зиянды 10 миллион теңгеге (шамамен 25 мың доллар) бағалап отыр. Талғар аудандық полиция бөлімі Мақсат Кенжебаевтың үйінің өртенуіне байланысты Қылмыстық кодекстің 204-бабының бірінші тармағы ("Бөтеннің мүлкін абайсызда жою") бойынша іс қозғаған. Арыз иесі істің бес айдан бері жылжымай отырғанына қынжылады.
Ауыл тұрғыны енді күн суытпай тұрып, өрттен бүлінген үйінің тым болмағанда "екі бөлмесін жөндеп, кіріп алсам" деп армандайды.
Your browser doesn’t support HTML5
АУЫЛДЫҢ ПРОБЛЕМАСЫН АЙТАТЫН БЕЛСЕНДІ
Азаттық тілшісі сөйлескен Бірлік тұрғындары Мақсат Кенжебаевты ауылдағы қордаланған әлеуметтік проблемаларды үнемі көтеріп, оларды шешуді жергілікті биліктен талап етіп жүрген белсенді деп сипаттайды. Мақсат өзі тұратын ауылда жылдар бойы шешілмей келе жатқан әлеуметтік мәселелер аз емес дейді.
- Жол, көпір, сапалы ауыз су, кәріз құбыры, бейіттің жағдайы, айта берсең бұл ауылда мәселе көп. Бірлік ауылында төрт мыңға жуық адам тұрады, қаншама бала бар. Оқушы балалардың барлығы мектепке көрші Талдыбұлақ ауылы арқылы айналып барады. Егер екі ортаға көпір салса жол екі-үш шақырымға қысқарар еді. Мысалы, бейітке орынды таудың басынан берді. Ол жаққа құс ұшады, құс қанаттанады. Бізге төмен жағынан жерді қайтарыңдар деп сұрап отырмыз. Ал осының барлығын айтсаң әкімдерге жақпайсың, - дейді белсенді. Ол Бірлікте мәдениет үйін ашуды сұрап аудан басшылығына бірнеше рет өтініш білдіргенін айтады.
Мақсат Кенжебаев үйінің өртенуін өз белсенділігімен байланыстырады. Оның сөзінше, үйі өртенгенге дейін әлдекімдер бірнеше рет қоқан-лоқы жасаған. Белсенді ондай сөздерді елемей, құқық органдарына арыздануды қажет деп санамағанын айтады.
Телефоныма "бұл саған соңғы ескертуіміз" деп жазды. Бір рет "үйіңе жете алмайсың" деп ескертті.
- Мені осы қоғамдық жұмысқа араласқалы бері қорқытып жатыр. Телефоныма "бұл саған соңғы ескертуіміз" деп жазды. Бір рет "үйіңе жете алмайсың" деп ескертті. Ең соңында үйімді өртеп кетті, - дейді Мақсат Кенжебаев.
Бірлік ауылының тұрғыны Талғат Игісінов Мақсатты он бес жылдан бері білетінін айтады.
- Әпкесі қалада тұрады. Өзі әке-шешесінің үйінде, қара шаңыраққа ие болып қалды. Алғаш ауылымыздың футбол алаңы жекеменшікке өтіп кеткенде Мақсат бас прокуратураға дейін хат жазып, ақыры жерімізді қайтарып алдық. Аурухана мен мектептің жолын айтып жүргеніне бірнеше жыл болды. Ол шаруалар ақырын-ақырын жасалып жатыр, - дейді Игісінов. Ол "Мақсат сияқты белсенділер көп болса, Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық жағдайы жақсарар еді" деп санайды.
Бірлікте тұратын 71 жастағы зейнеткер Мейрамгүл Қарымсақова "Мақсаттың әкімдерге барып, мәселені тікесінен қоятынын" жиі еститінін айтады.
- Біреулер (заңсыз) иемденіп алған елдің жерін қайта алып берген. Мынау асфальтты да жөндеткізіп жатыр. Бұдан бөлек түрлі мәселелерді шешіп жүреді, әйтеуір, - дейді зейнеткер. Ол ауыл белсендісінің үйін "ерегескен адамдар әдейі өртеген болуы да мүмкін" деп топшылайды.
"ӘДЕЙІ ӨРТЕГЕН ДЕУГЕ КЕЛМЕЙДІ"
Азаттық тілшісі Бірлік ауылының тұрғыны Мақсат Кенжебаевтың үйінің өртенуіне байланысты қозғалған істің барысын білу үшін Талғар аудандық ішкі істер бөліміне барды. Бұл іспен айналысып жатқан тергеуші журналисті көре салысымен кетіп қалды.
Өрт сөндірушілердің қорытындысына сәйкес, от сөндірілмеген темекіден, сіріңке жаққаннан немесе электр сымынан тұтанған болуы мүмкін.
Алматы облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің жетекшісі Сергей Незнаев Азаттық тілшісінің сұрағына "тергеу амалдары бір жылға дейін жалғасуы әбден мүмкін екенін" айтып жауап берді.
- Іс тіркелген. Көршілерінен жауап алынды. Оның мән-жайын сізге айта алмаймын. Өрт сөндірушілердің қорытындысына сәйкес, от сөндірілмеген темекіден, сіріңке жаққаннан немесе электр сымынан тұтанған болуы мүмкін. Яғни әзірге нақты себебі белгісіз, бірақ ол жерде бензин я керосин болмаған. Әдейі өртеді деуге де келмейді, - дейді полиция өкілі.
"ӘКІМГЕ ЖИІ КЕЛІП ТҰРАДЫ"
Талғар ауданы әкімдігінің өкілдері Мақсат Кенжебаевтың өзі тұратын Бірлік ауылындағы өзекті мәселелерді шешуді сұрап аудан басшылығына барып жүргенін растайды. Жергілікті билік орындары ауыл белсендісі көтерген мәселелерді ретімен шешіп жатыр деді Талғар аудандық әкімдігінің баспасөз хатшысы Жанкелді Өмірәлиев Азаттық тілшісіне.
- Кенжебаев аудан әкіміне жиі келіп тұрады. Көтерген мәселелеріне уақытылы жауап беріп жатырмыз. Ол кісі көтеріп жүрген жол туралы айтар болсақ, ақшаның бөлінгеніне байланысты жыл сайын екі-үш көшеден жөнделіп тұрады. Ал бейітке бұрын жер бөлінген, бірақ ол жерді ақша болмағандықтан игере алмай қалған, сосын басқа біреуге ауысып кеткен. Соны осы жақында қайтарды, енді ол жер бейіт болады. Мәдениет үйін ашу мәселесі бойынша облысқа тиісті құжаттарды тапсырғанымызға үш жыл болды, әзірге ақша бөлінген жоқ, - деді Жанкелді Өмірәлиев.
Жергілікті билік өкілі жақында Талғар ауданының әкіміне жолығуға барған жергілікті белсенді Галина Арзамасоваға белгісіз біреу пневматикалық қарудан оқ атқаннан кейін ауданда арнайы комиссия құрылып, "әр ауылдық округте тексеру жүріп жатқанын" айтты.
- Белсенділер көтерген мәселелерді шешуге барынша тырысып жатырмыз. Шешілетіні болса шешіп береміз. Біз жақтан ешқандай қысым жоқ, - дейді аудандық әкімдік өкілі.
БЕЛСЕНДІЛЕРГЕ ШАБУЫЛДАР
Қазақстанда биліктің назарын жергілікті жердегі әлеуметтік-экономикалық проблемаларға аударып, ауыл тұрғындары үшін көкейкесті мәселені шешуді талап етіп жүрген кей белсенділердің шабуылға ұшырап, тіпті қастандық құрбанына айналғаны туралы Азаттық бұған дейін хабарлаған.
Тамыздың 26-сы күні Алматы облысы Талғар аудандық әкімдігіне келген Панфилов ауылдық округіне қарасты Қарабұлақ ауылының тұрғыны, аудандағы әлеуметтік проблемаларды көтеріп жүрген белсенді Галина Арзамасованы белгісіз біреу пневматикалық тапаншадан атып жаралаған.
Кейін полиция бұл шабуылға күдікті ретінде Талғар ауданының 22 жастағы тұрғынын ұстап, "бұзақылық" бабы бойынша іс қозғады. Тамыздың 29-ы күні Арзамасоваға жасалған шабуылға байланысты Панфилов ауылдық округінің әкімі ұсталып, кейін сот шешімімен бір айға қамауға алынғаны хабарланды.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Арзамасоваға оқ атудың астарында не жатыр?Биылғы мамыр айында Қарағанды облысында "жиырма жылдан бері қоғамдық жұмыспен айналысып, тұрғындар мәселесін көтеріп жүрген" жергілікті белсенді Ғалы Бақтыбаевты үйінің алдында белгісіз біреулер атып өлтіріп кетті. Туыстарының сөзінше, қазасына дейін белсендіге бірнеше рет қастандық жасалған. Тамыздың 22-і күні Қазақстан ішкі істер министрлігі "Бақтыбаевтың өліміне күдікті төрт адамның ұсталғанын" хабарлады.