"БҮЙРЕГІМДІ АМАН АЛЫП ҚАЛҒАН ДӘРІГЕРЛЕРГЕ РАҚМЕТ"
2021 жылғы 31 желтоқсанда видеограф Саят Әділбекұлы отбасымен бірге жаңа жылға жайылған дастархан басында отырып, алдағы жылға жоспар құрған. Reels (Instagram-дағы қысқа видео форматы) алгоритмдерін зерттеп, жаңа стандартқа сай бейнеролик түсіргісі келген. Ол кезде Саяттың әлеуметтік желідегі парақшасына жүз шақты оқырман ғана жазылған еді. Ол "10 мың оқырман жинауым керек" деген мақсатын қойын дәптеріне жазып қойған.
Бұрын тек фотограф болып жұмыс істеген Саят кейін видео түсіруге көшкен. Әсіресе, қысқа, әдемі, қызықты жарнама роликтерін түсіруге ықыласы ауған.
Жыл басында Саят ойын жүзеге асырмақ болады. 3 қаңтарда туған қаласы Талғарға барып, таудағы қыс көрінісін видеоға түсіреді. Ол кезде 29 жастағы жігіт, бір жасар қыздың әкесі екі күннен кейін тозаққа тірідей тап боларын білген жоқ.
Саяттың отбасы үлкен. Алматыдағы Наурызбай ауданындағы бір пәтерге анасы, Саят, әйелі мен қызы және ағасы отбасымен сыйысып отыр. Айтуынша, үйде адам көп болғанымен, бәрі бір-бірімен тату тұрады.
5 қаңтарға қараған түнді отбасы ұйқысыз өткізеді. Саяттың қызының тісі шығып, қызуы көтеріліп, жылай береді. Үйдегі дәрілерден қайран болмаған соң Саят ертеңіне дәріханаға баруға үйден шығады.
– Интернет те, теледидар да істемей тұрды. Орталықта не болып жатқанынан бейхабар едім. Біз тұратын аудан тыныш болатын, – дейді ол.
Саят 5 қаңтарда басынан кешкенін әлеуметтік желіге жариялаған. 1 тамызда шыққан, Саят Әділбекұлына қарсы "жаппай тәртіпсіздікке қатысу" айыбымен қозғалған қылмыстық істі тоқтату туралы қаулыда сол күнгі оқиғаның егжей-тегжейі Саяттың сөзімен баяндалған.
Ол түскі бірдің шамасында үйінен шығып кеткен. Аудандағы дәріханалар түгел жабық болған. Саят қаладағы 7-ауруханадағы дәріхана жұмыс істеп тұрған шығар деген оймен сол жаққа беттеген. Әшімов көшесі мен Райымбек даңғылының қиылысында көлігін бір топ адам қоршап алған. Бір кісі (кім екені тергеу кезінде анықталмаған) Саяттан жігіттерді Республика алаңына апаруды талап еткен. Саят олардан әзер құтылған, бірақ қайтсем де дәрі табуым керек деп, үйіне қайтпаған. Көлігін қалдырып, ары қарай жаяу жүреді. Бірақ басқа топтың қолына түсіп қалған. Олар "Қазақсың ба? Бізбен бірге жүр, көп болып баруымыз керек" деп, Саятты орталыққа алып барған. Алаңға жақындағанда денесінің оң жағына әлденеден қатты соққы тигенін сезген. Көшеден көлік ұстап, үйіне қайтады. Үйге жеткенде ғана өзіне соққы емес, оқ тигенін білген. Жақындары жедел жәрдем шақырып, дәрігерлер Саятты 7- ауруханаға алып кеткен. Науқасқа бірден ота жасалған.
– Ол кезде мені кім емдегенін білмедім, бірақ дәрігерлерге алғысым шексіз. Ауруханадан берілген анықтамада хирург Ергеш Ерсұлтан мен анестезиолог Артықов Ақиқат деген адамдардың аты-жөні көрсетілген. Оң бүйрегім жыртылып кетіпті. Сол кісілерге рақмет, бүйрегімді тігіп, аман алып қалды.
Отадан кейін денеден бөлінген сұйық пен қанды жинау үшін Саяттың бүйрегіне катетер қойған. Үш күн өткенде ауруханаға арнаулы жасақ басып кіріп, оқ тиіп жараланғандардың барлығын күштеп алып кеткен.
– Катетерді үш сағат сайын ауыстырып отыру керек. Ал мен ауруханада салдырған катетермен 17 қаңтарға дейін жүрдім. Ол күні изоляторға 4-аурухананың дәрігерлері келді. Ауыр жараланған адамдарды тексереді деді. Ал менің катетерімді жұлып алды. Бізге "қылмыскерсіңдер" деп, осылай қарады. Катетердің орнына йод жағып қойды, бар алған "емім" сол болды, – дейді Саят.
"МАМА, ТІРІМІН, ТЕРГЕУ ИЗОЛЯТОРЫНДАМЫН"
Саятты ауруханадан 8 қаңтарда алып кеткен, ал ұсталғаны туралы хаттамаға 12 қаңтар деп жазған.
– "Хаттамада неге 12 қаңтар деп көрсетілген? 8 қаңтардан бері тергеу изоляторында жатырмын ғой" дегенімде, мені боқтап, жылдам қол қой деп жекіді. Қол қоюға тура келді. Олар бәрін өздеріне ыңғайластырып, қай күнін екенін қолдан жазып шықты.
Тергеу изоляторында жаралы азаматтарды азаптаған. Бетперде киген адамдар ұрып-соғып, "медбикелерді зорладым", "курсанттың басын кестім", "мемлекеттік ғимараттарды басып алдым" деп "кінәсін" мойындатпақ болған.
– Бір құжаттарға қол қойғызды. Онда не жазылғанын оқытқан жоқ. Осындай екі құжатқа қол қойдым. Неге келіскенімді білмеймін. Шынайы адвокатым пайда болған кезде, ол бұл құжаттардың бәрін заңсыз деп танып, күшін жоюға көмектесті, – дейді Саят.
14 қаңтарда Саятты сотқа апарған. Ол адвокаты арқылы анасына хат беріп жіберген. Хатта "Мама, мен тірімін, тергеу изоляторындамын, жағдайым жақсы. Бәріңді жақсы көремін" деп жазылған.
– Анамнан көлігімді әйелімнің атына аударуды сұрадым. Өйткені изолятордан тірі шығатыныма сенген жоқпын, – дейді Саят.
25 қаңтарда Саятты қаладан кетпейтіні туралы қолхат алып босатқан. Сотта прокурор 5 қаңтар кешке жансақтау бөліміне түскен Саятты "6 қаңтарда жаппай тәртіпсіздікке қатысты" деп көрсетпек болған. Саяттың анасы Алтын Түзелбаева ұлын жаппай тәртіпсіздік болған уақытта ауруханада жатқаны туралы анықтама ғана құтқарды деп есептейді.
– Ұлым жайлы берілген анықтаманы көрсеткенде бәрі таңғалды. Қолымызда педиатр берген рецепт те болған. Онда балаға ауруы асқынса, мынадай дәрілер беру керек деп жазылған. Мұның бәрі Саяттың дәріханаға бара жатыр едім дегені рас екенін көрсетеді, – дейді Саяттың анасы.
Саят босап шыққанша жарасы іріңдеп кеткен. 26 қаңтарда ол тағы да 7-ауруханаға барады. Бірақ бұл жолы дәрігерлер оған көмек көрсетуден бас тартқан.
– Қабылдау бөліміндегі дәрігер "Қаңтар оқиғасы кезінде жараланған адамдарды емдеуге болмайды" деген бұйрық берілгенін айтты.
28 қаңтарда Саят қайтадан ауруханаға барып, мекемеден өзін емдеуден бас тартқаны жөнінде қағаз беруін талап еткен. Дәрігерлер бірден жарақатын тазалап, таңып берген. Осыдан кейін Саят жекеменшік ауруханада емделген.
Саятқа тағылған айыптарды 1 тамызда, дәлелсіз болуына байланысты, алып тастаған. Оның шағымы бойынша қозғалған азаптау туралы іс те қылмыс құрамы жоқ деген желеумен жабылған. Азаптау туралы істі тоқтату туралы қаулы 13 маусымда шыққан. Саят бұл туралы 9 қарашада бір-ақ білген. Құжатта Саят Әділбекұлы наразылар арасында жүрген кезде жараланған болуы мүмкін деп жазылыпты.
"ҚАҢТАР МЕНІ ҚАТТЫ ӨЗГЕРТТІ"
Саят Әділбекұлы – "тәуелсіздік құрдастарының" бірі. Ол 1992 жылы тамызда Алматы облысы Талғар қаласында дүниеге келген. Саят – отбасындағы төртінші бала. Орысша оқыған, қазақ тілін де жетік біледі.
– Тоғызыншы сыныпта оқып жүргенімде әкем тірі еді. Ол техникалық мамандық оқып ал деп кеңес берді. Президент Назарбаевтың жолдауда Мойнақ су электр станциясы ашылды дегенін тыңдап отыратын. Электрик боламын деп шештім. Колледжге оқуға түстім.
Үшінші курста Саятты үйінің жанында мас адамдар, арасында көршісі де бар, ұрып кеткен. Бастан тиген соққы салдарынан көзінің тор қабатына зақым келген.
– Екі рет ота жасады, біріншісі сәтсіз болды. Содан кейін электрик болып істей алмадым, массаж жасауды үйрендім, бірақ көзіме күш түскен соң, суретке түсіруге ықыласым ауды. Әдемі кадрмен жарнама роликтерін, шынайы эмоциясы көрінетін жануарларды түсіргенді ұнатамын.
Саят 2022 жылдың қаңтарына дейін саясатта шаруасы болмағанын мойындайды. Аптасына бір рет жаңалық оқып, YouTube қарап жүрген. Президент кім екенін білген, бірақ Қазақстандағы саяси құрылым жайлы ештеңе білмеген.
– Қаңтар мені қатты өзгертті. Әлемге басқаша қарайтын болдым. Қазір саясат туралы көп оқимын. Өйткені бұл менің де өміріме әсер ететінін түсіндім. Мен, айналадағы дүниелерге көзқарасым, отбасыма, жұмысыма, тіпті, тамаққа қатынасым – бәрі өзгерді. Отбасымды, жақындарымды қатты бағалай бастадым, мені изоляторға жауып, азаптап жатқанда солар дабыл қағып, жаны қалмай іздеді. Бұрын еденге нан қоқымы түссе мән бермейтінмін. Қазір қатты қастерлеймін. Тергеу изоляторында камерадағы 12 адамға бір күнге екі-ақ "Роллтон" ғана беретін, – дейді Саят түрмедегі аш күндерін еске алып.
"ҚАҢТАРДА ХАЛЫҚТЫ АТЫП, АЗАПТАҒАН АДАМДАР ӘЛІ БИЛІКТЕ ОТЫР"
Саят кәмелет жасына толғалы Қазақстанда үш президент сайлауы (2011, 2015, 2019) өткен. Алғашқы екі сайлауда Нұрсұлтан Назарбаев жеңіске жеткен. Ал 2019 жылы оның орнына Қасым-Жомарт Тоқаев келді. Саят ол кезде сайлауға бармаған, өйткені дауыс берудің қажеті жоқ деп ойлаған. Ал биыл сайлауға бойкот жариялау арқылы азаматтық позициясын білдіріп жатыр.
– Сайлауға бойкот жариялап, дауыс беруге келген адам санын көбейтуге үлес қоспаймын деп шештім. Сайлау науқанына да, кандидаттарға да сенбеймін, – деді Саят.
Саят ұзақ ойланып, Қаңтар оқиғасын билікте отырғандар ұйымдастырды деген қорытындыға келген.
– 5 қаңтарда арандатушылар көп болды, олар бейбіт наразылар емес еді. Арнайы дайындықтан өткені көрініп тұрды. Тоқаев 7 қаңтарда ескертусіз оқ атуға бұйрық берді, бірақ әскерилер 5 қаңтардан бастап адамдарға оқ жаудыра бастады. Сахна сыртында ойын болған сияқты, бірақ аяғында қарапайым халықты кінәлі етіп шығарды. Интернетті не үшін бұғаттағанын түсінбедім. "Террористерге" бір-бірімен байланысуға мүмкіндік бермейміз деді. Шын террористер байланысқа қарай ма? Интернет пен байланыс үзілмесе, адамдар қалада не болып жатқанын біліп, көшеге шықпас еді. Сонда кішкентай Айкөркем, футболист болуды армандаған Сұлтан, Желтоқсан оқиғасына қатысқан ерлі-зайыпты кісілер тірі қалар еді.
Саят кезектен тыс президент сайлауынан кейін "Жаңа Қазақстан" құрылады дегенге сенбейді. Ол шынайы өзгеріс халық билік өз қолында екенін түсінген кезде ғана басталады деп есептейді.
– Билікте сол баяғы қарттар отыр. Ұсталғандарды азаптау, істемеген қылмысын күштеп мойындату да – ескі әдістер. Бір нәрсені түсіндім, басыңа іс түссе, үнсіз қалмау керек екен. Әлеуметтік желіге жағдайымды жазып, Динара Егеубаеваға, Азаттыққа, құқық қорғаушыларға сұхбат бергеннің арқасында ғана тірі қалдым. Аталған топ зор жұмыс атқарып жатыр. Менің басымда болған жайт көпшілікке жетпесе, әлі күнге дейін түрмеде отырар едім.
Саят қаңтарда көрген сұмдығынан соң көпке дейін жұмысына орала алмаған. Ол қаңтарда зардап шеккен адамдар мен олардың жақындарын тән жарасы ғана емес, жан жарасы да қинап, жегідей жейтінін айтады. Саят достарының кеңесімен психологқа барған. Кәсіби маман оған жан-дүниесіндегі күйзелісті еңсеруге көп көмектесірті. Бірақ көңілінде әлі де қорқыныш бар, Саят ең алдымен баласының болашағы үшін алаңдайды.
– Халықты атып, азаптап, өлтірген адамдар әлі күнге шейін өзгелердің тағдырын шешіп, билікте отыр. Істеген ісі үшін жауапқа да тартылмады. Жазасыз қалған қылмыскер тағы да солай жасауға болады деп ойлайды ғой. Демек Қаңтар қырғыны тағы да қайталануы мүмкін. Ата-анамыз Желтоқсан оқиғасы туралы айтқанда сенбеп едік, біздің кезімізде ондай сұмдық болмайтындай көрінетін. Бірақ ақыры болды. Қазір билікте отырған тұлғалар Қаңтар қайталанбайды деп кепілдік бере ала ма? Қызым да, еліміздегі барлық бала да еркін Қазақстанда ойын ашық айтуға қорықпай, өз позициясын қорғай алатындай болып өскенін қалаймын. Полиция оларды ұрып-соқпай, қорғаса деймін. Елден кету керек дегенді жиі естимін. Бірақ неге мен кетуім керек? Бұл – менің елім. Бәріміз кетіп қалсақ, елде ештеңе өзгермейді.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ
"Полиция кек алады". Азапталғандар ісінің ешбірі сотқа жетпей жатырҚаңтардың ақиқаты ашыла ма? Құқық қорғаушы Евгений Жовтиспен сұхбатНазарбаевтың "дақ түскен" мұрасы, Тоқаевтың жауапкершілігі және Қаңтар төңірегіндегі жауапсыз сұрақтар"Қаңтар құрбандарының қазасын билік дұрыс тексермей отыр". HRW мәлімдемесі мен үндеуі"Билігін сақтап, "жаңа патриарх" болғысы келеді". Президент Тоқаевтың сөзі мен ісіндегі қайшылық