Қазақстанда коронавирустан 37 адам қайтыс болған. Шын мәнінде одан көп пе?

Коронавирустан қайтыс болғандардың зираты. Алматы облысы, Қараой ауылы маңы. 25 мамыр 2020 жыл.

Қазақстанның "миллионер қалалары" Алматы, Нұр-Сұлтан және Шымкенттегі Азаттық тілшілері коронавирустан көз жұмған адамдар туралы ресми дерек пен вирус жұқтырғандар зиратына жерленгендер саны арасында айырмашылық барын анықтады. Билік коронавирус инфекциясы диагнозы қойылып, көз жұмған науқастардың бәрін бірдей COVID-19 вирусынан қайтыс болды деп тіркей бермейтінін айтады.

АЛМАТЫ

Қазақстанның ірі қаласы Алматыда ресми дерек бойынша, коронавирустан 10 адам қайтыс болған. COVID-19 вирусынан көз жұмған соңғы науқас (59 жастағы әйел) мамырдың 18-і күні тіркелген.

Мамырдың 25-і күні Азаттық тілшілері Алматы түбіндегі коронавирустан қайтыс болғандарды жерлеу орнына барып, онда 32 зират тұрғанын көрген. Алматы облысы Қараой ауылындағы зиратқа қойылған тақтайшаларға қарағанда, марқұмдар 2020 жылдың сәуір, мамыр айларында өмірден озған. Азаттықтың түсірілім тобы апта басында зиратқа барғанда екі адамды жерлеп жатқанына куә болды. Марқұмның туыстарының бірі 73 жастағы әйел мамырдың 23-і күні қайтыс болғанын айтты. Отбасы зейнеткерден COVID-19 вирусы табылғанын ол қайтыс болғаннан кейін бір-ақ білген.

Мамырдың 29-ы күні Азаттық тілшілері Қараойға тағы барып, зиратқа жерленгендер саны 38-ге жеткенін көрді. Бірақ Алматы қаласындағы COVID-19 вирусынан көз жұмғандар туралы ресми статистика өзгерген жоқ. Денсаулық сақтау министрлігінің дерегінше, Алматы облысында коронавирустан ешкім қайтыс болмаған.

Видео: Қазақстанда вирус жұқтырған кем дегенде 72 адам қайтыс болған. Ресми деректе - 37 адам (29 мамыр 2020 жыл).

Your browser doesn’t support HTML5

Қазақстанда вирус жұқтырған кем дегенде 72 адам қайтыс болған. Ресми деректе - 37 адам

НҰР-СҰЛТАН

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметі бойынша, Нұр-Сұлтан қаласында COVID-19 вирусынан алты адам көз жұмған. Коронавирустан қайтыс болғандарды қала сыртындағы зиратқа ескі молалардан алыстау жерге жерлейді. Мамырдың 27-сі күні аталған жерлеу орнында болған Азаттық тілшілері зиратқа 10 адам жерленгенін көрді.

Мамырдың 29-ы күні журналистер зират аумағына кіре алмады: сол жерде кезекшілікте тұрған полиция қызметкерлері тілшілердің жолын бөгеп, өткізбеді.

ШЫМКЕНТ

Коронавирустан көз жұмғандар туралы ресми дерек пен «арнаулы дезинфекциялық режимді сақтау жолымен» жерленген құрбандар саны арасындағы сәйкессіздік Қазақстанның оңтүстігіндегі республикалық маңызы бар Шымкент қаласында да байқалды. Осы аптада коронавирустық инфекция диагнозы қойылған, осы айда көз жұмған кемі екі адамның COVID-19 вирусы құрбандарының ресми статистикасына кірмегені анықталды.

БИЛІК ДЕРЕКТЕР СӘЙКЕССІЗДІГІН ҚАЛАЙ ТҮСІНДІРЕДІ?

Ақпарат құралдарында Алматыдағы ресми дерек пен жерленгендер саны арасындағы айырмашылық туралы ақпарат жарияланған кезде билік статистикаға кірмеген адамдардың өліміне коронавирустық инфекция себеп болмағанын айтты. Шенеуніктердің пікірінше, COVID-19 негізгі емес, «қосымша» ауру болған.

Бірақ билік COVID-19 вирусын жұқтырған қанша науқас коронавирустан емес, басқа аурудан қайтыс болғанын нақты айта алмады. Мамырдың 19-ы күні өткен онлайн брифингте денсаулық сақтау вице-министрі Людмила Бюрабекова ведомство әзірге мұндай дерек беруге дайын емесін мәлімдеді. Ол өңірлердегі карантин аяқталғаннан кейін қанша азаматтың «COVID-19 вирусынан көз жұмғаны», қанша науқаста «коронавирустық инфекция қосымша [диагноз]» ретінде жүргені» туралы нақты ақпарат жариялауға уәде берді.

Мамырдың 29-ы күні Алматы қалалық қоғамдық денсаулық басқармасының басшысы Тілеухан Әбілдаев журналистерге бір ай бұрын денсаулық сақтау министрінің бұйрығымен өңірлерде COVID-19 вирусынан көз жұмған әр адамның жағдайын жеке қарастырып, өлім себебін анықтайтын арнаулы комиссия құрылғанын айтты. Өңірлерде комиссия құрылғанға дейін Қазақстандағы ресми статистикаға коронавирустан қайтыс болған, қант диабеті, гипертония сияқты басқа аурулары болғандар да кірген. Шенеуніктің сөзінше, қазір комиссия науқастың қай диагнозы өлімге әкеп соққанын анықтайды. Әбілдаев Алматыда ресми дерекке кірген он өлімнің екеуі COVID-19 вирусынан емес, басқа аурулардан болғанын айтты.

«Оларды (он өлім фактісінің екеуін. —​ Ред.) тіркеп қойған соң, енді алып тастай алмайды», — деді ол.

ДҮНИЕЖҮЗІЛІК ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ ҰЙЫМЫНЫҢ КӨЗҚАРАСЫ

«Аман-Саулық» қоғамдық ұйымының басшысы, көп жыл денсаулық сақтау саласында жұмыс істеген дәрігер Бақыт Түменова коронавирустан қайтыс болған адамдардың өлім себебі көрсетілетін анықтамаға COVID-19 вирусынан көз жұмғаны жазылуы керек деп есептейді. Оның пікірінше, өлім себебін анықтайтын комиссия жұмысы ашық болуы керек. Түменова комиссия құрамына мемлекеттік ұйым қызметкерлерінен бөлек, қоғамдық сарапшыларды да қосуды ұсынады.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы COVID-19 вирусынан болған өлім статистикасына сараптама кезінде қанынан коронавирус табылған барлық құрбанды қосуға кеңес береді. Ұйым нұсқаулығында «COVID-19 вирусынан болған өлімді басқа ауруға (мысалы, қатерлік ісікке) жатқызуға болмайды. Науқастың ағзасында вирустың асқынуына әсер еткен басқа аурулар болғанына қарамастан, коронавирустық инфекция есепке алынуы керек» деп жазылған.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Коронавирусқа байланысты өлім-жітім неге әр елде әртүрлі?

Қазақстанда коронавирустан болған өлім саны COVID-19 вирусын жұқтырған науқастар саны біздің елмен шамалас басқа мемлекеттермен салыстырғанда төмен. Денсаулық сақтау министрлігінің дерегінше, елде 10 мыңнан аса адамға вирус жұғып, (мұндай деректі жұма күні кешке министр Елжан Біртанов айтты), 37 адам коронавирустан көз жұмған. Тоғыз мыңнан астам адамға вирус жұққан Чехия Республикасында коронавирустан 319 адам қайтыс болған. Данияда 11 мың науқас пен 569 өлім фактісі тіркелген.

Ресми дерек бойынша, Қазақстанда өлім көрсеткіші 0,37 пайызды құрайды. Басқа мемлекеттермен салыстырсақ, Бельгияда бұл көрсеткіш 16 пайыздан асады. Бельгия билігі коронавирус пандемиясы басталғаннан бері бүкіл өлім фактісін жіті қадағалауда ұстап, алдыңғы жылдардың статистикасымен салыстырып отырғанын мәлімдеді.

Бельгиялық вирусолог Ван Гухт Азаттыққа берген пікірінде кей мемлекет билігі беделін сақтау үшін вирустан көз жұмған адамдар санын азайтып көрсетуі мүмкін екенін айтады.

«Мемлекеттердің беделін ойлап отырғаны ақымақтыққа ұқсайды. Бұл – вирус. Оған ешкім кінәлі емес. Бұл – табиғаттың күші. Сіз онымен күресуге тырысып жатырсыз. Бұл кішкене саяси мәселе, — дейді Ван Гухт.