ҮЙДЕ ЖАТТЫҒУ. МЕМЛЕКЕТТІК ТЕАТРДЫҢ КАРАНТИНДЕГІ ТІРЛІГІ
Әдетте (карантин енгізілгенге дейінгі уақытта) Абай атындағы қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрының әртістері физикалық қалпын сақтау үшін мереке күндері де театрға дайындыққа келетін. Қазір театрдың жаттығу залдары бос тұр. Карантин. Театр директоры әрі еңбек сіңірген мәдениет қайраткері Ая Қалиева ұжымның қашықтан жұмыс істеу режиміне көшкенін айтады.
- Әрине, қазіргі жұмыс тәртібі театрға жат. Бірнеше жобаны онлайн режимде дайындап жатырмыз, - дейді Ая Қалиева.
Осындай жобалардың бірі "Карантиндегі жұлдыз" деп аталады. Жоба аясында опера әртістері әлеуметтік желідегі жеке парақшаларында концерттер өткізеді, дәрігерлер мен карантин кезінде жұмыс істеп жүрген қызметкерлерге қолдау көрсетіп, видео түсіреді.
- Кейде оқытушылар театрға келіп, онлайн сабақ береді. Мысалы, жақында балет әртістеріне арналған классикалық би сабағы өтті. Оқытушы әртістерге тапсырма береді, ал олар үйде соны орындап, жаттығады, - дейді Ая Қалиева.
Балет әртістері интернет эфирге шығып, үйде қалай жаттығатынын көрсетіп жүр. Үй жағдайында секіріп жаттығуға мүмкіндік жоқ. Директор карантиннен кейін әртістердің секіру қабілетін қалыпқа келтіруге бір айдай уақыт кететінін айтады.
- Балет әртістерінің бәрі жұмыс істеп жатыр. Өйткені олар қазір жаттықпаса, карантиннен кейін жұмыста жарақат алуы мүмкін екенін жақсы түсінеді, - дейді театр директоры.
Әншілер де даусын бабында сақтауға тырысып жүр. Олар күнде таңертең арнайы жаттығу жасап, партияларды жаттап, жауапты адамдарға қашықтан тапсырады. Хор әншілері де онлайн топтарға бірігіп, эфирге қосылып, өнер көрсетеді.
- Театр карантин кезінде де жұмысын жалғастырып, бұрынғы формасын жоғалтпауы керек, - дейді Ая Қалиева.
Театрдың инженер, электрик, сантехник, күзетші, есепші сияқты қызметкерлері мен әкімшілік өкілдері күнделікті жұмысқа барып жүр.
Директордың айтуынша, үй жағдайында мүмкіндік болса, цехтардың да жұмысы жалғасады. Мысалы, үйден жұмыс істейтін театрдың тігін цехы көп рет пайдаланатын медициналық маска (оларды жуып, қайта пайдалануға болады) тігіп, ұжымнан бөлек, "Милосердие" қайырымдылық қоры, балалар үйі, қарттар үйі, зағип жандарға арналған кітапхана мен тағы бірнеше ұйымға таратқан.
"ҚАШЫҚТАН ЖҰМЫС ІСТЕУ". ЖЕКЕМЕНШІК ТЕАТР
"Алматылық тәуелсіз АРТиШОК театры да қашықтан жұмыс істеуге көшті" дейді театр директоры әрі әртісі Анастасия Тарасова. Театрда студенттерге арналған мектеп жұмыс істейді. Күзде басталған коммерциялық емес жоба аясында, театр әртістері мен режиссерлері студенттерге актер және режиссер шеберлігі негіздерін үйретеді.
АРТиШОК театры наурыз айының ортасында қазақ тілінде "Ер Төстік" операсын қоймақ болған. Бірақ елде төтенше жағдай режимі жарияланған соң, театр ұжымы қойылымды онлайн форматта көрсетуді ұйғарған.
- "Ер-Төстік" – біз қойған алғашқы онлайн-қойылым. Ол театрда 16-17 наурыз күндері көрсетілуі керек еді. Дайындалып жүрдік. Елде коронавирус басталғанда, қойылымды қалай да көрсетуіміз керек деп шештік, - дейді Анастасия Тарасова.
Театр ұжымы сахнадан тікелей трансляцияға қосылу үшін техникалық мүмкіндік іздеп, қолдан келгеннің бәрін жасаған. Театр сахнасын бес камера түсірген. Анастасия Тарасова көрсетілімнің сәтті өткенін, ал қаралым саны он мыңға жуықтағанын айтады (қойылымның толық видеосын театрдың YouTube-арнасынан көруге болады).
- Жергілікті қойылым үшін бұл өте жақсы нәтиже деп ойлаймын, - дейді Анастасия Тарасова.
Шығармашылық ұжым үйінде карантинде болғанымен, театр көрерменін YouTube арнасы арқылы қуантып отыр.
ҮЙДЕН ШЫҚПАЙ ТЕАТРҒА БАРУ МҮМКІНДІГІ
АРТиШОК театры архивтегі қойылымдарын біртіндеп желіге жүктей бастаған: әр апта сайын екі қойылым жарияланады. Олардың қатарында – өзекті, көрермен ықыласына бөленген, қазір көрсетілмейтін қойылымдар, сахнаға бір-екі рет қана шыққан арнаулы жобалар да бар.
Абай атындағы қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театры да YouTube арнасында қойылымдарын жариялай бастаған.
- Бұл қойылымдар интеллектуалдық меншік болғанына қарамастан, оларды желіге жүктедік, - дейді театр директоры Ая Қалиева.
Бұл видеожазбаларды тәуліктің кез келген уақытында көруге болады. Ал басқа мемлекеттердегі белгілі театрлар қойылымдарын белгілі бір уақытқа ғана жариялайды.
Абай атындағы қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрының YouTube арнасынан қазір 1990 жылдардың қойылымдарын да табуға болады. Театр бұл жазбаларды республикалық телеарна қорынан алған. Ескі қойылымдар қатарында – Зауырбек Райбаевтың Тимур Мыңбаевтың музыкасына қойылған "Фрески" балеті де бар (қойылым премьерасы 1981 жылы Ленинград қаласында өткен - автор). Ая Қалиеваның айтуынша, кезінде бұл балет театр әлеміндегі үлкен жаңалыққа айналған.
КАРАНТИН КЕСІРІНЕН БОЛҒАН ӨЗГЕРІСТЕР
Карантин кезінде шығармашылық ұжым мүшелері үйден жұмыс істеуге көшіп, театрдағы премьералар мен фестивальдер кестесі өзгерген. Абай атындағы қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театры ақын әрі ойшыл Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына орай сәуір-мамыр айларында ТҮРКСОЙ елдерінен келген опера әншілерінің қатысуымен "Абай әлемі" фестивалін өткізуді жоспарлаған. Ая Қалиева фестивальдің орнына жылдың екінші жартысында үлкен концерт өтетінін айтады. Пандемия кесірінен жобаның концепциясын өзгертіп, шетелдік әншілерді шақырудан бас тартуға тура келген.
Театрдың екі маңызды қойылымы – "Абай" операсының тарихи нұсқасы (қойылым наурыздың 28-і күні Абайдың туған жері Шығыс Қазақстан облысындағы Семей театрында көрсетілуі керек еді) және алғашқы қазақ операсы "Қыз Жібектің" тарихи нұсқасы (опера авторы Евгений Брусиловскийдің 115 жылдығына орай жоспарланған) күзге қалды.
Жеңіс күніне орай екі орындаушы қатысатын "Анна Франк" моно-операсы жоспарланған. Ая Қалиеваның айтуынша, қойылым белгіленген уақытта, тек онлайн-режимде өтеді. Ал әншілер композицияны үйде отырып орындайды.
Сәуірдің басында Италия өнерпаздарының қатысуымен Адольф Аданның "Корсар" балетінің премьерасы өтуі керек еді. Төтенше жағдай кесірінен балетті шетелдік әріптестердің қатысуынсыз, отандық мамандар қойып шыққан.
АРТиШОК театрының директоры Анастасия Тарасова да пандемия кезінде жоспарлары өзгергенін айтып берді.
- Мен "жоспарлағанымыз жүзеге аспай қалды" деп шағынғанды ұнатпаймын. Біз АХЕ инженерлік театрының (Санкт-Петербург) режиссері Павел Семченкомен бірлесіп, қазіргі заманғы неміс драматургиясынан қойылым қойғымыз келген. Енді әлі жарияланбаған жобаның уақыты біразға шегерілді, - дейді Анастасия Тарасова.
ТЕАТРДЫҢ ҚАРЖЫ ЖАҒДАЙЫ
Абай атындағы қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театры мен АРТиШОК театрының қаржы жағдайы екі түрлі. Біріншісі – мемлекеттік театр, тікелей мәдениет және спорт министрлігіне бағынады және сол жақтан қаржыландырылады.
Ая Қалиева штатта істейтіндердің жалақысы сақталғанын, театр жұмысы тоқтамағанын айтты. Келісімшарт негізінде жұмыс істейтін азаматтар жұмыссыз қалған.
Анастасия Тарасованың айтуынша, мемлекет тәуелсіз театрға ешқашан материалдық көмек бермеген. Бірақ актерлар 42500 теңге көлемінде әлеуметтік көмек алған. Бұл жәрдемақы оларға актер болғаны үшін емес, көмек алуға құқылы Қазақстан азаматтары болғаны үшін төленген.
АРТиШОК осыған дейін қаржы мәселесін шешу үшін краудфандинг жариялап көрген. Театр ұжымы қазір де осы тәжірибеге жүгініп отыр. Анастасия Тарасованың айтуынша, бір краудфандинг платформасы арқылы бір айда 500 мың теңге жинау жоспарланған. Жарты айда театр бұл ақшаның жартысын жинап үлгерген.
- Қиындықтар әлі алда деп ойлаймын. Карантин ерте ме, кеш пе, бітеді. Сол кезде адамдарда театрға баратын ақша болмайды. Қорқынышты болжам көп. Мұны қазір бәріміз қиын жағдайда отырған кезде түсінген жақсы. Біз күйзеліске түспей, тығырықтан шығар жол табуға тырысамыз. Бұған мүмкіндік бар. Бастысы, елде күрделі әлеуметтік шиеленіс болмағаны маңызды. Ары қарай не боларын көреміз. Қазір шағынып, қайғыратын кез емес, - дейді Анастасия Тарасова.