Қызылорда облысындағы Арал ауданының ауылдары шартты түрде «балықшылар ауылы» және «қырдағы ауыл» болып бөлінеді. Кіші Арал теңізіне жақын ауылдар негізінен балық аулаумен шұғылданса, қырдағы ауылдар мал шаруашылығына көбірек бейімделген.
«ҚУАНҒАННАН БАЛЫҚТЫ ТЕГІН ТАРАТТЫҚ»
Азаттық тілшісі барған Бөген – Арал теңізі тартылмай тұрғанда төл кәсібі арқылы аты шыққан балықшы ауылдардың бірі. Ауыл ақсақалдары бір кездері Арал теңізінің толқындары ауыл іргесіне соғатын деп сағына еске алады. Ауыл шетіндегі қазіргі кейбір үй тартылған теңіз табанына түскен.
Жастар жағы бұрынғы Аралды үлкендердің әңгімесінен біледі. Елуді еңсерген жігіт ағаларының өзі бұрынғы Аралдың орнындағы көлді ғана көрген. Тұрғындардың айтуынша, Арал төңірегіндегі балықшы ауылдардың өмірі теңіз тартылғанға дейінгі, тартылған кездегі және Кіші Арал қалпына келе бастаған кезеңге бөлінеді.
Өзгелер секілді Бөген ауылының балықшылары да Арал тартылған соң ата кәсібін жалғастыра алмай дағдарып, күнкөрісі қиындаған. Жергілікті биліктің ұйымдастыруымен балықшылар іргелес Ақтөбе облысы мен Алматы облысындағы көлдерге барып, балық аулаған.
- Осылай он жыл жүрдік. Айлап үй көрмедік. Теңіз кеткен соң тәуір қайықтарымыздың бәрін жан-жаққа алып кетті. Аралдан үміті үзілген көп үй қоныс аударды, - деп еске алады Бөген ауылының балықшысы Ғабит Зейноллаев.
54 жастағы Ғабит Зейноллаев – Кіші Аралдың қайта орала бастағанына да куә болғандардың бірі. Үлкен Аралға кететін суға салынған алғашқы бөгет бір күнде бұзылғанын, балықтың бір бөлігі қайраңда қалып, бір бөлігі Ұлы теңізге кетіп қалғанын да көрген.
- Алғашқы бөгеттің жарылғаны жанымызға батты. Кейін Көкарал бөгетін сала бастағанда қатты қуандық, су көз алдымызда көбейді. Қолдан қайық істеп, ау сала бастадық. Қуанғанымыз соншалықты балығымызды ауыл-аймаққа тегін тарата беретінбіз, - дейді ол.
Он жылға жуық түрлі өңірден балық аулаған балықшылар Арал балығын өзге өңірлерден жоғары бағалайды, «Аралдың балығының сорпасы тіл үйіреді» деп мақтанады.
Бөген ауылының балықшылары «Данияның ауы» дегенді жиі айтады. Арал экологиясы туралы ақпарат шартарапқа алғаш тарала бастағанда, 1989 жылы Дания Арал балықшыларына қайық пен ау беріп, Ұлы Аралдан қалған көлдерден балық аулауға көмектескен. Сол кезден қалған аудың түрін «Данияның ауы» деп атайды. «Дания бізге көп көмектесті» деп атайды. Үлкен Аралды жергілікті жұрт «Ұлы Арал» деп атайды.
«ҚЫТАЙ АУЫН» АҢДУ
Тамыздың 1-інде ашылған балық аулау маусымына қайығы мен ауын сайлап отырған Ғабит Зейноллаев Азаттық тілшісін Кіші Арал теңізінің «Шағалалы қайыр» деп аталатын балық қабылдайтын жағасына ертіп барды.
Қайырда көнерген ондаған қайық тізіліп тұр. Кіші Арал қайта оралған соң кәсіпкерлер 1960 жылдардан қалған ескі қайықтарды іздестіріп, іске қосқан. Жыл сайын сырлап, жөндейді. Балықшылар кәсіпкердің, я өзінің қайығымен балық аулап кәсіпкерге өткізеді. Ғабит Зейноллаев қайырдағы қайықтарды түгел сипаттап, көрсетіп шықты.
- Бір тоннадан астам балық көтеретін екі адамдық каюта қайық жақсы. Ішінде ауыз су құятын, шай қайнататын газ құрылғыға дейін орын қалдырылған совет заманының қайығымен үш-төрт күнге дейін жағаға шықпай, 30 шақырымға дейін ұзауға болады. Ауланған балықты катер әкетеді. Бұрынғы ескекті қайықтарды теңізге шығаруға тыйым салынған, толқынға шыдамай қақ айрылуы мүмкін, - дейді Ғабит Зейноллаев.
Оның сөзінше, жіптен жасалған бұрынғы қазақы аудың орнын «қытай ауы» (Қытайда жасалған ау – ред.) баса бастаған. Балық көп түсетіндіктен балықшылар «қытай ауды» көбірек қолданғысы келеді. Бірақ броконьерлер мен сырттан келген балықшылар «қытай ауды» суда қалдырып кетсе, ауға ілінген балықтар су астында тұрып қырылып қалады. Себебі «қытай ау» қанша жатса да, суда шірімейді, сол себептен «қытай ауға» тыйым салған.
Ғабит Зейноллаевтың айтуынша, балыққа шыққандарды қадағалайтын «су полициясының» да аңдығаны – «қытай ауы». Полиция ұстап алып, айыппұл салса да, мұндай ауды пайдаланушылар азаймай тұр.
МҰЗДАТҚЫШТЫҢ РАҚАТЫ
Бір қайыққа салатын жиырма шақты ауы бар Ғабит Зейноллаев кәсіпкерге жалданып жүріп, өзі де тәп-тәуір қайық сатып алғанын айтады. Өз қайығымен де, кәсіпкердің қайығымен де балыққа шыға береді. Бірақ балықты кәсіпкерге өткізеді. Өйткені Кіші Аралдың айдынын кәсіпкерлер бөліп-бөліп жалға алған немесе сатып алған. Сондықтан қайығы болса да, кез-келген балықшы өз бетімен теңізге шығып, балық аулай алмайды.
Кіші Арал қайта оралғанымен жазды күні балықты шақтап қана аулаған балықшылар соңғы жылдары ауыл төңірегінде кәсіпкерлердің балық қабылдайтын мұздатқыштар салғанына разы. Мұздатқыш бар болғандықтан тамызда балық аулау маусымы ашылысымен балықты молынан аулай беруге болады. Кәсіпкерлердің мұздатқыштары әр балықты әрқалай бағалайды. Ауына көксерке пен жайын түскен балықшының қалтасы өзгелерден гөрі тез томпаяды. Бірақ көксерке ұстау қиын.
- Көксерке дауыл кезінде жақсы түседі. Көксерке желмен жүреді. Жел батыстан соқса, Құдай берді деген сөз, ал шығыстан соқса тереңге кетеді, - дейді Ғабит Зейноллаев.
Оның сөзінше, теңізге ерінбей шыққан балықшының табысы жаман болмайды. Әсіресе, қазан мен қараша айларында және наурыз айында қайықтан түспей балық аулағандар миллион теңгеге дейін таба алады. Қалған уақытта табыс әртүрлі, ал ау салуға тыйым салынған бірнеше айда табыс жоқ.
Бөген мен Қарашалаң ауылының ортасына, иен далаға салынған мұздатқышта оннан астам адам жұмыс істейді. Далада +45С градус ыстық болғанымен мұздатқыш ішіне желең кірген адам тез тоңады. Қалың киінген жұмысшылардың бірі балық аршып тұр, тағы бірі аршылған балықты ет турағыштан өткізіп, қалбырға салуға дайындап жатыр. Мұздатқыш жұмысшыларының сөзінше, дайын өнім ірі қалалардың дүкендеріне жіберіледі.
«АВТОКӨЛІК ЕМЕС, ҚАЙЫҚ АЛАР ЕДІМ»
1981 жылдан бастап балық аулап келе жатқан Ғабит Зейноллаевтың бес баласы бар. Қазіргі арманы – кенже ұлын үйлендіру. Алайда балаларының ешқайсысы әке жолын қумаған. Баласының бірі балықшылыққа қатысы жоқ теміржол саласында оқиды.
Менде басқа кәсіп жоқ. Бала-шағамды осы балықшылықтың арқасында жеткіздім. Балықшылықтың қиындығын бір кісідей көрдім, оны балаларым көрмей-ақ қойсын. Теңіз үлкейген сайын қауіпті бола береді. Оған мына қайықтар жарамайды, үлкен қайық керек, ал үлкен қайыққа көп ақша керек, - дейді ол жағада тұрған қайықтарды иегімен көрсетіп.
«Қолыңызда қомақты ақшаңыз болса автокөлік алар ма едіңіз, әлде қайық алар ма едіңіз» деген сұраққа көп ойланбай «әрине, қайық алар едім» деп күле жауап берді.
- Толқынға шыдамды, әрі жүйрік, әрі сыйымды үлкен қайық шамамен 3-4 миллион теңге тұрады.
- Толқынға шыдамды, әрі жүйрік, әрі сыйымды үлкен қайық шамамен 3-4 миллион теңге тұрады, - дейді ол.
Ғабит Зейноллаевтың сөзінше, өз балалары дәстүрлі кәсіпке қызықпаса да, Арал төңірегінде балықшы жастар көбейіп келеді. Бұрын оқу бітірісімен ауылдан кететін жастар бұл күнде балықшылыққа құмарта бастаған. Маусым кезінде Алматы мен Астанадан арнайы келіп, айлап жатып балық аулап кететін жастар да бар. Бір кездері Арал өңірінен көшіп кеткендердің арасында қайта оралып жатқандар кездеседі.
Арал теңізі 1960 жылдардан бастап тартыла бастаған. Теңіздің тартылғаны жайлы ақпарат совет кезеңінің соңғы жылдары ғана пайда бола бастады. 1990 жылдардан бастап Арал өңірі «экологиялық апат аймағы» болып жарияланған. 2005 жылы Көкарал бөгеті салынғаннан кейін Аралдың Қазақстан жағындағы шағын бөлігіне қайтадан су тола бастады.
Қазір 78 мыңнан астам адам тұратын Арал ауданында балықшылық негізгі табыс көздерінің біріне айналған. Советтік кезеңде 16 балық зауыты жұмыс істеп кейін түгелге жуық жабылған. Ресми деректерде қазір шағын жеке балық цехтарының саны күрт көбейгені, Кіші Арал төңірегіндегі Қамысты бас питомнигінде 15 миллионнан астам шабақ өсірілетіні айтылады.