CREA – энергетика және таза ауа саласында зерттеу жүргізетін орталық (Centre for Research on Energy and Clean Air). Тәуелсіз коммерциялық емес ұйым Финляндияда орналасқан. Жаздың аяғына қарай ұйым Теміртау қаласындағы ауаның өнеркәсіптік ластануы туралы зерттеу жариялады. Зерттеу авторларының бірі Джейми Келлидің айтуына қарағанда, Қазақстанда отыз жылға жуық жұмыс істеген "АрселорМиттал Теміртау" 2023 жылдың аяғында нысандарын сатудан түскен 985 миллион долларын алып, елден кеткенімен, оның артында орасан экологиялық және әлеуметтік мәселе қалды. Азаттық Келлиді әңгімеге тартты.
"Теміртаудағы ArcelorMittal болат қорыту зауытының 1996 жылдан 2023 жылға дейінгі ауа сапасына әсері" зерттеуінен үзінді
"ArcelorMittal зауытқа иелік еткен жылдары жергілікті халық ауаға зиянды заттар шығарудың қауіпті деңгейде болуына орай оның зиянды әсерін көрді (PM2.5, NO2, SO2). Ауаның ластануы жүректің ишемиялық ауруы, инсульт, төменгі тыныс жолдары аурулары, өкпенің созылмалы обструкциялық бронхиті, өкпенің қатерлі ісігі және диабет сияқты аурулардың салдарынан 3000 адамның қайтыс болуына, 190 әйелдің мерзімінен бұрын босануына, 2600 баланың демікпеге шалдығуына түрткі болып, 326 000 күн жұмыста болмауға әкеп соқты, мұның құны 4,2 млрд АҚШ долларына (шамамен 1,9 трлн теңге) тең деп бағаланды".
– Джейми, зерттеу жүргізуге неліктен Теміртауды таңдадыңыздар?
– Болат қорыту зауытынан шығатын зиянды қалдықтарға орай Теміртауда ауа лас, қардың өзі қап-қара болып жатады дегеннен кейін зерттеуге бел будық. Жоба 2023 жылы басталды. Өзіміз Теміртауға барған жоқпыз. Зерттеуді компьютердегі математикалық үлгілерді пайдалана отырып жүргіздік, мұндайда зерттеу нысанына бару шарт емес. Топырақтың немесе судың емес, тек қана ауаның ластануын есепке алдық.
– Зерттеу барысында айрықша әсер еткен, назар аудартқан немесе жаға ұстатқан жағдайлар туралы айтсаңыз.
– Біз болат қорыту зауытының шығарындылары ауаның уытты заттармен ластануына әкеп жатыр деген қорытындыға келдік, бұл қоғамдық денсаулық сақтау ісі мен экономикаға теріс ықпал етеді.
Бәрінен бұрын балалардың денсаулығына әсер-ықпалы ойландырады. Балалар ауаның ластануын өте ауыр қабылдайды. Олардың кейбір мүшелері әлі толық жетілмеген, бұған көп уақытын далада өткізетінін және тым белсенді екенін қосыңыз (демек, көп ауа жұтады). Болат қорыту зауытынан шығатын зиянды заттар 2600 баланың демікпе ауруына шалдығуына және 5 жасқа толмаған тоғыз баланың өліміне себепкер болды деп отырмыз. Бейкүнә балалар ауаның лас болуы салдарынан өмірі ерте үзілді.
– Ауада денсаулыққа аса ауыр зиян келтіретін қандай заттар бар екен?
– Болат қорыту зауытынан тараған ең қауіпті заттың бірі – PM2.5 ұсақ бөлшектері. Олар ұсақ болатыны сондай, тыныс алу кезінде өкпеге өтіп, қан айналым жүйесіне түседі де, адам ағзасындағы негізгі органдар мен жүйелердің бәріне зиян тигізеді.
– Зерттеуде металлургия комбинаты жергілікті халықтың жүрек ауруы, инсульт, өкпенің қатерлі ісігі, диабет, тыныс жолдарының ауруы салдарынан қайтыс болуына әкелгенін келтіріпсіздер. Оны қалай анықтадыңыздар?
– Зауыттан шығатын ластаушы заттардың таралуын бағалау үшін ауаға шашырау моделін пайдаландық, ол атмосферадағы ластанудың көшуі мен химиялық реакцияны көрсетеді. Осы ықпалды денсаулыққа кері әсермен байланыстыру үшін үкіметтің және ғалымдардың деректерін қолдандық.
Жедел медициналық көмек бөлімшесіне барған науқастар мен мерзімінен бұрын босану деректерін ластану дерегімен біріктіріп, олардың қаншасы ластанудың салдарынан болғанын анықтадық.
Бұл – залалды есептеудің кең тараған, қалыптасқан тәсілі.
– Теміртау мен оның айналасында ауаның ластануына дәл металлургия комбинаты түрткі болып отырғанын қалай білдіңіздер? Ондай деректерді қайдан алдыңыздар?
– "АрселорМиттал" (қазір Qarmet – ред.) ластаушы заттарды ауаға шығаратынын өзі айтқан болатын. Біз мұны таңдаған үлгідегі бастапқы мәлімет ретінде пайдаланып, ол заттардың атмосферада нақты қайда түсетінін анықтауға тырыстық. Біз жасаған ластану картасы тек қана болат қорыту зауытынан шығатын заттар ластайтынын көрсетеді.
– Қазақстан үкіметі мен қоғам не нәрсеге назар аударса дейсіз?
– Болат өндіру жергілікті халыққа орасан зор зиян келтіретінін анықтадық. Бұған жол беруге болмайды. Металл сынығы мен жаңартылатын энергия көзін пайдалану, ауаның ластануын бақылау шараларын қолға алу арқылы кері ықпалды азайтуға болады.
– Неге зерттеу нәтижесін "АрселорМиттал" компаниясынан көп жылғы иесі кетіп, кәсіпорынның атауы өзгерген кезде ғана жарияладыңыздар?
– "АрселорМиттал" әлі де әлемнің көптеген елінде жұмыс істейді. Олар жұмыс орындарын ашумен қатар, қоршаған ортаны ластап, тұрғындардың денсаулығына кері әсерін тигізіп жатыр. Біз зерттеу қорытындысын жариялау арқылы өндірілетін отын негізінде жұмыс істейтін корпорациялардың қызметі келтіріп отырған жағымсыз әсер-ықпал туралы ұдайы айтып жүрген басқа елдерге ескерту жасағымыз келді.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Арселордың" Қазақстандағы 28 жылы мен Митталдың болат қорыту империясының өрлеуі– "АрселорМиттал" компаниясы Теміртауда мұндай зерттеу жүргізіліп жатқанын білді ме? Бұл мәселеге Қазақстан билігі қалай қарады?
– Зерттеу қорытындысын жарияламай тұрып компанияға жолдадық, бірақ олар ешқандай түсініктеме берген жоқ. Қазақстан билігіне зерттеу нәтижесі туралы хабарлаған жоқпыз.
– Теміртаудағы экологиялық жағдайдың ауыр екеніне шағынған экобелсенділер, блогерлер мен журналистер қысым көріп, қудалауға ұшырағанын білесіз бе?
– Жоқ, ол жөнінде білген жоқпыз. Бұлай болғаны өте өкінішті.
– Қанша қаржылай залал келгенін қалай есептедіңіздер?
– Денсаулыққа келтірілген әрбір залалдың қандай экономикалық шығынға әкелгенін есептедік. Оған дәрі-дәрмек, ауруханада жату, жұмыста болмау сияқты жағдайлар кіреді. Осындай шығындардан келген жалпы залал төрт миллиард АҚШ долларынан асып кеттінін анықтадық.
– Бұл тақырыпқа қайтып оралып, Теміртауда тағы да зерттеу жүргізесіздер ме? Жаңа инвестор жетегіне алған уақытта металлургия комбинатының қандай залал келтіретінін бақылауға ниет бар ма (2023 жылдың желтоқсан айында кәсіпорын жергілікті бизнесмен Андрей Лаврентьевтің иелігіне өтті – ред.)?
– Әзірге ондай жоспарымыз жоқ. Дегенмен, CREA әрқашан өндірілетін отынды жағудың ауаның ластануына, адам денсаулығы мен ел экономикасына ықпалын зерттеуге басымдық береді.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Қарметтің" жаңа инвесторы. Андрей Лаврентьев деген кім?– Теміртаудың экологиялық жағдайын жақсартуға бола ма, қалай ойлайсыз?
– Металл сынықтарын қайта балқыту, көмірден таза әрі жаңартылатын энергия көзіне өту, ауаның ластануын бақылайтын шараларды қолға алу арқылы ауаға шығатын зиянды заттарды азайтып, соның арқасында экологиялық ахуалды да жақсартуға болады.
Қазақстан үкіметі саланың таза әрі тұрақты дамуын қамтамасыз ету әрі инвестиция тарту үшін мұндай мүмкіндікті қалт жібермей пайдаланады деп үміттенеміз.