"Билік емес, еріктілер көмектесіп жатыр"

Әскери қоймадағы жарылыстан кейін Арыс қаласы мен маңындағы елдімекендерден жеткізілген адамдар "Ақмешіт" мешіті маңында тұр. шымкент, 25 маусым 2019 жыл.

Билік Арыстағы жарылыстан екі адам қаза тауып, 70-ке жуық азамат зардап шеккенін хабарлады. Жарылыс болған аймақтағы үйін тастап кетуге мәжбүр болған мыңдаған адам Шымкентті паналап отыр.

"АҚМЕШІТ" ЖАНЫНДАҒЫ ЖҰРТ

Әскери қоймадағы жарылыстан кейін маусымның 24-і күні Арыс қаласы мен маңындағы елдімекендерден Шымкентке жеткізілген жүздеген адам сейсенбі күні қаладағы "Ақмешіт" мешітінің маңына жиналды. Таңертең Азаттық тілшісі келген кезде ол бірнеше медициналық жедел жәрдем көлігі тұр екен, әр жерден полиция қызметкерлері көзге шалынады. Мешіт маңындағы жұртқа еріктілер киім-кешек пен азық-түлік таратып жүр.

Осыдан бір күн бұрын жарылыс салдарынан үстінде бар киіммен үй-жайын тастап шұғыл кетуге мәжбүр болған тұрғындар мешіт жанындағы алаңға жиналған киім-кешектің арасынан өзіне шақ келетінін таңдап, енді біреулері жанына ерткен балаларға киімдерді өлшеп алып жатыр.

Арыс қаласынан жеткізілген адамдар "Ақмешіт" мешіті жанында еріктілер әкелген киімді таңдап алып жатыр. Шымкент, 25 маусым 2019 жыл.

Мешіт жанындағы медіресе алдында иін тірескен кезек пайда болған. Бұл жерде азық-түлік таратып жатыр екен. Мешіттің айналасындағы жерге төсеніш төсеп жайғасқан ересек адамдар мен балалар еріктілер таратқан ас-суды талғажау етіп отыр.

Азаттық тілшісі сөзге тартқан Арыс тұрғандары арасында эвакуациядан кейін өздеріне жағдай жасалмай отырғанын айтып шағымданғандар да болды. Олар өздеріне көмекті "билік емес, қаланың ерікті тұрғындары көрсетіп жатыр" дейді. Бұл жерге дүйсенбіде келген олардың кейбірі өткен түнде туысы я танысының үйінде қонып шыққанын, енді біреулері мешітте түнегенін айтты.

"Кеше ғана жөндеткен үйімнің ішкі төбесі жарылыстан бүлінді, үй, малды тастап қаштық бері қарай, енді қайда тоқтайтынын, қайда қонатынын бір Алла біледі" дейді өзін Ғалия Сәбековамын деп таныстырған Арыс қаласының тұрғыны.

Жеті баласымен бірге Арыстағы үйін тастап шыққан Ләззат Дәулетбаеваның аяғы ауыр. Олар өткен түні мешітте түнеп шыққан. Ләззат кенеттен болған жарылыстан шошып, үйден тек құжаттарын ғана алып, бала-шағасымен қашуға мәжбүр болғанын айтады. "Адамгершілігі бар адамдар бар екен" дейді көз жасын сүрткен көп балалы ана. "Әкімшілік тарапынан көмек жасады ма?" деген Азаттық сауалына ол "Әлі тыныш" деп қысқа жауап берді.

Дүйсенбіден бері Арыстан эвакуацияланған адамдар жиналатын жерге айналған "Ақмешіт" мешітінің жанында бірнеше жедел жәрдем көлігі, жолаушылар автобусы тұр. Ыстық күн астында ұзақ отырғандардың кейбірінің қан қысымы көтеріліп, денсаулығы сыр берген.

Арыстан келген адамның қан қысымын өлшеп жатқан дәрігер. Шымкент, 25 маусым 2019 жыл.

Мешіт маңында біреулер жұртты Шымкенттегі мектептерде орналасқан эвакуациялық бекеттерге баруға шақырып жатыр. "Ешқандай құжат қажет емес, ол жерге барып өз аты-жөніңізді айтып тіркетесіздер" дейді дауыс күшейткіш арқылы хабарландыру айтып тұрған адам.

Оған құлақ асқан кейбіреулер автобустарға отырып, мешіт жанынан кетіп жатыр.

Түстен кейін Азаттық тілшісі "Ақмешіт" жанынан жолықтырған "Нұр Отан" партиясының Шымкенттегі филиалы басшысының бірінші орынбасары Бахадыр Нарымбетов "таңертең аздаған түсінбеушілік болғанымен кейін жағдай қалпына келгенін" айтты.

- Адамдар туған-туысын іздеп келіп жатыр. Кешеден бері жергілікті мектептерде ұйымдастырылған эвакуациялық бекеттерге жіберіп жатырмыз. Ол жерде азаматтарды тізімге алып, тамақтандырады, олар медициналық тексеруден өте алады, - деді билік партиясының өкілі.

Нарымбетов қазірге дейін Арыстан қалаға нақты қанша адам келгені әлі анықталып жатқанын айтты. "Кеше алты мыңдай, бүгін мыңнан астам тіркелді" деді ол.

Түркістан облыстық әкімдігі таратқан ақпаратта аймақта ашылған 22 эвакуациялық бекетке 3566 адам (арасында 623 бала бар) орналастырылғаны айтылған. "Оларға барлық қажетті көмек көрсетіліп жатыр" деп хабарлады әкімдік.

РЕСМИ АҚПАРАТ

Маусымның 25-і күні Қазақстан премьер-министрі Асқар Мамин дүйсенбі күні Арыс қаласындағы әскери қару сақталатын қоймада болған жарылыс салдарынан екі адам (бір әскери қызметкер және бір тұрғын) қаза тапқанын хабарлады.

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметі бойынша, Арыс пен төңірегіндегі елдімекендерде тұратын 165 адам дәрігер көмегіне жүгінген. 89 адам ауруханаға жатқызылған, олардың 15-і жан сақтау бөліміне түскен.

Әскери қару сақтайтын қоймадағы өрт пен жарылыстарға байланысты маусымның 24-і күні Түркістан облысында төтенше жағдай жарияланып, 43 мыңнан астам тұрғыны бар Арыс қаласы мен маңындағы елдімекендерден ондаған мың адам үй-жайын тастап кетуге мәжбүр болған. Олардың көбі тұрғылықты мекенінен өз күшімен шыққан. Билік тұрғындарды эвакуациялауға автобустар бөлген.

Дүйсенбі күні Арысқа Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев, қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев барды. Тоқаев Арысты аралап көріп, тұрғындармен эвакуациялық бекетте кездескені туралы Twitter-парақшасына жазды. Ол "Зардап шеккендердің бәріне көмек және қолдау көрсетіледі. Қала қалпына келтіріледі" деп уәде берген.

Қазақстан ішкі істер министрінің орынбасары Юрий Ильин сейсенбіде Нұр-Сұлтандағы баспасөз жиынында Арыстағы жарылыс қаупі әлі сейілмегенін, дронның көмегімен жасалған барлау барысында бықсып жанып жатқан тоғыз жер анықталғанын хабарлады. Оның сөзінше, өткен тәулікте 45 жерде өрт сөндірілген. Ильин қазіргі уақытта саперлер командасы қаланы жарылмай қалған снарядтардан тазарту жұмыстарымен айналысып жатқанын айтты.

Әскери қоймадағы оқ-дәрінің жаппай жарылуына себеп болған өрттің неден басталғаны әзірше белгісіз. Ішкі істер министрлігі Арыстағы жарылыстарға байланысты қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады.

Жарылыстар кесірінен Арыс темір жол станциясы арқылы өтетін пойыз қатынасы тоқтады.

Қазір Арыс қаласына сырт жақтан ешкімді кіргізбейді. Тұрғындарға үйіне оралуына қашан рұқсат беретіні әзірге белгісіз. Арыстың мыңдаған тұрғыны ол кезді Шымкент пен Түркістан облысындағы басқа елдімекендерде күтуге мәжбүр. Олардың кейбірі туыстарының үйінде, енді біреулері эвакуациялық бекетте тұрып жатыр.